Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Халық жады

Қаралы жылдар жаңғырығы

admin
2026/08/31
Халық жады
0
Қаралы жылдар жаңғырығы

Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына жиырма жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында тарихымыздың талай ақтаңдақ беттері анықталып, көптеген мәселесі бүгінгі күннің сұранысына сай қайта қаралып, зерттеліп, жаңа методологиялық тұрғыдан қорытылуда. Оның ішінде 1921-22 жылдардағы және 1930-1933 жылдардағы ашаршылықта бар. Десекте, ашаршылық туралы әңгіме көтерілгенде Түркістен өлкесіне қарасты Сырдария мен Жетісу облыстарын 1917-1919 жылдары жайлаған аштық пен босқыншылық әлі де өз дәрежесінде дұрыс зерттелмей келе жатқан мәселенің бірі ретінде аталады.

Қолда бар деректерге қарағанда 1917-1919 жылдары аталған екі облыстағы аштықтың ең ауыры да, ең қасіреттісі де Жетісуда орын алған. Жетісу өңіріндегі аштық туралы деректік материалдар сол тұстағы «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат» сияқты ұлттық баспасөз беттерінде біршама жарияланған, сонымен қатар мұрағат деректері де баршылық. Аштықтың себеп-салдары,  Жетісуда қалыптасқан аянышты ахуал жөнінде Алаш қозғалысының қайраткері Міржақып Дулатұлы «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 9 наурыздағы №33 санында «Мадияр» деген бүркеншік атпен жариялаған «Аш-жалаңаш қазақ-қырғызға жылу жинайтын комитет ашылды» атты мақаласында: «Алты Алашқа аян, 1916 жылғы 25 июнь жарлығы әлегінен Жетісу облысындағы қырғыз-қазақтың басына қиямет қайым күндер туды. Жігіт бермейміз деп қарсылық қылғаны үшін оққа ұшып, қаншасы өз жерінде қырғын көрді. Басшы адамдары дарға асылды. Рақымсыз хүкіметтің қарулы әскеріне қарсы тұра алмай көбі Қытай жеріне босты. Мал-мүлкінің көбі орыс әскерінің қолына «олжаға» түсті. Көрші мұжықтар жау болып, тал түсте талады, өлтірді, адамын байлап, малын айдап алды. Босқанда айдап көшкен мал-мүліктен жолшыбай айрылды. Жаяу-жалпы, үй-күйсіз Қытай жеріне жеткенде қар жауды, қыс түсті. Онда жан ашыр жақын табылмай, қара таласты. Аштан өліп бара жатқан соң, қалмақ, қытайға бала-шағаларын сата бастады. Адам базары ашылып, баланың құны бір шелек бидайға шықты. Бойжеткен қыздарын, жас келіншектерін қаны қара қалмақтар қатынданып кетті. Аш-жалаңаш аузына не түссе соны жеп, қайда болса сонда жатып, неше түрлі дертке ұшырап, тағы қырылды. Бақытсыз сорлылардың мұңын, көз жасын, зарын естір құлақ, көрер көз болмады. …Туған жер, өскен ел, кешегі бастан кешкен қызық дәурен көздерінен пыр-пыр ұшты. …Бай-кедей, жас-кәрі, жақсы-жаман айырмасы бітіп, бәрі бірдей сорлы болды. Бәрі бірдей мұңды болды. Атадан ұл, анадан қыз, жардан жар айрылды. Жүрек қанға, көз жасқа толды. Жетім-жесір ботадай боздады. Жұрттықтан, тіршіліктен күдер үзіп, бұл опасыз дүниеге қош айтуға таянып тұрғанда, бостандық туды» – деп жазады. Міржақыптың айтып отырған бостандығы Ресейде 1917 жылғы ақпан төңкерісі іске асып, орыс патшасы Николай ІІ-нің тақтан құлатылған тұсы еді.  Елде бостандық орнағанын естіп көңілінде үміт оты ұялап елге қайта бастаған босқындар жөнінде: «…Бұл хабарды есіткенде жүректері жарылғандай қуанып, «ау-дүние, тым болмаса елге жетіп, Алаштың ортасында өлсек арман бар ма» – деп, қайта шұбыра бастады. Тағы аштық, тағы жалаңаштық, тағы өлім. Әлі жоқ, дымы құрыған сорлылар жаяулап қозыкөш жерге жүруге жарамай, кез-келген жерде жығылды, жығылған тұрған жоқ, өлген тірілген жоқ. Басы- қасында болмаған, көздеріңмен көрмеген Алаштың балалары бір минут көздеріңді жұмып, қиялға салып ойланып қараңдар, сонда көргендей боласыңдар, біреу тәлтіректеп, аяғын баса алмай жығылып жатқан, біреу аштықтан ісініп, «қандай кінамыздан мұндай күйге ұшырадық – құдай» дегендей, қимылдауға шамасы келмей көкке қарап жатқаны. Жолдың бір шетінде өліп, өлгеніне рақаттанғандай, мәңгілік ұйқыға кеткен жанды көрерсің. Үсті-басы дал-дал, тәні көрініп етбетінен жығылған күйде өліп кеткен кейпімізді көрерсің. Жас баласын бауырына қысып, құшақтаған күйде өлген жас қатынды көрерсің. Бұлардың мұндай халіне қайғырар ешкім жоқ, тек қуанышпен істелген тойға жиылғандай топ-топ қарға-құзғын, ит-құс өлгендердің көзін шұқып, етін жеп, сүйектерін кеміріп жатқанын көрерсің. Бұл өліктер құдайдың кең даласын сасытқан, ық жағынан жан жүрерлік емес, мұның исін өзің исіткендей боларсың. Мұның бәрі ертегі емес, болған іс!» – деп жазады Міржақып Дулатов жүрегі қарс айырыла.

