Алаштың ұлы қайраткері, көсемі Әлихан Бөкейхан сұлтан Қазақ жерінің, Алаш елінің Империялық – Советтік идеологтардың шығарған Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылды дегендерін көптеген тарихи құжаттарды зерттей отырып, толықтай жоққа шығарған. Қазақстан ешқашанда өз бетімен отаршылдық қамытын кимеген, ал кең даласы басқыншылықтың, отаршылдықтың, әскери күштің, сайқал саясаттың арқасында бөтен біреулердің уысына түскендігін айтып өткен. (Аннексия – это официальное насильственное присоединение одним государством всей или части территории другого государства в одностороннем порядке. Согласно международному праву, аннексия – один из видов агрессии и влечет за собой международно-правовую ответственность).
Ал жерін біреу тартып алып, елін біреу тонап жатқанға атадан еңіреп туған ерлер көнер ме?! Міне, елім деп шырылдаған ердің біреуі, біз әңгімемізге арқау етпекші – Құдиярхан Тезек Төреұлы (сол кездердегі құжаттарда және өзінің жазғаны бойынша Кудаирхан (Худаирхан) Тезеков-Аблайханов [4]).
Кітабымыздың басында Құдиярханның (аталарымыз осылай атайтын, мүмкін азан шақырған аты солай болар деген оймен біз де осылай атай беруді жөн көрдік) шығу тегін, қашан туғанын (шешесін) біраз айтып өттік.
Ауызша деректерде (Шота Уәлихановтың жинаған шежіресінде) Тезек Төренің екінші Дәнекер (алдында қате кеткен, Төретайдан туған) бәйбішесінен (Сүйінбай, Бақтыбай ақындар жырлаған) Құдиярхан, одан – Омар, Оспан, Әбділдахан, ал Әбділдаханнан Шернияз таратылады (Тезек Төренің осы бәйбішеден туған тағы бір ұлы Садуақастың жастай қайтыс болуы мүмкін екендігін айттық). (Үлкендерден сол Құдиярханнан бір бала бар, Қытайға кеткен еді дегенді естіп, ұмытпай іздестіріп жүруші едік. Ақыры табылды (әрине, егер нақ солай болса). 2012 жылы бұл дерек Қытайдан келген Қызырбай Нұрахманұлы ақсақалдың шежіресінен шықты. Ол шежіре былай таратылған: Құдиярханнан – Әбділдахан – Рүстем – Жапар одан Сатыбалды мен Әмреқұл; Әмреқұлдың Албан руы Күлпаш Нұрпейісқызынан туған үш-төрт қыздарынан ұрпақтар бар көрінеді… Бұл шежіренің қаншалықты шын екенін білмедім.
Алдыңғы еңбектерімізде Тезек төренің отбасы туралы үлкендердің қынжылып еске алатындығын да баяндағанбыз. Сонда, Орыс зерттеушілері (Н. Ивлев) «…Тезектің кезінде мақтанышпен айтқан П. П. Семенов-Тяншаньскийге көрсетіп, таныстырған ұлы Батырхан әкесіне ақылы да, айласы да тартпағандығы…» жөнінде пікір айтылады.
…Біздің ақсақалдардан сондай атақты хан Тезек Төреден кейін атын шығаратын біреу тумағаны ма деп сұрасаң, «…Неге, Құдиярхан болды ғой…» дегендеріне келсек, расымен солай екендігіне қазір нақты көз жеткіздік. Ары қарай қазбалап сұрай бастасаң «…қайтесің? Орысша-қазақша оқыған, кезінде болыс та болған, ел хан көтерген нағыз азамат еді. Ашаршылық жылдары аталарына берген Қытайдың грамотасын Қытай билігіне көрсетіп, бұндағы елді сонда көшірмекші болғаны үшін ұсталды ғой…» дейтін де қоятын (ол уақыт қазағымыздың үрейден әлі арыла қоймаған кезі ғой).
Ескерту: бұдан былай профессор Аман Шотаевтың ата-әжелерінің кейбір айтып қалған әңгімелерінен жинақтаған сөздерін арнайы *(абзац басы)….**(аяғы) [10] белгісімен көрсетіп отырамыз. Бұл әңгімелер Құдиярханды көзімен көрген адамдардың өз сөздері болғандығымен өте құнды, сондықтан ондай сөздерді өңдемей, қарапайым-қазақи қалпында беруге тырыстық. Әттең, тек сол ата-әжелеріміз көптеген ойларын іштеріне тығып, айтпай кетті ғой…
*…Қазіргі Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Басши ауылдық округіне жататын (Алтынемел тауының күнгей бөлігі) Аралтөбе ауылының оңтүстігінде, төрт-бес шақырым жерде Қаракемердің астында, бұрынғы арба жолдың батысында бір қайнар бар. Сол қайнардың төменгі жағында, бұлақтың таза суын пайдаланып, біздің аталарымыз бақша егіп, қауын-қарбыз салушы еді. Ауыл балалары бақша піскенде барып қауын-қарбызға қарық болатынбыз. 1953 жылдың күзі болуы керек, бір топ бала, рұқсатсыз бақшаға түсіп, таптағанымыз үшін, әшейінде үндемейтін атамның нұқып қалғаны әлі есімде. Сол бастауды ел «Ыдырыстың бастауы» деуші еді. Біз: «Ата, осы бастау Сіздікі ме, неге Сіздің атыңызбен аталады?» – дегенімізде, «Әй балалар-ай, ел не демейді, әйтеуір айтыла салған сөз ғой», – дейтін де қоятын.
