Өзіндік өрнегімен, өршіл ойымен қазақ поэзиясының кеңістігінде кесікті орын алған ақын қыздарымыздың бірі, сексеннің сеңгіріне қадам басқан Гүлжаукен МҰҚАЕВА. Бұған дейін «Албомның сыры», «Жетісу жер жаннаты – туған өлкем», «Қыран» кітаптарымен оқырманын тәнті еткен апамыздың жыр әлеміндегі тағы бір сиқырлы үні:
Көп жылдар өтті арада,
Қызғалдақ қырда ту тікті.
Өң беріп жалпақ далаға,
Өңірді қайта құлпыртты.
Байқаймын, жылдар өткенін,
Бойжеттік біздер, ал бірақ.
Тағы да келді көктемім,
Балауса гүлі балбырап, –
деп оқырманымен қайта қауышты.
Ал «Ауылым – алтын бесігім» атты жинағы жалпақ далаға өң беріп, көңілді құлпыртып, балауса гүлдей балбырап, жырсүйер қауымға жол тартты.

Өмірде ана болудан өткен бақыт жоқ десек те, сол анадан даналыққа жеткен жандар кемде-кем. Бірақ, Гүлжаукен апамыздың соңғы жыр жыйнағы періште көңілдің философиялық биікке көтерілгенін танытты. Ондағы патриоттық пен тұрмыс-салт жырлары, ауылға деген ыстық сезім, еңбек адамдарына сүйіспеншілік, туған мекенге толғаныс, достық, махаббат, табиғат лирикасы, арнау өлеңдері мен поэма, толғаулары сезіміңді тұнытып, көңіл көкжиегіне қалықтатады.
Ай дағы аппақ сәулесін,
Жаныма менің құйғандай.
Осынау жалпақ дүние,
Кеудеме келім сыйғандай,
Сезіңдер мынау әлемде,
Баянды махаббат барын.
Құс болып менің төбемнен,
Ұшады сенің хаттарың.
«Сезіңдер…» атты өлеңіндегі төгілген аппақ гүлдей өмір өрнегі бірден көзге ұрады, көңілге қона кетеді. Кең дүниені киелі кеудесіне сыйдырған ананың шалқар бейнесі елестейді. Жан дүниеңді елітіп әкетеді. Достықтың қадірін де, перзент борышын да ұмытпайды. Қайта оны ұлықтай түседі.
Атақ та керек жоқ маған,
Байлықты керек етпедім.
Кеудеге сыр ғып сақтаған,
Айтарым сірә, көп менің…
– деп толғанады. Әрине, көргені мен түйгені көп апамыздың ыңғайы келгенде ақыл айта бастағаны да әбестік саналмас еді. Бірақ, тағы да байсалдылық танытады. Қарапайымдылықпен түйдектеп түйген ойлардың ордасына кенелесің. Көзбен көргенді өрнекті өлең етіп өргені өрелі ойдың, сергек сезімнің мәйегіне кенелесің. Әр өлеңі өзінше бір бояуы қанық сурет. Оқи отырып ақын жүрегінің лүпілін сезінесің. Ол сомдаған сұлулыққа сүйсінесің.
Күн сүйген күміс шыңның қарлы басын,
Самғатып көкейден жыр қарлығашың.
Бақытты аналар мен балалардың,
Жүзінен шаттық күлкі арылмасын.
«Қадірін аналардың білсін адам».
Нұрлы шуақ күн нұрынан жаралған,
Өшпес үміт менде де бар бір арман.
Мынау өмір болды ма деп ойлаймын,
Күту менен қоштасудан жаралған.
«Әлі күтіп келемін».
Саған тиген үлкендіктің үлесі,
Наздана бір жайлап ғана күлесің.
Жанарыңа жылы шуақ ұялап,
Көкейіңде мың құлпырып түлесін.
«Әпке» (Сәулеге).
Бұлар апамыздың жинағынан алынған үзінділер. Әрине, әр өлеңінен жүрегіңе жылу, көңіліңе қуат беретін сөз құдіретін тауып, қойын дәптеріңе жазып алар төрт тағаны тік түскен ойлы шумақтар жетерлік. Арнау өлеңдерінің айтары да өзгеше. Десе де, оның бәрін шағын мақалаға сыйдыруға да қауқарымыз жоқ. Ендеше, сұлу сөз, сиқыр ойға кенелгіңіз келсе, апамыздың «Ауылым – алтын бесігім» атты жыр жинағын қолыңызға алып, байыптап парақтап көріңіз. Тұщымды ойлар сана-сезіміңді қозғап, жан-дүниеңізді баурап алатыны шүбәсіз.
ІІ

Өмір жаспен өлшенбейді. Сондықтан да бабаларымыз: «Өсер елдің баласы, он бесінде баспын дер, өшер елдің баласы отызында жаспын дер», – деп ескерткен. Десе де, адам баласы шыр етіп өмірге келгеннен көз жұмғанша тағдыр, қоғам, ұлы жаратылыс, байтақ табиғат алдындағы парызын өтеумен болады. Иә, сексен жас біз үшін біраз ғұмыр есептелгенімен, сан мыңдаған, тіпті миллиондаған жылдар бойы жас қалпында сақталатын табиғат үшін сәбидің жасымен бірдей. Ал адам баласы бұл дүниеге уақытша келген қонақ. Бірақ, әр қонақтың жауапкершілігі болады. Біреулер оны адал ісімен, енді біреулер абзал кәсібімен, тағы біреулер ой-санасының күшімен өтейді. Ал Гүлжәукен апамыз сияқты қадірін қаламнан іздегендер иығына артылған ауыр жүкті өлең құдіреті арқылы адақтап, алыс болашаққа батыл бағдар жасайды.

