Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Андас Омарақын ізімен

Аты өшпейді

Тілеуқабыл Әбілғазыұлы туралы

admin
2026/08/30
Андас Омарақын ізімен
0
Аты өшпейді

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп ардагер ақын, ғұлама ғалым Абай атамыз айтқандай, өмірін өлеңмен өрнектеген халқымыз өлеңсүйгіш, өнерлі халық.

Сан ғасыр сапырылған тарих сергелдеңіндегі күнделікті күйбең тұрмыс-тіршілігін, ерлік-батырлығын, қайғысы мен қуанышын, махаббаты мен бақытсыздығын, бақ пен сорын, өмірінің мамыражай күнгейі мен ызғарлы теріскейін, бәрін де сан тараулы, терең мағыналы, ойлы-ұйқасты, ойнақы ырғақты эпостық дастандарымен тілге жеңіл, жүрекке жылы етіп түйсіндіріп отырды. Заман жаршысы – отты да лепті, жалынды жырлары арқылы ұрпақтан‑ұрпаққа жалғап, осы тапқыр өлеңдерімен қай заман, қай тұстың болсын дәуір тынысын бейнелеп, халқының өркенді өмірін өрнектеп келді. Бұл, әрине, сарқылмас асыл мұра, қазына, осындай аумайтын берік ескерткіш. Мол мұраларды жекелеген адамдар тапқырлап, жалпы қауым жалғастырып, толықтырып отырған.

Қазақ халқы өлеңді құрметтеп, өлеңшіні төрге шығаратын ақын халық болғандықтан, өрелі ойшыл, өнерлі, өлеңші азаматтарын ақын, жырау деп атап, жүрек түкпірі мен көңіл төрінен орын беріп, құрметін құлай ұсынған, маңдайына басқан. Қараңызшы, міне, осындай өз халқының ары саналатын, абыройына айналған жан болу – неткен бақыт. Азамат үшін бұдан артық сый, несібе бола ма? Әне, сондай, тілімізге тиек болғалы отырған тарлан талант иесі Тілеуқабыл Әбілғазыұлы – халқымыз қадірлеп алқаған, елінен сый, несібе қабылдаған қарт халық ақындарының бірі.

Тікең өлеңдерімен қатар басқа да бай мазмұнды шығармаларды бейне көрікті көктем мен шыбынсыз жаз сияқты майда, жағымды, жаныңызды жарқын көктем лебіндей сипап, жадыратады. Оқыған сайын құмартасыз, сондықтан сүйген халқы бұл кісіні «майда ақын» атандырып кеткен.

Қалың қопа қамыс, төңкелі ши мен қымталған Күнестің Ақши Қарасуы атанған құйқалы бір қойнауында суықтан ықтап отырған қырық найзалы қараша үйдің аласа жабықтан сығырая қараған жерін жарып, ызыңдаған күз желімен бірге сахараның тағы бір қоңыр таңы атып, жарық сәуле саулап кірді. Бұл 1908 жылғы желтоқсанның төртінші жұлдызы еді. Таң сәулесімен бірге өмір есігін теуіп ашқан жас нәрестенің іңгәлап шырылдаған жағымды үні жүдеу жандарға мол қуаныш сыйлады. Дүниеге бір жас көңіл келіп қосылды. Шаруақұмар, момын, ақкөңіл әке Әбілғазының жүрегі тіпті де жарылардай жадырап, ұрпағының алдағы күндеріне үлкен үмітпен, жақсы тілеумен қарады. Жерден шаранасын шайқап көтеріп алған ұлының атын азан шақырып Тілеуқабыл деп қояды. Біздің болашақ майда ақын атанған тарлан‑талант иесі, қарт ақынымыз дүниеге осылай келді.