Бірде, «…бұл бастаудың бұрынғы атын сендер білмейсіңдер ғой. Бұрын «Құдиярхан бастауы» деп аталатын»,- деп байқаусызда айтып қалды.
Содан бастап «Ата, Құдиярхан деген кім, не істеген, қандай кісі еді?»– деп сұрақтың астына алатынбыз. Алайда, біздің сұрауымызға көбіне жауап ала алмайтынбыз. Бірде, қоймай сұрай берген соң, атам Ыдырыс: «Құдиярхан орташа бойлы, сұңғақ денелі, шашы қайратты, қазақ ақсүйектеріне тән, артық арам еті жоқ, көзі көкшілдеу ақсары, кісі еді. Қытайдың патшасы қабылдап, грамот берген. Ол хан тұқымы, нағыз төре, оның саған түкке керегі жоқ, ұқтың ба!» – деп ашу шақырғаны әлі есімде. Баламыз ғой, бәрібір қоймайтынбыз.
…Осы атамыздың сөзін тарихи деректер де анықтайды: Абылай хан, екінші әйелі қарақалпақ қызы Сайман ханымнан туған үшінші ұлы Әділді көзі тірісінде Жетісуға Үйсін, Дулат және басқа тайпаларды басқаруға жіберген. Осы елдердің біраз бөлігін хан дәрежесінде басқарып, билік жүргізді, мемлекеттік жұмыстар атқарды. 1773 жылы Пекинде Еженханның қабылдауында (15 адам) болған. Абылай хан атынан Қытай Императоры (Боғдыханы) Цян-Лунға аманатқа берілген.
Қытай императоры Абылай ханның ынтымақтық одақ құрмақ болған ниетіне риза болып, аманат-баласы Әділді көптеген сый-сияпаттармен елге қайтарған (Ш. Уалиханов. Толық жинақтар. 4 том, 114 бет). Аталарымыз Шотаның Ыдырысы мен Қалибай сұлтандардың айтуынша: «Қытай патшасы Әділге риза болғаны соншалық, жаңағы берген сыйлықтарға қоса, керуен көшіне ілестіріп, бір қытай қызын қосып, ырғалтып-жырғалтып еліне қайтарған. Сонда, осы біздердің шешелеріміздің бірі қытай қызы болуы әбден мүмкін» екен. «Ал, сол грамотада не жазылған екен»,– деген сауалымызға: «Е қарақтарым, түгел қайдан білейін, үлкендердің айтуынша император жаңағы айтылған алғыс ниетін білдіре отырып, … әйтеуір бір кездері Абылай ұрпақтары ауыр қиыншылықтарға душар бола қалса, қытай мемлекеті оларға қамқор бола алады. Ал сол боғдыханның ұрпақтарына да сондай қиыншылықтар төнсе, Абылай-Әділдің ұрпақтары да қамқор болуы тиіс екен. Грамотаның өзі қайда болуы мүмкін десеңдер, шамасы Тезек төренің үйінде тұрған, кейіннен оның ұлы Құдиярхан сұлтанның қолына өтуі әбден мүмкін…».
Сол аталарымыздың айтуынша, «…шамасы 1928-1929 жылдары қазақ жерінде қолдан жасалған ашаршылық жайлаған кезде Құдиярхан осы грамотаны алып Қытайға барып, сол елдің жоғарғы лауазымды шенеуніктермен кездескен және грамотаны көрсеткен. Сонда қытай шенеуніктері, жаңағы грамотаны мойындап, Жетісу өлкесіндегі елдің біразын қытай шекарасынан өтуге рұқсат берген сыңайлы. Құдиярхан шекарадан бері өткен кезде, сол топтағы кеңес өкіметінің тыңшылары бұл туралы тиісті органдарға хабар береді. Сол хабар бойынша қазіргі Қоңырөлең ауылының жоғары тұсындағы Түлкілі тауының оңтүстік сағасында отырған Құдиярхан ауылына бір топ қызылдардың әскери отряды сау ете қалады. (Бұл көктемнің аяғы, немесе жаздың басы болуы керек).
Құдиархан сол кезде: «бұлардың неге келгенін мен білемін!» деп, ішке кіріп киініп, отбасымен қоштасып, сыртқа шығып, «мен дайынмын!»– дейді.
Үй-ішіне тінту жүреді, үйдің ішін астаң-кестеңін шығарып, асыл бұйымдарды, кітап-қағаздарды түгел сыпырып алады. Жаңағы айтылған грамота солардың қолында кеткен. Құдиярхан аталарың осылай тұтқындалған. Содан кейін Құдиярхан сұлтан туралы ел аузында қалған әңгімелерден басқа түк қалмады, есіл ер хабар-ошарсыз кетті ғой...», –деп, ауыр күрсініп, мұңайған еді сол жарықтық аталарымыз.
