Кесапат-аштық кездейсоқ келмегені мәлім. Әрісі Сталиннің, берісі Голощекиннің қанды қолымен, сұрқия зұлымдығымен жасалған зиянкестік екеніне дау жоқ. Сол сұмдықтардың қолымен 3 млн. қазақ қырғынға ұшырады. Азалы жылдың, азапты тұстарын айта берсек таусылар емес. Аштық әкелген асыра сілтеудің әпербақан, ұрда-соқ басшысымақтарының атын атаудың өзі жиіркенішті. Қазақтың алдындағы малын аша тұяқ қалдырмай, сыпырып алған жоғарыдағы көрсетілген шолақ белсенділер.
Көп қазақ баратын жеріне бара алмай, жанашырға қолын соза алмай тентіреп, шұбырындыға ұшырады. Барар жер, асар тау таба алмады, ел азып, жер тоза бастады. Осындай ақтабан шұбырынды, адам айтқысыз ашаршылықты суреттейтін халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің мына өлеңі еріксіз ойға оралады:
Есіктері ашылмай,
Ағаш-тасы шашылмай.
Қара қоныс көп қалды,
Түндіктері түңіліп,
Уықтары бүгіліп,
Туырлығын құм басқан,
Тігулі орда үй қалды.
Өткенсіз бүгін болмайды. Өткенді еске ала отырып, болашаққа қадам басу – бәріміздің борышымыз. Алдыңғы толқынды ардақтауды, олардың елге, жерге, ұлтқа жасаған еңбегін ескеру мен естен шығармауды кейінгі жастың санасына сіңіріп, көңіліне қорғасындай құю, сөйтіп, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру – өсер жұрттың өрісін кеңейтер ұлы іс. Бұл тұрғыдан келгенде, нағыз ұлт зиялыларынан, ағалардан, әспеттеп жүретін асыл азаматтардан, аяулы аналардан, ардақты бауырлардан үйренеріміз аз болмаса керек. Біз бұл ойды қозғағанда жүзден асқан Асқар атаның өнегесін өз санамызға сіңіріп қана қоймай, сіңірдей мықты етіп кейінгілердің де жүрек түкпікіріне ұялатпасақ артық болмас.
Жеті жасқа келгенде аштық апатын көрген атамыз аштық туралы әңгіме қозғала қалса, қатты толқып, жанарына жас үйіріле қалады. 1929 жылдары бір қыстадық та, Қытайға қашқанымыз 30 жылдары болу керек. Осы жылдан бір жыл бұрын Ақсуда «Бөрібай көтерілісі» болып жатыр деп естідік. Ақ қар, көк мұзда қан айдады ма білмеймін не бір жақсы адамдар бар еді. Көп халықтың ішінде біз де болдық. Демікпе деген асу бар одан ассаң Қытайға өтіп кетесің. Баласаздағы заставадан өтіп, Демікпеге барғанда қар жібермей тіреліп, халық сол Демікпенің ішінде қалды. Ақсудың суы мына жағы күнгей, мына жағы теріскей. «Қашты» деп өкіметтен 20 дейді, 30 дейді тура санын білмеймін солдат қуып, Салқынбелге барады. 2-3 күн атысып, Салқынбелден өткізбей қойды. Қанша адам өлді, қанша адам қалды білмеймін. Салқынбелден өткізбей қойғаннан кейін мұның алдынан шығатын жол бар ма деп, Қибаш шала-қазақ, Құлдарқали деген кісілер болған сол екеуі халықты бастап, Бүйеннің бас жағынан үшке бөлінетін, бірі Қызылауыз деп аталады. Сол Қызылауызға кетеді. Қибаш пен Құлдарқали бастаған халық қалың қардың үстіне киіз салып (киіз салса қарға батпайды), көпір жасап өтеді. Өрлеп отырып, жол таппағаннан кейін жаяу, қарменен теріскей жағымен Демікпенің алдынан барып шығады. Ол кезде үлкен әкелеріміз тірі. Атқан оқы жерге түспейтін Сейітбатқал деген мерген кісі болған. Қаша отырып, талай солдатқа оғын тигізді. Арттарынан солдаттар қуып барып, адамдарды мал айдағандай қайтарып әкеліп, Сорқораға иіріп қамап қойды. Қашқан халықты тіз қатарынан отырығызып қойып, анау кім, мынау кім деп сұрап жатыр. Шетінен кекілікше атып жатыр. Кейіннен сол жерге адамдардың сүйегі шашылып жатқанын барған адамдар айтып жүрді. Иелері барлар барып туыстарының сүйегін жинап алды, иелері жоқтардың сүйектері сол жерде шашылып қалды ғой.
