Ауыл – өркениеттің алтын бесігі саналады. Сондықтан оның өміршеңдігі мен оңтайлы тұстарын кең ауқымда пайдаланған елдер ғана мамыражай тірлік кешіп жатыр да, ауыл келешегіне атүсті қарап, тереңіне үңілмегендері беделді биікке шыға алмай келеді. Осыған орай, көшпенділер мәдениетінің жібін жалғап келген халқымыздың тарихында ауыл бейнесінің алар орны ерекше деп айтуға болады. Өткенді парақтап көрер болсақ, қазақтың құны тозбас мұрағаттары осы өңірден нәр алса, елге сыйлы тұлғаларының бәрі парасатын сонда шыңдап, үлкен өмірге бағыт алғанын теріске шығара алмаймыз. Ендеше, бұдан кейін де ел тұтқасын ұстайтын азаматтардың сол өңірден өсіп шығатынын мойындауымыз керек. Біз әңгімеге тартқан Нұрдәулет Жақыпов сондай мамыражай ауылда туып, өмірін сол өңірдің өркендеуіне арнаған адам.
Сарқан ауданында Қарабөгет деп аталатын ауыл бар. Малға жайлы, тіршілікке қолайлы, адамдардың қам-қайғысыз тіршілік етуіне керекті барлық мүмкіндік бар. Нұрдәулет аға сол ауылда 1942 жылдың 20 тамызында туды. Әкесі Жақып Мыртеміров орта шаруалы, айналасына қайырымды жан болса, шешесі Сәндібала Лепесқызы ұлттың ұятын бойына жиып өскен ізетті ана еді. Ортасы өркенді, айналасы таза пейілді адамдар болғандықтан Нұрдәулет бала күнінен ізігілікті тұмар, кеңпейілділікті мұрат етіп өсті. Оқу жасына келгенде әкесі жетелеп әкеліп, Қарабөгет ауылындағы бастауыш мектепке кіргізді. Өзі тектес ауыл балаларымен бірге жаңаша білім алып, қозы-лақ бағып, асау жуасытып, ауылдың қызу тірлігіне араласа жүрсе де оқу нәтижесі жақсы болды. Сол ауылдың қайнаған тірлігі оның шымыр, ұқыпты, еңбекқор болып ержетуіне үлкен демеу болды. Сондай шаттықта жүрген күндерінің бірінде әкесі қайтыс болып, орта мектепті ойдағыдай бітіріп шығуға мүмкіншілік болмады. 3-жылдай ұжымшар тіршілігінде қой бағуға тура келді. Әрине бұл жұмыс он төрт жастағы буыны қатпаған жас балаға оңайға түскен жоқ. Кейін Талғардағы ауылшаруашылық техникумына түсіп, өзінің болашаққа апарар мамандығын бітіріп шықты. Әрине оқуда жүрген кезінде әскер қатарына алынып, Ресейдің Саратов қаласындағы әуе қорғанысы бойынша тәлім алып, үш жылға Отан алдындағы міндетін өте жақсы орындап шықты. Содан кейін техникумдағы оқуын жалғастырып, 1968 жылы ойдағыдай бітіріп, Бақалы кеңшарына арнайы жолдамамен экономист болып еңбек жолын бастады. Өмірде көргені мен түйгені көп жас жігіттің қызмет барысындағы белсенділігі де жұртқа ұнады. Басшылықтың көзіне түсіп, жерлестерінің мақтауына ие болды. Сонымен 1969 жылы дәрежесі өсіп, ауылдың бас экономисі болып шыға келді. Ол уақыт ауылдың соғыстан кейінгі қиын кезі болатын. Негізінен мал мен егін шаруашылығын талғажау еткен ауылдың жұмысын үйлестірудің өзі ми шаршататын жұмыс. Алайда, Нұрдәулет тек экономиспін деп қана қарап отырған жоқ. Алдына қандай жұмыс тура келсе соны атқарып кете беретін. Түске дейін экономист, түстен кейін қойшы, кешке қарай жылқы қайырып жүретін. Сол тұстағы аға-буынның бәрі солай болды ғой. Сондықтан да соғыс салған ел жүрегінде жара тез ұмытылды. Әрбір ісінің нәтижесін көрген, басшылық қабілетінің жоғарылығын сезінген басшылық Нұрдәулет ағаны қашанда өндірісі өрге баспаған, тіршілігі үйлесім тапаған қиын жерлерге жұмсайтын. 