ЖҰМАҒАЛИ:
Отаным нұр жамылған білем бүгін,
Қарашы бай далама гүл өнгенін.
Іленің ақын ұлы, Андас жолдас,
Жырлайық байтақ елдің ұлы еңбегін.
АНДАС:
Келіңіз Жүке аға Бердіқаным,
Азаттық бізге бақыт берді таңын.
Қалықтап шат заманды жырға қосшы,
Ашып бір әніңіздің кең құшағын.
ЖҰМАҒАЛИ:
Шарықтап өлең айтып асқақ үнді,
Ауылым гүл жайнаған қызыл тулы.
Тұрғанда Отанымды үш тау басып,
Төңкеріс күн шығыстан күн боп туды.
АНДАС:
Айықтырып аспанның түнергенін,
Көрдік бүгін бақытқа ел кенелгенін.
Жазамыз мыңдап өлең, жүздеп дастан,
Жырға қосып ерлердің ұлы еңбегін.
Күреске үндеп езілген ұлы көпті,
Азаттықтың жеріме гүлін екті.
Елді басқан үш тауды тас-талқан қып,
Ел жасау біздің міндет құдіретті.
ЖҰМАҒАЛИ:
Қуанған еркіндікті халық сүйіп,
Сайратқан жанымызға жалын құйып.
Жеткізген осы нұрлы шат заманға,
Көтеріп төңкерістің туын биік.
Бір жылдары жүрдік қой қиналыста,
Көтеріп батпан жүктің ауырын да.
Бас жарылып, балтыр сыздап не көрмедік,
Күрестің қиян-кескі дауылында.
АНДАС:
Таң күліп, шұғылалы күн ашылды,
Жырласақ қалай шалқып ұнасымды.
Бұл дәуір дарын берді өлең-жырға,
Сондықтан сермеп тұрмын құлашымды.
Шарықтап жеңісімнің тарқалды әні,
Еркіндік өмірімнің шалқар бағы.
Байытып көкейдегі көп ойымды,
Масылдық біржолата талқандалды.
ЖҰМАҒАЛИ:
Мәпелеп, жетілдіріп біздей жасты,
Халықтың күреспенен көзін ашты.
Соғыста жауды өкшелеп сапар шегіп,
Қажымай қайсарлықпен жолды басты.
Өлеңді айтқан кезде ағыламыз,
Өр ұстаз, ұлы көсем еді нағыз.
Төңкеріс халқымыздың бақ жұлдызы,
Еске алып бәріміз де сағынамыз.
АНДАС:
Күн шуағы нұр шашып қырларымда,
Жанды елітіп, жеткізген бұл дарынға.
Құрып құрыш қосынды аталарым,
Жеңіс туын қадаған шыңдарына.
Езілгенге еркіндік нұрын құйып,
Қожалыққа құлдықтан шықтым күліп.
Бізді осылай мәпелеп ақын еткен,
Жаңа өмірдің өресін ұқтым биік.
Елге бақыт жеңісті жылдар келді,
Гүл-гүл жайнап өмірім гүлденді енді.
Халқы үшін күрескен батырлары,
Жорықтарда қан төгіп, құрбан болды.
Кедей елді қолдады алыстағы,
Ата жауын елімнің жаныштады.
Сондықтан да ол батырылар біздің емес,
Шын айтсам дүниенің данышпаны.
Солай келген жеңістің болашағын,
Біздің қолға сеніммен табыстады.
Жау қамалын бұзуға жеті қабат,
Өткір асыл қаруын сай ұстады.
Елі үшін көтеріп ауыр жүкті,
Самұрықтай самғап бір қарыштады.
Бізді бастап жеңіске апарады,
Елімнің дана, айқын бағыттары.
Сондықтан да оларды жырлау парыз,
Ақындардың құйылып шабыттары.
ЖҰМАҒАЛИ:
Айтамын мақтанышпен шаттық әнін,
Жүрекке құйған дәуір отты дарын.
Жеңіспенен сан рет аластады,
Гомендаңның өзімшіл сатқындарын.
