«Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білдірмейді. Келешекте басында қандай күн туатынына көзі жетпейді.бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады».
«Қазақ» газетінде 1913 жылы жарияланған осынау мақала жолдары бүгін де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Бұл жолдар көкірегі ояу қазақ азаматын ойландыруы тиіс.
Біздің де қайта-қайта тарих беттерін парақтап, 1930-31 жылдардағы Балқаш ауданындағы оқиғаларға үңілудегі мақсатымыз халық жадында өткенді түсіру. Заманымыздың ойшыл ақыны Расул Гамзатов айтқандай, «егер сен өткенді пистолетпен атсаң, болашақ сені зеңбірекпен атады». Сондықтан да 1930-31 жылдары Балқаш ауданнында елді дүр сілкіндірді Ақкөл көтерілісі туралы бүгінгі жас ұрпақ егжейінтегжейлі білуі қажет. Өйткені көтеріліс хақында алып қашпа әңгіме көп те, оның нақтылы шығу себебін дәлелді фактілермен пайымдап, әңгімелеп бергендер жоқтың қасы. Міне, осыдан барып біреулер: «Ол байлардың іркісінен туған» десе, екінші біреулер: «Жоқ, ол халық наразылығынан өріс алып, ашаршылыққа қарсы атылған оқ» дейді. Екі пікірде де шындық бар. Дегенмен де дауылды күндер ел арасындағы оқиғаны колхоздастыру науқанымен шиеленістіріп, екі таптың өкілдерін жіктеп, жіліктеп қана қоймай, бір атаның балаларын бір-бірлерімен ата жауға айналдырып, ықылым заманнан көшпенді немесе жартылай көшпенді халықты тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына, тұрмыстық қарым-қатынастарына қарамай зорлық-зомбылық пен қияметтің қыл көпірін орнатып, зауал төндіргенін ұмытуға болмайды.
Асыра сілтеушіліктің «шаш ал десе, бас алған» асығыс қимылы кесірін тигізбей қойған жоқ. Бұрын егін екпеген балқаштықтарға астақ салығы салынды. Ел ішін аштық жайлй бастады. Колхоздастыруға ешқандай дайындықтан өтпеген, шала сауатты, ауызымен орақ орған шолақ белсенділерді араласуы; олардың қинаты, зорлығы онсыз да «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған балқаштықтардың наразылығын тудырды. Мұның соңы айтулы Ақкөл көтерілісіне ұласты.
1930 жылы сәуірдың 6-шы жұлдызында ақкөлдіктер қолдарына түскен әртүрлі нәрсемен қаруланып, аудан орталығы Ақкөл ауылдық кеңесінің үйіне шабуыл жасады.(Қазақстан Республикасының қазіргі заман тарихының архиві, 141нқор., 2914ніс, 94н98 п.п.). көтерісшілер ауданның өзіндік ерекшеліктерін ұстап,алып, халық алдында жауапқа тартпақ болды.
Кінәләрі не?
Бұл туралы тарих ғылымының кандидаты Талас Омарбеков былай деп жазады:
«…1930жылы ауданға 10-мың пұт астық даярлау жоспары берілді. Ал мұның өзі тұрғындардың ашу ызасын ғана емес, түсінбеушілігінде туғызады. Өйткені аудан тек қана мал шаруашылығымен айналысатын. Сондықтан мұнда астық дайындау дегеніміз мүмкін емес. Егер ет дайындау жоспарын ұсынса, аудан тұрғындары оған ренжігенімен өздері мал өсіретін болғандықтан ет төлеуге тиіс екендіктерін түсіне алатын еді. Бірақ шолақ белсенділермен ОГПУ-дің күштеріне сүйенген аудан басшылары астық жоспарын орындауға, тіптен асыра орындауға қол жеткізді: жоспарланған 10 мың пұттың орнына 12 мың пұт астық даярланса, ал 15 мың пұт тұқымдық қор жинаудың орынан 17 мың пұт жинап алды. Адамдар астық тапсырудың жоспары орындалмаған жағдайда кулак санатына жатқызылып, Совет үкіметіне жау, жат элемент ретінде мал-мүлкі тәркіленіп, өздері жер аударылатын немесе ОГПУ турмелеріне қамалатын болды».
