«Қазіргі Қазақстан аумағындағы жабайы алма ағаштары туралы алғашқы мәліметтер Барнаул қаласының дәріханашысы әрі Еркін экономикалық қоғамның тілшісі И. Сиверстің 1796 жылғы хаттарында кездеседі. Бұл жарияланымда И. Сиверс Алигаль (Алакөл) көліне жасаған сапары кезінде Орталық Тарбағатайдың оңтүстік макробеткейіндегі Үржар өзенінің аңғарынан «аса көркем алма ағашын» кездестіргенін жазады. Оның сипаттауынша, ағаштың жемістері «Ресейде белгілі Рязань алмаларына ұқсайды және көлемі тауық жұмыртқасындай болады».
Академик Аймақ Жанғалиұлы Жанғалиев
Соңғы онжылдықтарда ағылшын және америкалық ғалымдар жүргізген ғылыми зерттеулер бүкіл әлемді мәдени алма сорттарының арғы тегі Қазақстанға кеңінен таныс «жабайы» Сиверс алмасы екеніне түбегейлі көз жеткізді. Бұл түр еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы өңірлерде – Тарбағатай жотасынан (Шығыс Қазақстан облысы) бастап Өгем жотасы мен Сырдария Қаратауына (Түркістан облысы) дейін кең таралған. Оның ең ірі табиғи тоғайлары Алматы қаласының маңында, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында және Жоңғар Алатауының солтүстік беткейлерінде, Сарқан, Лепсі, Тополевка ауылдары маңында шоғырланған. Жақында осы өңірде Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды. Сиверс алмасының бағалы тағамдық қасиеттері мен пішіндік алуантүрлілігіне өткен ғасырдың 30-жылдарының басында белгілі кеңестік ғалымдар – генетик Н.И. Вавилов пен ботаник М.Г. Попов ерекше назар аударды.
1929 жылы Н.И. Вавилов Алматы маңындағы таулы өңірлердегі жабайы алма ормандарын зерттей келе былай деп жазған: «Алма-Ата сөзбе-сөз аударғанда – «Алманың атасы» дегенді білдіреді. Қаланың айналасында тау беткейлерін бойлай ұзақ қашықтыққа созылған жабайы алма ағаштарының қалың тоғайлары тұтас орман алқаптарын құрайды. Кавказдың ұсақ жемісті жабайы алмаларынан айырмашылығы, Қазақстанның жабайы алмасы негізінен мәдени сұрыптарға ұқсас ірі жемісті алауан түрлерден тұрады. Бұл – 1 қыркүйек, алманың пісіп-жетілетін кезеңі. Сол кезде біз мәдени алманың шыққан керемет орталығында тұрғанымызға көз жеткіздік. Мұнда мәдени және жабайы алма формалары бір-бірімен ұштасып жатқандықтан, жабайы алманы мәдени алмадан ажырату өте қиын. Кейбір формалар жемістерінің сапасы мен көлемі соншалықты жоғары болғандықтан, оларды ешқандай селекциясыз-ақ мәдени бақтарға көшіруге болатындай. Бұл өңірдің мәдени бақтарында атақты «Апорттан» бастап Еуропаның ең таңдаулы алма сорттарын көруге болады» (Н.И. Вавилов, 1987).
Н.И. Вавиловтың жабайы алма ағаштарын зерттеу бойынша еңбектері жас қазақстандық ботаник Аймақ Жаңғалиевті шабыттандырды. Ол Қазақстанның жабайы жеміс ормандарын зерттеу ісін жалғастырып, соғыстан кейінгі жылдары Сиверс алмасын жан-жақты зерттеуге кірісті.
Келесі 50 жыл бойы Аймақ Жаңғалиев пен Алматыдағы Қазақстан Ғылым академиясындағы әріптестері зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Қазақстандағы жабайы алма ағаштарының жемістерінің түсі, пішіні және дәмі бойынша мәдени сорттармен жақын туыстық байланысы бар екенін дәлелдейтін мол ғылыми деректер жинады. Қазіргі заманғы генетикалық зерттеулер Сиверс алмасының бүгінгі таңда белгілі мәдени алма сорттарының арғы тегі екенін растайды.
