Атадан балаға жалғасып айтылып келе жатқан, толып жатқан деректі әңгімеге қарағанда халқы сүйіп атын аңызға айналдырған 18-ғасырда жасап, Қызайдың төріт әулиесі атанған Бұлғынайақ Келебай, Мұсырбай, Сәске сынды кемеңгер бабаларымыз дәл сондай асыл адамдар. Олар халқының қамын, елінің игі тұрмысын ойлаған, зер сала үңіліп, өмірдегі сәтсіздіктен сабақ алып, нақты өмірден ақыл тауып, пайдалы кеңестері мен жағдайлы істерді күнделік тұрмысқа дәл тауып қолданып, айтып отырған. Сондықтан бүкіл ел қастерлеп әулие атап көкке көтерген. Біздің ауыз әдебиетімізде қызайдың осы төрт әулиесі туралы деректер, қызықты хикаяттар, аңыз- әңгімелер, құнды өлең-жырлар өте көп таралған.
Атқа шапсаң қорықбай шап,
Сүйегің сынса Сәске бар.
Жұт жалмар деп қорықпа,
Бұлғынаяқтың кеңесін жаттап ал.
Дауға бермес Текебай,
Ажалға бермес Мүсірбай, – деп соқыр сенім емес, нақтылық арқылы жаратушысындай табынған халық олардың еліне сіңген ершімді еңбектерімен төккен тұнық терін, тапқырлық пайдалы әулиелік істерін шежіре етіп шертіп, жыр етіп шырқап, мақтаныш қылып ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келген. Тіпті, өздерінің күнделік тіршілік пен тұрмыс күйбіңіне өзек еткен. Олардың тағы да адам өмірінің қыры мен сырын бейнелейтін терең пәлсапалық ойға толы, мағыналы қанатты сөздері, ақылиялары, өсиеттері өз алдына біртөбе. Олар өз ортасынан озып шыққан дарабөз кемеңгерлер, өз халқының басы аман, бауыры бүтін, қиындықтан аулақ болуы үшін барын аямай, зерде қуатын жиып ажалға арашашы, өміріне бақыт, тірлігіне тыныштық бағыштаған, жанына даналық дарып, даралық қалыптасқан аяулы адамдар. Әрине, олар да көктен түскен періштелер емес, шикі сүт емген ет жүректі жандар. Алайда елім деп туып, барын арнаған жанқиярлық рух оларды биіктен биікке самғатып, нағыз қадірменді азаматтарға айналдырған. «Бейнет түбі зейнет дегеніміз, міне, осы болса керек.
Қызай елінде бұдан басқа да алысқан жауын алып ұрып, туған халқының іргесінің берік, өңірінің бүтіндігін қорғап, ақыл парасат, күш-қайратын сарқа жұмсап, өмірін арнаған Құдайназар батыр, Есенгелді батыр, Қарайыт батыр, Сарайыт би, Қарағай батыр, Мұрынбай батыр, Шөке батыр, Дауылбай батыр сияқты елім деп туған батыр азаматтар да бар. Олардың бартырлық, ерлік шежіресі бір төбе, біз батырлық пен әулиелікті озара шатастырмаймыз, екеуінде де даралығы, даналығы бар, ерекшеліктері бөлек, еліне сіңірген еңбектері егей есіл ерлер. Айырмашылығы тек қана бірі батырлығымен, бірі әулйелігімен елім деп туып танылғандар.
Біз бұл ретте көне көздер мен ойлы адамдардың толғамына тұрақтап, төрт әулиенің Қызайдың, тіпті исі қазақтың қайтып төрт әулиесіне айналғандығының мән-жайы туралы кеңінен тоқталмақпыз.
