Бұл күн әлі күнге дейін есімде. Ол кезде мен Талдықорған қаласындағы зооветеринариялық техникумның 4-курс студенті едім. Таңертең кезекті тәжірибелік сабаққа бару үшін техникумның автобусымен Заря ауылындағы бір шаруашылыққа бет алып келе жатқанбыз.
Сол сәтте автобустағы радиодан:
«Бүгін Қазақстан Республикасының бірінші хатшысы Д.А. Қонаев өз өтініші бойынша зейнеткерлікке шығып, оның орнына Ресей Федерациясынан Г. Колбин тағайындалды» деген хабар берілді.
Бұл хабарды ести салысымен-ақ автобус ішіндегі жастар орындарынан тұрып, шу ете қалды. «Бұл қалай?» деген сұрақтар қарша жауды. Бірі-бірімен қызу пікірталас басталып кетті.
Сол күні кешке жатақханада барлық студент осы мәселені талқыладық. Біреулер:
— Қонаевтың жасы келді, зейнетке шығуы мүмкін, бірақ елге еңбегі сіңген азаматты осылай үнсіз босата салу дұрыс емес, еңбегін бағалап, салтанатты түрде шығарып салу керек еді, — десе,
екіншілері:
— Неге басшыны сырттан әкеледі? Өз елімізде білімді, білікті азаматтар жетерлік қой, — деп ашынды.
Бұл пікірлердің барлығы орталықтың қазақ халқымен санаспай, сырттан басшы тағайындауына деген наразылық еді.
Ертесіне де сабақ арасында осы әңгіме жалғаса берді. Кешке қарай жатақханаға келгенде, Алматыда жастардың алаңға шығып, қарсылық білдіріп жатқанын естідік. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ, бірақ жол қатынасы арқылы жүрген адамдар мен радиодан берілген хабарлар бұл жаңалықты тез таратты.
Келесі күні таңертең сабаққа жиналып, бөлменің есігін ашып сыртқа шыққалы тұрғанымда, әкем есік алдында кіріп келе жатыр екен. Ол кісі Сарыбұлақ ауылында шопан болып жұмыс істейтін.
— Қайдан жүрсіз? — десем,
— Балам, мына жағдайды естіп жата алмадым. Түнде көлікпен аудан орталығына жетіп, одан автобуспен келдім, — деді.
Сосын әкем маған:
— Балам, менің сөзімді тыңда. Біреудің соңынан еріп, ешқайда шықпа. Бұрын да үкіметке қарсы пікір білдіргендер жазықсыз жауапқа тартылып, қуғын-сүргінге ұшыраған. Атаңның тағдырын ұмытпа, — деп ескертті.
Әкем айтып отырғаны — атам Сыбанқұл. 1932 жылы белгісіз себептермен бір түнде ұсталып кетіп, содан қайтып оралмаған. Екі жасар әкем анасымен бірге қалып, кейін нағашылары арқылы Қытай асып кеткен екен. Тек 1955 жылы ғана елге оралып, Сарыбұлақ совхозында тұрақтап қалған. Әкесі туралы дерек іздеуге жүрегі дауаламаған.
Осыны айтып, әкем қайтадан ауылға қайтты. Көзінде үрей мен алаң бар еді.
Сол күні екінші сабақтан кейін, ешкімнің үгіттеуінсіз, техникумның барлық студенті үзіліс кезінде облыстық атқару комитетінің алдына бару үшін сыртқа шыққан. Мен есіктен шыға алмай қалдым. Басшылық алдыңғы топтың шығып кеткенін байқамай, арттағы студенттерді ұстап қалу үшін есікті жауып үлгерген екен.
Бұл жағдай тек біздің техникумда ғана емес, Талдықорған қаласындағы барлық оқу орындарында орын алыпты. Барлық студенттер орталық көшеге жиналған. Алайда алаңға жетер жолда өрт сөндіру көліктері мен броньды техникалар дайын тұр екен. Студенттерге су шашып, алаңға жеткізбей кері қайтарған.
Кейін келген курстастарымыз сол көрген-білгендерін айтып, жатақханада гу-гу әңгіме жүрді. Осыдан кейін студенттердің сабақтан басқа жерге баруына тыйым салынып, жатақхана мен оқу корпусы милиция қызметкерлерінің бақылауына алынды. Бір ай бойы қатаң тексеріс жүргізілді.
КГБ қызметкерлері келіп, конспектілерімізді жинап, листовка таратқандарды іздеді. Алаңға шыққандардың барлығын алдын ала түсірілген суреттермен салыстырып тексеріп жатты.
Оқу орнында күн сайын жиналыс өтіп, облыс басшылары «даурықпау керек» деп түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бірақ сол жиналыстарда пікір айтқан кейбір ұстаздар мен комсомол ұйымының жетекшілері жауапқа тартылып, қызметтерінен қуылды. Көршілес оқу орындарында да студенттердің оқудан шығарылып, қамалғаны туралы суық хабарлар жетіп жатты.
Осылайша, егемендікке бастар алғашқы қадамдар менің замандастарымның жүрегіндегі отансүйгіштік сезімнен, орталық басқару жүйесіне қарсы шыққан жан айқайынан басталды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қаза тапқан замандастарымның жандары жәннатта болсын. Олар — қазақ елінің нағыз батырлары. Егемен еліміздің тұғыры биік, болашағы мәңгі болсын!
Бұл — сол Желтоқсан күндерінің бір естелігі.
Ермек Көпжасарұлы Сванкулов
12.12.2018 жыл