Аймақ Жаңғалиев 1913 жылдың 15 тамызында Батыс Қазақстан облысының Жамбейті ауданындағы Ащысай ауылында дүниеге келген. Азамат соғысы мен ұжымдастыру жылдары ол ата-анасынан және туған шаңырағынан айырылды. Алматы қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген зерек әрі білімге құштар Аймақ Жаңғалиев 1935 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының жеміс-көкөніс факультетін үздік бітірді. 1935–1937 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Қаратас ауданындағы Тұрбат машина-трактор станциясында (МТС) жеміс өсіруші агроном, кейін осы ауданның бас агрономы қызметтерін атқарды. 1938 жылы Мәскеудегі К.А. Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының жеміс және жүзім дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығы кафедрасының аспирантурасына оқуға түсті. Осы оқу орнында «Жабайы жүзімнің агробиологиялық сипаттамасы және оны пайдалану» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Диссертациясын 1941 жылдың шілде айында қорғады. Алайда ғылыми зертханаға апаратын жолды Ұлы Отан соғысы тоқтатты. Диссертациясын қорғағаннан кейін Аймақ Жаңғалиев өз еркімен майданға аттанды. 1941 жылдың соңына қарай Горький қаласындағы зениттік-артиллериялық әскери училищені тәмамдап, әскери мамандық алды. Соғыстың басым бөлігін Батыс майданында взвод командирі, кейін Мәскеу әуе шабуылына қарсы қорғаныс майданының 60-зениттік артиллериялық дивизиясында батарея командирі ретінде өткізді. Соғысты Қиыр Шығыста аяқтап, 1945 жылдың соңында запастағы капитан шенінде Қазақстанға оралды. Қазақстандық көрнекті ғалымның майдандағы ерлігі жоғары бағаланып, ол көптеген жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды.
Әскер қатарынан босатылғаннан кейін Аймақ Жаңғалиев 1946–1948 жылдары В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының жеміс шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, ал 1948–1953 жылдары осы институттың директоры қызметтерін атқарды. Аймақ Жаңғалиев Қазақстанда жеміс шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосты. Әсіресе, 1953–1959 жылдары өзі ұйымдастырған Атырау мемлекеттік ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының негізін қалаушы әрі директоры ретінде, ал 1959–1970 жылдары Қазақ жеміс шаруашылығы және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқара жүріп, бір мезгілде Қазақ КСР Ғылым академиясының Биология және медицина ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы (1962–1970 жж.) болды. Оның басшылығы кезеңінде Қазақстандағы мәдени жеміс бақтарының аумағы он есеге ұлғайып, республикадағы жеміс шаруашылығының ғылыми және өндірістік негіздері едәуір нығайды.
1970 жылдан өмірінің соңына дейінгі ғылыми және еңбек жолы Қазақ КСР Ғылым академиясының Бас ботаникалық бағымен (қазіргі Ботаника және фитоинтродукция институтының құрамында) тығыз байланысты болды. Аймақ Жаңғалиев жабайы жеміс өсімдіктері бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Кейін бұл бөлім орман гендік қорын сақтау және дүниежүзілік мәдени флорадан жеміс өсімдіктерін интродукциялау жөніндегі салааралық зертхана болып қайта құрылды.
Аймақ Жаңғалиевтің өмір бойғы басты ғылыми мақсаттарының бірі – негізін Сиверс алмасы құрайтын Қазақстанның бірегей жабайы жеміс ормандарын зерттеу және оларды сақтау болды. 1960-жылдардың басынан бастап ол әріптестерімен бірге Сиверс алмасының генетикалық резерваттарын іріктеу, айқындау және ғылыми құжаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізді. Ең танымал генетикалық резерваттардың бірі – қазіргі Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан «Кузнецов шатқалы» резерваты. Бұл резерватта ғылыми бақылауларды ұзақ жылдар бойы Аймақ Жаңғалиев зертханасының қызметкерлері жүргізіп келді. Ал 2007 жылдан бастап зерттеу жұмыстарына Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкерлері П.В. Коробко, Р.М. Төреханова, А.А. Иващенко және В.Ю. Скрипскис те белсенді қатысты.