Осыны естіген әжелеріміз Қалипа мен Зағипа, «…Сіздер не айтып отырсыздар, енді осылар Итжеккенге айдалсын деп отырсыздар ма?»,– деп шыр-пыр болды (Қазағымыздың қандай үрейде өмір сүргендігін осыдан-ақ қарай беріңіз). Атам «Мұны еш адамға айтушы болмаңдар, сұраған соң байқамай айтып қалғаным ғой», –деп екеуі де сыртқа шығып кетті. Біз үндемей қалдық. Содан кейін қанша жылдар өтті. Ешкімге тіс жарып айтқан да емеспін. Кезінде мұны айтпақ түгілі, ойлаудың өзі қауыпты еді ғой.
Сол кездерде ел арасында «Құдиярхан Жетісу өлкесіндегі ашаршылыққа ұшыраған елді Қытайға өткізбекші» деген қауесет тарап кеткен. Ашаршылық жайлаған ел Қытай жеріне көптеп қашты. Оған Қытай билігі де аса кедергі қоймаған. Осыған қарағанда, бір елдің адамы бір елге неліктен өте бергені туралы мәселе әлі де зерттелуі тиіс сияқты.
*…Осы тұста авторлық шегініс толғану (Аман Шотаев): «…Ел ішінде Абылай ханның соңғы түсі туралы әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Әуелі ондағы оқиғалар мағынасы Абылай ұрпақтарына тікелей телініп, қалжың-шыны аралас, сын-мін ретінде айтылады. Мүмкін, солай да шығар. Солардың бір нұсқасы: Абылай хан соңғы рет 1781 жылы көктемде Шымкент, Сайрам, Түркістан жағына жорыққа аттанар алдында, жанындағы Бұқар жырауға өз түсін жорытқан екен. Барлық көзі қарақты ел білетін осы түсте хан ұрпағының ұсақталып кетуі айтылады ғой, алайда, ондай түстің анық-қанығы бір Алла Тағалаға ғана аяндығын ұмытпайық!
Кейбіреулердің Абылай хан анандай, мынандай еді деп, сөз емес сөзді, кісі емес кісі айтады демекші, аруағын қаралағысы келетінін, қасиетіңнен айналайын Бұқар абыз, сезіп те жатқан болар! Кейбір Ұлыларымызды ұлықтаушы емес, қаралаушы бақа-шаяндардың табылып қалатыны шын қынжылтады. Ұлыларымызға Жаратқан Иеміздің нұры жаусын делік!
Біз қазіргі қазақтар жеңілген, жасыған, жазғырылған, жапа шегіп, рухы әлсіреген ата-әкелердің ұрпақтарымыз, сондықтан болар, жалтақтығымыз көп. Тапталған рухымызды көтеріп, қайта оянып, Тәуелсіздігімізді берік ұстауымыз керек. Ұлтымыздың азат келбетін жасауға тиістіміз. Аңыздарға сүйенсек, Мұса пайғамбар елін құлдықтан азаматтыққа жетуге, құлдық мінезден құтылуға 40 жыл жетелеген екен. Біз ше, қандай көсемдерден үлгі алуымыз керек?! Әрқайсымыз өз аталарын өзгеден артық, батыр, ақылды санар болса не болғанымыз? Ондай ұғымнан бірінші кезекте аулақ жүргеніміз дұрыс болар. Атақ-даңқ өлшемсіз, тек абырой сөз бен іске сай келуі керек емес пе?!
Аш бөріше алысып-жұлысып өткен Абылайдың шөпшегі – Құдиярхан Тезек Төреұлы Абылайханов жауының алдында сынуға бар, иілуге жоқ, шарасыздан құса болып өлгенше 79 жастағы нағыз батыр-сұлтанымыз жауларының қолынан атылып өлгенді дәреже санағанын бәріміз де білуіміз қажет деп ойлаймын. Оған Алланың тек рахымы болсын! Осынша жасқа келген қарияны өлімге кесу, аярлықтың ең соңғы шегі болар!
Бұндай өлімді дінімізде «шаһид» демей ме? Осындай құрбандықтардың әруақтары артында қалған еліне риза болғай деп тілеу тілейміз. Ата-бабаларымыз дәріптеп өткен Шыңғыс-Абылай ұрпақтарында әрқашанда жақсылар болған, ары да бола берсін деп тілейік…(марқұм Аман Шотаевтың естелігі)
…Аталарымыздың жоғарыдағыдай естеліктері осы үлкен тұлға туралы қызығушылықты арттыра түскендей. Құдиярхан сұлтанды 1916-жылғы дүрбелең (Майдандағы қара жұмысқа 19-43 жастағы бұратаналарды алу туралы патша жарлығы, 1916.25.06) кезінде Алтын Емелдегі 5 болыс ел «асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» ретінде қатты бағалап, Ресей империясының озбырлығына қарсы жалпы қазақ даласы мен бірге көтерілгенде хан сайлағандығын дәлелдеп отырмыз. Бұл дегеніміз сол кездегі түгел Алатау округі деген сөз. Округ құрылған (1856) кезде құрамына Қапал округінің оңтүстік бөлігі, Қаратал, Іле өзендері және Күнгей мен Теріскей Алатауы аумағы кірген, жері – 162 мың шаршы км, халқының саны – 160 мың адам, оның ішінде: қазақтар – 100 мың; қырғыздар – 50 мың; орыстар – 7 мың; басқа ұлттар – 3 мың адам болған. 1867 жылдан округ Жетісу облысына айналдырылды, яғни 1916 жылдары облыстың жер және адам саны әлдеқайда артқаны айтпаса да түсінікті, өйткені ол кездерде облыс құрамына Сергиополь (Лепсі 1875), Қапал, Верный, Ыстықкөл (Пішпек) уездері және Шу, Құрағаты өзендеріне дейінгі Сырдария облысының бірталай жерлері кірді.