Мақалада 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде Жетісуда қалыптасқан жағдай жөнінде: «Тағы дағдарыс, тағы ашаршылық, тағы өлім. Бостандық туды, жадырап жаз шықты, күркіреп күн шықты. …Бірақ ол бейшаралардың басынан қара бұлт серпілмеді. Ғұзыр ел қылышын қынабына салмады. Басы аман, малы түгел ағайын жеткілікті жәрдем бере алмады, әрі-беріден соң жұрт олардың халін ұмытуға айналды. Қазақ-қырғыз қырылып жатыр екен деп жәмиғат өзгерілмеді. Тағы да қыс түсті, бейшаралардың халі бұрынғыдан мың есе жаманға айналды» – десе, сол кездегі аштан қырылған қазақ пен қырғыздың көлемі жөнінде: «Бір жылдың ішінде өлгені 100 мыңнан асты. Енді бұл қыс талайын өлтірген шығар. Қанша өлгенін ақ кебіндей қар жасырып жатқан шығар. Міне, қар кетіп, жаз шығуға айналды. Қарға-құзғын той қылар, ауа сасыр. Бірақ адам баласы жансебіл екен, әлі өліп біткен жоқ көрінеді, тірілеріне «тамақта» табылып қалды дегенді естіп отырмыз, тірілері өлгендерінің етін жеп жатыр дейді. Бұған Алаш я қуанарсың, я жыларсың, өзің біл! Жыласаң ағайындығың, бірақ сенің көз жасың ашқа тамақ, жалаңашқа киім болмайды. Көз жасы көмекке жарайтын болса, өзгеден кенде болса да, көздің жасынан, көңілдің қайғысынан кенде емес еді. Ағайынға Алаш шын жаның ашыса, шын жыласаң, көмегіңді көрсет, жылуыңды бер. Жайшылықта қайырымға беретін тиыныңды берме, рулы елің өлімнен қалғандай жылуыңды бер. Жоғарыда айтылған оқиғаны Жетісу қазақ-қырғыздары басынан кешіп отыр» – деп тебіренеді.