Қазақстанда өнеркәсіптік жеміс шаруашылығын ұйымдастыруға көп уақыт пен күш жұмсай отырып, Аймақ Жаңғалиев ғылыми-зерттеу жұмыстарын да үздіксіз жүргізді. 1969 жылы ол «Іле және Жоңғар Алатауының алма ормандары және оларды пайдаланудың биологиялық негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Аймақ Жаңғалиев – әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы, көрнекті ботаник-ғалым әрі жеміс өсімдіктерін зерттеуші. Оның «Қазақстанның жабайы алмасы» және «Қазақстанның жабайы жеміс өсімдіктері» атты ғылыми еңбектері АҚШ-та ағылшын тілінде жарық көрді. Нәтижесінде қазақстандық мамандардың негізгі анықтамалық еңбектеріне айналған бұл басылымдар әлемнің көптеген елдеріндегі ғалымдар арасында кеңінен танылып, жоғары сұранысқа ие болды.
1990-жылдардың басынан бастап А.Д. Жаңғалиевтің тобы ұлттық парктің барлық дерлік шатқалдарында – Есік, Микушино, Солдатсай, Талғар, Қотырбұлақ, Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Қаскелең және Түрген шатқалдарында жабайы жеміс өсімдіктеріне кешенді зерттеу жүргізіп, олардың түгендеу жұмыстарын жүзеге асырды. Сонымен қатар тағы бір құнды жеміс дақылы – жабайы өрікке ерекше көңіл бөлінді. Бұл өсімдік академик Аймақ Жаңғалиевтің жұбайы әрі ғылыми серіктесі Татьяна Николаевна Салованың негізгі зерттеу нысанына айналды. Ұстазының ғылыми бағыты мен зерттеу тәсілдерін жалғастыра отырып, Татьяна Николаевна жабайы өріктің құнды формаларын іріктеуге айрықша көңіл бөлді. Тек Қотырбұлақ шатқалынан ғана жабайы өріктің 20-дан астам формасы іріктеліп, олардың 11-і кейіннен өсіруге және селекциялық жұмыстарда пайдалануға ең тиімді формалар ретінде ұсынылды.
Аймақ Жаңғалиевтің ғылыми еңбектері Қазақстанның жабайы жеміс ормандарының генетикалық қорының құндылығына әлемдік ғылыми қауымдастықтың назарын аударды. 1989 жылдан бастап ол АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Африка Республикасының ғалымдарымен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізді.
Қазақстанның жабайы алмасының генетикалық қорының, әсіресе жаңа сорттарды шығарудағы ерекше маңызы туралы америкалық сарапшылар да жоғары баға береді. Миннесота университетінің генетик-селекционері, сарапшы Джеймс Луби бұл жөнінде былай деп жазады: «Сиверс алмасы Қазақстаннан таралғаннан кейін жеткен өңірлердің бірі – Америка болды. Уақыт өте келе ол қазіргі таңда адамдар тұтынатын алма будандарының 90 пайыздан астамының арғы тегі болып саналатын «Красное превосходное» және «Золотое превосходное» сорттарының қалыптасуына негіз болды».
Корнелл университетінің алма дақылдары жөніндегі сарапшысы, АҚШ-тағы алма бойынша ғылыми білімнің негізгі орталығының өкілі Герберт Олдвинклдің айтуынша, Қазақстанның жабайы алма ормандары – жаһандық маңызы бар бірегей табиғи генетикалық қор. Қазақстандағы жабайы (табиғи) алма ағаштарының басты құндылығы – олардың ауруларға жоғары төзімділігінде.