Көтерiлiс кезiнде қазақтар мен қырғыздар дәстүрлi хандық билiктi жаңғыртып, патшалық Ресей үкiметiнiң басқару жүйесiн жоюға ұмтылғаны тарихтан белгілі жағдай. Бұл туралы «Отан тарихы» кiтабында «Санасында дәстүрлi билiк туралы ұғым сақталған, таза көшпелiлiк дамыған аудандарда көтерiлiстiң негiзгi ұйымдастырушы күшi ру басылары мен хан тұқымдары болды», – делiнген.. .
Ол жылдары Жетісу отқа оранған еді. Ірі көтеріліс ошақтарын айта кетсек, Самсы («Ботпай»), Қарқара («Албан»), Лепсі және Қапал уезіндегі, Сырымбет көтерілістері (Талдықорған маңы) және т.б. бас көтерулер болды.
Стихиялы түрде басталып, кейінірек ұйымдаса бастаған түрдегі Жетісу көтерілісі аяусыз басып, жаншылды, оған 7 атқыштар ротасы, 5 казак-орыс жүздігі, 3 ерікті жасақ жүздігі, 17 зеңбірек, 7 орынборлық, 9 сібірлік казак-орыс полктері батареяларымен, 47 пулемет командаларымен қолданылды.
Сол жылдары 300 мыңнан астам жергілікті тұрғын босып кетті. Бір ғана Талдықорған маңындағы Сырымбетте (Сырымбет қырғыны) жергілікті казак-орыстар Қапалдан келген қарулы отрядпен бірігіп, Желдісайдағы бейбіт ауылдың адамдарын дарға асып, атып қан-жоса етті, жүкті әйелдердің ішін жару, адамдарды тірідей жерге көму, Байбөрлі ұстаны қолына шеге қағып, қылыштау сияқты жантүршігетін қатігездіктер орын алды. Барлығы 150 ден астам бейбіт ауыл тұрғын-қазақ опат болғандығы қазір белгілі.
Жетісуда көтеріліс басшылары қатарында – Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Нұқа Сатыбеков, Ұзақ Саурықов, Тезек Тазабеков, Әубәкiр Солтанбекұлы, Самалтыр Диханбаев, Хасанай Әдербеков және т.б. көптеген адамдар аталады.
Ал, Жетісудағы бар көтеріліс басшысы Құдиярхан Тезеков (ел бекер хан сайламаған болар) айтылмады да. Бұны қалай түсінуге болады, әлде оның хан ұрпағы болғандығынан ба? Совет дәуіріндегі саяси идеология бойынша кеткен тарихи бұрмалаушылықтар қашан түзеледі десеңізші?! Өкінішті! Хандар мен байлардың тұқымдары үстем тап өкілдері, олар ешқашанда қарапайым халықтың қамын жемейді деген ішмерез, «таптық» көзкарастың жемісі осы.
Сол кездегі мұрағаттық-тарихи құжаттарды зерделей қарасақ, Қазақ-қырғыз көтерiлiсшiлерiнiң бiрлiгiне жiк салу үшiн орыс шенеунiктерi ру және жеке бас аралық қайшылықтарды пайдаланып, көтерілісшілер ішіне «сатқын-жансыздарын» енгізіп, іріткі салғандары, ал орысша бiлiм алғандарды, отаршыл орыс әкiмшiлiгi қызметiндегiлердi барынша өз жақтарына ұстап, тартуға тырысқаны көрініп тұрады. Мысалы, Орыс үкіметі Омбыдан Ешмұхамет Аблайхановты шақыртып, Көксудағы (Талдықорған маңы) қазақтар арасына белгiлi нұсқаулармен жiберіп, елді тыныштандыруды тапсырған.
…Алаш көсемдері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсыновтың 1916 жылғы көтерілісті қазақты шексіз сүйгендеріне қарамастан, аса қолдамағандықтары, қайта қазақтың солдатқа барғанын жақтағандары белгілі. Осы туралы әр түрлі пікірлер бар, бізде ой жүгіртіп көрелік. Біріншіден, ол білімді ардақтыларымыз қара қазақтың босқа қырылғанын қаламады, екіншіден солдатқа барса жай, қараңғы халықтың көзі ашыла түсетінін ойлағандары анық секілді. Оған тағы бір Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романын (биографиялық деуге болады) оқи отырып, көз жеткіземіз. Сонда майдандағы бір қазақтың сауатты татармен әңгімесі келтірілген эпизод бар, яғни кеше ғана түк көрмеген қыр жігітінің соғысты да, бар қару түрлерін де, әскер тәртібін де, Европа мәдениетін де көргені (қырғын болса да), ой түйіндегені, қазақтың соншалықты артта қалғанына күйінгені туралы т.б. ойлары айтылып, еліне деген сағыныш, сүйіспеншілігі арта түскені баяндалады. Тәуелсіздікті қан кешіп, көптеген құрбандықпен алған елдердің ерекше бағалайтындығының табиғи бір заңдылығы бар екендігіне қазіргі өмірде де көз жеткізуге болады деп түйіндейміз. Алаш көсемдері бірінші кезекте осыны ойлаған болар.