Кезінде бір анадан туып, бірге өскен Төлегетайдың төрт баласы, Садыр, Матай, Дөртуыл, Қаракерей атанған бауырлар біртіндеп өніп-өсіп, өрбігеннен кейін, азға талас мол ғой, жер, мал, мүдде қажет болғандықтан кейде бауырлықтан аттап, жаулыққа жақындаған жерлері болды. Халқымыздың тау-даланы мекен етіп, көшпенді тұрмыс кешіргені бәрімізге белгілі. Әсіресе, жоңғар тентектері темірдей тегеурінін батырып момын, біртоға халқымызды ителгіше теуіп, соның дойыр тепісінде анадан бала, інгеннен бота адасып, ару азаматынан айырылып, ақтабан шұбырынды күйге түсіп, көшпенділігіміз одан ары асқынып, алқакөл сұлама дейтін ауыр күндерге кіріптар болған едік. Бұның сыртында қаздай қалқып, тырнадай тізіліп жайлы қоныс, жерұйықты іздеп, сайын дала, Сарыарқаны шиырлап, кең даланы талай кесіп өткен кездеріміз де болған. Сол ұзақ сапардың бірін басынан кешіріп, туысқан Қаракерей елі Қызай руынан бұрын жол алып Шәуешек, Дөрбілжін, Шиху, Сауан, Манас қатарлы жерлерге жетіп, орын теуіп іргесін көміп алғаннан кейін артынан Қызай елі Тоқтабарлық, Шағантоғай, Бұраталаның иен жатқан кең қойнауларына келіп уық қадайды.
Қазақ арасында тегіннен жер дауы, жесір дауы, құн дауы дейтін бітбес дау, айықбас кінәрат, толас таппай сахара кикілжіңі өмір сүрып келген. Туысқан Қаракерей елі мен Қызай елі ортасында да бұл қиястық өршіп, жалғасып, ел тыныштығын кетіре берді. Қаракерейлер бұрын орын тепкен байырғы елдігімен әрі көп, ырықтылығымен арып-ашып артынан ауып келген, әзер жеткен Қызай еліне басымдарлық істетіп, тізесін батырды. Әсіресе, Байғана, Тоқпақ руларды басбұзар, сотанақтарын жіберіп, ел тыныштығын кетіреді. Олар ылғи мықты, жортуылшы, жайаудан ұйымдастырылады екен. Кештетіп келіп малды ауыл, бардам адамдардың үйіне қона жатып, ел ұйықтап, жұрт аяғы басылған шақта қорадағы дайын малды айдап жолға түседі дейді. Осындайдан іргеден жау, босағадан дау-жаңжал үзілмей, елде тыныштық болмапты. Бұл берекесіздікті тектеп, жөнге салу үшін екі елдің игі жақсылары мен ел басылары озара келісіп, әр жеті жылда бір рет топ құрып, съезд шып, бас қосу арқылы ел арасының дау-шарын бітіру келісіміне келеді. Осы келісім бойынша осындай топтың бірі 1865 жылы (сиыр жылы) Шиху, Сауан даласында ашылады. Бұл съезге Қызай елінен Қарайт батыр, Сарайыт билер бастаған Бұлғынаяқ, Текебай, Мұсірбай, Сәске қатарлы 60-қа жуық адам қатысады.
БҰЛҒЫНАЯҚ ӘУЛИЕ
Съезд уақыты салқын күз қараша мен желтоқсан айларына тура келеді. Амал не, бұл жылы қыс ерте түсіп, қар мезгілінен бұрын басып салады. Съезге қатысқандар алыс елдеріне қайта алмай осы орында қыстап қалыпты. Қар қалың жауып, қыс аяғы ұзаққа созылып, жұт апаты жалмауға айналады. Мал қырыла бастайды. Ес таппаған Қаракерей елінің ел ағалары Қызай елінен келген ел ағаларынан: «Мына қыстың сұрқы жаман, соңы қиынға айналатындай, арты немен тынар екен? Жаздың шығуынан дерек бар ма? Болжай білетін әулие адам бар деп естідік. Сол билеріңе қолқа салғымыз келіп отыр», – деп шапқын жібереді.
Қызайлар ақылдаса келіп, Бұлғынаяқ бабаға келіп, жағдайды түсіндіріп:
- Осындайда айтар болжамың болушы еді, балнамаңды ашып, қыс
аяғының қандай боларын болжап көрші, – дейді.
Бұлғынаяқ бабамыз бірнеше күннің таңертеңгі шығардағы жағдайын, кешкі батар кезегі өзгерісін қадағалай бақылап, бұрынғы жинақтаған тәжірибесімен бірлестіріп, зерттеп қорытынды жасайды.
