Иса төре Тергеусізұлы – 1882 жылы Верный уезі, Кіші Алматы болысы, 8-ауылында туған, 1940 жылы ҚХР, Үрімші қаласындағы түрмеде азаппен өлтірілген. Алаш қозғалысының қайраткері, ағартушы.
1933 жылы 12 сәуірде ҚХР Үрімжі қаласында саяси өзгеріс туылып, Жыңшурын өкіметі құлап, Кеңес одағының сүйемелдеуімен Шыңшысай билікке келеді. Ол өкімет билігін алғаннан кейін Кеңес одағымен келіскен келісімдері бойынша Шығыс Түркістандағы ұлттардың мәдениет, өнер, әдебиетін өркендету бағытында жақсы бастамаларды қолға алды. Осының ықпалында 1935 жылы Құлжа қаласында «Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы» құрылды.
Ұйымның төрағасы Мақсұт Сасанов, орынбасарлары Жабықбай ақалақшы, Кенжебек ақалақшы, Айтмамбет мампаң (қырғыз), бас хатшы Сейітжан Жайнақов, көмекші хатшы Асқар Таласбаев, ұйымдастыру бөлімінің бастығы Дәулеткелді Құсболатұлы, оқу-ағарту бөлімінің бастығы Дәулеткелді Жайпақұлы, Жансарбайұлы, қазына бөлімнің бастығы Иса төре, ойын-сауық, мәдениет істерінің бастығы Таңжарық Жолдыұлы мен Шаяхметтер болды.
Аталмыш ұйым құрылғаннан кейін қыруар игілікті іс атқарылды. 1935 жылы Құлжа қаласында тұңғыш рет қазақ тілінде «Төңкеріс таңы» атты газет шықты. Оны Таңжарық Жолдыұлы басқарды. 1935 жылы Мақсұт Сасанұлының басшылығында аудандарда мектеп салып, мәдени іс-шараларды жандандыру туралы бұйрық шығарылды. Осы ұйымның басы-қасында Күнестен шыққан Мақсұт Сасанұлы, Таңжарық Жолдыұлдары туған жерлері үшін де ерен еңбек етті. Сол тұста аталған ұйымның кәсіптен сыртқы театр ұйымдастырылып, Іле театры 1935 жылы «Шұға» пьесасымен шымылдығын ашты. 1940 жылға дейін бұл театрда «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Неке қияр», «Қалыңмал», тағы да басқа шығармалар сахналанды. 1941 жылы ұйымның ұйымдастыруымен Тоғызтарау ауданында көркемөнершілер байқауы өтіп, байқауда даулескер күйші Әшім Дөңшеұлы мен Асанәлілер (қырғыз) ерекше көзге түсті. Осыдан кейін ұйымның жанынан арнайы домбырашылар кружогі құрылып, талантты күйшелерді тәрбиелеу ісімен айналысты. Құлжада құрылған театр, домбырашылар кружогі Күнестегі талай талантты ұлдың бағын ашты. Өкінішке орай, 1966 жылы ҚХР орын алған мәдени төңкеріс кезінде олардың көбі саяси сенімсіз адам деп танылып, шығармашылықпен емін-еркін айналысуға мүмкіндік болмаса да, 1970 жылдардың соңында қолына қалам алып, өз дәуірінің даңқты шежіресін жазып кетті.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