Міржақып Дулатұлы Сырдария мен Жетісу облысындағы жантүршігерлік жағдайды баяндай отырып осы ауыр жағдайдан шығудың жолдарын іздестіріп, аш-жалаңаш қазақ-қырғызды қырғыннан құтқару үшін құрылған комитеттің қызметі, атқарылып жатқан шаралар жөнінде: «Осы екі облыстағы аш-жалаңаш қазақ-қырғыз бауырларға жұрттан жеткілікті жылу жинап, рулы елімізді өлімнен аман сақтап қалу мақсатымен Семей облысының Алаш қаласында Қазақ комитеті һәм жастардың «Жанар» атты ұйымы басшылық етіп, қауым жасады. Қауым ортасынан іс басқаратын 5 кісілік комитет сайлап шығарды. Қауымның құрметті бастығы – Ә. Бөкейханов, жай бастығы – Мұқыш Боштайұлы болды. Комитет председателі – Мирякуб Дулатұлы, орынбасары – Ж.Аймауытов, хатшысы – Мұхтар Әуезов, қазынашысы Есіркепұлы Ғабдолла, тағы бір мүшесі – Ғабдолла Қоскенұлы» – деп Комитеттің құрамына Алаш зиялыларынан кімдер кіргенін атап көрсетеді.

Осылайша ұлт зиялылары 1916 жылғы көтеріліс тұсында босқыншылыққа ұшырап, аштан қырылып, тағдыры тәлкекке түскен бауырларын құтқару мақсатында елдік дәстүрді есте ұстап, бүкіл елді босқындарға көмек көрсетуге шақырып, елінің ертеңі үшін бар ынта-жігерімен қызмет жасады. Осы мақсатта «АЛАШ АЗАМАТТАРЫНА» атты үндеу жазып, оны 11 маусымдағы «Қазақ» газетінде жариялайды. Ол үндеудің мазмұны мынадай еді: «25 июнь жарлығының кесірінен бүліншілікке түсіп, Қытайға босқан қырғыздардың халдері қандай нашарлығын көзімен көрген тілші «Қазақтың» 231-ші нөмірінде жазып отыр. Әр жерден барған жәрдемнің қанша екенін өткен нөмірден жазып көрсетіп отырмыз. Беріліп жатқан жәрдемдер аш-жалаңаш қалған қырғыздардың халдеріне қарағанда жоқ есебінде. Сондықтан Түркістан комитетінің ағзасы (Торғай облысының комиссары) Әлихан Бөкейханов сол комитеттің ағзасы (Жетісу облысының комиссары) Мұхамеджан Тынышбаевқа телеграмма берді: «Босқын қырғыздар үшін 200 мың сом қазынадан қарыз сұрау керек» деп. Сондай бірден берілетін молырақ суммамен қырғыздар халін жиып алмаса, аздап жинаған көмек қырғыздардың толып жатқан мұқтаждығының біріне жетсе, екіншісіне жетпей тапшылық қыла бермекші.

– Бір жағынан қарыз ақша беріліп, бір жағынан жәрдем жиналса қазіргідей қымбатшылық заманда қырғыз сияқты ішерге тамағы жоқ, киерге киімі жоқ, паналарға үйі жоқ жұрдай болып сорлаған бүкіл мұқтаждығын  өтерлік қаржы сонда ғана құралмақшы.

– Аңсап өлейін деп жатқан адамның аузына су тамызғандай аз-көп демей әркім әліне қарай жәрдем ету әуелі адамшылық, екінші ағайыншылық жүзінен кімге де болса борыш.

– Бұл айрықша етіп Алаш азаматтарының ісіне салып отырғанымыз: қырғыз ағайындарының алдындағы борыштарын ұмытпай өтеулері тиіс дегеніміз.

Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейтәзім Кәдірбаев, Имам Әлімбеков, Жанұзақ Жәнібеков, Ахмет Мәметов, Елдес Ғұмаров».