– Бұл ай көкиген көкек айына тура келіп тұр. Осы айдың бесінші күні бесінде күнбатыстан бір шоқ қара бұлт көтеріледі. Айдың онына дейін ауа бұлыңғырланып, төңіректің төрт бұрышын қара бұлт түгел қоршап тұрады. Ал оныншы күнінен бастап он сөтке толассыз нөсерлі қар-жаңбыр жауып, сіреп жатқан қалың қар бірден еріп, сай-саладан жойқын сел жүріп, ойпаң жерлер көлге айналады. Мал-жан сел апатына кету хаупі туылады. Сондықтан күн ілегері дайындалып, қорғану шарасын істеп ойдағы елді қырға көшіру, мал-жанды қорғап қалу керек, – деп кеңес береді.
Әулиенің айтқаны түгел елге жеткізіледі. Бұрыннан Бұлғынаяқтың атын естіп, сәуегейлігінен хабары бар көпшілік, оның айтқаны бойынша биік жерлерге көшіп, орнығады. Кейбір аздаған адам бұл сәуегейлік емес пе? Кейде дәл, кейді бұрыс болады. Сіреп жатқан қалың қар мынау, оның үстіне күн дегенің зәрдей суық, жаңбыр қайдан жауа қойсын, жылы орнымызды суытпағанымыз абзал шығар, – деп еңіс, сай ішінде отырған орнынан қозғалмайды.
Бұлғынаяқ айтқандай, көкек айының бесінші күні батыс жиектен түңліктей қара бұлт көтеріледі де бірте-бірте көлемін ұлғайтып, көкектің жетінші күніне дейін бүтін аспан әлемін қазанның түп күйесіней ауыр қара бұлт қымтап алады. Көкектің оныншы күні ертемен басталған қарлы жаңбыр ( соңы ақ жаңбырға айналады) табан он сөтке жауады. Қалың қардың көбесі сөгіліп, жаңбыр суымен еріген қар бөгеуден ағылтып дүркіреген дүлей тасқын қалыптастырады. Жер-дүние суға толады, жұрт қатты қиналады. Ақыры әзер дегенде айтылған болжамды күнге жетіп, жауын тынып, сел тоқтайды. Күн күлімдеп жайдары жаздың жиегі көрінеді. тілге көнбей ойпаңда отырып қалғандар дүлей селге жем болып, кеңеске коніп қырға көшіп шыққандар апаттан арашаланып қалады. Бұл болжам Бұлғынаяқтың әулие атын төңірекке жаяды. Дүйім Қаракерей елі дән риза болып: «Қызайдың Бұлғынаяғы айтса айтқандай білгір, құдаймен бір тумаса да, жақын тұрғандай нағыз әулие адам екен», – деп баға береді.
Расында, бұл кісі әр жылы, әр уақыт ауа райының өзгерісін қадағалап, талмай зерттеп, жіңішкелікпен қорытындылап, жинақтаған тәжірибесімен бірлестіріп, келелі кеңестер ұсынып, ел-жұртына табиғат өзгерісінің кей белгілерін жаря етіп, сақтану шараларын айтқандықтан халық жұртшылығы кездейсоқ кезігетін табиғаттың жұт апатынан қағыс қалып отырған. Сонықтан қалың туған ел-жұрты Бұлғынаяқ әулие атап, құдайындай құрметтеп, атын аңызға айналдырған. Бұл кісі Қызайдың Тәңірберді Байназарының Қазымбек руынан есептеледі.
Ел арасындағы аңыздарда айтылуынша, Бұлғынаяқ дүниеден өтер шағында:
- Мен өлгенде мені бұл жерге қоймаңдар, – депті.
Ел оның себебін сұрағанда:
- Мені қойған жерде жұт болады, – деген екен.
Кейін Бұлғынаяқ қайтыс болған соң жерлесе, сүйегін жер қойнынан шығарып тастапты. Бұл іс үш рет қайталанды. Содан кейін Бұлғынаяқтың сүйегін Ертістің суына апарып тастапты. Кейін ол жақта үш жыл қатарынан жұт болып, ел күйзеліп, жұрт қиналады. Үлкендер Қызайдың алтайдан аууына бұлғынаяқтың осы өсиеті себеп болды деп отыратын.
Бұлғынаяқтың баласы Кірісбай зәңгі, Кірісбайдан Манатбек тарайды. Бұлғынаяқтың әулиелігі осы Манатбекке қонған деседі. Ол кісінің екі көзі көрмеген тума соқыр болса да, айтқаны дәл келетін көріпкел болып өмірден өткен екен.
Осы ретте Манатбек туралы да кейбір деректерді айта кеткен жөн деп ойладық. Оның екі көзі соқыр болса да құмалақ тартып, болжау айтатын, айтқаны айдай келетіндіктен жұрт оны «Есепші» әулие атап кеткен.
Бір жылы Тұнықбай деген байдың үйіне Ілебай зәңгі Манатбектен қыстың жағдайын сұрайды.
Сонда Манатбек:
– Мен басқа нәрсені айқын көре алмасам да, көкке қарағанымда төбемде түңліктей қара бұлт тұрады. Басқаларға көрдің бе десем, көрмедік дейді. Енді бір қарасам ол бұлт менен алыстап кетіпті. Тек анда-санда оған жақындап елес береді. Сондықтан қасиетім қашты. Айтқанымның кейбірі келіп, кейбірі келмейтін болды, – деп бір тоқтаған ол Ілебайға:
– Сіз қойыңызды мизамда қырқып алыпсыз ғой. Қазанның атырабында қырықсаңыз береке кіреді. Қой жүнді, қысқа, мықты болады, дәнге дән қосылады, – дейді.
Ілебай одан:
- Қасиетің қалай ұшты, – дегенде,
– Әйелім біреуден алған ет деп бір жолы жылқының, бір жолы сиырдың етін асып берген еді. Білмеген соң жей беріппін. Кейін білдім. Ол ұрлық ет екен. Әйелім де білмейтін шығар. Қасиетім осыдан бастап қашты, – деген екен.
Ақшабек деген адам Манатбекті үйіне шақырып, мал сойып күтіп, шапан жабады. Соңында болжау сұрайды. Сонда Манатбек батасын беріп тұрып:
– Сен жайлаудан қазір көшпе, қазір көшкендердің тоқтысы шақ қауіп, қыста жұтайды. Биыл қыс қатты болады. Қарашада көшсең, малың қыста төзімді болады, – дейді.
Ақшабек оның айтқанын құп алып, елдің соңын ала қараша айында жайлаудан көшеді. Айтқандай қыс қатты болып, елдің малы жұтап, қырылып қалғанда Ақшабектің малы аман-есен қыстан шығады.
Бір жылы Манатбекке сәлем бере барып, қыстың жайын сұрағанда Манатбек:
– Биыл сендер күйекті желтоқсанда алыңдар. Биыл қыс жақсы болады. Аз малыңды бағып аласың, – дейді.
Айтқандай, сол жылы қыс жақсы, жайлы болып, ел қысылмай қыстан шағыады. Ел көктеулікке көшкеннен кейін тағы да сәлем бере барғанда:
– Жер көгерді ме, қозы-лағың ойнақтап, құлындарының енесіне қарамай ары-бері шауып жүрген шығар, – деп сұрайды.
– Олар малдың қыстан жақсы шыққанын айтып, алғыс білдіреді.
Сонда Мәкең:
- Биыл қыста Теріскейге жұт жүрмейді. Итің таңғыт, итаяғың алтын болады, – депті.
– Қадыражы деген бай Күнеске түсіп кетіп еді. Малы суға шөлі қанбай жылан жыбыр жұмыртқалаған жылы суды көп ішіп, ішек құрт болып қырылады-ау» – деп отырады. Айтқандай, сол жылы көктемде Қадыражының малы сол ішек құрттан қырылады. Ол кейін Манатбектің айтқанын естіп: «Қап, сол есепшіден неге сұрамадым екен» деп өкінген көрінеді.
Манатбектің ел арасында осындай болжам сөздері өте көп. Өкінішке қарай, Бұлғынаяқтың қасиеті Манатбектен кейінгі ұрпақтарына әлі қона қойған жоқ.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