Тікең 1920 жылға дейін отбасында балғын балалық дәуірін өткізді. Аяулы анасы Тәжи деген кісі аңғарлы, өрісті, әңгімешіл, сұңғыла адам болған. Соншалық үйірсек, момын, әңгіме құмар қоңыр қозысын шалқар халық әдеби мұраларымен тыныстатып, «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Алпамыс батыр», «Ертөстік», «Қамбар батыр», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Біржан – Сара» секілді қазақтың батырлық, ғашықтық, эпостық жыр-дастандарымен қоса «Салсал», «Зақұм», «Ләйлі – Мәжнүн» сияқты Шығыс халықтарының қиссаларын, басқа да ел арасына мол таралған қызықты әңгіме, аңыз‑ертегі, жыр‑дастандарды жатқа айтып, бала жүрегіне құйып, ұялатып отыратын еді. Талапты, ұғымтал Тікең де анасының аузынан айтылған шырынды аңыз‑әңгіме, жыр‑дастандарды емшек сүтімен бірге сіміріп, жүрек түкпіріне айрандай ұйытып, қазақ өнеріне сарқылмас қайнар етіп қабылдаған; естігенін ел топталған өлең тойларда жатқа айтып, адамдардың айызын қандырып, таңдай қақтырып, тамсандырып отырды.

Тікең 1920 жылы Шақпы ішінде нағашылары бар Мыңбай атты ауыл молдасынан бір жыл оқып, шала хат сауатын ашады. Одан әрі жоғарылап оқуға жағдайы жарамайды. Әйтсе де, талапты Тікең тауып алған кітап, дастан, қиссалардан түртіншектеп іздене береді. Ұғымтал, зерек, талантымен үлкендердің назарын аударды. Аңғарлы әке Әбілғазы ақсақал 13 жастағы қоңыр қозысының көзінен мағыналы, жарқын болашағын болжап, еті тірі тырысшаңдығын таниды. Таяз тірлігіне қарамай өзінің жұпыны ер‑тоқымын жалғыз тор тайына салып, нағашысы ақын Таңжарыққа қосып, өлең, тойларға, жиын‑топтарға ертіп барып жүреді. Кейде қасына бала жігіт ертіп, қосарға алып, өлең айтыстарға да түседі. Сөйтіп Тікең асау тайдай тентек, тау суындай екпінді, тас бұлақтай мөлдір, нәрлі өлеңдерімен айтысқа келсе перісі қозатын төкпе жырлардан азық, нәр алып, сусындап өседі.

Ұстазының отты өлеңдерін жатқа алып, топ ортасында тамылжыта шырқап та жүреді. Сонымен қоса әйгілі ақын, композитор Әсет Найманбайұлының «Қыз Мәліке» әні мен Тәкеңнің «Қалдырилау» әніне еліктеп, өзі «Дариға өтті-ау, жас өмір» әнін шығарып, бірге шырқап, жалпақ жұртқа жария етеді. Толып жатқан өлең құрап, ауыл арасындағы шағын айтыстарға түсіп, сол салаға бейімделе бастайды. Амал қанша, «қысқа жіп байлауға келсе де, күрмеуге келмейді» дегендей, күйсіз кедейлік өз билігін жүргізеді. Күйкі‑күйбеңі көп, өтпес тіршілігі мол көне қоғамда өнер‑білім алып, елінің көңіл күйін көсіле шерту былай тұрсын, 1924 жылдан бастап жалдыларға жалданып, жалшы қамытын киіп, тұрмыстың солақай соқасына жегіледі.

Осылайша түйе табан алты жылды кісі есігінде өткізіп, қой бағып, ешкі қайырады, бұзау байлап, қозы бағады. Алайда ауырға көніп, жаны жасуды білмейтін жалынды Тікең күндіз мал соңында жүргенде, кеште үйге келгенде талмай тырбанып, бұрынғы хат сауатын сайлап, қолына іліккен кітаптарын оқып, үйрене жүріп «бұқаның мұрнын жұдырықпен тескендей» күн кешіп, өздігінен біршама толық оқып, жаза алатын деңгейге жетеді.