17 жастағы бір ағамды екі солдат екі жағынан ұстап алған. Мен шешемнің бауырына тығылып отырмын. Сол кезде ағамның шешеме айтқан: «Апа-ау, маған тамақ табылды, сізге тамақ табылмайтын болды ғой» деді екі көзіне жас алып. Осы сөзі айтып үлгерді, екі солдат құлақ шекеден менің көзімше шауып тастады. Қатын-баланы шуылдатып, Баласазға қарай айдады. Емелелі Өнімбай деген палуан кісі болған. Өнімбайдың қай жаққа жарысқа апарсаң да жеңіп келетін палуан болған. Сол Өнімбай деген палуанды екі солдат өлтіретін болып, Өнімбай жүргісі келмей артынан итеріп келе жатқанда, Өнімбай артына жалт бұрылып, екі солдаттың бірінің кеңірдегіне қолы тиіп кеңірдегін жұлып алды. Екінші солдат сол жерде Өнімбайды атып өлтірді. Түнімен ептеп қашқаны қашты, қашпағандарын алып келді. Сол кезде совхоз, колхоз деген жоқ болатын. Қой-қойға, сиыр-сиырға, жылқы-жылқыға қосылды. Малдың иесі жоқ. Жиналған көп малды Әбдірахман деген шал айдасып барған адамдардың бірі болған екен. Кедейлерге мал берген болды, олардың берген малы не болады. Күні-түні демей адамдар Қытайға қаша бастады. Қашқаны қашты, қашпағаны өлді. Біз сол жылы қаша алмай Баласазда бір қыстадық та, келесі жылы (1930 жылдар болса керек) қаштық. Менің көргенім сұмдық, пенде түгілі иттің басына бермесін.
Үстімізде жейде дамбал ғана, жаяу қаштық. Николай заманында ел Қытайға бір асқан екен. Ол кезде халықты ешкім қырмай, халық өз еркімен қашқан дейді. Мен сол асып барғанда туған екенмін. Онан кейін Николай патша түзелді дегенде халық өз еліне қайтыпты. Емелелі, Қайнар сол кезде қайтып келген дейді. Өзім есептегенде 7-8 жыл өткенде большевиктер шығып, қайта қаштық. Матай руынан да Қытайға көп адам асты, келгені келді, келмегені сол жақта өсіп-өнді. Келесі жылы бізді ағамыз алып қашты. Қытай шекарасына жақындап қалғанымызда Шошай деген жігіт жолыға кетті. жанында екі жігіт, баласы бар, бір әйел бар екен. Әкем, ағам мен жеңгем, әпкем барлығы жеті адам едік. Шошай үш адам әкеліп қосты, сонымен он адам болдық. Бәріміз бір биені сойып, шелекке етін асып жедік. Шошай деген жігіт: «Сендер осы жерге тоқтаңдар. Жетісудың колхозының бірінен жылқы айдап келмесек, Қытайда күн көруің қиын. Бұл жерге большевиктің де, қытайдың да солдаты келмейді», – деді. Әкемді, ағамды алып қу Шошай кетіп қалды. Жарқырап күн шығып еді, үстіміздегі киімімізді шешіп жайып қойдық. Ат тағалап жатқан болатынбыз. «Ойбай анау не?» деп айтып үлгердім, жетіп келген солдаттар қойға қасқыр тигендей қырғидай тиді (соңынан бұл солдаттардың неғылған солдат екенін айтып берем). Мен әкем, ағам кеткен жаққа, өрге қарай далбақтай жөнелдім. Мылтықтың астынан алды. Су бар екен, сумен өрлей қаштым. Мылтықтың даусы дың-дың етеді. әйтеуір тұрып-жығылып, тұрып-жығылып өзекке барып жығылдым. Қалған адамдардың қайда екнін білмеймін. Мен ең артында қалған екенмін, жеңгем (жеңгемнің аты Әдия) менен төмен келе жатқан. Жеңгем мен тәтем менен он үш жас үлкен еді. Әлгі қу Шошай алып келген әйел артымда келе жатыр еді, бір кезде артыма қарап едім «дүңк» ете қалды. Әйел келе жатқан жерінде қалды. Алдымнан ағам шықты, маған қарай жүгіріп келе жатыр, «ағау» деймін. Ол жеңгемді сұрады. «Адия қайда?» деді мен «төменде келе жатыр» деп едім, ағам төмен қарай жүгірді. Оқ жауып кетіп бара алмай қайтып келді. Оқ деген жауып тұр.
