ЖҰМБАҚ:
– Жасаулы бір бәйтерек басын шалған,
Саттым деп берген кісі қылмайды арман.
Болғанмен өзі арзан, заты қымбат,
Біреуі дүниені қарап қылған.
ШЕШУІ:
Болама жігіт адам сөзге пысық,
Болған жоқ сөзге шорқақ өзім туып.
Соңында сөйлер сөзің таусылған соң,
Айттың-ау сіріңкеңді жұмбақ қылып.
ЖҰМБАҚ:
– Бір нәрсе «ти» дегенде тимей қалар,
«Тимеймін», – деп тигенін білмей қалар.
Бұл жұмбақты еш адам естімеген,
Бұны тапқан жігіттер іске жарар.
ШЕШУІ:
- «Ти» дегенде тимейтін ерін болар,
«Тиме десе тигені мәлім болар.
Еп-елеусіз бір жұмбақ тауып алып,
Әңгімені бастадың ұзын сонар.
ЖҰМБАҚ:
– Айланған өзі-өзі бір диірмен,
Пәлесі көрінеді бүйірінен.
Ішінде қылдан нәзік бір жібі бар,
Айырмай тауып берші кім иірген.
ШЕШУІ:
Адамға жел сөз қару-жарақ болар,
Білімді жігіттерге талап қонар.
Үйренген сөткеменен айды, күнді,
Қолыңа салып жүрген сағат болар.
ЖҰМБАҚ:
Алты қаз, жеті үйрек, үш бөдене,
Кейде орта, кейде толы бір тегене.
Тұнық пен лайдың ортасынан,
Бір құс ұшып келіпті шолақ төре.
ШЕШУІ:
Шолақ төре Шолпан мен Ай емес пе,
Алты үркер, жеті қарақшы сай емес пе?
Үш арқар деген жұлдызды кім білмейді,
Шешімін бұлай айтсам жөн емес пе?
ЖҰМБАҚ:
Аспанда айнала ұшқан қызыл тауық,
От-оттап, су ішеді ебін тауып.
Айдаһар, арыстаннан қорықпайды,
Жалғыз-ақ көртышқаннан қылар қауып.
ШЕШУІ:
– Тауықтай дән теретін таста болса,
Білмеймін бұл жұмбағың басқа болса.
Суменен жүретұғын диірмен ғой,
Қорықпас ешнәрседен қас та болса.
ЖҰМБАҚ:
Жалғанда бір нәрсе бар үш ауызды,
Екі аузы тар, бір аузы адам жұтар.
Көз салып айналама қарап тұрсам,
Қалайық адамзаттың бәрінде бар.
ШЕШУІ:
Бұл жұмбағың үрейлі салады ой,
Кейбіреулер қорқып та қалады ғой.
Үлкен ауыз шалбардың белі болса,
Кішкене аузы екі үлкен балағы ғой.
ЖҰМБАҚ:
Адамға қызмет етіп тұр тиырмен,
Тұрады ылғи зырлап бір бүйірден.
Ішінде қылдан нәзік жіптері бар,
Тез тауып айтшы кәне кім иірген?
ШЕШУІ:
Сағат қой айтып тұрған тиірменің,
Соны таба алмадың қиын дедің.
Жіп дегенің серппелі бұржинасы,
Шебердің көрдік талай иіргенін.
ЖҰМБАҚ:
Ішінде қалың орман қатқан тері,
Секілді мысыр шәрі жатқан жері.
Жануар ардан өлмей, аштан өлген,
Жігіттің бұны тапқан кемеңгері.
ШЕШУІ:
Жұмбағың айтпай жатып келеді еске,
Тоғайың жүні қалың тері емес пе?
Ашкөз аштан өлетін, ардан емес,
Жабысқақ жатып ішер кене емес пе?
ЖҰМБАҚ:
Бар екен бір айдаһар білесің бе?
Жаны жоқ қимылдарға денесінде.