…Артынан жазалаушы отрядпен Құдиярхан Верныйға алдырылып, Жетiсу облысының әскери генерал-губернаторы Фольбаум тарапынан қысымға түскен. Өзі «Алтынемелдегi халыққа ғана жауап беремiн» деп өлімнен әрең аман қалады.
Жетісу елінің Құдиярханды хан сайлағанын, көтерілістің көсемі болғанын Серік Әбікенұлы тапқан мына архивтік құжаттан да көруге болады (1916 жылы атқа қонған қазақтың жеке ел болуға ұмтылғанының бір дерегі, 14-16 тамызда бес болыс Тезек төренің ұлы Құдиярханды хан сайлаған. Мынау генерал-губернатор Куропаткиннің Ішкі істер министрі Хвостовқа жолдаған жеделхатынан үзінді: “…Копальском 206 уезде по частным сведениям в район Алтын-Емеля 207 пять волостей провозгласили ханом Ходоярхана Тезекова, сына бывшего султана большой орды. Общие потери с начала восстания Семиреченской области убиты два офицера, 41 нижних чинов, умерли от ран пять нижних чинов, ранено 31 нижних чина […]208.”) (сол қалпында тұра берсінші деп, қазақшалаған жоқпын.
Құдиярхан (қолға түсіп тұрып) мен Тоқаш Бокиннің сол жолы тірі қалғанын генерал-губернатор Фольбаумның (отарлаушы Орыс үкіметінің) ел түгелдей көтеріле бермесін деген саясаты екені қазір түсінікті. Оның үстіне Жетісудың көзі ашық азамат, қайраткерлері Алаш көсемдерінен елді тыныштандырып, солдатқа баруға үгіттеу туралы тапсырмалар алулары да әбден мүмкін деп санаймыз…
Бұл жолы өлімнен құтылғанымен Құдиярханды Орыс үкіметінің жансыздары қатаң бақылауда ұстап, әр басқан қадамын аңдып отырды…
…Одан кейінгі Төңкеріс, қызыл мен ақтың ары-бері сапырылысуы, қазақ ауылдарын тонау, атып-асу және 1920 жылдан бастап жайлаған ашаршылық Алтынемел өңірін де айналып өтпеді. Еске алудың өзі қорқынышты!
Алтынемел тауларында «Кісі қырылған», «Адам өлген», «Боршабұлақ қырғыны» (зерттелмеген) (А. Ақылбековтың бабасы Ақылбек, інілері Ақылбай, Кенжебекпен бірге опат болған) т.с.с. жер аттарын үлкендер «мұндағы ел Қытайға қашқанда орыстар қуып пулеметпен, мылтықпен атып қырған» деп түсіндіретін.
…Қолдан ұйымдастырылған ашаршылық Жетісу еліне зор нәубет, зобалаң әкелді, бір ғана (ресми құжат) мысал ретінде келтірейік: Алматы облаткомының мәліметтеріне қарағанда, облыстан 1932 ж. барлығы 32906 шаруашылықтың 31005-і (шаруашылықта бір немесе бірнеше отбасылар) басқа елдерге қаңғырып, ауып кеткен (ҚХР – 7730; Қырғызстанға – 8082; басқа жақтарға – 842) [7]. Адам адамды жеу фактілері көптеп кездескен. Сол жылдарда (1921-22; 1930-33) Жетісуда Совет өкіметінің қанды қырғындарына, асыра сілтеу саясатына қарсы тұрғындардың әлденеше көтерілістері орын алған: Ақкөл көтерілісі (1930. Балхаш ауданы. 11 адам сотсыз, тексерусіз атылған. Әлі толық зерттелген жоқ.), Бақалы (1930. Наурыз. Балқаш ауданы. Тұрғындар Ақсу, Алакөл, Сарқан аудандарында зомбылыққа қарсы көтеріліс басталғанын біліп, Совет өкіметіне қарсы шықты. Аяусыз басылды, 12 адам атылып, 16 адам сотталды.) және Балқаш-Шоқпар көтерілістері (57 адам тұтқындалып, 30-ы атылып, 20-ы сотталған).
