Жылдар өте сол тарихи сәттің куәгері әрі жалғастырушысы ретінде Андас Омарақынның ұлы, өлкетанушы Қажет Андас бұл айтыстың тарихын қайта жаңғыртты. Атажұртқа оралғаннан кейін ол әкесінің көзі тірісінде жазған шығармаларын жинақтап, бірнеше томдық кітап ретінде жарыққа шығарды.
Жақында Қажет Андас әкесінің айтыстағы қарсыласы әрі үзеңгілес замандасы Қасейін Нүсіпханұлын арнайы шақырып, атажұртта сұхбат жүргізді. Сұхбат барысында ол Қасейін ақынға тарихи, мазмұнды бірнеше сұрақ қойды:
– «Әкемді қай уақыттан бері білесіз? 1974 жылғы сол айтысты еске алыңызшы. Ол кезде айтысқа кімдер қатысты? Айтыс қалай өтті? Андаспен айтысыңыз қалай өрбіді? Ол кезеңде айтыстарда тақырып алдын ала беріліп, дайындық жасала ма еді, жоқ әлде бәрі суырыпсалмалықпен өтетін бе?» – деген сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіді.
Қасейін Нүсіпханұлы сол кезеңдегі айтыстың ерекшелігін былайша еске алады:
– Біздің уақытта айтыста жеңіс те, жеңілу де болмайтын. Тек уақыты мен шығу реті ғана белгіленетін. Қазіргі айтыстарда әділқазылар бағалап, ұпай берсе, бізде ондай жүйе жоқ еді. Біз Андаспен шешуші айтысқа шықтық. Ешқандай алдын ала тақырып берілмейтін, дайындық деген атымен болмайтын. Қарсыласты тек атап шақыратын да, бәрі табиғи түрде басталып кететін. Қазіргі нөмірмен бағалау жоқ, тек халықтың ықыласы болды. 1990–1992 жылдары екі жыл қатарынан айтыстарға қатыстым. Кейін жасым ұлғайып айтыстан кеттім, бірақ қазір де айтыстарға шақырады, кейде ақсақал ретінде төрде отырып, әділқазы боламын, – деді ағынан жарылып.
Сұхбат барысында Қажет Андас әкесінің қолжазбалары бүгінде Жетісу облыстық архивінде және Андас отбасының жеке қорында сақтаулы екенін айтты. Бұл мұра – тек бір отбасының емес, күллі қазақ айтыс өнерінің ортақ қазынасы.
– Әкемнің қолжазбаларының бәрін реттеп, сақтап кеткені – үлкен аманат. Біз сол асыл мұраны жоғалтпай, жинақтап, бірнеше томдық етіп шығардық. Бұл еңбектерде әкемнің айтыстары, жырлары, өмір жолы толық қамтылған. Біздің мақсат – әкеміздің мұрасын ескерусіз қалдырмау, – дейді Қажет Андас.
Соңында Қажет Андас әкесінің шығармалары топтастырылған үш томдық кітапты Қасейін Нүсіпханұлына сыйға тартты.
– Қасейін аға, елге келіп, атажұртта қонақ болуыңызға қуаныштымыз. Халқыңыздың берекесін арттыра беріңіз. Бүгін біз тек сұхбат емес, тарихтың бір парағын аштық. Көп жылдар бойы дәлелденбей келген ақиқаттың беті ашылды. Әкемнің еңбегін, сіздердің өнерлеріңізді болашақ ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз, – деді ол.
Осылайша, екі дәуірді тоғыстырған бұл сұхбат қазақ айтыс өнерінің тарихындағы бір маңызды кезеңнің тірі куәсі болып қалды. 1974 жылғы Құлжа қаласында өткен сол айтыс – өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнер мен достықтың мәңгілік символына айналды.
Ләззат Мұхамеджан,
«Q-Andas» ақпараттық агенттігі.











