Сығай-ау, алтын едің, жез боп жүрсің,
Тұрмыстың талқысына кез боп жүрсің.
Бір күнде қабы қалың жүрек едің,
Енді бір мысық жемі без боп жүрсің.
Керек жоқ, ер бесіне не келмес еді,
Орнатқан мор басына тез боп жүрсің.
Орман ең қиындағы қызыл түлкі,
Ішпекке бүктеп салған өң боп жүрсің.
Төрт жағың түгел біткен дөңгелек ең.
Айрылып хал-қайраттан шөлдеп жүрсің.
Дәрия ең шалқып жатқан шортан малтып,
Енді бір лай суда сең боп жүрсің.
Жалғыз бен жарлы келіп паналаушы еді,
Інкәр жан баспайтұғын шөл боп жүрсің.
Мен қыздай, сен бір наздан енелеспін,
Сені мен басқа жанға теңемеспін.
Қалай айтсаң – солай айт әміріңді,
Бұзатын, екі ететін мен емеспін.
Ісім жоқ «мен жақсы» деп мақтанатын,
Жерім жоқ жаудан аяп сақтанатын.
Үйім – үңгір, жегенім – жемтік, мома,
Жайым жоқ қоразданып баптанатын.
Құлан ең түзде жүрген самал қуып,
Салқында күн шуақпен қақталатын.
Серке едің заңғар құзды жағалаған,
Тұяғың тиген жерде дақ қалатын.
Өңде шырай, жүректе жылылық жоқ,
Қарасам – ішіңді ашып қап-қара түн.
Жатырмысың көр-жерді буып-түйіп,
Таң атса қақпаншыдай аттанатын.
Іленің Күнесінде туып-өскен Таңжарықтың Тарбағатайдың қысықтайында өскен Сығайды білуінің өзі – Сығайдың Тарбағатай төсіндегі найман руына танылған саңлақ екенін аңғартады.
Сығай Баянұлының өмірі
Сығай Баянұлы 1882 жылы Тарбағатай аймағының Дөрбілжін ауданы, Қабырғатал ауылында малшы отбасында дүниеге келген. Ол 1943 жылы тамыз айында қолға алынған. Оның тұтқындалуын – алға басарлығынан, Кеңес елімен байланысы болғандығынан деуге болады. Ол Үрімжі түрмесіне айдалып, сол жерде қаза тапқан.
Таңжарықтың:
«Өңде шырай, жүректе жылылық жоқ,
Қарасам ішіңді ашып қап-қара түн…» – деген өлең жолдарынан Сығайдың соңғы сұраққа тартылып, ертең өлтірілетінін өзі де, өзгелер де алдын ала сезгендігін көруге болады.
Тек Таңжарық емес, Бұраталалық Сейпе деген адам да өзінің естелігінде Сығайдың соңғы сұрауда «тоңмойын» атанып, осы сылтаумен өлтірілгенін анық айтқан.

Етекбайұлы Сейпе (Қаракерей-Тоқпақ-Оразбақ ата ұрпағы) 1891-1974 жылдары өмір сүріп, тоқпақ руының шешені болған.
https://kazneb.kz/kk/bookView/view?brId=1591661&simple=true
1929 жылы күз айында абақтыдан босаған соң ел жұртын бастап шекараны бұзып Боротола аймағына көшіп барып, ол жақтада да қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткізіп, бірнеше жыл Шыңшысай түрмесінде қамалған. Қытайға барғанда тынштық көрмей 1941 жылдары саяси науқан кезінде Тоқпақ руының азамттарымен бірге жазықсыз бірнеше рет Үрімжі түрмесіне қамалып, сөз шеберлігінің арқасында аман-есен құтылып шығып, бірнеше жыл Боротола облысының кеңесінің депутаты болып қызмет етіпті. 1959 жылдары ел-жұрт бауырлары еліне қайтқанда кезінде ел-жұртының қамы үшін шекара бұзып қызылдарға қарсы шығып атысып, шабысқандығы үшін амалсыз бала-шағасымен Боротола аймағында қалып 83-жасында қайтыс болыпты.
Сығайдың тегі
Сығай – Орта жүздің үлкен руы найманның Жұмық атасынан шыққан. Жұмықтың үшінші буыны – Мәметек деген кіші атасына жатады.
