Көкпекті ауылының тұрғыны, көзі ашық, зерделі, есте сақтау қабілеті мықты, ауылымыздың бетке ұстар қариясы Балтабай өзі көрмесе де, үлкендерден естіген, санасына сіңірген аштық туралы төмендегі оқиғаны айтып берген еді. Бұған әкем Өтеген мен Әбдірасыл ұстаның айтқанындарын да қостым.
Осы өңірдің Сынабай деген азаматы (1880-1954 жж.) шойын жол бастығының («ДРУЗ») орынбасары болып қызмет атқарған. Қасында екі косшысымен бірге лауға ат алып, шабындық жер іздеп Қараталдың жағасымен келе жатады. Қазір көп атала бермейтін Шөкебайдың түбегі деген жер бар. Ол жерде қазір «Жанысбаев» ШҚ-ы ие болып отыр. Сол маңайға жақындағанда алыстан шұбатылып созылған түтін көрінеді. Орман өртеніп жатыр ма деген оймен солай қарай бет бұрады. Жақындап келсе ашық алаңда жер ошақтағы үлкенірек топатайға ет асылып жатыр екен. Кәдімгідей түтінмен қоса сорпаның да исі шығады. Жер ошақ маңында ешкім көрінбейді. Дауыстап шақырғанға ешкім үн қатпайды.
Жанындағы кісілерді төңіректі шолып келуге жіберіп еді, ешкімді таппапты. Сынабай аттан түсіп, беті ашық ыдысқа жақындай бере кілт тоқтай қалды. О тоба! Буы бұрқыраған топатайдың жиегінен адамның қолының сұлбасы анық көрінді. Ары қарай қарауға шамасы жетпеген Сынабай жанындағыларға не айтарын да білмей қалды. Тек «кеттік, кеттік» дей берген. Сынабай кейіннен күріш тоғандарын қазуға қатысқан. Кедей отбасынан шықса да оны «батырақ» деп көтерген көрінеді. Қызметтегі бір орыс Сынабайдан жөн сұраса: «Вон там, жаман там, өтесің де кетесің», – деп жауап беріпті. Осыдан кейін «Мынау пысық, аздап орысша біледі екен», – деп қызметке алған.
Осынау қиын-қыстау кезеңде шаш ал десе, бас алатын кісілер де болды. Күні кеше қасыңда жүріп, аузы аққа тиіп, қызметтке тұрса, өзгеріп шыға келетін ағайын-туған, таныстарымызды да көрдік. Жұрымбаев деген милиция аптасына бір келіп, үй-үйді тексеруші еді. Бір күні аяқ астынан келіп, ауылды аралап жүріп, Нұреке мен Байжұманның үйінен екі пұт бидай тауып алып, апарып қамап тастаған. Әйтеуір сол кезде қырманда жұмыс істейтін адамдар жоқ болғандықтан екі-үш күннен кейін босатыпты.
1930 жылдың күзінде ашаршылық басталған кезде Үшмоладағы қамбада бидай бар екендігін естіп, атқамінер белсенділер Үштөбеден Бірінші май ауылының азаматтары Сағынбек (36 жаста) пен Төлеубекті (15 жаста) жібереді. Олар бір түйені жаяу жетектеп, ара қонып, 58 шақырым жол жүріп, Үшмолаға барып, бидайды түйеге артып, қайтып келе жатады. Үштөбеге 40 шақырым жетпей Айғайшағыл деген жерге келген кезде құм жақтан шаштары жалбыраған, киімдері алба-жұлба үш әйелдің дауыстап жүгіріп келе жатқанын көреді. Төлеубек сасқанынан мылтығын кезеп тұра қалыпты. Әйелдер: «Балқаш жақтан шыққанымызға талай күн болып қалды. Біраз кісі едік, тірі қалғанымыз осы. Тамағымыз тек жеміс-жидек болды, ашпыз, көмектесіңдер», – деп жылап жіберіпті. Сол жерге қонып, бәріміз аздаған бидай қуырып жедік. Бір дорба бидай бердік. Одан артық беруге қорықтық. Түйе етін жегендей қуанған әйелдер рахметін айтып қала беріпті. Қалған бидайды Сағынбек пен Төлеубек Үштөбеге аман-есен жеткізген.
Қазақ халқы санының аз болуының бірде-бір себебі 1930-1932 жылдардағы біздің елді жайпап өткен ашаршылық зұлматы. Біздер соны көзімен көріп, басынан өткізіп, қилы кезеңде әупірімдеп аман қалған кісілердің ұрпағымыз. Қараталдың бас-аяғында тұратын ел ауқаттыларының малын кәмпескелеп алғаннан кейін, халық қолда қалған аздаған малмен бірер жыл жүрек жалғап өмір сүрген. Мал басы біткеннен кейін егін егуге де шамасы жоқ халық әрі оны негізгі кәсіп қылып көрмеген жұрт ішерге тамақ тапппай, есеңгіреп қалған. Бұл әсіресе жұмыссыз ауыл тұрғындарына қатты әсер еткен.