Ішінде сүйектері бақша-бақша,
Жалқырап жалғыз өзі төбесінде.
ШЕШУІ:
Жұмбақтың естігем жоқ қиынын мен,
Айтылмыс айдаһарың иірілген.
Сүйегі кереге, уық, көзі шаңырақ,
Қазақы аумайды екен киіз үйден.
ЖҰМБАҚ:
Бір нәрсе дүниені шыр айналған,
Ит мініп, есек мініп, түйе айдаған.
Артынан жетектеген ешкісі бар,
Еш адам бұны тауып біле алмаған.
ШЕШУІ:
Ит аяқ, бір жануар есек құлақ,
Түйе ерін, ешкі құйрық десек бірақ.
Кәдімгі қорқақ қоян шыға келер,
Соны да жұмбағым деп тұрсың сұрап.
ЖҰМБАҚ:
Дүниеде бір кісі бар жалпақ бетті,
Болса да жалпақ бетті әділетті.
Алдыңа тапқыш болсаң сала айтайын,
Көріпті қатын алмай қырық перзентті.
ШЕШУІ:
Жалпақ беті тепе-тең қос табағы,
Әділетпен әркез ол дос табады.
Ол таразы кәдімгі перзенті,
Ауырлықты өлшейтін тас болады.
ЖҰМБАҚ:
Дүниеде бір жәндік бар үйретілген,
Мойнында жібек арқан сүйретілген.
Алдыңа тапқыш болсаң сала айтайын,
Қолға алса көп жұмысты сол бітірген.
ШЕШУІ:
Үйретілген жәндігің ине емес пе,
Жылтылдап киім тігіп билемес пе?
Шын шеберің қолында оймақ баулы,
Жібек жіпті әрқандай сүйремес пе?
ЖҰМБАҚ:
Алыстан көзді тартқан бір тегене,
Кейде орта, кейде толы бұл тегене.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Тауып көр, тапқыш болсаң бұл немене?!
ШЕШУІ:
Десеңіз бұл тегене қай тегене,
Құбылмас толып, кеміп жай тегене.
Аспаннан қызықтырып көз тартатын,
Кәдімгі Аспандағы ай тегене.
ЖҰМБАҚ:
Жансызда бір жансыз бар жалғыз аяқ,
Басына қыстырғаны шиден табақ.
Жалаңаш қойып тұтас өзге жерін,
Беліне оранады аямай-ақ.
ШЕШУІ:
Аямай белге ораған киімі мен,
Жетелейді басында шиі бірден.
Қолынан түспес шебер әр әженің,
Кәдімгі ұршық оның жіп иірген.
ЖҰМБАҚ:
Үлкен үйдің бар егіз ұл мен қызы,
Ол екеуін біледі дүние жүзі.
Қызы күндіз ұйықтайды, ұлы түнде,
Білінбейді жүргенде басқан ізі.
ШЕШУІ:
Айтып тұр деп бөгелмей қай баланы,
Жұмбағына жауабым сай болады.
Айтқан үлкен үйіңіз бүкіл әлем,
Ұлыңыз – Күн, қызыңыз – Ай болады.
ЖҰМБАҚ:
Ұшады отыз үйрек балағанға,
Баласы үш жүз алпыс санағанға.
Төрт жағын төңіректің болжайды екен,
Қанатын бір көтеріп қарағанда.
ШЕШУІ:
Отыз үйрек бір айдың отыз күні,
Болады үш жүз алпыс жылдың күні.
Түседі барша әлемге күннің нұры,
Төрт маусымның әрине жоқ қой міні.
ЖҰМБАҚ:
Айтайын, айт дегеннен немене екен,
Емен ағаш шыққан жер төмен екен.
Алдыңа ақын болсаң сала айтатын,
Кілті аспан жердің немене екен.
ШЕШУІ:
Тоймайды ішсем қарным нан мен шайға,
Иманды адам кіреді бейіш жайға.