Сығай ат жалын тартып мінгеннен бастап шешен, өжет болып өседі. Мәметек руындағы Қыдырмолла қажы (Қоңыз батыр) оқыған, көзі ашық адам болған, қажі Сығайдың әкесі Баян ауылына қонаққа келгенде, Сығай көкқасқа тайға бата сұрап, сөз бастауымен танылған. Сол кезде Қыдырмолла қажы: «Баянның мына қызыл баласы тірі жүрсе, Мәметекті шырық бұзатын адам болар» – деп баға берген деседі. Қажының айтқаны келіп, Сығай 28 жасында-ақ зәңгі болып сайланған.
Жұмық шежіресіндегі деректер
Жұмықтың шежірешілері мына әңгімелерді айтады:
Сайболаттан Жақсылық деген ұл туған. Жақсылықтың Жібек деген әйелінен Қошқарбай, Шотай, Мәметек деген үш ұл дүниеге келген. Кейін осы үш ұлдың ұрпағы үш болыс елге айналған.
Сығай – әділ билік айтқан, ел дауы, жесір дауы, жер дауы сияқты талай дауда әділ шешім шығарып, беделі өскен адам. Сол себепті Мәметектің үкірдайы атанған. Кейін үкірдайлықты інісі Қожаққа береді. Халық оны «Сығай зәңгі» деп атап кеткен.
1940 жылдары гоминдаңға мүше болған Қожақ пен Сығайдың арасына салқындық түседі. Сығай гоминдаңның ауыр салығына халықтың төзе алмай отырғанын, сахара халқының киер киімге, ішер асқа жарымай қалғанын жиындарда ашық айтып жүреді. Сондай-ақ, Сығай Шәуешектегі Кеңес консулымен байланыс орнатқан. Бірақ бұл байланыс гоминдаң тыңшыларына белгілі болып, олар Сығай «кеңесшілерден қару алып, елді көтермек» деген желеумен материал жинай бастаған.
1942 жылы Сығай Шәуешекке қызметке шақырылып, отбасымен бірге көшірілген. Жайлауға шыққан кезінде тыңшылар ұстап, қайта Шәуешекке әкелген. Бір айдан соң оны Үрімжіге жөнелткен. Түрмеде ауыр тергеуге түсіп, 1943 жылдың желтоқсанында өлтірілген.
Сығайдың оқу-ағарту ісіндегі үлесі
1930 жылға дейін Шыңжаң қазақтарының оқу-ағарту жүйесі өте әлсіз еді. Жалпы мектеп ашу ісі Шың Шысайдың 1933 жылы билікке келіп, жихангерлікке қарсы тұру, Кеңес Одағымен достасу, барлық ұлттың теңдігі, адалдық, бейбітшілік, жаңа Шыңжаң құру сияқты алты саясат жүргізеді. Осы саясат негізінде қазақ елінде мектеп салу науқаны басталды. 1934 жылдан бастап Тарбағатай аймағында көптеген мектеп ашылды. Осы тұста Сығай зәңгі мен оның інісі Қожақ өз еліндегі Шібеті, Шошқалы мектептерін салдырды. Сығай мектеп салуға 100 қой, 10 қара берген. Қазіргі Дөрбілжін зиялыларының көбі алғаш білімді осы мектептерден алған.
Уәйіс ақсақалдың естелігі
1963 жылы Шыңжаң Қарамай мұнай мекемесінде Сейтқазының үйінде Сығайдың баласы Мұқашты көрген Уәйіс ақсақал: «Сығай – ел қадірлеген, әділ, кемеңгер адам еді. Арманда кеткен талай саңлақтардың бірі» – деп, Сығайдың әділ билік айтқан бір оқиғасын баяндайды.
Ақбастау жеріне қазақ пен моңғол таласқанда, билік айту Сығайға, Ошанбайға, Қолқаға жүктелген. Ошанбай екіге бөлуді ұсынса, Сығай: «Екі елдің ынтымағына сызат түсірмейік, азғана моңғолдарға жәрдем етейік» – деп, елді татулыққа шақырған.
Ошанбай:
«Қанша дегенмен нағашың емеспе?» – деп қалжыңдаған.
Бұл – Сығайдың Дөрбілжін еліндегі беделін айқын көрсететін мысал.
Дерекөз: «Іле тарихи материалы» кітабндағы Қабимолла Мәндібайұлының естелігі негізінде толықтырылып, дайындалды.
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