Гүлжәукен Мұқаеваның «Перзент парызы» жыр жинағындағы әр өлеңді оқи бастасаң осылай ой түйесің. Алматыдағы «Таймас» баспа үйінде басылған 10 баспа табақтан тұратын кітапқа ақынның 140-тан астам өлеңі енгізілген. Сол өлеңдердің бәрі бір ғана ұғымға, яғни, адам баласының өмір, қоғам, тірлік, азаматтық мұрат, сенім, жігер, тағы да басқа адамдық қасиеттер алдындағы перзенттік борыштылығы жинақталған.
«Өлеңді де жаныңды жеп айтасың» дегендей, шабыттың да бірде тасып, бірде бәсеңдейтін кезі болады. Өлең жазуды доғарып, күйбің тірліктің соңынан кететін жадай да кездеседі. Кейде өңірдегі тайталасқан тірліктен мезі болып, басқа жолдан бақ қуып, бақыт табуға ұмтылатыны да жоқ емес. Алайда, ақындықтың табандылықпен өрістейтінін ескерсек, осы жолды сексен жыл сергектікпен өткергендердің қатары санаулы. Сондықтан да Гүлжәукен Мұқаева апамыз:
Күн сүйген күміс шыңның қарлы басын,
Самғатып көкейден жыр қарлығашын.
Бақытты аналар мен балалардың,
Жүзінен шаттық күлкі арылмасын, – деп алыстан қармап, жүрегі сағыныштан сыздап, ағынан жарылуға қақылы. Нобель сыйлығының лауреаты И. Буниннің шығарманы «Салқын сабыр, суық ақыл, зердемен жазуы керек» деп ескерткені апамыздың шығармашылығына да қатысты. Өйткені, Гүлжәукен апамыздың әр жыры терең бәлсапаға құрылады. Белгілі бір заттың қасиетін немесе құбылыстың мән-мағынасын өлең тілімен өрнектегісі келсе, оның бар бітім-болмысын айшықтауға ден қояды.
Жүзім жарқын, көңілім шат, күлкім де,
Қазақстан мың құлпырып бұл күнде.
Барлық әлем бізге қарап таңғалып,
Қос пырақтай жүйткі алға, іркілме, – деп толғанады елге, жерге, Отанға деген ыстық махаббатын, жүрек қалауын. Айтар ойын ірікпейді, қалып қалғанын жазып отырған өлеңнің келесі шумақтары арқылы жалғастырып, жетілдіріп отырады. Расында, Гүлжәукен апа сексеннің сеңгіріне тегін келген жоқ. Әр дәуірдің қиындығы мен қызығын, шындығы мен шыжығын көріп, содан ой түйіп, сезгені мен сенгенін өлең тілімен ажарлады. Бір қызығы, қайсы дәуірде де оны асыра мақтамады, жеріне жеткізе жамандаған жоқ. Аралық сақтап, өлеңі арқылы өмірге, қоғамға, адамзаттың ортақ құндылығына деген ой-пайымын екшеп отырды. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес тұсында оны екпіндете мадақтап, тәуелсіздік жылдары өлтіре жамандайтын екіжүзділіктен аулақ болды. Сондықтан апамыздың өлеңдері ертеңгі ұрпақтың да алдында жарық, нұрлы болатыны анық.
Гүлжәукен жырларының көлемі аз, мазмұны байтақ келетіндіктен ойдан ойды балапандатып жатады. Егер «Сауыншы» өлеңіндегі ауыл адамдарының кеңдігін, дарқан, қонақжайлығын көріп, төңірегінің де сондайлығын түтінінен сезініп, мерейіміз үстем болса, ата-бабамыздан қалған қатал тәртіптің үрдісін көріп таңғаламыз.
Мүлгігендей үндемейді түнгі бақ,
Жасырғандай талай жұмбақ сырды ұрлап.
Күміс түкті қырауларын жамылып,
Терезеден қарайды Ай жымыңдап.
Даланың аты дала Басы қар боп жатқанда баурайы гүлдеп тұратын дала табиғатына тамсанған адамдардың да мінезі-құлқы соған бейімделген. Қап-қара түндегі Айдың өзі оларға жымыңдай қарайды. Мінездегі сұңғылалық осыдан бастау алмай ма?
Бұл кітаптағы басты құндылық қатарына дінді, отбасы, ұлт рухын қастерлеп, хасихаттауды жатқызып, ол саладағы тақырыптардың құлпыра түсіп, көркемдік көкжиегін кеңейте түскенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, халқымыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Үлде мен бүлдеге бөлеп, есірген еркелер тәрбиелеген, дүниенің парқын маңдай терімен сезініп өспеген тоғышар ұрпақ өсірген отбасынан безген. Сондықтан апамыз осы жыр кітабына қоғамдағы ашкөздік, қатыгездік, өркөкіректік, өзімділдіктен оқырманын бездіріп, ата-бабадан қалған үлгі-өнеге, озық дәстүр, тағылым, тәрбиеге толы өлеңдерін көптеп ендірген. Кітап сонысымен де құнды. Ең бастысы, сексеннің сеңгірінде осындай жыр жинағын шығару екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан бізде ақын апамыздың ірілігіне дән риза болып, шабытын үкілеп, шалқар ойының ұшқынын осылай жұртқа жеткізгіміз келді.
“Q-andas” ақпараттық агенттігі.