Тікең 1928 жылы ұстазы Таңжарық Қазақстаннан қайта оралған кезде төбесі көкке жеткендей қатты қуанып, ең алдымен сәлем бере барады. Амал қанша, бас билігі басқа да болғандықтан, алыстан шаршап келген аға ұстаз, аяулы адамның қасында біршама күн қалып, әңгімеге қанарлап қайтуға болар еді, бірақ мүмкіндік болмай, еріксіз айырылады. Десе де, Қазақстанда болып жатқан жаңалық‑өзгерістермен, кедейлер теңдігі туралы естіген жағымды хабар-ошарларды жүрек қатпарына жазып, аяулы аға, қадірлі ұстаз әкелген қымбат сауға ретінде қазақ ақындарының тың туындыларымен бірге Абай шығармалары мен Абай аудармаларындағы орыс классиктері Крылов, Лермонтов, Пушкин кітаптарын ала қайтады. Жаңалыққа жаны құмар, өлең десе өмірін қиғысы келетін ол бұл әдеби кітаптарға бейне талай күн таңдайы кеуіп, шөлде тентіреп, талықсып барып тас бастауға әзер жеткен жалғыз жаяу жолаушыдай бас қояды. Қой соңында қолынан тастамай оқып, өлең айту, жазу қабілетін ұштай түседі. Бұл тырысшаңдық Тікеңді сол тұстағы саусақпен санарлықтай өте аз оқыған адамдар тобының жуан ортасынан шығарады. Бұны көрген ел басшылары «Үш шеркет» (сандагұңсы) деп аталатын, үкімет жағынан басқарылатын серіктікке хатшы етіп орналастырады. Бұл орында Тікең бір жыл хатшы, санақшы, дәптерші болып істейді.

1931 жылы Құмылда Қожанияз, Касылыңдар көтеріліс қозғап, шарпуы Ілені де шарпыды. Қатты қауіптенген Іленің Фу дутыңы оларды Ілеге бастырмау үшін Дағыты асуын тосуға 1500 әскерге гуандылық мансап беріп, Мақсұт ақалақшыны жауапты етеді. Тікең де осы қосынға қорғаушы әскер болып қатысып, 1932 жылға дейін міндет өтейді. Бұл әскер құрамасындағы Әсен батыр, Мақсұт гуандайға молда шабарман болған ақын Таңжарықтармен тағы да бірге болады. Әскери қимылдың аралығында олармен топ‑топ өлең‑жырлардан тіл табысып, жиі‑жиі араласып тұрады. Тікең 1932 жылдан отбасына қайтып келіп, 1940 жылға дейін қалыпты тіршілікпен шұғылданады. 1940 жылы Күнестің сол тұстағы әкімі Хошынтау Күнес аумағын үш районға бөліп басқарады: Бестөбені 1‑район, Аралтөбені 2‑район, Талдыны 3‑район етеді. 1‑районға Тікеңді хатшы әрі есепші етіп орналастырады. Ол сондай‑ақ 1942 жылы Күнес ауданында құрылған қазақ‑қырғыз ұжымына толымды мүше болып қатысып, экономика басқару тобының жауаптысы болады. Бұл ұйымға қатысуы оның сол тұстағы нақты жағдайды тануына зор септігін тигізеді. Көкжиегі кеңи түседі. Қоғамдық қайшылықтарды, теңсіздікті, езгіні жырлайтын жалынды жырлар жазады.

Ақын өлеңінде:
Өсек өріп, іске аспай шын қалуда,
Күлкі қайда, көңілде мұң барында.
Алман‑салық көбейіп ел күйзелді,
Шыңшысай дәурендеген жылдарында.
Жұңды жұлып, миыңды шұқып жатыр,
Қайырылған қаршығадай қыл бабында («Өз тарихымнан дерек») – деп алман‑салық ауырлап, өсек өршіп, ел тыныштығы кеткен, ноғайлығы асқынған дара билеуші Шыңшысай өктемдігіндегі теңсіз қоғамды әшкерелейді.

Тағы бір өлеңде:
Қайратпен халық қозғалып қаһарланды,
Шеп құрып, езілгенді қатарға алды.
Күрес туын көтеріп бастады алға,
Әкпар, Сейіт сияқты қаһарманы… – деп мұң мен зар қысып тұрған қара түнек дүниені көшіріп тастау үшін қарсы көтерілген халықтық күресті, ондағы әділет туын биік көтеріп, атойлап алға шыққан халық қаһармандарын жырға қосса:

Езілген ел жауыздан алды кекті,
Құрып шықты Үш аймақ өкіметі.
Ахметжан, Дәлелқан, Әбдікерім,
Ұлы іске, өкіметке басшылық етті… – деу арқылы Іледегі ұлттық төңкерістің зор жеңісін, халық автономиясының құрылғанын, оған басшылық еткен ел ағаларын зор дауыспен мақтаныш етеді.

