ТОЙЕКЕНІҢ АСЫ
Төйеке Тілеуберді Қожаназардың екінші баласы. Жаманкөз деген ауылдан шыққан, Қожаназардың зәңгісі болған. Өз басына 3 мың жылқы, інісі Дамбалға (ағасы Тойынбайдың ұлы) 2 мың жылқы біткен.
Мөлшерімен 1917 жылдары Текесте Тілеуберді Қожаназар болысы Тойеке Қозыбайұлының асы болған. Ас Текестің Қаражон, Қапсалаң жайлауында (Сымтаста) өтті. Асқа Жетісуды жайлаған рулар мен Қызай руы және Іледегі басқа рулар да түгел шақырлады. Қызайлар 400 үй тіксе, Жұлдыз моңғолдары 80 үй жәрдем етті. Моңғолдар осы өздері тіккен үйге орналасады. Ас шілденің 14 күні басталып, бірнеше күнге жалғасады. Оған қажетті ұн, май, күріш, қант, шай, басқа да жемектіктерді Құлжадан тасып дайындаған. Қыруар үй тігіп, қонақ күткен. Күндік қонақасы үшін екі үйге бір бие, үй басына бірден қой сойыс, төрт бұт күріш, төрт бұт үн таратылып отырған. Әр үйге екіден күтуші қойылып, бір үйге екіден сауыншы, 15-тен сауын бие берілген. Бір үйге 8, 10, 15-ке дейін адам орналастырылған. Бұл асқа Ресейден 40-тан астам әскер шақырылған. Олар Түркіменнің жирен қасқа аттарын мініп келіпті. Бұл аттар әскери жаттығудан өткен болып, 300 шықырымға бір қалыпты жүгіреді екен. Ресейден келген қонақтар асқа арнап биіктігі баладай «Атбас қант» деген қанытты арнайы жасатып, асқа әкеліп, жиылған қауымға таратады. Сонымен қоса, Іле генералы да 40-тан аса әскери адамды жіберіп, астық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Астың 9-күні балуан күресі басталады. Балуан күресін Сыләмжан болыс басқарады. Сыламжан Ескенкелді батырдың екінші ұлы Кененбай батырдың баласы. Тәртіп бойынша балуандар ас өтіп жатқан аумақтан бір шақырым жерге апарылып, содан топқа шақырылып отырады. Бірінші болып ел алдына Торғауыттардың шынжырланған қара балуаны шығады. Оны екі адам жетектеп, әрең зорға алдыға әкеледі. Оған қарсы қызайлар жағынан Жаядан балуан шығады. Жаядан Есенкелді батырдың кенжесі, Қонақбайдың немересі, жауырыны жерге тимеген балуан. Жаядан содан аз бұрын бір реткі сайыста оң қолының бас бармағын шығарып алған екен. Сонда да «Күш атасын танымайды» дегендей, ұзақ алпарыстан кейін, торғауыт балуанын әбден діңкелеткен Жаядан қара дәуді басып асыра лақтырып, жеңіп кетеді. Екінші болып ортаға Қарқараның қырғыз балуаны шығады. Денесі сұм болаттай сұлу, қырғыз балуынына басында қазақтар жағынан шығуға көптің батылы жетпей, ақыры Қожахмет Қоңырбай балуан сұранып шығады. Қоңырбай балуан күресіне түсем деген дайындықпен келмегендіктен үстіндегі шекпенін шешіп, жалаңаш, қоңыр ала дамбалымен ортаға шығады. Қырғыздың әккі балуаны алдымен Қоңырбайдың дамбалын айырып жіберіп, сағын сындырып, айламен жеңуге тырысады. Осы тұста Сыламжан болыс: «туғанда жалаңаш туғансың, өлгенде де жалаңаш кетесің. Ол намыс емес, елдің жігері жаншылса сол намыс» деп айғай салған екен. Болыстың сөзі ме, елдің ұяты ма? Кім білсін, бар қайратын бойына жиған Қоңырбай қырғыз балуанын толықтан қағып жіберіп, асау жамбасқа алып, жерге гүрс еткізеді. Жер сілкінгендей дыбыс шығып, қырғыз балуаны орыннан тұра алмай қалады. Үшінші болып Жетісудан келген Албан руының балуаны мен Қожаназар Нұртаза балуан күреске түседі. Нұртаза асқан қамшыгер екен, қапысын тауып ол да қарсыласын жығып, басынан аттап кетеді. Төртінші болып тағы да албан руының балуанымен Маман Оспанбай балуан сайысқа түседі. Албан жақтың балуаны күрес заңын бұзып, ұрып, теуіп, сүзіп, Оспанбайдың әбден мазасын алады. Сондай сәттің бірінде Оспанбай да қапысын тауып, қарсыласын сүзіп қалып, маңдайынан қан атқақтай жөнеледі.
Қауым ол:
– Қансырап өледі, – деп күресті тоқтатпақ болады.
Сонда Сыләмжан болыс:
– Кім жығып, кім жығылмай, күрес тоқтамайды. Өлген адам болса, өлсін, – деп күресті жалғастыра береді.
Ақыры Оспанбай қарсыласын әбден қалжыратып барып, жерге сұлатады.
Бесінші болып Қашқардан келген қабасақал, дәу қара ұйғыр балуаны шақырылады. Оған 19 жастағы Жаяданның інісі Баядан шығып, шалып жыққанымен, ұйғыр балуаны дау айтып, жеңілісіне мойындамай қояды. Бірақ ұйымдастырушылар мен ел ағалары ақылдаса келіп, ұйғыр балуанын жеңілді деп шешім шығарады. Осыдан кейін қызайдың балуандарын тоқтатып, балуан күрес басқа жақтан келген қонақтардың балуандары арасында өтеді. Десе де, осы аста қызайдың бес балуаны бірдей жеңіске жетіп. «Қызайлар балуандықта Орта Азияны тиған» деген аңыз қалады.
Ертесінде бәйге болған. Оған 180 ат қосылады. Бірінші аттың бәйгесіне 100 жылқы, екінші аттың бәйгесіне 1000 теңге, 3 аттың бәйгесіне 500 теңге берілген. Жарыста бірінші болып Солтанкелді руы Көбестің зәңгісі Болсаңның кері аты келіп бәйгеге берілетін қашада қамауда тұрған 100 жылқыны алып шығып, 20 жылқыны найза түпке (ас берген үйге тастап), 9 жылқыны бәйге аттың көзін сүртеді деп қалдырып, 20 жылқыны Болсанның өзі алып, қалғанын Солтангелді руынан барған адамдар бөліп алады. Болсан әсілі мықты ат бапкері екен. Астан кейін Тойекенің інісі Тойбол бір түйе, бір жамбы алып барып, Болсаннан өтініп, Байсалбай жылқысынан құлынды қара биені алып қайтады. Ол құлын бесті шыққан жылы Болсанның кері атынан озып, кері ат содан кейінгі бәйгеден екінші болып отырған. Астың арты думанды тойға жалғасып тарқаған.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