Жетісудағы аштықтың шығуының бірнеше себебі бар. Оның негізгілерінің бірі – М. Дулатұлының мақаласында айтылған 1916 жылғы көтерілістің салдары. Ресейлік отаршыл жүйенің жүргізген озбыр саясатына қарсы 1916 жылы көтеріліске шыққан Жетісудың жергілікті халықтары қазақ пен қырғыз асқан қатыгездікпен аяусыз басып-жанышталып, мал-мүлкі тәркіленген-ді. Жетісудағы көтерілісті басу үшін қолданылған жазалаушы күш туралы Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің 1917 жылдың 22 ақпанында империяның патшасына жасаған мәлімдемесінде: «…Өлкенің басқа облыстарынан Жетісуға үш бағыттан: Әндіжаннан – Нарын бекінісіне, Черняевтен – Пішпек және Тоқмақ бағытына, теміржол арқылы айналма жолдармен – Семейге, одан ары – Сергиополь – Лепсі – Верный бағытына  3½ дружина, запастағы полктардан 7 атқыштар ротасы, 5 казак жүздігі және 14 зеңбірекпен қаруланған әскер келген.  …Одан басқа, қызметтегі армия қатарынан казак батареясымен қоса 2 пулемет командасы және 2 казак полкы  жіберілген» – деп анық жазылған. Бұл әскерге қосымша Ресей империясының жергілікті жерлердегі «әлеуметтік тірегі» саналатын келімсек орыс шаруаларынан құрылып, қаруланған халық жасағы жазалау операцияларына қатысты. Осылай бірлескен жазалаушылар «орыс қаруының күшін» көрсете отырып жүргізген «қызу» шараларының барысында көтеріліс аяусыз, қатыгездікпен басып-жанышталды. Губернатордың айтуынша: «бұл жазалаушы әскер келгеннен соң көтерілісшілер аздаған қарсылық көрсеткеннен кейін азық-түлік пен малдан тапшылық көріп, кедейшілік күй кеше отырып шекаралық аймақтарға ығысып, кешірім сұрауға мәжбүр болған».

Оккупациялық режимнің көтерілген халыққа жүргізген осындай репрессиялық саясатының нәтижесінде жетісулық қазақ пен қырғыз «ес жимастай» жазаланды. Арнайы дайындығы бар жазалаушы әскер қолында қаруы жоқ көтерілісшілерге қырғын салып, ауылдарды ойрандады. Оған шыдамаған көтерілісшілер көршілес жатқан Қытай жеріне ауа көшуге мәжбүр болды. Ол жақта да күтіп тұрған «жұмақ» жоқ еді. Бір жағынан жазалаушы әскер мен екінші жағынан Қытай әскерінің қарсылығына тап болған халық қырғынға ұшырап, небір қорлықты бастан кешірді. Қос империяның қыспағына түскен қазақ-қырғыз киерге киімі, ішерге асы болмай, аштық пен індеттен қырылып, адам айтқысыз аянышты күй кешіп, қиын-қыстау кезеңді, азапты өмірді өткерді. Азып-тозып, балаларын құлдыққа, әйелдері мен қыздарын күңдікке сатып, мал-мүлкінен айырылды.

Көтерілісші халықтың мал-мүлкін бергі жақта орыстың жазалаушы әскері, арғы жақта қытай әскері мен сол жақтың жергілікті халықтары талан-таражға салып тонап, тартып алып отырған. Мысалы, Верныйдағы №1 бөлімше приставының көмекшісі Иванов Ыстықкөл өңіріндегі қырғыздардың көтерілісін басуға қатысып Пржевальск қаласынан (қазіргі Қарақол қаласы) Верныйға қайтарында көтерілісшілерден тонап алған 21 түйеге артқан жүгі бар керуенмен, бір бөлігіне жүк артылған 27 өгіз, 25 жылқы айдап келген.

Зерттеуші Чеканинскийдің 1926 жылы жарық көрген еңбегіндегі деректерге қарағанда, бір ғана Жаркент уезінде көтеріліске дейін – 67 800 жылқы, 51 261 ірі  қара, 2 612 түйе, 568 488 қой-ешкі, 7 577 десятина егіндік болса, көтерілістен кейін жылқының – 78,59%-ы, ірі қараның – 63,97%-ы, қой-ешкінің – 81,19 %-ы тартып алынған, егіндіктің – 22,28%-і  жойылған.