Алтынемел елі де дәл осындай үрей туғызатын сұмдықтарды бастан кешті. Халқымыздың сүйікті өнер жұлдызы Тоқсын марқұмның әкесі Құлыбек қарияның 1960 жылдар соңында (Кербұлақ ауданы, Қоянкөз ауылы) айтқан бір әңгімесін келтірелік: «…1923 жылдар шамасы болу керек, ел әбден ашықты. Кей жерде адам адамды жеген дегенді естіп жүрдік. Сенесіңдер ме, әшейінде тауда жыртылып айырылатын аң да қалмады. Сонда болса, тентіреп тау мен даланы кеземіз, қақпан құрып, шөптің түрлі тамырларын қазамыз, саршұнақтың ініне су құямыз. Бірде өзіміздің осы Жүз Асудың маңында үлкен бір үңгір бар еді, содан ыңырсыған дауыстар естіп, жақындадым. Не екен деп қарасам үңгір аузы таспен бастырылыпты, ақырын қозғап аштым. Қарасам, о сұмдық-ай, өңшең шүпірлеген тірі өлік жас балалар. Үлкеніректері кішілерін құшақтап, алдарына сап отыр. Үңгір аузы ашыла салысымен жаңағылар шырылдап жан-жаққа қашты. Бейне бір жабайы аң дерсің. Әрең дегенде қазір нан берем деп жинап, қайта таспен бастырдым. Содан не болғанымды білмеймін, ауылға жетіп құлаппын, көп жатып әупіріммен өлмей қалдым ғой. Кейін ойласам сол балалар мына өзіміздің Керейлердікі секілді, әкелері ит-құсқа жем болмасын деп үңгірге қамап кеткен тәрізді. Сол сурет әлі күнге есімнен кетпейді. Үңгірге кейін қайта баруға дәтім шыдамады…». Міне, еліміз осындай сұмдықтарды бастан кешірген. Дұға етелік!
Одан кейінгі 1930 жылдары да Алтынемел елі көпке дейін оңалмағаны анық. Сол оқиғалардың куәгері болған жазушы Құрманбай Игілікұлы Толыбаев
(Шелек ауданы, Асы жайлауы. 1928) ақсақал туралы естеліктерде былай жазылған: «…Әкесі Игілік Іледегі Қалқан, Матай тауларын қоныс еткен. Кеңес үкіметі билік тізгінін ұстаған соң, ел іші жік-жікке бөлініп бүлінген тұста Игілік түртпек көріп, қысымға тап болып, Іленің оңтүстік бетіндегі әкесі аң аулап, мекен тұтып жүрген тоғайлы өңір Ақтоған мен Қызыл жиде даласын қыстап, біраз жыл Ассы, Қарақара жайлауларына шығады.
1930 жылдары Күреңбел өңіріндегі ел кеңестік қызыл қырғынға қарсы наразылық білдіріп, бас көтереді. Сол арпалыста Шаңқанайдың атақты байы Асубайдың немерелері, Игіліктің жұбайы Кенжебаланың інілері Алмабай мен Жидебай және өзінің інісі Игісін оққа ұшады. Сөйтіп, босқындық басталады да, ел қуғын-сүргінге ұшырайды. Ат-көлігі сайлары шетке ауып, жан сауғалайды. Кенжебаланың бір інісі Бәйтерек осы тұста Құлжа қаласына ауып кетеді де, 20-шы жылдары барған, Жетісу Алаш партиясының бір қайраткері, нағашы ағасы Иса төрені паналайды. Құлжада Жетісу Алаш партиясының жетекшілерінің бірі Ыбырайым Жайнақов та бар еді. Бұлар мұнда да ағартушылық қызметін жалғастыра береді. Ал Игілік өзінің туған мекеніне қайта орала алмайды. Ақтоғанға үй салып тұрып қалады.
Бұл кезде Алатаудың етегін қызыл империяның темір шеңгелі бүріп, жоқшылық, жұт жайлайды. Аштықтың араны ашылады. Оның үстіне бардам адам ретінде Игілікке салықты үстемелей салады. Соның салдарынан үйінің басына ашаршылық пен жоқшылық қаупі төнеді. Бір шаруашылықты басқарып жүрген інісі Игенбай ағасына тағы бір кесірдің жабысатынын біледі де, енді тонауға түсіп, жер аударылатынын айтады. Содан Игілік 1930 жылдың қыраулы күзінде Қытай ауып кетуге мәжбүр болады. Туыстарынан Игенбай бастаған оннан астам үй ереді. Іленің қытайдағы өңірінде қырқалары сусыз болғанымен, жері кең Сарыбұлақ өзені саласының адырларын мекен етеді. Шөлге астық егіп, мал өсіріп, қатарға қосылады.
1934 жылғы қыстың ортасында Құрманбайдың шешесі, Кенжебала дүние салады. Әкесі қабырғасы қатпаған баласын жүдетпеу үшін Құлжа қаласында тұратын нағашы әжесі Тәжидің қолына апарып қояды. Сол жылдың күзінде Құрманбай Құлжа қаласындағы «Шәриқ» (Шығыс) деп аталатын ұйғыр мектебінің табалдырығын аттайды.
… Ауып барғандардың елді сағынуы күшейеді. «Елге кеңшілік орнапты, қысымшылық жасалмайды екен» – деген қауесет тарайды. Бір топ зиялылар соның анығын біліп келуге Бәйтеректі жұмсайды. Сол кеткеннен ол қайта оралмайды. Содан-ақ ел ішінің халі әлі оңды емес екенін сезеді.
Ал 1939 жылы Шығыс Түркістанда да қазақ-ұйғыр зиялыларын жаппай тұтқындау науқаны басталады. Аймақтың қазақ-қырғыз ағарту ұйымында қызмет істеп жүрген бұрынғы Алаш қайраткерлері Ыбырайым Жайнақов пен Иса төре де қамауға алынады. Иса төренің қора-жайы тәркіленеді. Сөйтіп, өлкенің билеушісі Шың-Шицай аз ұлттардың алқымын қысады. Халық іштен күңіренеді…». Осы естеліктен-ақ ауқатты адамның көрген қорлығы қандай болса, Алтынемелдің жай шаруалары қаншалықты қиыншылықтар көргендігін қарай беріңіз! 1920 жылдардан 30 жылдар аяғына дейін бұл жақтағы Қызыл Совет үкіметі елді тап-тапқа бөліп, бір-біріне айдап салу саясатын бастады.