Тұйыққа тірелген осындай қатаң тәртіп қыспағынан шығатын дол іздеген байғұс қазақ шаруалары күшпен коллективтендіруге лағнет, қарғыс айтып көрші аудандардағы ауылдарды аралап, жетектеріндегі түйелері мен жылқысын астыққа айырбастау үшін аса ауыр шарттарға, арзан саудаға көнуге мәжбүр болды. Мысалы, былай тәтті сары қымыз беріп отырған дөнен биелерді екі, ал атан түйелерді үш, ауыздығымен алысқан арғымақты төтр-ақ пұт астыққа айырбастады.
Осындай қысым көрсетудің салдарынан астық тапсыру жоспары малшаруашылығына да ойсырата соққы берді. 1930 жылдың сәуір айының соңына қарай мал саны шұғыл 35 процентке кеміп кетті. Оның үстіне әр үйге бөлініп салынған теріден бастап, әртүрлі ескі-құсқыға дейінгі салықтар ауыл адамдарын естен тандырып, әбден есеңгіретті.
Ауылдағы партия ұйымдары да формальді және немкетті жұмыс істеді. Оның мүшелдерінің саны небәрі 50-ақ адам болатын. Коммунистер қара халықтың қорғаушыларына айналудың орнына, саяси білімдері мен сауаттылық дңгейлері өте төмен болғандықтан, мағынасы мен мазмұны лениндік принциптерге түбірінен қарсы келетін «байды батпаққа, орташаны ортаға, кедейді кеңірдекке!» деген өте зиянды, бірақ сол кездегі Голощекиннің күшпен колективтендіру идиясының шындығын ашып көрсететін, сойылын соғатын ұран ұсынды.
Көтерілісшілер аудан орталығына лап қойған кезде аудан басшылары жан-жаққа қашып кетіп, бас сауғалай бастайды. Аудан орталығына басып кірген көтерілісшілерге жергілікті өкіметке деген өздерінің наразылығын ауыл шаруашылығы машиналарын жаппай талқандау арқылы да білдірді.
Аудандық мекемелердің, кооператив ұйымдарының, дүкендкрдің астан-кестеңін шығарылып, қиратылды. Әртүрлі заттарды көтерісшілер табан астында өздері бөлісіп алды. Көтерілісшілер «ауданды басқаруды өз қолдарымызға алдық» деп ойлады да, өз орталарынан «уақытша өкіметін» құрды. Бірақ жеделдете жеткен ОГПУ-дің қосымша күштері оның мүшелерін кешікпей-ақ тұтқынға түсіріп, көтерілістің аудан теориториясына кеңінен таралуына мүмкіндік бермей діңкелетті. Елтай Ерназаров бастаған жақсы қаруланған эскадронның келіп жетуі көтерілісшілердің жігерін құм етіп, еріксіз бағынуына мәжбүр етті. Аутпартком хатшысы Төке Әбдірахманов пен ауатком төрағасы Әміртай Бейсенов орындарынан босатылды, аудандық пария комитетінің хатшысы Т. Тұяқбаев, ауатком төрағасына К.Мерекеев тағайындалды.
Сол жылдың 21 сәуірінде Е.Ерназаров Голошекенге көтеріліс туралы былай деп хат жолдайды:
«… Саяси шарушылықтың шаралары жандарына батқан байлар, атқа мінерлер және ақсақалдар аудандағы жағдайды, қалың бұқараны Кеңес мемлекетіне қарсы арандату үшін пайдаланыды. Байлар «Байды батпаққа, орташаны ортаға, кедейді кеңірдекке» дегенді білдіреді-міс дегендей ұран тастады.
Ауданды басып алатын және бұрынғы билеушілер билігін қалпына келтіретін кез келді деген сияқты арандатулар таралды. Үрейленген, арандатылған бұқара ру басшыларыдың және байлардың бастауымен 6-шы сәуірде аудан орталығына кірді. Ал ауданда ешкім қалмаған, бәрі безіп, қпшып кеткен. Арандатушылар тобы иесіз қалған аудан орталығын талқандады және барлық ауылшраушылығы машиналарын қиратты, тұқымдық қоры және кооператив ұйымдарының тауарларын таласып әкетісті.
Балқаштағы оқиға қысқаша осы.
Коммунистік сәлеммен Ерназаров.
Ақкөл.
