Санжар Асфандияров 1889 жылы Орал облысында дүниеге келген. Ол Ташкенттегі реальды училищені бітірген соң, Петербург әскери-медициналық академиясына түседі. Бірінші дүние жүзілік соғыс басталысымен Түркістан полкының құрамында майданға аттанды. Лодзь түбінде полк қоршауда қалып тұтқынға түседі. 1915 жылы босап, Швеция арқылы Петербургке келеді.
Ол Ташкенттегі революциялық қозғалысқа қызу араласып, солдат депутаттары Советіне сайланады.
Шымкент қаласында Кеңес өкіметі жағына Черняев полкі шығады да, С. Асфендияров осында әскери дәрігер болып қызмет етті. Ол 1919 жылы Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалады. Ал 1920 жылы Санжар Жапарұлы Түркістан Республикасының жер-су халық комиссары қызметіне кіріседі. Ол қышлақтар мен ауылдарды аралап қана қоймай, өзбектер мен қарақалпақтардың тарихы мен мәдениетін, тұрмысы мен шаруашылығын , рулық қоныстануы мен жер хұқығы нормаларын терең зерттеді. Сондықтан да С.Асфендияров Мәскеуде Түркістан республикасының тұрақты өкілі және ұлттық халық комиссариаты коллегиясының мүшесі болғаннан кейінгі кезеңде ВЦИК-тің жерге орналастыру жөніндегі ерекше комиссиясына мүше болып сайланған еді.
С.Асфендияров Түркістан республикасына оралып, жер-су комиссариатында қызмет істейді. Денсаулық сақтау халық комиссары және Түркістан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болады. 1925 жылы ол ВЦИК секретарының орынбасары және президиум мүшесі болып сайланады.
1927 жылы С.Асфендияров Н.Н.Наримановатындағы Шығыстану институтының директорлығына тағайындалады. Осы кезде оған ММУ-дің профессоры атағы берілді. 1928 жылы Қазақстан үкіметінің шақыруымен Алматыға қызметке ауысады.
Оның Қазақстан оқу орындарын, ғылымды мәдениетті дамытудағы еңбегі өте зор. Ол 1928-31 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің іргесін қаласты. 1931 жылы Қазақ мемлекеттік медицина институтының тұңғыш ректоры болды. 1931 – 33 жылдары Қазақ АССР денсаулық сақтау халық комиссары және оқу – ағарту халық комиссарының орынбасары қызметін атқарады.
С.Асфендияров – Қазақстан ғылым академиясының негізін салушылардың бірі. 1932 жылы КСРО ғылым академиясының Қазақстандағы базасы құрылған кезде ол академиктермен қатар президиум мүшелігіне сайланып, төрағаның орынбасары болды. Ол тікелей тарихи-археологиялық комиссияны, қазақ сөздігі комиссиясын басқарды, сонымен бірге Ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институтының тарих секторының меңгерушісі болды.
Оның тарихи еңбектерінде қазақ халқының өткен дәуірін, тарихы мен мәдениеті, азаттық күресіндегі озық дәстүрлері көрсетіледі.
Ислам дінінің пайда болу себептері мен мәнін ғылыми пайымдауда асфендияров алғашқылардың бірі болып шағын кітапша шығарды. Н.А.Смирнов оған «исламның қанаушылық мәнін жоққа шығарды, панисламизм мен пантюркизм позициясына түсіп кетті», ол буржуазияшыл-ұлтшыл деген ат тақты.
1935 жылы С.Асфендияров «Прошлое Казахстана в источниках и материалах» деген деректі жинақтың бірінші томын, 1936 жылы екінші томын шығарды. Оның «Қазақстан тарихы» атты еңбегі б.д.д. III ғасырдан 1917 жылға дейінгі аралықты қамтып жатыр. «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс» атты еңбегі көтерілістің шығу себептері, патшалық Ресейдің отарлық саясаты, қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы терең мағлұматтар береді.
Қазақ халқының бостандығын, тәуелсіздігін аңсаған, Қазақстанда ғылым, мәдениет салаларын дамыту жолына ғұмырын арнаған Асфендияров не үшін айыпталды? Міне оған жағылған жала, тағылған айып түрлері.
- 1918 жылдан бастап контрреволюциялық пантүріктік ұйым басшыларының бірі бола отырып, Совет өкіметін құлату мақсатымен белсенді түрде антисоветтік жұмыс жүргізген.
- 1926 жылдан Мәскеудегі орталық пантүріктік ұйымның басшысы С.Кожановпен байланыс жасап, одан Совет өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайындау, Коммунистік партия мен өкімет басшыларына қарсы террор ұйымдастыру, бүлдіру, қастандық әрекеттерді өрістету және еліміздегі барлық контрреволюциялық күштер мен антисоветтік ұлтшылдар ұйымдарымен қатынастарды күшейту туралы нұсқаулар алып, оларды ұйымның белсенді мүшелеріне таратып отырған.
- 1928 жылдан бастап ұсталған күнге дейін антисоветтік ұлтшылдар ұйымы Алматы орталығының жұмысына басшылық еткен.
- 1929-30 жылдары Қазақстанда Совет өкіметіне қарсы көтерілістерді ұйымдастырушылардың бірі болған.
- Осы көрсетілген мерзімде Қазақстанның бірталай облыстары мен аудандарында ұлтшылдық ұйымдар құрып, олардың бүлдіргіш-қастандық ереуілшілдік жұмыстарын басқарған.
- Алматы оқу орындарында орындарында студенттер мен мұғалімдердің арасында ұйымға мүше тарту мақсатымен үлкен жұмыс жүргізген.
- 1920 жылдан бастап Англия, Жапония, Германия пайдасына тыңшылық жұмыстар жүргізіп, көрсетілген елдердің барлау орындарына бұрыңғы Түркістан республикасының, кейіннен Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан республикаларының саяси – экономикалық жағдайлары жайында үнемі құпия мәліметтер беріп тұрған.
- 1932 жылы Алматыдағы бұрыңғы Қытай консулының көмегімен Синцзян жерінде Жапония, Германия барлау органдарымен Советтер Одағына әскери шабуыл бола қалған күнде Қазақстанды Советтер Одағынан бөлу жолында көмек алу мақсатымен байланыс орнатқан.
- 1936 жылы антисоветтік-ұлтшылдық ұйым орталығының тапсырмасы бойынша Қазақ мемлекеттік университетін жойып жіберген өртті ұйымдастырушыларының бірі болған.
- Орталық антисоветтік-ұлтшылдық ұйымның нұсқауымен оңшыл троцкийшілдер тобымен байланыс жасап, өз контрреволюциялық , әрекеттерін жүзеге асырып отырған.
- Қазақ педагогикалық институтының ректоры, кейіннен ғылым академиясының қазақ филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін атқара жүріп, үлкен антисоветтік арандату жұмыстарын жүргізген.
1937 жылдың 29 қарашасында бекітілген бұл айып қорытындысымен ол тек 1938 жылдың 24 ақпанында таныстырылған. Ал келесі күні КСРО Жоғары Соты әскери коллегиясының жабық мәжілісінде С.Асфендияровтың ісі қаралған. Тергеу орындары оған бәрін мойындауға мәжбүр еткен. Немесе мойындады деп өздері жаза салуы да әбден мүмкін.
С. Асфендияров РСФСР қылмыстық істер кодексінің № 58-1-а, 58-2, 58-9 және 58-11 баптарында көрсетілген қылмыстарды жасаған болып, ең ауыр жаза – ату жазасына кесіледі.
Ең сұмдығы, кеше ғана ғалым ағаларының қаламынан шыққан мақалаларды, еңбектерді іздеп жүріп оқитын шәкірттері – М. Ақынжанов, С. Әбішев, К. Әбдірахманов, И. Сариев, З. Бұлақбаев, Н. Мұқаметжанов оның бүкіл еңбегін жоққа шығарып, тарихи кітаптарын сынайды. Оны алашордашылар Ш. Құдайбериев, М. Тынышбаев, Х. Досмұхамбетовтардың концепциясын жақтады деп кінәлайды. Оның 1916 жылғы көтеріліс туралы кітабына талдау жасағанда, қазақ интеллигенттерінің қызметін көрсете отырып, Амангелді Имановты көрсетпеген деп сынайды.
Асфендияровты «Миссионер Алтынсарин мен патша жандайшабы Ш.Уалихановты» көтерді деп кінәлайды. Оның еңбектерінің бәрін іске алғысыз ете келіп, былай дейді: «В лице Асфендиярова мы видим законченный тип ловкого матерого двурушника, японского шпиона, подвизавшегося на историческом фронте. В интересах японского империализма этот бандит в течении продолжительного времени вел тонко продуманную вредительскую, диверсионную работу. Асфендияров повсюду, вступал как жарапазаншы вышвырнутого из нашей Родины бандита Чокаева».
С.Асфендияровтың тағдыры қызыл қырғын зұлматымен тұспа-тұс келген қазақтың зиялы қауымының көбіне ортақ тағдыр. Биылғы жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылында оның қазақ халқына сіңірген еңбегі еленіп тарихтағы орны көрсетілуі тиіс.
Арайлым Мұсағалиева,
ҚазМҰУ-дың Қазақстан тарихи
кафедрасының ізденушісі.
Алматы қаласы.
Дерекөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1723995