Әндерім қашан менің жай шығыпты,
Тасқынды әсем өлең баршылықты.
Әр ұлтты бір кісідей біріктірген,
Жоғалтып арадағы қайшылықты.
Ақынның келтірмейміз атына сын,
Ақындар өлең айтып жатыласың.
Өткенді еске алғанда шабыт сел боп,
Ақылың асып-тасып ашыласың.
АНДАС:
Таудан биік, шын терең теңіздерден,
Еліме шаттық нұры себілген кең.
Бұл өмірді қуана еске аламыз,
Шынайы сүйіспендік сезімдермен.
Өскелең дәуіріме шаттанамын,
Еркінмін деп әлемге мақтанамын.
Тұмсыққа ұрды аямай ұры иттерді,
Бұл жеңісті ересен бақ санаймын.
Жыр нөсерін жүректен төгіп өтті,
Сағынышым жанымды тебірентті.
Осы күннің бақыты ықпал өтіп,
Жасын ойлар қаптады төңіректі.
ЖҰМАҒАЛИ:
Қару мен өкіметті құрып мықты,
Жауларды қандай қиын жеңіп шықты.
Бейне бір отбасының адамындай,
Жанына топтастырды барлық ұлтты.
Сүйініп қуанады халық мұнан,
Еркіндік қандай ыстық алып тұлғаң?!
Олардың әрбір басқан қадамдары,
Бүгінгі ұрпақтарға нәр ұқтырған.
АНДАС:
Өлең- жырмен отырмыз ағытыла,
Жүкең аға, тарта бер тағы тыңға.
Осы күні жаңа лебін ала келіп,
Көрсетті көркемөнер бағытында.
Гүлге бөлеп елімнің бар аумағын,
Желбіретті жеңістің жалауларын.
Елу жылдай жапалы төңкерс қып,
Қиндықтың күйретті сан алуанын.
Сондықтан да күреске жүрегімнен,
Шығар шалқып таңдаулы, қалаулы әнім.
Шешкен қиын істердің түйіндерін,
Батыр жылдар жайнаған күнім менің.
Биіктерге көтерді терін төгіп,
Адамзаттың ең асыл ілімдерін.
ЖҰМАҒАЛИ:
өз салсам мына өмірдің келбетіне,
Кетемін теңіздей бір тербетіле.
Тауыса алман батырлардың ұлы еңбегін,
Қағаз ғып жазсамдағы жер бетіне.
Қанымен орындады ел тілегін,
Есіңде шығар бүгін жетілген күн.
Санатқа қосылдым да адам болдым,
Айырылған ата-анадан жетім едім.
АНДАС:
Атамның өсиеті қолымда тұр,
Жол көрсетіп шұғылалы беріп ақыл.
Ұландардың таусылмас ұлы еңбегін,
Айта берсек тағы да толып жатыр.
Сансыз дастан толғамды жаза алатын,
Жалықпастан жырлайды қазақ ақын.
Бабалардың ерлігін әнге қосқан,
Дұшпанға оқ боп өлеңім қадалатын.
Қалам етіп жазсақ та тауыса алмаймыз,
Дүниенің ораған бар ағашын.
Жайнай түскен елімнің көркін ерен,
Жөн болар ма өлеңмен желпімеген.
Бүгін шықтым ақын боп сахнаға,
Жалшы ұлы едім кеше мен тентіреген.
Даналардың ақылын қару етіп,
Шырқай берем тоқталмай еркін өлең.
Мақтанышпен мен бүгін барша адамға,
Жырға қосып өткенді жар салам да.
Сия етіп көл дарияны жазсам дастан,
Ұлылықтың барлығын тауыса алам ба?
Еркіндік шамшырағым жанып тұрған,
Шалқыған зеңгір көкте сайып қыран.
Түн түнегі елімді торлағанда,
Күреспенен бұлтты айықтырған.
ЖҰМАҒАЛИ:
Аталарды бұл рет алдым еске,
Образы ұлы адамға жарқын кесте.
