АНДАС, АЙША:
Ойлаған ел мұратын, халық қамын,
Жаңа өмір сенен мүлде жалықпадым.
Бойыма қуат алып, жырға шабыт,
Өлеңнің өлкесінде қалықтадым.
Бүгінгі нұрлы өмірге жеттік әйтеуір,
Лақтырып өткен өмір салықтарын.
Көрдіңдер азаттықтың атқан таңын,
Жас-кәрі, үлкен-кіші барлықтарың.
Ойыңнан шығып кетті кеше күнгі,
Ішер ас, киер киімнен тарыққаның.
Сондықтан бас пайданы алға қоймай,
Бірінші ойлау керек халық қамын.
Жастарға үлгі, өнеге беру керек,
Еркіндік, еркеліктің жағып шамын.
Сезінсін жал басында жүрген қазақ,
Қытымыр азап-мұңнан айыққаның.
Жаңа өмір, жаңа заман бағыт нұсқап,
Талықпай жырмен биік шарықтадым.
Сіз бізді қырағы етіп өсірдіңіз,
Сондықтан доспен жауды парықтадым.
Қараңғыдан көңілі қалған жұрттың,
Құштар болып келеді жарыққа мың.
Ендеше, біз айтайық жаңа өмірдің,
Жақсылық, табысының жайып бәрін.
Езгі көрген елімнің зұлымдықтан,
Жырлайық мәңгі бақи айыққанын.
АНДАС:
Әнің туып әріптес тың дарыннан,
Астың биік Талдының шыңдарынан.
Әйел заты болсаң да тірлігіңде,
Өттің нелер күрестің сындарынан.
Табиғатты игердік еңбекпенен,
Май тулады Жоңғардың құмдарынан.
Мал мыңғырып, дән өсіп бұл даладан,
Ырыс ақты ойменен қырларымнан.
АЙША:
Біз келеміз әріптес қадам тастап,
Жаңа заман тұрған соң алға бастап.
Табиғатты жеңуде үлгі болып,
Қиындықтан көрмедім тайғанақтап.
Еңбекші елім бақытты алып берді,
Шұғылалы тарихымды жазып берді.
Күрес жолы серпілтіп жанымызды,
Таусылмас рұхани азық берді.
АНДАС:
Көсемдердің нұсқауы қолымда тұр,
Болашаққа көрсеткен орынды ақыл.
Олардың адамзаттың қоғамына,
Қосқан ізгі үлесі толып жатыр.
Оқысаңыз көзден жас төгіледі,
Ұялатып зор сенім бойыңа кіл.
Айтқан сөзі бүгінде ақиқат боп,
Айтқандары ап-анақ болып жатыр.
Кешегі есіктегі құл мен күңдер,
Бүгін, міне, жеңістің жолында жүр.
Көш өте алмас құз-қия, бел-белесте,
Жарқыраған асфальт жолым жатыр.
Басымнан бір кездері ұшқан бақыт,
Бүгін, міне, қайтадан қонып жатыр.
АЙША:
Андеге, айта берсең қуаныш көп,
Көңілге қонақтайды жұбаныш боп.
Өткен күн меніңдағы ойымда бар,
Қашан айтыс жасап ек қуанып кеп.
Тіршілікке керектің бәрі дайын,
Қуат алсақ болды содан нәр алып тек.
Кедейдің өткендегі күні құрсын,
Ақымызды байлардан ала алыппа ек.
Жоқ сонша жолы ашылмас пендеміз бе?
Керегі жоқ қоқыстан жаралып па ек.
АНДАС:
Айшажан, базынаңды сезіп тұрмын,
Өзіңді дәл кезінде кезіктірдім.
Ойда жүрген әдемі сырды қозғап,
Жаңа өмірге жаңаша еліктірдің.
Ендеше сол кезеңдік жайды айтайын,
Бірімін ғой намысты бөріктінің.
Жаныма менің дағы жалдау болып,
Көрген жоқ қу тіршілік беріп тыным.
Ал қазір не істесемде жолым ашық,
Не айтсам да өзімше еріктімін.
Мен айтсам осы жарқын күнді айтамын,
Араластырмай жалғандық шынды айтамын.