Ақынның Үш аймақ төңкерісі тұсындағы халықты оянуға, күреске шақырған жыр‑туындылары бір қауым. Амал қанша, кезінде жазып‑сызылмай, баспа бетін көрмегендіктен көп бөлігі уақыттың өтуімен жоғалып, өшкіндеп кетіпті.

1945 жылдың желтоқсан айында өкімет алға басар азамат Тікеңді Күнес аудандық әкім мекемесінің жауапты хатшылығына орналастырады. Бұл орында 1948 жылы қызметтен айдалып, еңбекпен өзгертуге алынып, ауылына қайтарылғанша істейді. Күйсіз күйбең мен сұрықсыз үш жылды ауылда мағынасыз зорға өткереді де, 1955 жылы саясат тиянақтанып, қызметі қалпына келтіріліп, Күнес аудандық азық‑түлік серіктігінің жанды мал басқару бөліміне бастық болып орналасады. Топырағы жеңіл ме, кім білсін, қызмет қабілеті кемелденіп, іске енді төселіп, қыры мен сырын игере бастаған шағында тағы да Тікеңді қырсық шалады. 1959 жылы «Оңшылдыққа қарсы тұру» қозғалысының құйынына терең батып, «оңшыл элемент» қалпағы кигізіліп, ауылдан бір-ақ шығарылады.

Мұнымен де тынған жоқ, «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, арада дүниені ұлар‑шуға айналдырған атышулы мәдени төңкеріс өз лайсаң шұңқырына терең батырып, тұншықтыра түседі. «Байтал түгіл, бас қайғы» болғандай, Тікеңе «кері төңкерісші, шетке табынған, сары өлең‑жырдың қамбасы, фантүркист» деген қалың қара жала жаудырып, ұзын қалпақ кигізіп, түнде күреске алып, күндіз қызыл білекті батырлардың бақылауында ауыр еңбекпен өзгертуге салады. Осы күй 1974 жылға дейін жалғасады. 1974 жылы саясат тиянақталып, ақынның саяси құқы қалпына келіп, бас бостандығы мен тіл бостандығы беріледі де, сол жылы Іле қазақ автономиялы облысы құрылғандығының 20 жылдық торқалы тойына даңқпен қатысады. Облыс орталығын, Күнес, Моңғұлкүре аудандарын той иелерімен бірге аралап, жасып қалған көңіл қапырығын шығарып, жан жарасын жазады. 1977 жылы Іле қазақ облыстық екінші кезекті ақындар айтысы алтын Алтайдың иығына орнаған көрікті Болбадай жайлауында өтеді.

Бұл айтыс тойына қуана келген ақын:

Айтыс тойын бастады үш аймағым,
Туған жердің дүбірлетіп аумағын.
Қатарына қосылдым саңлақтардың,
Өкінетін қалмады еш арманым, –

деп толғады.

Тағы бірде:

Не көрмедің ойланшы өткенде,
Бас көтермей қалжырадық дерттен де.
Шаттанайық, уа халайық, алақай,
Үшінші жалпы жиын шұғыласын төккенде.
Қақпа тастар тазаланып жолдағы,
Қара түнек Отанымнан өшкенде.
Қолдан құрсау, шойын кісен шағылды,
Сонар қалап шығайыншы көкке енді… – деп көгін торлаған шойын бұлт ыдырап, нұр шұғыла шашылғанын салтанат етеді. Кедергілер шағылып, қақпа тастар аршылып, сайгүліктер жұлқынып, алда келген көмбеге қарай енді қорғалап қалмай, өлеңнің көкжиегіне бір шықпақшы болған асқақ арманы мен берік сенімін бейнелейді. Айтса айтқандай, осыдан былайғы өмір Тікеңнің жүрек қанын тасытып, жан қуатын еселеп арттырып, нағыз тұсаудан ағытылған жүйріктей көсілтті. Ақын туындыларының жапырақтай бой көтерген шағы да осы жиыннан кейінгі мезгіл болды.