Сен сұрасаң шешімін мен айтайын,
Кілті климат, тайбатын тауба.
ЖҰМБАҚ:
Байқаймын бала екенсің ақылың бар,
Шешіліп сыр айтпайтын пиғылың тар.
Бұрынғы өтіп кеткен замандарда,
Жамиғы нешеу екен пайғамбарлар.
ШЕШУІ:
Сұрасаң пайғамбардың санын бізден,
Кім екен соның бәрін жатқа тізген.
Пайғамбар жүз жиырма төрт мың деп айтады,
Оқып көріп Құраннан ұғып білген.
ЖҰМБАҚ:
Пышаққа қызыл ағаш қын болады,
Көкше қоян жатқан жер жүн болады.
Пайғамбардың нақ санын дұрыс айттың,
Солардың ең абзалы кім болады.
ШЕШУІ:
Олардың ең абзалы Мұхамедім,
Анадан үш күннен соң қалған жетім.
Баласы одан туған Ибраһим,
Бейішке бастап барар өз үмбетін.
ЖҰМБАҚ:
Қонақтап күнде қонар су бетіне,
Барлық адам сүйсінер келбетіне.
Айдындағы сыйпамақ болсаң жүзін,
Бата түсер тереңге тербетіле.
ШЕШУІ:
Тербелді деп су бетіне айтпа өкпе,
Сипатпақпа сұлулар саған текке.
Айтып тұрған жұмбағың ай сұлу ғой,
Мықты болсаң қолыңды жеткіз көкке.
ЖҰМБАҚ:
Өздігінен жүрмейді, жарыспайды,
Кісі мінсе жарыстан қалыспайды.
Аяғы екеу болғанмен, ізі жалғыз,
Сағатына талай жер қарыштайды.
ШЕШУІ:
Шешеді оңай мұныңды бала-шаға,
Жолға түскен іздерге қараса да.
Қос дөңгелек жалғыз із қалдыратын,
Волесеипед десем ол таласа ма?
ЖҰМБАҚ:
Келеді үлкен алып, аузын ашып,
Жүреді он екі аяқ қадам басып.
Отыздан әрбірінде бармағы бар,
Құтылмас әрбір адам одан қашып.
ШЕШУІ:
Алыбың аузын ашқан жыл емес пе,
Жер басып он екі аймен жүр емес пе?
Отыз бармақ отыз күн әр айдағы,
Уақыттан қорқып қашу мін емес пе?
ЖҰМБАҚ:
Қысырақ жоғалды жаз кетіп жырақ,
Көп жүрдім іздеп оны елден сұрап.
Тұр екен дарияның ортасында,
Жете алмай үйге қайттым оған бірақ.
ШЕШУІ:
Үйірі қысырақтың үркер деймін,
Жаз күні оны көктен бір көрмеймін.
Болады ол алты ай көкте, алты ай суда,
Өлеңім осылай жөн сілтер деймін.
ЖҰМБАҚ:
Баласы айдаһардың айда болар,
Жаныңа он екі имам пайда болар.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Тұрағы бір Алланың қайда болар.
ШЕШУІ:
Бітеді нұр бейішке түрлі жеміс,
Тұрағы жоғары емес, төменде емес.
Мекені бір Алланың кім ойласа,
Айқын ғой мұсылманның көңіліндегі іс.
ЖҰМБАҚ:
Әуелі біреу жалғыз, екеу егіз,
Күзде жоқ көкіректе нәрсе сегіз.
Әр жерде әр нәрсенің бір орны бар,
Бір нәрсе іші арық, сырты семіз.
ШЕШУІ:
Дегенің біреу жалғыз жаппар құдай,
Дегенің екеу егіз Күн менен Ай.
Әр жерде әрқайсының бір орны бар,
Дегенің сегіз жұмақ жаннат сарай.
Жоғарыдағы айтыстарды айтып берген Тұрдыбек Сәрсеұлы, жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