Белгілі заңгер, ғалым Ғ.Сапарғалиевтің «Карательная политика царизма в Казахстане» атты зерттеу еңбегінде келтірілген деректер бойынша Жетісу облысындағы қазақ-қырғыздың көтерілісін басу кезінде жазалаушы әскер тартып алған заттарды сатып, 1 миллион 300 мың сом қаржы түсірген. Тек, Самсы мен Боранды болыстарының өзінен ғана 1,5 миллион сомның мал-мүлкі тәркіленген.

Аштықтың тағы бір себебі, 1917 жылғы қуаңшылықтан егін мен шөптің шықпай қалуы. «Жығылғанның үстіне жұдырық» дегендей, онсыз да азапты жағдайға душар болған халыққа табиғаттың көрсеткен тосын мінезі одан сайын ауыр тиген еді. Бұл жөнінде Жетісу облыстық Қазақ комитетінің төрағасы 1919 жылы 17 наурызда өткен 3-ші Жетісу облыстық сьезінде жасаған баяндамасында өңірде қалыптасқан күрделі жағдайды айта келіп: «2) 1917 жылы бұрын болмаған қуаңшылықтың салдарынан астық пен шөптің шықпай қалуы, жұт болуы адамдарды аштыққа ұшыратты… 3) әртүрлі індеттің таралуы онсыз да ауыр жағдайды одан да қиындатып жіберді. …1918 жылдың көктемінен бері өңірде жетісулық большевиктердің қожалық етуі, олардың халыққа жаппай қырғын салуы, тіптен әйел, бала-шағаға қарамай атуы, ондай әрекеттердің  осы уақытқа дейін жалғасып жатқандығы, кей жерлерде халықты тонап, кейде тіпті мал-мүлікті жай ғана жоюы, басқа да сорақылықтары бұл жағдайды одан әрі шиеленістірді, әлі де шиеленістіріп отыр…» – деп көрсетеді.

Бұл мәліметтер Жетісудағы аштықтың негізгі себептерінің бірі 1916 жылғы көтерілістің, оны басып-жаншу барысында жүргізген отаршыл империяның осы өлкеде жүргізген қатігез саясатының салдары екенін көрсетеді.

Қорыта келе айтарымыз, бауырлас екі халықтың азаттық жолындағы арпалысының салдары да ауыр болған еді. Ал, тарихта азаттық алу, тәуелсіздікке қол жеткізу ешқашан оңай болмаған. Елді қайтсек аман сақтап қаламыз, қайтсек өзге елмен терезесін тең етіп өркендеген Ел қатарына қосамыз деп адал қызмет жасап, қайраткерлік көрсеткен Алаш зиялылары кеңестік тоталитарлық жүйенің жүргізген саяси қуғын-сүргінінің құрбаны болған еді. Сондықтан өткен тарихымыздағы мұндай ауыр кезеңдерді естен шығармай, Аға ұрпақтың ел мен жердің тұтастығы, азаттығы жолында атқарған қызметіне бас иіп, құрметпен қарағанымыз абзал.

Шәмек Тілеубаев,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Абай атындағы Қаз ҰПУ-дың «Әлеуметтік тарих»

кафедрасының доценті.

Жарияланды. -Талдықорған: «Жетісу» газеті. №72.2016. -4 б.

0 0 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 43
Ақиқат айтылмай қалды
Халық жады

Ақиқат айтылмай қалды

August 31, 2026
Байырша Абылайхановтың беймәлім тағдыры
Халық жады

Байырша Абылайхановтың беймәлім тағдыры

August 31, 2026
Айбат
Халық жады

Айбат

August 31, 2026
Келмеске кетсін сол зұлмат…
Халық жады

Келмеске кетсін сол зұлмат…

August 31, 2026
ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛЖИР»
Халық жады

ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛЖИР»

August 31, 2026
Екпемен елін сақтаған…
Халық жады

Екпемен елін сақтаған…

August 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz