Әлқисса
1989–1990 жылдары мен Іле бірінші педагогикалық училищесінде білім алып жүрген едім. Бұл кезең Қытай қазақтарының рухани өмірінде ерекше із қалдырған жылдардың бірі болды. Дәл сол уақытта қазақ халқының ғасырлар бойы ауыздан ауызға тараған фольклорлық мұраларын жинау, зерттеу және кітап етіп басып шығару жұмыстары кең көлемде қолға алынды.
Халық жадында сақталған қисса-дастандарды, өлең-жырларды, аңыз-ертегілерді, мақал-мәтелдерді қағазға түсіру мақсатында арнайы зерттеу тобы құрылды. Қазіргі Күнес ауданындағы сол кездегі партия мектебі деп аталған ғимараттан кеңсе ашылып, мұнда күндіз-түні тынымсыз жұмыс жүргізілді. Ел арасындағы көнекөз қариялардың, ақын-жыршылардың, шежірешілер мен әңгімешілердің аузынан жеткен асыл мұралар жиналып, сұрыпталып, ғылыми және әдеби тұрғыдан жүйеленді.
Күнес ауданының халық ауыз әдебиеті топтамаларын дайындаған редакция құрамында Андас Омарақын, Мұқаметбай Байжігітов, Әлімбек Жәмалиұлы, Дәуітбек Тұрысбекұлы, Мұқаметкәрім Әбдіқадыр, Нүрәлім Тұрдыбекұлы, Уәлибек Ахметұлы, Әнуәрбек Жәукеев секілді жұртқа танымал қаламгерлер, тарихшылар мен шежірешілер еңбек етті. Олардың әрқайсысы халықтың рухани қазынасын жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында үлкен жауапкершілікпен қызмет атқарды.
Осындай рухани қолдау мен қажырлы еңбектің нәтижесінде төрт томнан тұратын құнды мұра жарық көрді. Олар:
«Күнес ауданының қисса-дастандары»;
«Күнес ауданының өлең-жырлары»;
«Күнес ауданының аңыз-ертегілері»;
«Күнес ауданының мақал-мәтелдері».




Бұл кітаптар – бір ғана өңірдің әдеби мұрасы емес, тұтас қазақ халқының рухани жадынан сыр шертетін бағалы дүниелер. Әрбір дастан мен өлеңде, әрбір аңыз бен мақал-мәтелде халықтың дүниетанымы, салт-дәстүрі, тарихи тағдыры, қуанышы мен қайғысы, өмірлік тәжірибесі сақталған.
Алайда аталған еңбектер өз уақытында Қытайда төте жазумен жарық көргендіктен, бүгінгі кирилл қарпін қолданатын оқырмандарға кеңінен таныла қойған жоқ. Оның үстіне, кітаптарға енген мұралардың басым бөлігі тікелей ел аузынан жиналғанымен, әлі күнге дейін ғылыми айналымға толық түспей келеді. Бір ғана Күнес өңірінде сақталған осындай бай рухани қазынаның зерттеушілер мен қалың оқырманға беймәлім қалуы – ортақ мәдениетіміз үшін орны толмас олқылық.
Сондықтан біз осы құнды дүниелерді төте жазудан кирилл қарпіне түсіріп, бүгінгі оқырманға ұсынуды жөн көрдік. Бұл – тек жазуды ауыстыру немесе ескі кітаптарды қайта жариялау жұмысы ғана емес. Бұл – өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын рухани көпір салу, бабалар аманатын жаңа буынға жеткізу, ұрпақ жадын жаңғырту жолындағы маңызды қадам.
Осы төрт томдық мұраны жинау, жүйелеу және жарыққа шығару ісінде айтыскер әрі жазба ақын, тарихшы, зерттеуші Андас Омарақынның еңбегі ерекше болғаны анық. Мен мұны сол студенттік жылдарымда редакция жұмысына араласып, атқарылған істерді өз көзіммен көргендіктен жақсы білемін. Оның халық арасынан жеткен әрбір жыр жолына, әрбір аңызға, әрбір тарихи дерекке үлкен жауапкершілікпен қарағаны жадымда сақталып қалды.
Андас Омарақын үшін халық мұрасын жинау жай ғана шығармашылық жұмыс емес еді. Бұл – өткенге тағзым, ел тарихына адалдық және болашақ ұрпақ алдындағы азаматтық борыш болатын. Ол жинақтаған дүниелер арқылы талай ақынның жыры, талай қарияның әңгімесі, талай буынның өмір тәжірибесі ұмытылудан сақталып қалды.
Енді сол жылдары жиналған асыл мұраларды сайтымызда «Андас Омарақын ізімен» атты арнайы айдар арқылы кезең-кезеңімен жариялауды жоспарлап отырмыз. Айдар аясында төрт томға енген қисса-дастандар, өлең-жырлар, аңыз-ертегілер мен мақал-мәтелдер кирилл қарпінде оқырман назарына ұсынылады.
Бұл бастаманың тағылымдық мәні зор. Өйткені ұрпақ сабақтастығы тек атадан балаға жалғасқан туыстық байланыспен өлшенбейді. Ол – рухани мұраны тану, өткен буынның еңбегін бағалау және сол аманатты келешекке жеткізу арқылы қалыптасады. Бір кезде аға буын ел ішіндегі мұраларды жинап, қағазға түсірсе, бүгінгі ұрпақтың міндеті – сол қазынаны жаңа технологиялардың көмегімен кеңінен тарату.
Кезінде төте жазумен басылған кітаптар енді кирилл қарпімен қайта жаңғырып, жаңа оқырманымен қауышпақ. Бұл – өткеннің үнін бүгінге жеткізіп, бүгінгі ұрпақтың қолымен болашаққа жолдау деген сөз.
«Андас Омарақын ізімен» айдары халық мұрасын насихаттайтын ғана емес, жас ұрпақты ел тарихын тануға, ана тілін құрметтеуге, ұлттық руханиятты бағалауға үндейтін тағылымды жоба болмақ. Көпшілікке өнеге болып, ұмыт қалған асыл қазыналардың қайта оралуына жол ашсын!
Қайрандаған кит
(Күнес ауданының қисса-дастандары)

Іленің Күнес деген алқабында,
Көл болған қу ойнаған шалқарында.
Бір аңыз ертедеден қалған екен,
Бірнеше фактілері байқалуда.
Көл дейді бұрын шалқар Күнес басы,
Суменен жасырылған таудың басы.
Жауырдан бір көлденең тау болыпты,
Бөгелген Боғас таумен екі арасы.
Жонынан асқар таудың көріп қалық,
Мән-жайын ұғыныпты, біліп анық.
Қаз қонып, үйрек ұшып сұңқылдаған,
Ерекше жасайды екен жайынбауық.
Батысы – көлденең тау Қасқабұлақ,
Секіріп тастан-тасқа жатқан құлап.
Аңыз боп ел аузында қалған екен,
Кезінен хандық дәуір бұрынырақ.
Сол кезде Іле алқабы – қалың орман,
Әртүрлі жыртқыш аңдар лықа толған.
Көк қамыр Борбосынды мекендеген,
Бастаған бір топбасы халық болған.
Бағынған топбасыға онда халық,
Өткені топтық қауым – жалпыға анық.
Топбасы қолын бастап, аң қуалап,
Жер-жерді кезеді екен түгел шалып.
Ол өзі озбыр екен жаннан асқан,
Секілді көлде уызын, зәрін шашқан.
Бейнебір қорқау қасқыр сияқтанып,
Жалақтап, жан-жағына аузын ашқан.
Дейді екен топбасының атын Ахан,
Талайдың елін тонап, малын шапқан.