«Іштен шыққан жау жаман» демекші көбінесе кешегі ұры-қарыларға, дымдары болмаған тексіздерге қару беріліп, елдің бетке ұстарларына, тиянақты шаруақорларға қарсы арандату жүргізілді. Олардың біршамасын алдыңғы кітабымызда, БАҚ басылған арнайы мақаламызда («Каждый стремиться к истокам», «Тірі көкпар») атап өткен едік, қайталап жатпай-ақ қоялық.
Осындай ел басына күн туған қиын-қыстауда Құдиярхан бастаған ел ағаларының бар тапқан амалы бұндағы елді Қытай жеріне асыру болса керек. Зерделей қарасаңыз ол кезде, жалпы Шығыс Түркістанда Қытай мемлекетінің үстемдігі басым еместігін ескерсек, одан басқа жол да жоқ еді…
Биыл ҚР Алматы облыстық ҰҚК (КНБ) департаменті мұрағатына сұрау жолдап, Құдиярхан сұлтан туралы мәліметтермен (қылмыстық іс) [4] танысудың реті келді.
| Тезеков-Аблайханов Кудаирхан Дело № 4341
Родился в 1851 г., Алмаатинская обл., Талдыкурганский р-н, аул 9.; казах; образование начальное; Проживал: Алма-Атинская обл., Талды-Курганский р-н, аул 9.. Источник: Сведения ДКНБ РК по Алматинской обл.
Арестован 28 июля 1930 г. под стражей в Ядринском ИТД. 19.08.1930 г. мера пресечения изменена на подписку о невыезде. … Тезеков-Аблайханов Кудаирхан
|
Шынымызды айтсақ, бұл деректер сұлтан турасындағы құпияларды түгелдей ашуға көмектесті дей алмаймыз. Алайда, бұрын белгісіздеу болып келген біраз нәрсеге қанықтық. Құжаттар ішінде сұлтанның өзі, басқа көптеген куәгерлер (түрікпен, арғын, ақбұйым, қарашапан, төлеңгіт т.б. деген сияқты елдері де жазылған) берген сұрақтың хаттамалары (протоколы допросов) бар.
Іс [4] барысында түсінгеніміз: Алтынемел жері қазіргі Кербұлақ ауданының солтүстік-шығыс бөлігі (Шаған, Қотырқай, Көксу бөлігі) Талдықорған ауданына, орталық-батыс бөлігі (Сарыөзек, Архарлы) Малайсары ауданына, ал күнгей жағы Октябрь ауданына қараған. Сол Октябрь ауданына қарасты № 2 ауылдан 1930 жылдың сентябрінде (екінші рет) Құдиярхан ұсталып, алдымен Қоғалыға, сосын Алматыға апарылған. Совет Өкіметіне қарсы шығып, қарулы «банда» ұйымдастырған деген айып тағылған. Әлдебір куәгерлердің айтуы бойынша Совет Өкіметі орнамай тұрып, мыңдаған мал айдаған ірі феодал, хан және болыс болған. Сол уақытта 25 адамнан тұратын «банда» құрып (ішінде атақты Нұртазинов Омар төре, Қарабеков Бектас, Құдиярханның ұлы Омар, Құстанов Әлімжан т.б. бар) елді Қытайға қашуға үгіттеген, оған көзі ашық ауыл советінде істегендер (Рақымбай Мықтыбеков, Досжанқұл Самылтыров – А. Ақылбековтың атасы Алтайдың нағашылары, Жалайыр, «Қарашапан») көмектескен…
…Істе (суреті жоқ) Құдиярхан сұлтанның 1851 жылы туғандығы (79 жаста), бауырының (қай бауыр екен сұрағы туындап тұр!) әйеліне әмеңгерлікпен үйленгендігі, оның қазіргі уақытта қайтыс болғандығы, отбасында 5 адам, біраз ғана малдары бар екендігі айтылған.