1974 – 1977 жылға дейін Бақалы ауылдық атқару кеңесінің төрағасы болды. Сол жылдары ауыл балаларын спортқа баулып, оларды түрлі аудандағы жарыстарға қатыстырып, көрнекті орындарға ие болды. Мұның өзі де ел мен жұрттың келешегі үшін ерінбей істеген игілікті іс деуге тұрарлық. Өзінің белсенділігінің арқасында соның бәрін жақсы нәтижеге айналдырып, ел құрметіне бөленіп шығатын. Ұйым оны 1978 жылы Қарғалыға бас экономист етіп жібереді. Бұл тұста Қарғалы ауылының шығысы кірістен көп, қарызы мол, экономикалық басқаруы бір жүйеге түспей тұрған еді. Бас-аяғы бір-екі жылда соның бәрін үйлестіріп, Қарғалы ауылын аудандағы алдыңғы қатарлы өркендеген елді мекенге айналдыруға біркісідей еңбек етті. Ізінше 1982 жылы Черкаск ауылына бас экономист болып ауысып, шаруашылық есебін жүргізіп, әр бөлімшені ірі өндіріске айналдырып, халықтың шаруашылық есепті жүргізуге деген сауатын ашты. Қай қырынан алсаң да «Еңбегі бардың өнбегі бар» деген халық даналығының дұрыстығын өз қажырлылығының арқасында дәлелдеп отырды. Нұрдәулет Жақыповтың іскерлігін ескерген басшылық оны Ақтұма ұжымшарына жіберіп, оның кері кеткен тіршілігін түзетуді тапсырды. Он жылдық өмірін сонда жұмсап, шаруасы шатқаяқтап тұрған ұжымды алға шығарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау кезінде ауыл тарап, өндіріс тоқтап жатқан тұста орман шаруашылығы саласына жұмысқа кіріп, ол барыста да нәтижелі іс атқарды. Қысқасы, Нұрдәулет Жақыпов қай салада жұмыс істесе соның талабынан шығып, талмай еңбектеніп, артына жақсы деген ат қалдырып отырды. Қай ауылда жұмыс атқарса да шаруашылықтың бөлімшелерін мамандандырып, ауылшаруашылық саласының жаңалықтарын өндіріске ендіру арқылы, еңбек ұжымдарын мердігерлік әдістемеге көшіру арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бар білімі мен білігін арнады. Нұрдәулет Жақыпов 1969 жылы Галина Сейділдақызымен отабасын құрып, төрт бала тәрбиелеп өсірді. Галина жеңгеміз де отыз жыл шаруашылықтарда бас есепші болып, елге қызмет етті. Үлкені Айгүл дәрігер, Алма бас есепші, Мая жоғары оқу орнында білім берсе, кенжесі Еркінжан банк саласында қызмет істейді. Олар да әке жолын қуған, шеше мұратын жалғаған тәрбиелі болып ержетіп, қоғамнан өз орындарын тапты.
Жоғарыда айтқаным, Нұрдәулет Жақыповтың өмірі жайлы қадау-қадау ақпараттар. Оның тереңіне бойласақ, әлі талай өркенді істі тауып алуға болады. Алайда, осы ретте оның бірнеше жақсы қасиеттерін де айта кеткен жөн деп санадық. Ең алдымен ол өткен тарихымызды ұқыптап, жинап-теріп жүретін зерделі жан. Осыдан бірнеше жыл бұрын оның облыстық «Жетісу» газетіне жарияланған «Ақсұлу анамыздың даналығы» атты мақаласы оқырман тарапынан үлкен қызығушылық тудырып еді. Онда Ақсұлу анамыздың даналығы мен парасаттылығын шежіре, дерек, нақты дәлелдермен дәйектеп, қазақ аналарының асыл қасиетін жарқыратып көрсеткен болатын. Осы арқылы ел арасындағы алып-қашпа әңгімелерге тоқтау салып, өткенді тура көзбен көруге жол ашқаны тек экономист емес, үлкен жүректі парасаттылығын да паш етті. Әрине, бұндай жақсы қырларының бұл жерде әлі талайын көрсетуге болады. Сол қатарда оның атбегілігі мен қазақтың ат баптау өнерін бүгінге жалғап жеткізгеніне айрықша тоқталмауға болмайды.
Облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Ришад Тұрғанбаевтың «Легионер ат спортына да дендеп барады» атты мақаласын қолдап жазған «Қазанаттың қарымы қайда?» атты жазбасы да аталған газетте және «Егемен Қазахстан», «Президент және халық» газеттерінде де жарық көріп, атбегілер мен ат спортына қызығушылардың төсегінің басына жаттап оқитын дүниесіне айналғаны тағы бар. Осы реткі әңгіме барысында:
«1912 жылы 10-14 қазан күндерінде қырғыз манабы Шабден Жантайұлының ұйымдастыруымен өткен бәйге туралы Ресей тілшісі С. Димитриевтің еңбегінде: «Құнан бәйгеге 105 құнан қосылды. Олардың ішінде ағылшын тұқымды екі құнан бар еді. Бәйгеден қазақ пен қырғыздың құнандары келді де, ағылшынның еш сәйгүлігі бәйгеге ілесе алмай қалды. Аламан бәйгеге 38 шақырым белгіленген көрінеді. Оған 172 ат қосылды. Олардың арасында 2 ағылшын жүйрігі бар еді, біреуі оныншы болып келді де, екіншісі ілесе алмай қалды. Бәйге болған күннің ертеңінде оныншы болып келген ағылшын сәйгүлігі аламан шабысты көтере алмай сабан үстінде сұлап жатты. Ал қазақ пен қырғыздың бәйгеден келген жүйріктері ештеңе болмағандай тың қалпын сақтап, тіпті кейбірімен мал бағып жүргендері байқалды», – деп жазады.
Ресей империясының 1916 жылғы жүргізген санағы бойынша қазақ жерінде 6 миллионға жуық жылқы болыпты. 1926 жылы Голощекин Қазақстанды басқарғанда Сталинге: «Кең сахарада Кеңес өкіметін орнатып, өз саясатымызды жүргізу үшін ең алдымен қазақтарды аттан түсіру керек», – деп хат жазады. Осы саясаттан кейін белсенділер «Маңқа ауруы» деген сылтаумен елдің жылқысын қыруға кірісті. 1930 жылдары 150 мыңдай ғана таза қанды қазақ жылқысы қалған», – деп бізге керекті тарихтың қатпарлы сырларын жайып салды. Сондай-ақ, «Ат спортының қадірін қашырмайық» атты мақаласында бүгінгі ат бәйгесінде ескерілмей жүрген біраз кемшілікті көрсетіп, оны түзетудің жолын қарастырды. Сол мақалада айтылған ұсыныстардың кейбірі бүгінде аламан бәйгелерде ескеріліп жүргені бізді қуантады. Сонымен бірге, «Қазанат» атты журнал ашып, ат спорты туралы ізденіп жүрген Түгел Сәдібекке хат жазып «Қазанаттың» қадір-қасиетін, бітім-болмысын түгендеп бергенінің өзі білімді жанның ғана қолынан келетін үлкен ұмтылыс.
Расында өмірде асып-таспайтын, мақтанып-шаттанбайтын адамдар болады. Олар үнсіз ғана өзінде бар асыл қасиетімен өмірдің алға жылжуына дем беріп отырады. Олардың осы еңбекқорлығы арқылы қоғам алға ілгерілейді. Жастар тәрбие мен тәжірибе жинақтайды. Нұрдәулет Жақыповтың да бойындағы ізгі қасиеттер сондай мейірбандықпен суғарылған. Оның білетіні көп, үйрететіні жетерлік. Ендеше, сол мол тәжірибені неліктен «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат» атты бағдарламаға үлгі еткенде ғана біз аға-буынның білімі мен біліктілігі арқылы жастарды тәрбиелей аламыз.
