Мен атақты Тәнеке батырдың тікелей ұрпағы Есімбек қажының немересі Рақымқазы 1928 жылы Қапал кентінде дүниеге келдім. Бұл сталиндік репрессия халықтың басына кешірілмес ылаң салған тұс еді.
Менің әкем Жұмабек ұсталып, Жамбыл қаласында түрмеге жабылды. Ал әкемнің ағасы Қожабек Алматыда атылды. Жұмабек те, Қожабек те ешқандай «халық жауы» емес еді. Бар жазығы Тәнеке-Есімбектердің ұрпағы болғандығы. Олар бұйрықты дәулетін ағайын мен жарлы-жақыбайдан аямай, ортаға салып жүретін ер азаматтар еді. Кезінде ел арасында Қожабектің ашаршылықта халқына пана болғаны, оны қайырщылық пен аштықтан сақтау үшін көп қайырым көрсеткен азаматтығы туралы өлең, жырлар шығарылған.
1932 жылы әкем Жұмабек түрмеден қашып шығып, бір түнде өзіне қарасты ағайынын Қытайға алып өтеді. Ол қайтсе де, өз ұрпағын аштық пен қиянаттан аулақ ұстауды ғана мақсат еткен еді. Алайда жат жерде де жағдай мәз болмады. Онда да жоқшылық, аңду, ізге түсу, түрмеге жабу, ату-сату өрлеп тұрды. Тәнеке батыр мен Есімбек би есімдерін ауызға алуға тыйым салынды. Ол күндерді еске алу мен үшінт өте ауыр.
Әкем де, анам да туған елге, жерге оралуды арман етпеген күн болған емес. «Қайран Жетісудың таулары мен жайлауын көріп, таза суын тататын күн бола ма?» – деп аһ ұратын.
Тек 1955 жылы ғана көптеген қиындықтармен кіндік кесіп, кір жуған жерімізге оралдық. Кейіннен Тәуелсіздік арқасында бірте-бірте тарихымыз қайта жанданып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болды.
Қапал кентінде өлкетану мұражайын ұйымдастырып, онда Тәнеке батырдың, Ескелді бидің есімдерін қайта тірілткен. Алыбаев Марат деген азаматқа алғысымызды айтып жеткізе алмаспыз. Әсіресе Ескелді бидің 300 жылдығына арнап берілген асқа жиналған ел Алыбаев Маратқа ұшан-теңіз ризашылығын білдірді. Сол қарсаңдағы аудан әкімі Т. Медетбеков те көп еңбек етіп, Ескелді-Тәнеке сынды бабалар рухын паш етті.
Мен өзімнің Тәнекедей ұлылардың жалғасы екенімді мақтан тұтамын. Менің ұлы бабам Тәнеке болғанда, ұлы әжем Ұлбай – Ескелді бидің ұрпағы.
Рақымқазы ЕСІМБЕКОВ
Ұрпағы.
Жарияланды. Тәнеке батыр (Тарихи-көпшілік жинақ). – Алматы: 2002. -158 б. -96-97 б.