Тікең 16 жасынан бастап жалаңаяқ, жалаңбас, жоқ-жітік болып жүрсе де, ауыл арасындағы өлең айтыстарына түсіп, бала ақын атанады. Кеудесінде от, жүрегінде жалын бар жас ақын одан әрі ілгерілеп, айтыстың арысы – ұстазы дәуперім ақын Таңжарыққа еріп, әрі еліктеп, ауыл арасынан алыстап көрші аудандарға дейін құлаш сермейді. Ертеректегі көлемді айтыстарынан Дариғамен айтысы, Гүлжанмен айтысы, Ұлжалғаспен айтысы, Керімқанмен айтысы, Гүлсіммен айтысы қатарлы айтыстарын атауға болады. Ал бертінгі кезде болса, азаттықтан кейін ұйымдастырылған облыстық, аймақтық, аудандық өнер байқауларына, ірі айтыстарға қатысып, майталман айтыс өнерін әйгілеп, жүлделі жүйріктер тобынан табылып отырды.

Тікең тек суырыпсалма дарынды халық ақыны болып қалмастан, жазба ақындықты да тең кемелдендіріп, тотыдай түрленген туған жерінің көрікті де сұлу табиғатымен тыныс‑тіршілігін, Отанға деген ыстық махаббаты мен терең сүйіспеншілігін бейнелейтін алуан тақырыптағы, ұзын‑қысқалы 250‑ден артық өлең жазып, «Күнес көркі» атты өлеңдер жинағын жеке кітап етіп шығарды. «Айдар», «Күнес көркі», «Бұлбұл қыз», «Темір», «Гүлбаһрам», «Қызай», «Дутан ер», «Текебай шешен», «Мүсірбай», «Адасқан алып», «Сауырық батыр», «Шалым», «Таңжарықтың балалық өмірі» қатарлы он үш дастан жазған. Ақын дастандарында дарқан даладағы дана халықтың кешегі тар жол, тайғақ кешулі тарихымен бүгінгі тынысты тіршілігінің сан‑салалы сырлары сайрап тұрады.

Өмір бойы тек алға басуды, арманға ұмтылуды көксеген абзал жандардың мұңы мен қуанышы, күрсінуі мен күлкісі, ойлануы мен толғануы, үміті мен сенімі, ақ тілегі мен асыл мұраты – бәрі‑бәрі де бар. Ондағы бейнелер – халық бейнесі, халық тілегінен туған жақсы бейнелер.

Тікеңнің халық мұраларын жинап, сақтау, оны халық кәдесіне жарату жолындағы еселі еңбегі де өз алдына бір төбе. Күнес ауданында шығарылған төрт топтама фольклор кітабына қыруар халық мақал‑мәтелдері, ертегі‑аңыздары, қисса‑дастандары, өлең‑жырлары, айтыстары, дауысы, көңіл айту, жоқтаулары, сарын, жарапазан қатарлылардан толып жатқан құнды материалдар жиып беріп, кітапқа енгізіп, еңбегі таныстырылды. Аудан тарапынан мадақталып, қаржылай марапатталды.

Тікең аудандық саяси кеңестің мүшесі. Сонымен қатар облыстық, автономиялық аудандық фольклор зерттеу қоғамының мүшесі болған. Осындай туған халқы үшін өшпес еңбек сіңіріп, өлмес өлеңдер жазған танымал тарлан ақынымыз 1994 жылы қаңтардың 28‑інде кіндік қаны төгілген туған жерінде фәни дүниемен қош айтысты.

Андас Омарақынұлы.

Дереккөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755

 Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022. – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), 1-том .– 287 б., 

0 0 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 25
Қышқыш қалай жасалған?
Андас Омарақын ізімен

Қышқыш қалай жасалған?

August 31, 2026
Адамның пайда болуы
Андас Омарақын ізімен

Адамның пайда болуы

August 31, 2026
Күн және жұлдыздар
Андас Омарақын ізімен

Күн және жұлдыздар

August 31, 2026
كۇن مەن جەر
Андас Омарақын ізімен

Күн мен жер

August 31, 2026
Аспанның биіктеуі
Андас Омарақын ізімен

Аспанның биіктеуі

August 31, 2026
Жер-көктің айырылуы жөнінде (Күнес ауданының аңыз-ертегілері)
Андас Омарақын ізімен

Жер-көктің айырылуы жөнінде (Күнес ауданының аңыз-ертегілері)

August 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz