«Кеген» съезінде суан елінің болысы Мұқа Қызай елінен қоныс сұрағалы келіп, қызай болыстарын:
– Белгілеріңіз шашақ екен,
Төбесіндегі тас-ақ екен.
Оны көтеріп тұрған,
Бастарыңыз бас-ақ екен, – деп әзілдейді.
Басқалар бұған жауап таба алмай қалғанда Сарайт батыр:
– Е, болыс белгінің тас екенін білгеніңіз қалай,
Біле тұрып күлгеніңіз қалай.
Еркектікі өзіне жарасады,
Қатындікін мойныңызға ілгеніңіз қалай? – депті.
«Шыбар тобылғы» съезіне Ресейдің бір губернаторы мен қарт би Саршуаш, Жаменке болыс, Нұреке болыс қатарлы кісілер қатысады. Ал қызайлар жағынан Құдайменде тәйжі, Байеке, Сасан, Бұқаш болыстар мен Бердіке қатарлы ел ағалары және Сарайт батыр да келеді. Іле генералы мекемесінен басқарма дәрежелі тағы бір мансапты болады.
Ол кезде съезд басталмас бұрын екі жақтың би-шешендері алдымен бірін-бірі сөзбен қағытып, мұқатып алудың амалын қарастырады екен. Осы арқылы өздерін ырықты орынға шығарып, қарсы жағынан басып кетуді көздейтін сыңайлы. Съезде Ресей тараптың билері Байеке бидің келе жатқанын естіп, тілді-жақты адамдарына: «Алдымен Байекені мұқатсаңдар исі қызай түк істей алмайды», – деп тапсырады.
Съезд өтетін алаңның дәл ортасына тігілген 12 қанат ақбоз үйге Байеке кіріп келе жатқанда тосыннан біреуі қалжыңға сүйеп:
– Қызайдың Байекесін бір көрмекке асығып жүрсем, басы бармақтай, құлағы жарғақтай, тұрқы қолтоқпақтай адам екен ғой, – депті.
Сонда Байеке:
- Е, жүйрік болсаң тазы шығарсың,
Әділ болсаң қазы шығарсың.
Өркешті болсаң түйе шығарсың,
Емшекті болсаң бие шығарсың.
«Әйелдің семізі төсек,
Еркектің семізі есек», – деген сөз бар. Әй, батырым, «Семіздікті қой көтереді» деген бар. Болысыңның семіздігін мақтан көріп тұрсың ба. Қаптағай ұранды найманда: «Басы бармақтай болса, топтан озған тұлпар дейді. Басы балпиған, қарны салпиған жуанды көрсе, қаратөбет жұлқар дейді», – депті. Осылай қарсы жағын бір ойсыратып тастайды.
Съезге Байеке домбырашы Қоңқайды, Қарайт пен Сарайт батырларды, Сасан мен Бұқашты, мәмбет Тәнеке мен Базарды ертіп барады. Орыс жағынан бірнеше орыс мәнсаптысы мен бірнеше тілге жетік Саршуаш би де келеді.
Съезд үстінде Саршуаш би:
– Шақырылмаған қонақтай, Байеке, саған мұнда не бар? – деп кекетеді.
Сонда Байеке:
– Сен орыстың сөзін сөйлегелі келдің. Мен елімнің сөзін сөйлесем несі айып, – деп оны тоқтатады.
Осы жолғы съезде мамбет Тәнеке би көп рөл ойнайды. Тәнеке қызайларға бүйрегі бұрып тұратын адам болған екен. Сондықтан басқалар Байеке мен Тәнекені «Найманның қос шыбары» деп атап кеткен.
Қаракерейдің төресі Бексұлтан Сасан болысты қонаққа шақырып, қызына қонақтарға қымыз қуюды тапсырады. Қыздың тұлыптағы қымызды теуіп қалғанын байқап қалған Сасан:
- Қызым, сабаны теппей піс, – депті.
- Сонда қыз:
- Қызай ырым етеді, ырымы қырын кетеді. Етін жеп, сүйегін тастамаса, мал шіркін қайда кетеді? – деп қағытады.