«Өмір өрнектері»

Атиалмыш мектепте Нұрдәулет Жақыповтың жеке ғұмыр жолын ғана емес, бір дәуірдің тұтас болмысын көрсететін құнды естелік кітап. Еңбек майданында шыңдалған, кеңес заманындағы шаруашылық пен тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық өзгерістерді бастан өткерген бір буынның тағдырын шынайы баяндауы – туындының басты ерекшелігі.
Кітаптың әр бетінде автордың адалдығы, еңбекқорлығы, әділдігі, адамгершілік ұстанымы айқын көрінеді. Ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі, кәсіби білімі, жаңашыл көзқарасы мен табандылығы арқылы Нұрдәулет Жақыпұлы тек өз ортасының ғана емес, тұтас өңірдің дамуына ықпал еткен азамат екені көрініп тұр.
Шығармада отбасыға деген жауапкершілік, адалдық, уәдеға берік болу, елге қызмет ету сияқты өнегелі қасиеттер кеңінен ашылған. Бұл кітап – бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болатын еңбек, өмір мектебі, қайсарлық пен адалдықтың шынайы шежіресі.
«Өмір өрнектері» – бір адамның ғұмырнамасы арқылы тұтас ел тарихын, қоғам өзгерісін, адамдық қасиетті танытатын тағылымды туынды. Автор Нұрдәулет Жақыпұлы бұл еңбекті жазушы болайын деп емес, артында қалған ұрпағына өмір жолын, көрген-түйгенін, ата-баба өнегесін аманат ету мақсатында қолға алғаны аңғарылады.
Кітапта оның балалық шағы, еңбекке ерте араласқан жылдары, ата-анасының тәрбиесі, ел ішіндегі сыйлы үлкендерден алған үлгі-өнегесі кеңінен баяндалады. Әкесі Жақып пен анасы Сәндібаланың еңбекқорлығы, адамгершілігі, қарапайым қазақы тәрбиесі – автор болмысын қалыптастырған басты мектеп ретінде суреттеледі.
Отбасылық шежіре де кітаптың негізгі арқауы. Автор өз әпкесі Нұрсарадан бастап, жезде-жиен, бөле-бауырларына дейінгі ұрпақтың таралуын, олардың өмір жолын, мамандығын, тұрмысын тәптіштеп жазады. Бұл – бір әулеттің бірнеше буынының өмір жолын тұтас қамтыған маңызды тарихи-этнографиялық материал.
Нұрдәулет Жақыпұлының еңбек жолы – кітаптың келесі бір өзегі. Экономист мамандығын меңгеріп, ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтер атқаруы, әр ұжымда адалдығымен, талапшылдығымен танылуы нақты мысалдармен беріледі. Автордың әділетсіздікке төзбейтін мінезі, жемқорлыққа қарсы ұстанымы, ұйымдастырушылық қабілеті мен өз ісіне берілгендігі оның өмірлік принциптерін айқын көрсетеді.
Кітаптағы әр бөлім – өткен ғасырдың 40–90 жылдарындағы ауыл өмірінің айнасы іспетті. Соғыс жылдарынан кейінгі қиындық, шаруашылықты қалпына келтіру кезеңі, кеңестік дәуірдің қоғамдық қатынастары, тұрмыс-тіршілік ерекшеліктері – бәрі де шынайы, боямасыз баяндалған. Автор өз әулетіндегі үлкендер мен кейінгі ұрпақ арасындағы байланыс, қазақтың “үш жұрты” туралы таным, нағашы–жиен қарым-қатынасы, ауылдық өмірдің адамгершілік құндылықтары жөнінде де көптеген сабақ боларлық ой қалдырған.
Естелікте адалдық, еңбек, отбасы құндылығы, ұрпақ жалғастығы, ұлттық тәрбие тақырыптары кең қамтылған. Бұл еңбек – жас ұрпаққа үлгі, үлкендерге құрмет, ел тарихын хатқа түсірген құнды рухани мұра.
Бұл еңбек – Нұрдәулет Жақыпұлының өз өмір жолын, ата-баба тағылымын, шыққан тегін, өскен ортасын және ұрпағына қалдырған өнегелі өсиетін қамтыған құнды естелік. Автор кітапты жазудағы басты мақсатын – кейінгі буын өткенді ұмытпай, түп-тамырын танысын, ата-ана еңбегін бағаласын деген ниетпен түсіндіреді.
Кітапта бала күннен бастап еңбекке баулу, ата-анасының мейірімі, өмірдегі қиындықтарды жеңу, адалдық пен адамгершілікке тәрбиелеу секілді құндылықтар кеңінен ашылған. Сонымен бірге, ұрпақтарының жетістіктері, олардың білім алып, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуы да зор мақтанышпен баяндалады.
«Өмір өрнектері» кітабын тараулар бойынша талдағанда, автордың өмір жолындағы ұрпаққа үлгі боларлық тұстар толық айқындалады. Кітап кіріспе бөлімнен басталып, ондағы құрмет пен ризашылыққа толы сөздер автор тұлғасына берілген бағаны көрсетеді. Алғы сөзде еңбектің жазылу мақсаты – өткен өмірді кейінгі буынға аманаттап қалдыру екендігі атап өтіледі. «Сөз басында» автор бұл кітапты жазуға итермелеген себептер мен ішкі ниетін шынайы жеткізеді.
«Ата-тегі» тарауында Нұрдәулет Жақыпұлы өз әулетінің тарихын, рулық тамырын, қазақтың «үш жұрт» дәстүрін жан-жақты баяндайды. Тектілік пен тәрбие бастауының қайнар көзі ашылады.
«Балалық балдәурен» тарауы соғыстан кейінгі ауыр кезеңді, ерте жастан еңбекке араласқан балалық шақтың шынайы көріністерін суреттейді. Қиындыққа толы сол дәуір – бүгінгі ұрпақ үшін қымбат тағылым. Одан кейінгі тарауларда мектептегі алғашқы білім, ұстаздардың рөлі, ауыл мектебінің ерекшелігі, студенттік өмір, жастық шақтың сынақтары мен қуанышы, техникумдағы оқу, мамандыққа алғашқы қадамдар баяндалады.
Әскери тәрбие – адамның мінезін қалыптастыратын, шынықтыратын ерекше кезең ретінде сипатталады. Келесі бөлімдерде автордың кәсіби жолы ашылады,– кәсіби білімін тереңдетуі, еңбекке дайындығы, Бақалы ауылындағы алғашқы қызмет жылдары, ауыл шаруашылығы экономикасын меңгеруі, адалдық пен еңбекқорлық, қазақы дәстүр мен ұлттық өнерге құрмет,
жылқы мәдениеті, тектілік пен тарихи тұлғалардың өнегес, әділдік, ұйымдастырушылық қабілет, елге сыйлы болу жолдары.
Кітапта отбасы – автордың болмысын қалыптастырған негізгі құндылық ретінде көрсетіледі. Бауырмалдық, үлкенді сыйлау, ата-ана тәрбиесі, жанұялық мейірім – тараулардың алтын арқауы.
Кеңестік кезеңдегі қоғамдық өзгерістер, шаруашылық өмірінің тынысы, сол уақыттың қиындықтары мен мүмкіндіктері де нақты деректермен көрініс тапқан. Соңғы тарауларда автордың өмірлік қорытындысы, жас ұрпаққа қалдырған өсиеті мазмұнды түрде беріледі.
«Өмір өрнектері» – бір адамның ғұмырнамасы арқылы тұтас бір дәуірдің болмысын ашып көрсететін тағылымды естелік. Мұнда еңбекке адалдық, ата-ана өнегесі, ұлттық тәрбие, тектілік, ұрпақ сабақтастығы көркем әрі шынайы бейнеленген. Кітап – жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, рухани құндылықты насихаттайтын, тәрбие мен өнегеге толы қастерлі мұра.
Қажет АНДАС,
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