Сол қашқаннан қашып, жаяу, жалаң аяқ, жалаң бас тауға шығып кеттік. Күн батты, тұман түсіп кетті. жанымыздан қорқып қашқанда көрінген нәрсені ұстай бергеннен аяқ-қол дегенің қып-қызыл қан. «Сіле қатқан» дегенді сол кезде көрдім. Көзің жұмылып кетсе, басың жерге, тасқа тарс ете қалады. Қайдағы ұйқы, басымыздың бәрі қан. Солдаттар қайтқандай болды. Көз байланатын көзге түрткісіз тас қараңғы. Кім өлді, кім қалды білмейміз. Жауып жауып тұр. Содан аяңдап киіп жайып қойған жерімізге келдік. Қайтқанда әрең келдік. Солдаттар жұртта бізді күтіп тығылып жатқан шығар деп келгенде қорықтық. Бір-екі жауып аттың ішегін тауып алып жамылдық. Сойған биенің терісін Шошай атты тағы біреуі жамылды. Бір теріні омырауынан бір тесіп, желкесінен бір тесіп, қылмен байлап біреусі жәкет жасап алды. қараңғыда жайған киімімізді іздеуге шамамыз келмей құладық.
Енді қалай жүреміз. Жол бастап келе жатқан әкеміз жоқ, оқ тиді ме білмейміз. Жол жүретін шамамыз жоқ. Сонда да кішкене жүріп бір тастың түбіне барып, бір-бірімізге тығылп ұйықтаған болдық. Таң атты. Ары қарай тағы жүрдік. Үстіде киім жоқ. Қашып бара жатқандардың арасында ең кішісі менмін. Ағам атымды атап айқайлап қояды, арттарынан қалмай еріп отырдым. Судан мені ағам арқалап өтті. Сойған биенің етін турап салып алғанбыз. Жолда тоқтап жеп аламыз. Араға екі күн қондық. Біреулердің жағып кеткен отыра кез болдық. «Қытайға жақындап қалған екенбіз» деп отқа жылынып, еттен кішкене жеп оытрғанда екі қалмақ келді. Қалмақ келіп ағамның үстіндегі күпәйкесін сұрады. Ағам: «Күпәйкемді қалай берем, ішінде көйлек қана, жауын мынау жауып тұрған» десе «Мен сені атып тастаймын» дейді «Атсаң ат, босқа мына жауында өліп қалғанша» деді. Сөйтіп екі қалмақ артымыздан қалмай, келе жатқан жолымыздан шатысып, тауға қарай шығып кеттік. Қараңғы түсіп кетті. Мен қаңғалақтап келе жатып, тоғандағы суға түсіп кеттім.
Түн ішінде не жасаймыз, үстімнің бәрі су болды. Ары-қарай жүре бердік. Алдымыздан тастан қалаған қораға кез болдық. Үй жоқ. Қораның ішінде қи жиналған екен, ішіне кірдік. Қораның ішінде итке жасалған үйшік бар екен. Иттің үйшігінің аузына апарып от жағып, сабан төсеп, ішіне мені анамнан туғандай қылып киімімді сыпырып алып кіргізіп жіберді. Денем жылынып, бүрісіп жаттым. Еттен аузыма салып қойды. Он адамнан біз төртеу, тағы екі адам бар алтау, қалғанын білмейміз. «Жолдан шатасып қалдық, Қытай жоқ, әлгілер бізді тура жолдан шатастырды» деп күн шықпай төтелеп жүре бердік. Түс ауа бір тауға шықтық. Құр Бейжің, Су Бейжің дейтін жер бар екен, біз су Бейжіңге түстік. Рауғаш қаптап өсіп тұр екен, жеп, беті-қолымызды жуып, демалып отырғанда тағы бір қалмақ келді. Келді де, «менің ана жақта бастығым бар, мен соған хабарлайын» деді де кетіп қалды. Қайда барамыз тамақ жоқ, жүруге де жарамаймыз, отырдық. Бір кезде жеті қалмақ келді. Жанымыз осы жеті қалмақтың қолында аман қалдырса қалдық, қалдырмаса тағы көреміз дедік. Ағамыз бір нәрселерді айтып еңкейіп жатыр. Бастығы болу керек бір қалмақ бетімізге ажырайып бір қарады да, басқаларына бір нәрсе деп еді қоржындарында ет бар екен, соны алдымызға тастады. Сұрастыра келе қалмақ ағамды танитын болып шықты.
Қалмақтың бастығы басқа қалмақтарға бірдеңе деп еді, олардың біреусі үстіндегі бір киімін, біреусі шалбарын шешіп берді. Мені атына мінгестіріп, бір қораға алып келді. Бір қалмақты аңға жұмсап жіберген екен. Ол бір кезде арқар атып алып келді. Арқардың етін сол кезде бірінші рет жедім. Ішек-қарнын алып, сасып кетпес үшін суға салып қойды. Арқардың етін бір бұрқ еткізіп қайнатып алды да, бізге ағаштың ұшына іліп алып алдымызға лақтырды. Қоямыз ба қарнымыз аш, майлы екен жеп алдық. Сонан күн батуға айналды. Мені мінгестіріп, тағы бір адамды біреуі мінгестіріп алып Керегетас деген жерге барып бір түнедік. «Бізді көрдік деп ешкімге айтпаңдар, өзіміз келе жатырмыз деп айтыңдар. Мен сендерге нан жіберем» деп кетіп қалды. Біреу өлтіріп кетті ме әлде бізге қайта жете алмай жолда кедергі болды ма сол кеткеннен хабар болмады. Үлкен өзен бар екен, сол өзеннен жаяу өттік. Үстімдегі киімімді шешіп алып, ағамның қолынан ұстап өттім. Құдай сақтап аман-есен өттік. Судан өткеннен кейін қалмақ беріп кеткен сіріңкемен от жағып, еттен жеп демалдық. Әбден әлсіреп қалған екенмін етті жұтатын шама жоқ. Кеңірдектен ет өтпейді. Менің халімді көрген ағам: «Әй, Асқар-ай, бүкіл он адамнан сені пана қылып едім, не әке, не шеше, не әйел жоқ жалғыз қалғаным-ай» деп жылап отыр. «Ой, аға, ештеңе етпейді, мен жазыламын» деп әрең сөйлеймін. Таңертең оянсам жақсы болып қалған екенмін. Орнымнан тұрып, әрі қарай тағы да жүрдік. Алдымыздан ақ қалпақ киген үлкен кісі шықты. «Ой, қарақтарым-ай, күйлерің кетіп қалыпты ғой. Енді аман болсаңдар түсте ел шетіне жетесіңдер, келіп қалған екенсіңдер» деді. «Таяп қалған екенбіз» деп алдыға қарай жүре бердік. Алдымыздан шашырап жайылып жүрген қойлар шықты. Мені көтеретін ағамда шама жоқ, артынан еріп отырдым. Түске таман бір үйге келдік. Үйдің ішінде бір әйел, бір сарт отыр екен:
– «Неден келдіңдер?» дейді, «Неден келгенімізді көріп отырсың ғой» дейді ағам оған. Қалғанымызда үн жоқ. Әйелі қатып езіп берді. Маған құйған шайдан бір бөлігі тиді. Жұтып кеп жіберіп едім ары қарай лып ете түсті. Қатықты ішкеніміді білем, ары қарай білмеймін. Мен сылқ етіп құлаппын. Бір есімді жинасам күн батыпты. Ет асқан екен. Бір тілім етпен сорпа іштірді. Біз келген жер елдің шеті жайлау ғой, ары қарай елге жету үшін тағы да жол жүру керек. Ағаларым ел іздеп жолға шықты. Мені сол жерге тастап кететін болды. «Аға, мені Қытайға апарамын деп едің ғой, мына жерге тастама. Мені бұл жерден сарт әкетсе, қытай әкетсе қайдан табасың?» деп жыладым. Бір ағам менен төрт жас үлкен еді «Жылама, сенің қасыңда мен қаламын» деп менің қасымда қалды. Төртеуі кетті. біз екеуміз қалдық. Ағамыз екеуміз қайыр тілеп, ана үйге бір, мына үйге бір қонып жүрдік.