Менің әкем Өтеген (1904-1999 жж.) көкірегі ояу, аздаған сауаты бар, өткен-кеткенді айтып отырушы еді. 1931-1932 жылдары аштықтан кісілер көп қырылыпты. Біздің өңірдің тұрғындары балықты кәсіп ретінде елемей, бақа-шаян деп ауламаған. Аулау әдісін де білмеген. Көктемде су тасып қайтқан кезде шұңқырларда қалып қалған балықты кейбіреулер ұстап алып, отқа қақтап жеген көрінеді. Ол уақытта тұз да жоқ. Оның үстіне балықтың иісіне үйренбеген адамдар оны жемеген. Үштөбеге теміржол түскеннен кейін бұрынғы Автобазаның орнында мал соятын жер ашылған. Ол жерге Қалқабай деген кісі жауапты болған. Қалқабай ауылдағы туыстарына жаны ашып, күзетшілер көңілін басқа жаққа бұрып, сыртқа ет лақтырған. Оны Шалқар атты туысы ала қашып, Қараталдың суының суықтығына, молдығына қарамастан жүзіп өтіп, ауылдағы ағайындарға жеткізген. Осы аздаған еттің өзі біраз уақыт аш халыққа талшық болған.
Сырты шарбақпен қоршалған жерді (бұрынғы ет комбинаты) кейіннен халық Бойна деп атаған. Аш адамдар соны төңіректеп, сыртқа тастайтын ішек-қарын, сүйек-саяқтарды аңдып жүрген. Биліктегілер соны да бергізбей, күзет қойған. Ал жұмысшылар ебін тауып, аз да болса алып шығып, отбасын асырап, жақындарына бөліп беріп жан сақтаған. «Денемізді тексеретін болғандықтан ұят та болса екі бұттың арасына тығатынбыз. Кейде таныс күзетшілер болса, оларға да тамақ керек, келісіп аздаған ет те алып шығушы едік. Алып шыққан еттен тек жақындарыңа беріп, қалған етті ел ұйықтағаннан кейін асып жейтінбіз. Себбеі, басқа уақытта ассаң еттің исі шығып, көшедегі кісілер аш қасқырдай талауға дайын тұратын. Оның үстіне біреу біліп қойып, арыз жазса сотталып кетуден қорқатынбыз», – деп әкем еске алып отыратын.
Әкемнің айтуынша 1930 жылдың күзінен бастап ел тамаққа жарымайтын болған. 1931-1932 жылдары Үштөбе қаласында екі-үш көше болған. Сол көшенің таңертең әр жерінде өлген кісілердің мүрдесі жататын. Арнайы атарбаларға өлген кісілерді жинап, шұңқыр қаздырып қойдырған. Ондай орындар Үштөбенің Ортатөбеге шыға берісіндегі қорым мен қазір орны тегістеліп кеткен Автобазаның қарама-қарсы жағында болған. Ал қаншама адамдар діттеген жеріне жете алмай өліп жатты.
Қожбан ауылында тұрған Әбдірасыл ұста: «Жол бойында жатқан кісілерді көріп, жанына барып едім. Бір еркек тірі екен. Көзі мөлиіп, маған жалынышты түрмен қараған соң жүре алса алып кетейін деп қасына барып, қолынан ұстап едім бас салды. Буын-аяғы жоқ, тарамыстай арық кісінің ұстаған жерінен қолын аша алмадым. Құр сүйек салалы саусақтарына бір тылсым күш пайда болғандай. Бойы маған шамалас, ұзын көрінеді. Сасқанымнан қасына отыра кетіп, не үшін бұрылғанымды айттым. Сөз түсінетін халде емес көрінеді. Атып сұрап едім, айта алмады. Шамасы төмен жақтан келген кісілер ғой деп ойладым. Себебі, осы өңірде тұратындарының талайын танитынмын. Біршама уақыттан кейін қолы әлсірей бастады. Жаңа ғана өлімсіреген көздеріне әл бітіп, өткір жанары өңмеңімнен өтіп кетті. менің бұл дүниеде тірі қалып бара жатқанымды қызғанған сияқты. Көзіне тіке қара алмай, басымды басқа жаққа бұрып, сәлден кейін қарап едім көзқарасы өзгеріпті. Енді мен оның қарашығынан өкініш пен мұң, жете алмаған мұраты мен орындалмаған арманын, қайтыс болған жақындарына деген сағыныш зарын, тірі қалғандарына айтар аманатын көргендей болдым. Сол көзқарас әлі күнге дейін көз алдымнан кетпей қойды. Ең ақырғы рет бар күшімен ішіне тартып дем алып, бақилық болып кете барды. Екі дүниені көргендей болған мен оның соңғы рет сыртқа шығарған демін білген де, естіген де жоқпын. Тек менің қолымнан сығымдап ұстаған саусақтары сырғып түскенін бірақ білдім. Әлі де ашық қалған жанары бұл жалған дүниені қимай жатқан сияқты көрінді. Ақырындап оң қолыммен екі жанарын жаптым. Барлығы үш кісі, бір әйел, бір жасөспірімді құмды жердің шұңқырлау жеріне лекерлеп, қолмен, бұта ағашымен қазып қойдым», – деп айтып отыратын.
Рахымғалы ӨТЕГЕНОВ,
Ұрпағы. Мәдениет қызметкері. Көкпекті ауылы.
Жарияланды. -Алматы: Қараман Қ. Қаратал ақтаңдағы: тарихи-танымдық кітап – «Тоғанай Т». 2015. -240 б. -174-178 б.
Жалғасы бар…