Академик А.Д. Жаңғалиев пен оның зертханасы қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері Қазақстан Республикасының патенттерімен және авторлық куәліктерімен расталып, құқықтық тұрғыдан қорғалды. Осындай қорғау құжаттары Сиверс алмасының 27 сорт-клонына және жабайы өріктің 16 сорт-клонына берілді (авторлары: А.Ж. Жаңғалиев, Т.Н. Салова, Р.М. Төреханова). Ең құнды формаларды сақтау және көбейту мақсатында академиктің бастамасымен әрі тікелей жетекшілігімен Есік қаласындағы «Орман питомнигі» АҚ базасында арнайы тұқымбақ құрылды. Ол екі бөлімнен тұрды: аналық-тұқымдық бөлім және аналық-қалемшелік бөлім.
Француз биологі Катрин Пэйкс Аймақ Жаңғалиев пен оның зертханасы әріптестерінің ғылыми қызметін заманауи құжаттық және мұрағаттық материалдар негізінде жан-жақты зерттеп, оны «Алманың шығу тегі» атты деректі фильмінде әсерлі түрде көрсетті. Фильмде көрнекті қазақстандық ғалымның ғылыми өмір жолындағы негізгі кезеңдер ерекше атап өтілген. Атап айтқанда, оның Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қ.И. Сәтбаевтың тұсында Академияның Биология ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы қызметін атқаруы; 1969 жылы КСРО Ғылым академиясының Ботаника институтында (Ленинград қаласы) докторлық диссертациясын қорғауы; 1977 жылы «Қазақстанның жабайы алмасы» атты монографиясының жарық көруі және оның 2003 жылы АҚШ-та ағылшын тілінде қайта басылып шығуы; сондай-ақ алыс шетелдердің ғалымдарымен белсенді ғылыми ынтымақтастық орнатуы кеңінен баяндалған.
Қазақстандық ғалымдар бұл деректі фильмді үлкен қызығушылықпен тамашалады. Үш жылдық қажырлы еңбектің нәтижесінде дүниеге келген туынды академик Аймақ Жаңғалиевтің Жетісу өңірінің жабайы алма ормандарын сақтауға арналған көпжылдық жанқиярлық ғылыми қызметін баяндайды. Фильмнің авторы Катрин Пэйкс бұл еңбегін мүмкіндігінше тезірек аяқтауға асықты. Оның басты арманы – сол кезде жасы 96-ға келген ғалымның өз өмірі мен ғылыми жолы туралы түсірілген фильмді көзі тірісінде көруі еді. Өкінішке қарай, Аймақ Жаңғалиев фильмнің тек жекелеген үзінділерін ғана көріп үлгерді. Ол 2009 жылғы 21 маусымда дүниеден озды. Осылайша, деректі фильм көрнекті ғалым, әрі өз Отанының шынайы патриотының жарқын рухына тағзым ретінде түсірілген естелік туындыға айналды.
Аймақ Жаңғалиевтің терең білімі, ерекше шығармашылық және ұйымдастырушылық қабілеті, сарқылмас қайрат-жігері, белсенді азаматтық ұстанымы мен табандылығы оған әлемдік деңгейдегі көрнекті ғалым әрі Қазақстан Республикасының ардақты азаматы ретінде зор бедел мен терең құрмет әкелді.
Дереккөз: Академик Аймақ Жанғалиұлы Жанғалиевтің туғанына 113 жыл толуына арналған «Жетісу өңірінің тарихи-мәдени және табиғи мұрасы контексіндегі Сиверс алмасы: алып бірегей ағаштың тарихи-биологиялық құндылығы және оған «Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік» мәртебесін берудің ғылыми негіздері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. /Құрастырғандар: Андас Қ., Нұрғожанова Ж. С. /. Талдықорған: «Travel» баспа үйі, 2026. – 150 б. ISBN 978-601-12-9452-2
Информационное агентство «Q-Andas».
(Продолжение следует…)