Ал көтерілісшілер болса: «Бізді Ерназаров қорғайды» деп қалып, қаруларын тастаған еді. Сол құдайдай сенген бейшара ОГПУ отрядының бастығынан аса алмайды. Осының салдарынан көтерілісшілер қойдай қырылады.
Ақкөл көтерілісінің куәгері, ақкөлдік қария Оразбек Кенебаев былай деп әңгімелейді:
Оразбек банды атанғаным 1930 жылдың көтерілісімен тұспа-тұс, әйтеуір көлеңкемдей қосақталып қалмай келеді. Ақкөл көтерілісінң төркіні қазір ойлап, сараласам, Алматыда болған Желтоқсан оқиғасымен өте ұқсас келеді. Желтоқсанда жастар әкімшіл-әміршіл жүйенің өктемдігіне қарсы наразылық білідрсе, біз жаппай колхозға кіргізуге деген қарсылық уәжіміздіайтуға талпындық. Өкінішке орай, бізід тыңдаған ешкім болған жоқ.
… Түн ортасында әлдененің сыбдырынан оянып кеттім. Қарасам Қасымбек ағам алдымда тұр. Мәре-сәре қауышып, құшақтасыпта алдық. Оны 1929 жылы Көшербай Қармысұлы бастаған толқудан кейін ұсталып кеткеннен көріп тұрғаным осы.
-Бауырым, сен менен ештеңке сұраама. Оын айтып жатуға уақыт тығыз. Түрмеден қашып шықтым. «Адамның басы аланың добы» дегендей, ұшарымды жел, қонарымды сай біледі. Біреу-міреу көріп қалса, сендерге зияным тиер. Егер мені іздесең Көкешкі қыстауынан табарсың.
Қайтарма сөзде айтып үлегрмедім, ағайым қалай пайда болса, солай ғайып болды.
Күн артынан жылжып күндер өтіп жатты. Бір күні Қасымбекке азық-түлік апарып, жағдайын біліп келейін деген оймен ел жата Көкешкі қыстауын бетке алып, атқа қондым. Межелі жерге сол кезедгі көзі ашық ауыл азаматы Байжұманмен әлденеге келісе алмай, қызыл кеңірдек болып отыр екен.
-Қасымбек сабаңа түс. Елді босқа қырып аласың. Көтеріліске шығамыз дейсің, бақайшағыңа дейін қаруланған әскерге төтеп беру қиын. Мені тыңдасаң райыңнан қайт!
-Сенің Совет өкіметі дегенде таңдайың таңдайыңа жұқпайды. Колхоз құраймыз деп маңдайымызға біткен бар малды сыпырып жатқан анау. Ертең елдің аштыққа ұшырамасына кім кепіл? Бере алмайсың. Ендіше ұзын сөздің қысқасы, әрқайсымыз өз жолымызды табайық. Тоқтасқан жеріміз осы болсын!
Ағайым сөз бітті дегендей орыннан тұаргелді.
-Сен Көшербай айтты деп отырсың. Оныкіде құр дүрмекке ілесу.
-Ол айтса шынын айтады. Болмаса Талдықорғандағы, Содақтағы ағайындар да ат ауыздығымен алысар ма еді?..
Байжұманның: «Қайран аңғал бауырым-ай басыңды аңғалдықпен оққа байлап отырсың-ау» – күрсіне бас шайқағаны әлі көз алдымда. Көп ұзамай көтеріліс басталды. Бірақ ОГПУ-дің мұздай қаруланған әскеріне қарсы төтеп бере алмадық. 30 жігіт түрмеге қамалып, айдалып кете бардық. Бізден кейін де 60 жігітті түрмеге жөнелтіпті. 10 жыл түрмеде отырдым. Туған жерге 4-5 ақ азамат оралдық. Қалғанының қай жерде топырағы бұйырды, оын бір құдайдың өзі ғана біледі…
Екі-үш күнен кейін Республика күнін мерекелегелі отырмыз. Исатай – Махамбет, 16-жылға және Ақкөл көтерілістері, Желтоқсан оқиғалары, болмаса біз бостандыққа жете алмаған болар едік.
Зарыққан Әбілқасымұлы,
Балқаш ауданының тұрғыны.
Жарияланды. -Алматы: “Жетісу” газеті.№96.1994. -3 б.