Төңкеріске қосқан оның үлестері,
Тяньшань, Эверестей шың емеспе.
Иә, олар дана адам, ойлы жарқын,
Сүйген шын пейілімен ұлы халқын.
Достардың көз аясын нұрландырып,
Жауларға жай оғындай жарқылдайтын.
Шешетін шеберлікпен іс түйінін,
Есімі ұмытылмайды оның жарқын.
АНДАС:
Елім үшін елемей қиналсаң да,
Күрес жүгі сонда да жүрді арқаңда.
Қайсар асқақ рухпен жеңе білдің,
Алдыңызда тұрса да сын қаншама.
Өмірімнің құлпыртқан жайсаң гүлін,
Әнге қосып тоқтамай айтам бүгін.
Халқарада көтерген ел беделін,
Мақтан етем елімнің қайсарлығын.
Саналардан өшпейтін таңғы нұрсыз,
Ауызмыздан түспейтін дәмді жырсыз.
Мұратыңа қай қашан мұрагерміз,
Сіз тірісіз бізбенен мәңгі бірсіз.
ЖҰМАҒАЛИ:
Акпар, Сейіт елімнен шығып еді,
Жауларым айбарынан ығып еді.
Шетелдік шенділермен сайысқанда,
Бірауыз сөз оғымен жығып еді.
Бастарын дос елдердің қосып еді,
Алдынан теріс жолдың тосып еді.
Мұқалмас алмас қылыш секілденіп,
Жүрегін жау біткеннің осып еді.
АНДАС:
Дүниенің сонау бір қирында,
Әлемдегі елдердің жинын да.
Бір мүшелік орынды иеледік,
Бірлескен мемлекеттер ұйымында.
Елімнің, міне, осындай өресіне,
Бүкіл дүние сүйініп қызығуда.
ЖҰМАҒАЛИ:
Ақындар әрбір жақтан құлшынайық,
Еңбегін қайтып жырлап тауысайық.
Жырладық бағанадан батырларды,
Кемеңгер басшыларға ауысайық.
АНДАС:
Ел серкесі деп жырлайды ақын жырын,
Көпке тарап даңқымыз жатыр бүгін.
Береке мен ынтымақтың арқасында,
Әлемдегі еліміз ғой батыр бүгін.
Еліміз әлі талай шыңды асады,
Мәңгі көктей береді гүл ашады.
Жетіледі әлі талай жас өркендер,
Осы нағыз өмірдің ізбасары.
Бойында ақыл нәрі жалындаған,
Теріс ой, жат пиғылға салынбаған.
Ертеңінен ертеректе ойлаған ел,
Қашанда алға қарай арындаған.
Сондықтан да шын дарынды барлық халық,
Көреген кеме кемеңгер деп қабылдаған.
Болашаққа шырқалар баянды әнім,
Жыр қадамын сондықтан жай алмадым.
Жырлап өту парызым дарқандығын,
Гүл жамылған көркі бар бай даламның.
ЖҰМАҒАЛИ:
Акпар, Сейіт дүние салған шақтарында,
Егіліп ел жылады ақтарыла.
Бір мезет аңтарылды бүкіл халық,
Алдағы көзі жетпей бақтарына.
Сонда да ел шықты азаттық мінбесіне,
Сақтады сол қаралы күнді есіне.
Ер халқым тың жеңіске құлаш ұрды,
Алды да жарқын күннен мол несібе.
АНДАС:
Адуын мінезіммен халқыма тән,
Жөн болмас өлең айтып шалқымаған.
Басыма қандай қиын күн туса да,
Беремін батыр баба нарқыңа мән.
Ерлікпен қуандырдың ұланыңды,
Көңілімде сіз нұсқаған тұрады үлгі.
Бүгін, міне, сіздерді еске алып,
Көкіректен тасқындап жыр ағылды.
Ендігі мақсатымыз сөндірмейміз,
Сіздердің алаулаған шырағыңды.
Қажет АНДАС,
«Q-andas» ақпараттық агентігі.