Көнелікті көксеумен жүргендер бар,
Бұрынғы майлы жілік қимай тағын.
Алаөкпе, басбұзарда толып жатыр,
Қоймайтын ел арасын шимайлауын.
Санасынан өшпейтін көне сарын,
Қоя алмай жүр кейбіреу угайларын.
Белсенді боп тағы да біреулер жүр,
Дәл басып түсе алмайсың шын-жалғанын.
Көрсеқызар, көре алма» біреулер жүр,
Төңкерістік сезімнің бүр жарғанын.
Ел арасын тоздырып, салқындық сап,
Ерік берген есірген айғайға мың.
Мен ондайға ешқашан ерік бермейм,
Қайта жолын кесемін ондайлардың.
Қарашы айналаға шалқыған күн,
Көтерілді кеудесі жалшылардың.
Егістікте жайқалып көк майсалар,
Көй өргізді мыңғырып малшыларың.
Жалаңаяқ дәрігер адам емдеп,
Көмектесіп келеді жалпыға мың.
Мен өзімдік үлесті қоспақшы боп,
Күні-түні тырбанып алқынамын.
Осы күнге жеткізген басшылармен,
Алғыс айтам мың рет халқыма мың.
АЙША:
Айтып тауыса алмаймын өрліктерді,
Әйелдерге бұл дәуір ерік берді.
Салпаң етек қазақтың қыз-қырқыны,
Ұстаз болып бұл күні көріктенді.
Емханалар салынып әр ауылда,
Ығыстырды дәрігер көріпкелді.
Қолмен соқа сүйреген дәуір өтіп,
Астығыңды техника теріп берді.
Ел басқарар адамды жұрт сайлады,
Қоя салу жоғалды еріккенді.
Алан-ашық жататын ауыл шеті,
Қала болып іргесі беріктелді.
Қанша мақтау айтсаң да тіл жетпейді,
Көпке үлгі ғып осынау көрікті елді.
Әйел жайын айтайын қыз болғасын,
Бір кездері болып ед мұң жолдасым.
Баста ерік жоқ, байлаулы тізгініміз,
Кете бердік сатылып бір қойға шын.
Қатын құмар шонжарлар қызық қуған,
Өмір сүрді өзі үшін, кімді ойласын.
Қисынсыз іс болса да көндік талай,
Басымызға мейлі сор, мұн байласын.
Көне бердің тағдырдың салғаны деп,
Қалай ғана ашымас мұнадайға ішің.
Қазір, міне, бәрі де жаңаланды,
Бастан қиял бақытпен тазаланды.
Әйелді күң, ерді құл деп санайтын,
Соқыр сенім мейлінше жазаланды.
Жалпақ елдің намысын жарға итерген,
Зомекердің жүрегі жараланды.
Төрт түліктің соңында жүрген қыздар,
Оқу іздеп бұл күнде қала барды.
Бұрын ешбір мүмкіндік болмаушы еді,
Алып жүрміз бұл күнде қалағанды.
Емін-еркін осындай бейбіт заман,
Ынтықтырып келеді бар адамды.
АНДАС:
Қашанда жақын менің сырға жаным,
Жалтылдап көз арбайды сырғаларың.
Мен дағы осы күннен жарық алып,
Биікке қолын созған бір баламын.
Төсіне орман орнап, бақ өсірген,
Келбетіне құмартам тың даланың.
Дәл осы күн бұйырған маңдайына,
Зор болар ма шіркін-ай монша бағым.
Шат заман жігеріме жалау беріп,
Аз емес қол жеткізген олжаларым.
Жігітке жеті өнер де аз болады,
Үйрек ұшқан көлге де қаз қонады.
Мұз құрсанған даланың тоңы жібіп,
Көктем өтіп, артынан жаз болады.
Сенің айтқандарыңның бәрін білем,
Байқасам ол айтқаның аз болады.
Қалғанын мен де жалғап жіберейін,
Жақсы ойдың жақсы емес пе маздағаны?
Көне өмір, көне заман, көне тірлік,
Бай келсе барлығымыз өре тұрдық.
Шыбындап отырдық біз басты шұлғып,
Болмаса да маңайда көретін түк.
Аузы қисық болса да бай баласы,
Сөйледі ғой болмаса да өресі түк.
Басымызға тысша да ләп демедік,
Надандықпен жүрсе де құр есіріп.
Ал қазір басымызға бақ орнады,
Орындалды жарлының бар арманы.
Еркін өмір жолына бастық қадам,
Адыра қап қорқыныш санамдағы.
Ғылым, білім меңгердік талықпастан,
Армандармен алысып алып қашқан.
Бұндай бақыт бізге де бұйырмас ед,
Жарқын дәуір болмаса жарық шашқан.
Жарық сәуле болмаса жол бастайтын,
Жадаулықтан әрине айықпас жан.
Ұлы жолдың емес пе жақсылығы,
Жатырмыз ғой сол жайлы жазып дастан.
Төрт құбылам теңеліп бүгін, міне,
Дұрыс бағдар орнады қалыптасқан.
Аққа жарып аузымыз, иін киімге,
Күн кешеміз енді біз тарықпастан.
Сондықтан да борышым елім үшін,
Еңбек ету менің де жалықпастан.
АЙША:
Ағажан, айтқаныңды ұнатамын,
Шықпаған екен сіздің құр атағың.
Мендағы бақыты үшін Отанымның,
Көкейден отты өлең құлатамын.
Ынтымақ, берекеден айрылмайық,
Бәріміз ұрпағымыз бір атаның.
Бағымыз басымыздан таймай мүлде,
Нұр шашып ата берсін құла таңым.
Зомекерді өлеңмен жазалаймын,
Жарлыларды жырыммен уатамын.
Елімде шешек атса бірлік гүлі,
Менің де жайнай түсер қауашағым.
Жол бастар жолбасшы бар алдымызда,
Бақытсыз болмас енді болашағым.
АНДАС:
Қарындас, айтқаныңа қосыламын,
Ендеше, мен несіне тосыламын.
Теңдіктің тұғыры биік бұл дәуірде,
Жауларың сала алмайды бос ылаңын.
Жалынды шабыт берген бұл дәуірдің,
Келемін бәйгесіне қосып әнін.
Ендгі қамал алар бағыт үшін
Береке, татулықты ұсынамын.
Жылт еткен жаңалықты көзім шалса,
Көкейден күй, жырдан шашу ұшырамын.
Алыс кетті қыңырлық енді елімнен,
Нұр-сәуле төгіп жатыр басыма күн.
Осы елдің бақыты үшін туғаннан соң,
Аршындап, алға қадам бас, ұланым.
АНДАС, АЙША:
Аямаймын еш нәрсе ел дегенде,
Қуанамыз бақыты өрлегенде.
Халық айтса, әрине, қалт айтпайды,
Өлі балық жолығар өлмегенге.
Бір кездері тірліктен қиналып ек,
Шат өмірге кез болдық енді, міне.
Бар билік еңбекші елдің қолына өтті,
Ризамын осынау теңдігіме.
Шабыттың отын көсеп, елдің бағын,
Жеткізер орай нағыз келді міне.
Осындай берекеден айырылмайық,
Толығатын табыспен кемдігіңде.
Азаттықтың ақ таңын көргеннен соң,
Адам түгіл жайқалып жер күлуде.
Жақсылыққа қашанда құмар хылық,
Отырған жараспайды қиялданып.
Бір кезде бойда қайрат болса дағы,
Топ жарып, топтан озып шыға алмадық.
Көзге шыққан сүйелдей сүмірейіп,
Өтті талай уақыт сыңар қалып.
Кеудеңіздің жалыны басылған соң,
Батылдықтан айырылып ұяңдадық.
Басымыздан кетпеді қырсық қиял,
Осы күнді талай жан жүрді арман ғып.
Міне, енді сол армандар орындалып,
Болшақ жеңісі үшін ұрандадық.
Ендеше, осы күндер бақыт болсын,
Ортамызға ырыс-құт шалқып толсын.
Бәрімізді желпінтіп жаңа заман,
Көрмеген күн көрген күннен қызық болсын.
1985 жыл Аралтөбеде көшірілді.
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