Бір үйге барып едік, тамағын аяды ма «Өй ана қытайлар бала жинап жүр екен» деді. Қарнымыз ашқаннан тағы бір үйге бардық. Ол үй шәй берді. Сағат екі мөлшері болу керек, әлгі үйге бір өгізге қой байлап алған 50-60 жастың үстіндегі ер адам келді. «Ей, қарақтарым-ай!» деп бізге жаны ашып: «мен сендерді бір қымызы бар үйге апарсам барасыңдар ма?» деді. Біздің іздеп жүргеніміз тамақ қой, басқа не керек «барамыз» дедік. Қолымызға екі шыбық алып, әлгі кісінің алдымызға салып айдап он шақырымдай жердегі бір үйге кірдік. Ол үйдің адамдары бізге жандары ашып, үйге кіргізді. Ол үйдің менімен жасты Көкежан атты баласы бар екен. Қытайдың бір бастығының малын баққан жылқышы екен. Он бес-жиырма шақты бие байлайды екен, қымыз мол. Жылқышы, әйелі, баласы үшеуі ғана екен. Ағам пысық жігіт еді, су әкеп, отын жарып жүрді. Менің қызметін Көкежанды ойнату. Менен Көкежан айырылмайды. Менсіз тамақ ішпейді. Тоқ бала тамақ жемейді, бәрін мен жеймін. Берген тамақты жеп, қымызды ішіп жатырмыз. Тою деген жоқ. Қайда кетіп жатыр білмеймін. Тойғанды білмейміз. Нан пісіріп бұзаудың терісіне орап қояды. Ары-бері өткенде наннан үзіп алып ағама апарып беріп қоямын. Үйдің иесі бізді ешқайда жібергісі келмейді. Ұрлық қылады ғой деймін. Есік алдында бір қой жоқ, бірақ күнде қой сояды. Бит дегенің енді үстімізге қаптап кеткен. Қытайдың көк шапанын беріп еді, әлгі шапанның астары мәрлімен астарланған, арғы жағы мақта. Бит тұра ма мәрліден өтіп, мақтаға дейін кіріп алған. Бір күні сүйеніп отырып едім әйелі күйеуіне «ана балаларға берген көк шапан бит болып кетіпті» деп айтып еді, күйеуі: «Біздің жалғыз баладан кем емес, жетім бишара бит болса қалар шапан онда тұрған не бар» деп айтып жатқандарын естіп қалдым. Ағам екеуміз көк шапанды қарағайдың түбіне апарып қақтық, қайдан биттер түсе ме іщіге кіріп алған. Жуып жатырмыз, қағып жатырмыз әй кетпейді. Көк шапан көрпеден артық қасиетті, кіріп жата қаламыз. Битіне қарап жатқан біз жоқ. Әй, ана, көк шапанды өртесе аспанға атылатын шығар (күліп алды). қысқартып айтқанда сол үйде бір ай тұрдық. Бір әйел келіп: «қарақтарым, біздің үйге жүріңдер» деді. Тұрған үйімізден рұқсат сұрап әлгі әйелдің үйіне бардық. Ағам бие сауады, су әкеп береді. Ет асып, шәй береді. Сөйтіп отырғанда «Асқар, ағаларың келе жатыр екен» деді, орнымнан қарғып тұрып далаға шықтық. Бұрын Қытайға асып кеткен бір ағамыз екеумізді іздеп келіпті. Бір атты өзі мініп, бір атты жетектеп бізді әкетуге келген екен. «Ал енді бір ай жатқан үйлеріңе барып рахметтеріңді айтыңдар» деді. «Мен бармаймын, ағам барып рахмет айтсын» деймін. «Мені Көкежан көрсе жібермей қояды» деп мен бармай қойдым. Ағам барып рахмет айтса, Көкежан «Асқар қайда?» деп заң еңіреп жылап қалыпты. Араға екі күн қонып елге жеттік. Қытайға барғаннан біреудің орағын ордық, біреудің жұмысын істеп күнімізді көрдік.
Күз болды. Қытайға барғаннан мен шешемді іздеп жылай беріппін. Ағамыз, кіші әкеміз екеуі қайтадан елге барып, қытайға шешемізді аман-есен алып келді. Үйіміз 11-ші ауылда (қазір Қызылжар деп аталады) болатын. «Ауылда түк қалмаған, бәрін тонаған» деп айтып келді. Ейженғали, Төлеген, Есенаман деген кісілер де бірге келді. Біреудің тамын алып күнімізді көріп кеттік.