Құдиярхан сұлтанның өз қолымен жазғандарының (маржандай әріптермен, таза орысша) біраз жерін келтіре кетейік (сөзбе-сөз қазақшаға аударған автор): «…мен егер алдыңғы сұрақта бар шынымды айтпасам, оған себептер бар. Шынымды айтайын мен хан әулетінен (ханского рода) шыққанмын, әкем полковник, хан Тезек Аблайханов. Мұсылманша да, орысша да білімдімін. 5 жыл Орынбор (Оренбург) гимназиясында оқығанмын (ойлап қарасақ, Орынборда 1865 жылдар шамасында оқыған болады, яғни тиісті құжаттар Орынбор архивінен шығуы керек), алайда толық бітірмей көптеген істер шығып, Жетісуға қайтып оралғанмын. Мені елдің бәрі біледі және сыйлайды…». Елдің бәрі жақсы көреді дегеніне осы істегі Қарабеков Бектас (1905-1989) атаның (суреті бар) (Малайсары ауданы, № 7 ауылдан ұсталған. Отбасында 5 жан, күнкөріске біраз малдары бар) хаттамадағы (протокол допроса) жауаптары дәлел болғандай: «…Құдиярхан, баласы Омар, Құндақбай, Нұртазинов Омар, т.б. ешқандай да «бандит» емес, бәрін де танимын. Ешкімге тиісіп көрген жоқ, ал Сіздер «банда» деп отырған Әлімжандарыңыз бізге жолай да алмайды, қорқады. «Винтовканы» Тұяқбаев Ерназар екеуіміз бірге Алматыдан сатып алдық. Аң аулауға қолданамыз. Үкіметке өткізу керектігін білмедік…». Бұдан Бектас атаның ешкімді сатпағанын көріп отырмыз және куәгерлердің басым көпшілігі дәл солай істеген, дегенмен, өкінішке орай, сатқындар да кездескен еді…
Іс соңындағы (1930. 19 ноябрь. Алматы.) атышулы «үштіктің» (ПП ОГПУ КССР) үкімімен (ст. 58-1 және 59-3) Тезеков Кудаирқан (79 ж.), Балакирев Г., Байдәулетов Аязбай (38) ату жазасына кесілген. Түбекбаев Ерназар («Қарашапан»), Самалтыров Дүйсенқұл (30 ж. «Қарашапан»), Мықтыбеков Рахымбек (33 ж. «Қарашапан»), Сарсеков Сейітқазы (26 ж. «Сыпатай»), Аманжанов Абдрахман деген кісілер 3-5 (біразы одан да көп) жылға сотталған. Мал-мүліктері тәркіленсін делінген.
Ондай мал-мүлік те ешкімге опа әкелмеген болар. Шейіттердің жандары жәннатта болсын дейміз!
…Зерттеуші С. Сарыбаевтың айтуынша Алтынемел елінің біраз, Құндақбай мерген, Омар Төре сияқты бас көтерер ерлері Құдиярханды құтқармақ әрекеттер де жасаған, алайда, қарулы отрядтарға төтеп бере алмаған. Аудан тұрғыны Ж. Бурахановтың естелігінде апалары Қоғалы түрмесіндегі Құдиярханға «…ханымыз ұсталды» деп, азын-аулақ азық-түліктер жеткізіп беріп, қоштасқан деседі…
…Міне осылай 1916 жылы отарлаушы Патша үкіметі өлтірмеген елім деп егілген асыл тұқымды есіл ер, Құдиярхан бабамыз репрессия құрбаны болды, оның 79-80 жастағы қария екендігіне де ешкім қарамады…
Алдында айтқанымыздай бұл істегі материалдар Құдиярхан туралы көптеген сұрақтарды ашудың орнына, көптеген мәселелерді туындатып отыр. Зерттеулер әлі де жалғаса бермек…
…Ағайын арасында алауыздық тудырмас үшін көп нәрселерді (анау ананы сатқан екен деген сияқты) айта берудің қажеті де шамалы шығар (негізінен ондайларды талайлар-ақ біледі, сонда да болса). Өткен өтті, қазіргі кезде еліміздің тыныштығын, бірлігін ойлауымыз қажет және кеше ғана Совет дәуірінде аталарымыздың бірін «бандит», бірін «революционер» деп жүрген болсақ, енді кеп олардың бірін мақтап, бірін даттамай-ақ қоялық! Олардың барлығы да сұрқия саясаттың құрбаны екендігін есте ұстап, ТАҒЗЫМ етелік!…
Кейбір кісі, жер аттарына түсініктер
*Бекболат Әшекеев – қырғыз-қазаққа танымал Ұлы жүздiң Жаныс руының биi Әшекей Дайырбековтiң ұлы.
*Ұзақ Саурықов – Албан, Бұғы, Суанға белгiлi Саурық батырдың ұлы.
*Тезек Тазабеков – қазақ-қырғызға бiрдей әйгiлi Албанның батыры Тазабек Пұсырмановтың ұлы.
*Әубәкір Солтанбекұлы (1871-1930) – Тазабек Пұсырмановтың немересі. 1916.22.06. күні Ұзақ, Жәмеңке (1838-1916 Қарақол), Әубәкір үшеуі ұсталып, Қарақол (Пржевальск) түрмесіне қамалған, Әубәкір одан қашып шығып ҚХР өтіп кеткен.
* Иса төре – Құрманбай Толыбаевтың Алтынемелден дегеніне қарай Ақылбековтердің бір атасы болар деп ойлаймыз. Үлкендерден Сағындықтың екінші ұлы, білімді кісі еді, қашқында Қытай асып, аты-жөнін өзгертіп кеткен дегенді естігенбіз. Анықталады.
* Бектас Қарабеков – іс бойынша 1905 жылы туғанын анықтадық, өзі 5-6 жас қосып айтушы еді. Кербұлақ ауданы, Шаңқанай ауылында тұрып, қайтыс болды. Сол маңдағы бар төрелерді анықтаудағы айтқан әңгімелері өте маңызды. Алдыңғы бірнеше мақалаларымызда аталады.

Азамат Ақылбеков.
Дереккөз: Тезек төре – 220, Құдиярхан – 170 естеліктер жинағы -Талдықорған: ЖК «GALAXY» баспасы. 2022.-415 б. -36-50 б.
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