Сығанайды «өзім асқан мықтымын» деп,
1500 сотбасы бар бұнда баққан.
Жеті әйел алған екен бұлап-талап,
Ешкім тең келе алмапты оған қарап.
Нәсірдің бір қызы бар осы топта,
«Алам» деп, ұғалдыққа жүрген балап.
Ол қыздың аты – Күләш, туған ерек,
Қиылған қас пен көзі, ықылас зерек.
Бұралған тал-жібектей әм нұр жүзі,
Талай жын үміттеніп жүрді ентелеп.
Түрленген тоты құстай Күләш бала,
Жасынан сөзге тақ-тақ туған бала.
Нәсірде ұл болмаған, екі қыз бар,
Балаған ұл орнына ол бишара.
Бір қарт бар осы топта Асан деген,
Көңілдес, дос-жар адам Нәсірменен.
Онан да Мәлік атты жалғыз ұл бар,
Аялап, үйіріліп, мәпелеген.
Күләшпен жасы құрдас, бір жыл туған,
Жан еді жаралғандай ұлдан, нұрдан.
Бұлардың ата-анасы қуаныш қып,
Ақ-алал жұпты етуге көңіл бұрған.
Ақырып озбыр Ахан арыстандай:
«Көнбесең, түсірем» деп «төбеңнен жай».
Түйіп ол беттің арын белбеуіне,
Күләшті «алам» депті намыстанбай.
Нәсірмен жасы деңгей, бірге өскен,
Жолдас боп, бір қазанның дәмін жескен.
Нәсірді шақырып алды, қысымдады,
Ол жауыз қараң етіп, ардан кешкен.
Нәсір айтты: «Күш қылма маған, – деді, –
Жан жолдас болған ем ғой саған, – деді. –
Ырайыңнан қайт, бұзба ниетіңді,
Күләш та, білсең, сенің балаң», – деді.
Ашуға мінді Ахан, дәті берік,
Болған соң күші басым, өзінде ерек.
Нәсірді сөзге келмей байлаптырып,
Төстіктей оны асып қойды теріп.
Жеке өзі жалғыз билеп тұрған елін,
Бастауға бір сұмдықты буды белін.
«Күләшті ұстап, байлап әкел» деді,
Атарман бұйырды төрт жендетіне.
Нәсірмен көрші отырған Асан сонда,
Мәлік те сыбыс естіп жүрген олда.
Төрт жендет ыдыраңдап келді жетіп,
Күләшті әкетуге осы жолда.
Жауыздар рақымсыз, қанға жерік,
Ұстады қыз Күләшті, қоймай елікті.
Жабылып шырылдатып байлаған соң,
Қолынан қызды күшпен алды жұлып.
«Қақтың ба сендер қызға зорлық қылып?» –
Дегенде ыдырақпай өңкей сұмдар,
Қамшымен жосықтады Мәлік тұрып.
Ереді күші басым Мәлік мақты,
Талайды егізгенде жерге тықты.
Тұщы етке ащы таяқ тигеннен соң,
Үшеуін бір-бір салып ұрып жықты.
Біреуі ат ұстаған кетті қашып,
Тұздырды Мәлік батыр қайрат асып.
Қорыққан тұрымтайдан шымшықтай боп,
Аханның кете жаздады өзін басып.
«Сізге жоқ қолымызды…» – деп апарғаны,
Жағдайды Аханға келіп баяндады:
«Күләшті ұстап, байлап алған кезде,
Асанұлы Мәлік келіп тартып алды».
Бар еді осы ауылда Асан дағы,
Аханның уысында қашандағы.
Тү түбі басқа пәле сезсе дағы,
Көрнеу көз алдынан қаша алмады.
Жазықсыз Асанды да алды байлап,
Жіберді сегіз кісі тағы сайлап.
Бурадай Ахан халым тұр шабынып,
«Мәлікті қызбен қосып кел» деп айдап.
Мәлік, Нәсір, Асанды болды жоймақ,
Мәлік те әзірленді әдіс ойлап.
«Жаным пида, – деді ол, – намыс үшін»,
Шоқпарын, азық-түлік алды сайлап.
Сегізі жетіп келді ыдыраңдап,
Желбіреп анаулары шадыраңдап.
Тасаланып тұруға Мәлік, Күләш,
Екеуі екі жақсы атын таңдап.
Ақырындап әлгі сегіз келді жосып,
Қыз Күләш оны көргенде қалды шошып.
Ауылдан енді аттанып шыға бере,
Жендеттер қамалады алдын тосып.
Ер Мәлік сегізімен араласты,
Қамады қалың дұшпан екі жасты.
Біріне-бірін соғып түсіргенде,
Шыдамай жендеттердің бәрі састы.
Екі рет жауды еңсерді қайрат асып,
Аханға тісін қайрап келді тасып.
Тапқанша халық хабар тасалауға,
Тау беттеп Күләш, Мәлік кетті қашып.
Туысынан Ақтөбектің тастан өтіп,
Ішіне ну орманның алды беттеп.
Қуып кеп таба алмай Ахан залым,
Із-тозын шығара алмай қалды кетіп.
Жер соғып таппаған соң ыза кернеп,
Шапса да өз еліне аты терлеп.
Нәсірді Асанменен өлтіруге,
Жендетке қылды бұйрық қолын сермеп.
Өлтіртті Нәсір, Асан басын алып,
Түңілді лағынат айтып оған халық.
Екеуінің әйелін бір қызымен,
Жендеттер айдап келді тағы барып.
Қатыгез болды жаудың қимылдары,
Аханның арам ниет, пиғылдары.
Нәсірді Асанменен өлтірген соң,
Тағы да қалғандарын қырғындады.
Күйзелді ел, күңіренді қарғыс айтып,
Тұтқиыл қарсы шықсын оған қайтып?!
Шалғайда елдің көбі ыдыраңқы,
Көргендер көрмегенге барды айтып.
Ертесі естіген ел түгел барып,
Жерлеуге дайындалды өлікті алып.
«Аханмен айқасалық» деп кеңесті,
Сүйікті жерлеп болып көрге салып.
Жамағат бейуас адамды жерлей тұрсын,
Сұмға кегі тасып өрлей тұрсын.
Қабандай күркіреген Ахан сұмрай,
Әзірше есе-теңдік бермей тұрсын.
Өрескел озбыр Ахан жата тұрсын,
Мейлінше қан қарызға бата тұрсын.
Мәлікпенен қыз Күләш не болды екен,
Соны айтып, қандыралық құлақ құршын.
Бар екен алаңқыда қос қарағай,
Басы озық басқа ағаштан мұнарадай.
Бұтағы бітік біткен дөңгеленіп,
Кәдімгі үй секілді бойы асай.
Кең түбек, жайлау аумағы бар,
Сылдырап мөлдір бұлақ аққан сулар.
Жеріндей бұрын таныс көріп жүрген,
Орнығып, дамып алды келіп бұлар.
Ну орманы басын иіп: «Қос батыр!» – деп,
Былшырын жеміс ағаш төгіп, жидек.
Бұлбұл құс әсем әнге мың құбылтып,
Алуан гүл биге басып тұр ырқылдап.
Жайнаған аспан ашық,
«Келдің» деп «құт мекенге екі ғашық».
Жайдары жаздың салқын самал желі,
Тұрғандай құштарлықпен шашын шашып.
От жағып тамақтанды демін алып,
Табиғат суретіне қайран қалып.
Қайтты деп Ахан жауыз ата-ананы,
Кектеніп отырды олар кейде налып.
Осылай отырғанда сылдыр шығып,
Сескенді алғашында олар бұғып.
Арбаңдап бір дәу адам келе жатыр,
Сақтанып, шоқпар алып тұрды бұғып.
Бұғынған ол екеуін абайламай,
Келетін: «Жан қайда, – деп, – өзіме сай?
Билеген жапан түзді Тау батырының
Ашуы – тұман, айбаты – найзағай!»
«Шеніме келе ала ма менің адам?!
Төгізем көрсем оған ақыр заман.
Су батыр інім – аты көл иесі,
Ешбір күш тең келе ме болсақ аман?!»
Келді ол жақын таман ілгерілеп,
«Құралдар үш адамдық өзімде тек», –
Деді де алты құлаш айбалтасын
Таянып, мықынына тұрды тіреп.
Ер Мәлік қайраттанды көріп оны,
Ашу бар көкірегінде, кегі толы.
«Тәуекел!» – деп шоқпармен ұрғанында,
Тізесінің көзіне жетті қолы.
Жапанда дию-дәулер жүреді екен,
Мәлік те одан хабар біледі екен:
Адамзат бұрын көріп ұрса оны,
Тамсана ұрған нәрсе тиеді екен.
Тау батыр кідірмеген күшін аяп,
Орманнан тұр оларды көре алмай-ақ.
Сезеді екен диюлар адамзаттан,
Жыланша жиырылатын тисе таяқ.
Деді дәу: «Адамзаттың тисе қолы,
Егер біз бұрын көрмей тұрсақ оны,
Әдет боп атамыздан қалған бізге…» –
Деп барып, халық сырын айтты соны.
Серейіп құлап түсті бәйтеректей,
Бұрғанда басқа бұруға қолы жетпей:
«Мерт болдым қапылыста абайламай,
Су батыр дамыл алмас көп уақыт өтпей.
Тірі жүрсем, шырағым тұрған жанып,
Өлсем өшер, ініме дәл байқалып.
Шырақ өшіп білген соң өлгенімді,
Іздейді ол суды сүзіп, тауды ақталып…»
Жанары – көз нұрының жатыр жанбай,
Келіп тұр ата-бабам шақырғандай:
«Сұмбаулы, жан алғышым жаралыпсың,
Шоқпарың ажал оқ боп атылғандай.
Ажалға жан болар ма айтатын жал?!
Сөзіме сен де менің құлағың сал.
Мөлшері тағдыр жазған, ұмсынбаған,
Бір жанымды қинама, басымды ал!»
Деп қылыш, тастап берді айбалтасын,
Мәлік те тез қимылдап кесті басын.
Қылыш, балта – бәрі де соғыстағы,
Олжа алды найза, сауыт, шар айнасын.
Дәулердің Тамшыбастау жолы болған,
Бұл жерге кейде аялдап, кейде қонған.
Жартасқа дәудің басын Мәлік іліп,
Атанып «Бас ілінген» деп сұрау қылған.
Үйірілді қараңғылық күн де батып,
Демалды Күләш, Мәлік біраз жатып.
Аттары үркіп, бір кезде жер дүрілдеп,
Ағашты келді бір зат сатырлатып.
Қып-қызыл екі көзі оттай жанған,
Күркіреп шыға келді ну орманнан.
Қараса – жер сабалап бір жолбарыс,
Сескеніп, кідіріп тұр жанған оттан.
Томарды айқастырып, қоршау салып,
Жыртқышқа абай болсын деп ойға алып.
Қозданып қурап жатқан қайың томар,
Алаңды жарық қылып тұрған жанып.
Қолға алды дәудің Мәлік айбалтасын,
Паналап қарағайдың бір қалқасын.
Тесіліп отқа қарап ол тұрғанда,
Көрінбей бір жағынан шапты басын.
Мыршыды балта тиіп әлгі барыс,
Секіріп әудем жерге түсті алыс.
Шаншылған балта кетті шықпай бірге,
Өздері аман қалды ниеті қалыс.
Ертесі көрсе қалған барыс өліп,
Терісін батыр Мәлік сойды әкеліп.
Күндіз ұйықтап, түнінде күзет қылған,
Төрт қонды өздеріне болып берік.
Мәліктей оған батыр құралданып,
Жайынша бұған шыдап тұрар ма анық?!
Өлтірсе ата-анасын жауыздықпен,
Аханнан қанды кегін сұрар анық.
Қайтуға енді бұлар ниет қылсын,
Елімен тілдесуге бетін бұрсын.
Қалған жұрт не болды екен, соны айталық,
Ауылға екі батыр жүре тұрсын.
Бөлініп елдің іші екі топқа,
Жатыпты егес болып олар жоқта.
Жазықсыз өлгендердің кегін жоқтап,
«Түсуден қайтпаймыз» деп жанған отқа.
Бір топқа бас болыпты Қалмен деген,
Тату-дос Нәсір және Асанменен.
Аханға қаһарланып қарсы тұрып,
Айтыпты: «Жауызсың, – деп, – адам жеген!»
Бөлініп Ахан тобы кеткен қашып,
Мойнына батпақтығын қорқыныш басып.
Мәлікті Күләшпенен іздейміз деп,
Кеңеске қалың тобы ақылдасып.
Ауылға Мәлік, Күләш қайтып барып,
Айырылған ата-анадан жетімдерге,
Көрісті қойдай шулап барлық халық.
Жалпыға Қалмен тұрып деді былай:
«Ізделік қашқындарды құры тұрмай.
Қанды кек жүректігі қайсы кешіп,
Талқандап, Ахан тойын типыл қылмай?!»
Адамдар аттанды Аханды іздеп тұс-тұс жақтан,
Із жатыр шұбырынды Іле жақта.
Кетіпті із жаңылыс, залым Ахан,
Шығысқа қашқан ізі кетіпті өрлеп.
Өкшелей қуды бұлар ашу кернеп,
Басына үлкен бұлақ тұйықтапты,
Күнгейлеп Абыралы тауын керлеп.
Іркілмей қолын бастап Қастан өтіп,
Қашқынды Қалмен, Мәлік қуып жетіп.
Аханды тірі ұстап, байлап алып,
Шалды мұны ата-анаға құрбан етіп.
Аханға ерген жанның бәрі бос қырылды,
Зорлықпен ілескендер текке тұрды.
Жеткізбей жарым айға жан алғышты,
Ер Мәлік кегін алып, аузын ұрды.
Күйзелген, қашып жүріп ашып-арыған,
Көшіріп елді қосты елге апарып.
Кетпеді Тау батырдың сөзіне еріп,
Мәлік жүр бір мақсатты ойына алып.
«Тау батыр інім бар» деп айтқан өзі,
Есінен қалай шықсын інінің сөзі?!
«Кез келсем оған дағы», – деп ойлайды,
Бір жерде тұйықсызда келсе кезі.
Бүйткені дәулер тауда – жабайылар,
Су батыр іздеп келсе, қалай қылар?!
Көрінбей бұрын ұрысса, жығылады,
Үйренген Тау батырдан сабағы бар.
Айтпады жан пендеге ішкі сырын,
Ұқпаған дәулер жөнін ешкім бұрын.
Келеді Тоспа тауда бетке алып,
Айтпады барар жерін, іздің түрін.
Іріктеп елу адам нөкер алды,
Ешкімге сездірмеді ойда барды.
Күләшқа жөнін айтып, үйге тастап,
Іздеуге Су батырды дайындалды.
«Көрсет» деп саяхаттап, тауды аралап,
Құпия Мәлікте бар үлкен талап.
Шығуға Көлденеңнің жотасына,
Келді қолын бастап, әдейі қалап.
Тік аққан батысынан Қасқабұлақ,
Күмістей сағымданып жатыр құлап.
Аспаннан жұбатылған мекендесіп,
Бірінен келе жатыр бірі сұрап.
Мәлік айтты: «Мұнау бір көлденең тау,
Бәрі бар, не керемет ерді сынау!
Одан ассаң, ар жағы – бір айдың көл,
Секілді көл тұмсығы бұлақты нау».
Жол жатыр жалғыз аяқ тауды өрлеп,
Бұлар да осы жолмен келеді өрлеп.
Үш қылыштай келетін аяқ ізін
Нұсқайды бір-біріне: «Міне, көр!» – деп.
Денесін Тау батырдың көрген Мәлік,
Өлшеген өлтіргенде аршын салып.
Өз көзімен кешірген Мәлікке аян,
Көрмеген қайдан білсін оның қылығын.
Айқын боп құмға түскен із жүктеліп,
Ұйлығып елу адам түйдектеліп,
Ұстасып жағаларын таңырқаумен,
Кейбірінің өңі қашты, күлбеттеніп.
Оларға үрейленген Мәлік күліп,
«Осының қайтамыз, – деп, – жөнін көріп».
Сиыр тұстап қаруларын, қайрат қысып,
Алдыға ілгерілеп кетті жүріп.
Таңқалып елу адам дабырласып,
Тездетті аттарына қамшы басып.
Алдыға айғай салып Мәлік озып,
Бір үлкен тас мойнақтан түседі асып.
Көрді ол Су батырды ұйықтап жатқан,
Оянса күш бермес бұл, Тәңір атқан!
Қылышпен басын кесіп алайын деп,
Сескенбей Мәлік батыр түседі аттан.
Су батыр ұйқысынан кетті шошып,
Тигендей найза, қылыш етін осып.
Дүрілдеп тас мойнақтан елу адам,
Төгіліп келе жатыр, еңіс жосып.
Су батыр басын жерден жұлып алды,
Тау жаққа, дүбір шыққан, көзін салды.
Орнынан ұшып тұрып кетіп еді,
100 құлаш Мәлік алыс жерде қалды.
Шырағы қалған өшіп Тау батырдың,
Ойлаған: «Не болды екен, өлтірді кім?!»
Табам деп бір тірегін, жатқан ұйықтап,
Аралап болдырған соң жердің жүзін.
Жүгірді Мәлік оған тура ұмтылып,
Қылышын сермегенде кеткен тұрып.
«Барма!» – деп шуылдады елу адам:
«Ол сені жоқ қылады бірақ ұрып!»
Тоқтамай Мәлік кетті зыр жүгіріп,
Деп ойлап: «Қоймасын дәу мені біліп».
Қолына томпайдай тас ала салып,
Жерінен қарым жетер қалады ұрып.
Дәу көрді Мәлікті де қасындағы,
Құралы – қорғаны Тау батырдың асыл ғана.
Қаруын ағасының таныған соң,
Дірілі денесінің басылмады.
Дәу сасып Тоспа тауға кетті қашып,
Біреуі күш көрсеткендей жағаласып.
Мекені Көлденең тау үстінде екен,
Үңгірге кіріп кетті, қыраттан асып.
Керемет үңгір екен іні секілді,
Кеткен соң соған кіріп, бұлар білді.
Жиылып елу адам түгел келіп,
Ойланып, әдіс қарап біраз жүрді.
Бір бөлігі: «Кетелік, тесіп жатыр,
Шықса дәу, құртады, – деп, – бізді тақыр».
«Емес, – деп, – дәу болғанымен қорқынышты»,
Оларға жігер берді Мәлік батыр.
Ін кеткен еңіс төмен сүйірленіп,
Ер Мәлік: «Көрем, – деді, – бұған еніп».
Беліне арқан байлап, қылыш алып,
Ол арқан жеткен жерге көрді кіріп.
Кеңесті нөкерлері тыста тұрып,
Мәлікті жібермеске ниет қылып:
«Егер жетіп соқтықса оған барып,
Дәу келіп тастайды, – деп, – бізді қырып».
Арқанды қалың адам алды тартып,
Айқайлап: «Енді бері кел! – деп, – қайтып!
Өлесің, қайран Мәлік!» – деді шулап,
Жүректен жаны ашып, сөздер айтып.
Олар айтты: «Пәлеге жолықпалық,
Қайтесің пәлені іздеп, оған барып?!
Құйрығын жатқан жылан басқандай боп,
Жүрмелік шын пәлеге сонда қалып».
Келгенде қорғап қашып қыз Күләшті,
Жыртқыштар қамағанын екі жасты,
Айқасып Тау батырмен осы жолы,
Жартасқа енді айтады ілген басты.
Баяндап әңгіменің айтты бәрін,
Тау батыр мен жолбарыс ахуалын.
Үңгірін Су батырдың бекітуге
Тасытты таудың жақпар дәу тастарын.
Құлатты толып жатқан үлкен тасты,
Су батыр салдырды естіп тіпті састы.
Тырмалап үңгір түбін, жұдырықтап,
Қайтпады, барған сайын арқа ашты.
Күңірентіп құлатқан тас кетіп жатыр,
Жайдаққа әлдеқандай жетіп жатыр.
«Толғанша үңгір аузы тастаймыз» деп,
Толассыз тасты тасытты Мәлік батыр.
Су батыр қайтар емес есік жаққа,
Қашқан жау келу қайда ынтымаққа?!
Көзінен Қасқабұлақтың қайнап жатқан,
Жотаға жарып шықты бір уақытта.
Су батыр шыға келіп тауды жарып,
Абайлап Мәлік сезіп қалды барып.
Жоғары белбуардан көрінгенде,
Балтамен маңдайына келді салып.
Қашқан жау келуі қайда ынтымаққа?!
Ақтарды балта тиіп миын бірақ.
Таба алмай қашқан дәу тоқтаулырақ,
Жығылған төбесі шіріп қарағайдай,
Созылып, сүйретіліп жатыр сұлап.
Атылды көлде толқып тұрған толық,
Толқыны қатты қабат таудай болып.
Су батыр шыққан жерден опырылып,
Тоспа тауды кетіпті орып.
Атылған көпке шашып су тасқыны,
Шошыды елу адам оны көріп.
Нөкерін бастап Мәлік шықты жолға,
Бетке алып Боғас тауы – Көкшоқыны.
Су орып Тоспа тауды түп-орнымен,
Сарқылды шалқар көлде қалмай нәрін.
«Күнес» деп бұл алқапқа ат қойылып,
Тек-тентек мөлдіреген ақты өзен.
Бұл көлде жасаушы еді бір дәу балық,
Шарықтап, еркін жүзіп, сайран салып.
Басқасы тасқын сумен кеткен екен,
Қалыпты Қиыққұмға қайрандалып.
Сол киіт (кит) Аралтөбе – қайраңдаған,
Деп халық аңыз қылып кеткен сонан.
Қанатты құйрығында бөлек төбе,
Дейді екен денесінен бөлек қылған.
Көшіріп алтын көде, құммен жауып,
Айыққан бұл алқапта қалмай қауіп.
Шұрайлы, шөбі шүйгін жерге айналып,
Қазақ кеп мекендепті оны тауып.
Бітірген қанат беріп өлеңге екпін,
Баяндап бір аңызды айтып өттім.
Кетпесін құрғақ сөзбен жырға айналып,
Жарасын керегіне қалың көптің.
Жырлаған: Дәулетқан Қораласұлы (1913 жылы Күнес ауданының Кеңсу ауылында туған, 1984 жылы сол жерде қайтыс болған. Сауатты халық ақыны).
Жазып берген: Бағдаулет Дәулетқанұлы (1955 жылы туған. Күнес ауданы, Кеңсу, Қарасу мектебінің оқытушысы).
Дереккөз : «Күнес ауданының қиса-дастандары». 1991 жыл. Ішкі таралым. Іле халық баспасы.
Жалғасы бар…..