Енді әлгі бізді солдаттар қуғанда жоғалтып алған Әдия деген жеңгеме тоқталайын. Бәріміз тым-тырақай қашқан кезде жеңгемді және жеңгемнен үш жас үлкен әпкемді солдаттар ұстап алып, Текеліге әкеліп, абақтыға қамапты. Төркіні Қапалда болатын. Абақтыдан шыққаннан кейін Қапалға өз үйіне келіп, сол жерде болады. Оны естіген шешем 11-ші ауылдагн біреудің түйесін сұрап, жеңгемізге Қапалға келеді. Шеше мен келін жылап көрісіп, бізді сұрайды: «Қали (жеңгемнің жолдасы, менің ағам), Асқарлар тірі ме?» дейді, келіні: «солдат бәрімізді қуғанда қашып кеткен, содан өлі-тірісін білмеймін» дейді. «Енді мені тастамаңы, мені де ар жаққа алып кетіңіз» деп жылайды. Шешем: «Мен сені алып кете алмаймын, біреу алып кетсе қайтемін. Енді сенен де тірідей айырылам ба?» деп жеңгемді алмай Қапалға төркініне тастап кетеді. Кейіннен мен Қытайдан келгеннен кейін (1959 жылы келдім) 5-6 жылдан кейін қайтыс болды. Өз қолыммен жерледім. Ағамнан күдер үзгеннен кейін осы жерде қалған бір ағайынымызға күйеуге шыққан екен. Іленің дүңгендері сол кезде Қытайға қашып жатқан халықты жолда тонайды екен. Бәрінде аттары, мылтықтары, тамақтары бар олар Текеленің басында жайылып жүрген жылқыға көздері түсіп келеді. Бүрлібай деген жылқышыға «Біз Іледен келе жатырмыз, жылқы іздеп келдік. Сен арғы бетке өтесің бе? Маған бір жылқы берсең, мен сені арғы бетке өтуіңе көмектесемін» дейді. «Олай болса менің елде әкем, шешем, бала-шағам бар соларды алып келейін, сен жылқыға бір күн қарай тұр» дейді. Күн батқанда Бүрлібай 10 шақты үйді алып келеді. Жылқыны алдыға салып 10 шақты үйді көшіре Қытайға қарай жүреді. Ақбайтал Қарашап деген асу бар екен, ол жерге Қытайдың да, мына жақтың да солдаттары келмейді екен. Сол асумен түнделетіп, күнделетіп қашады. Оны қуған 25-тей солдат жете алмай, біздің үстімізден түседі. Бүрлібай жылқышы мен дүнгендер бастаған көш өстіп солдаттардан құтылып кетіпті. Жол бастап, бізбен бірге қашып бара жатқан әкеміз солардың үстіне түседі. Бұрын барған ағамыз бен әкемізге дүңгендер жылқы бақтырып қойыпты. Жылқы бақпасаң атып тастайды екен (бұл әңгмені маған ағам айтып берген). Іледен келген дүңгендер бұларға көрсетпегенді көрсетіпті. Еркектердің бәрін қуып шығып, қатын-қалашқа білгендерін істепті. Бүрлібай қалай қашып шықты екен, Қытайдың ба, дүнгеннің бе, білмеймін Дүтун деген патшасына барып, «біз сіздің кең етек, тар қолтығыңызға келіп жатыр едік. Осы жерден дүнген барып, мені көшіріп алып келе жатыр еді, қатын, бала-шағамды шулатып күн көрсетпей жатыр» деп көмек сұрайды. Қытайдан 20-30 солдат шығып, дүңгендердің қолын байлап, «Басқыншылық жасайтын заң өз еліңде бар ма?», «Жоқ», «жылқыны ғана алып тыныш кете бермейсің бе?» деп дүнгендердің бәрін атып тастайды. Не бір мықты сәйгүлік аттар бар еді, бәрін сол жерде өлтіріпті. Ер-тоқымды өртетті. Ештеңсін қалдырмай бәрінің көзін құрттырды. Басқа адамдардың өздері қорқып кетті. енді бізді атып тастайды екен деп шошыдық. Ағаларымыз сол жерден қашып шыққан екен.
Асқар ЖОЛДЫХАНҰЛЫ
Шежіреші. Қапал ауылының тұрғыны.
Естелікті жазып алған: Б. Сырттанов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Р. Қалышева.
Жарияланды. -Алматы: Тоқтарбай Е. Матай Бөрібай батыр. Зерттеу және естелік мақалалар жинағы. «Баянжүрек» баспасы. 2020. – 280 б. -214-222 б.