Сонда Бексұлтан төре:
– Қызайға тіл тигізбе, қызай деген әулие ана. Онда төрт әулиенің түбірігі бар. Қызай анаға тіл тигізбей, айтыссаң Сасанның өзімен айтыс, – деп ақыл айтыпты. Кейін сол қыздың бағы ашылмай, өмірден өкінішпен өтіпті.
Сасан болыс 16 жасында өзінің кіші әкесі Жаманбай болыстың ауыл арасындағы билікте артық-кем айтқан жеріне:
Жақыныңа жау болсаң,
Жауыздықтың белгісі.
Қатыныңа жау болсаң,
Жалғыздықтың белгісі.
Арамдықты асырсаң,
Әділетсіздіктің белгісі.
Әділ билік айтпасаң,
Дұшпанның таба, күлкісі.
Жақсы-жаман болғаның,
Ел айтады бағасын.
Елге қамқор болмасаң,
Сен қайдағы данасың?
Шамаң келсе жақындат,
Алыс-жақын арасын.
Әділ билік айтпасаң,
Қасарысқан дұшпанның,
Табасына қаласың! – деген екен.
Мөнтей ақасақал қартайып, сырқаттанып жатқанда Сасан көңілін сұрай барып, ел ішіндегі келеңсіз жайларды жөнге салу туралы біраз ойында жүрген түйткілді сұрақтарға жауап сұраған екен. Сонда Мөнтей ақсақал:
Азамат шығып ардагер,
Ел мен жерін қорғаса.
Жүгенсіз кеткен қылықты,
Тезге салып оңаса.
Көпшілік қауым бірлікте,
Азаматын қолдаса.
Жетім-жесір мүгедек,
Иесіз қалып тоңбаса.
Қолдан еккен көк шыбық,
Қурамаса, солмаса.
Көп толтырар кемтігін,
Нұры өмірге көз таста, – деп ақыл айтыпты.
«Біржан сал мен ақын Сараның айтысында» Біржан Арғынның атқамінерлерімен мақтанса, ақын Сара найманның игі-жақсыларын өлеңге қосып:
Ботабай, Сабырбек пен құт Баянбай,
Сасан би шапты кеше жауға аянбай.
Шынымен құлаш ұрып самғай берсем,
Қаласың жетпек түгіл жер таянбай,.. – десе, Мыңбосын мен Мәуен айтысында:
Құтырған Қоңтайжымен шабысқанда,
Болады арғын, торғай Алаш ұқты.
Қанғажар, ер Ботабай батырлармен,
Сасан би, Құрбанғали және шықты, – делінеді.
Ақын Таңжарық Жолдыұлы «Тұтқындалғанда» атты өлеңінде.
Қазағым екі жүз жыл ар жағында,
Тоздырған бірін-бірі жауша шауып.
Жосыған үріккен қойдай тау мен тасқа,
Жан бағып балдырған жеп, қайың сауып.
Қазақтың сол сергелдең дәуірінде,
Жоңғарға келген үркіп қызай ауып.
Бәйеке, сасан, Бұқаш бастап келіп,
Іледен орын алған мекен тауып, – деп бір кетсе, «Іле сипаты» толғауында.
Іленің айналасы таумен толған,
Басы – тас, ортасы – шым, даласы – орман,
Ойнаған өр киіктей қазақ, қырғыз,
Келеді байланыс қып небір зормен.
Болғанда тауы – Сасан, тасы – Нүкең,
Ағашы аралықта мышан, Шорман.
Ырғай, тасжарғаны Бәкең сынды,
Құтқарған сан қыранды түскен тордан.
Бұлбұлы Оразәлі, Бердікедей,
Алаштан асып туған өңкей жорға.
Сілекем, Нақысбегі арғымағы,
Сан қара оза шапқан қалың тордан.
Бұғысы Жәкең, Дәкең, Мақаң сынды,
Қайыспас, қажымайтын жұртқа қонған,.. – деп ұзақ толғайды.
Ал Тілеуқабыл Әбілғазыұлы «Күнесім» атты өлеңінде:
Тарихың асып жүз жылдан,
Ұрпағыңнан гүл өсті.
Төрт қызайдың баласы,
Артынан еріп ілесті.
Серкедей бастап халықты,
Жаралған жан ғой тым есті.
Қатарыңа қарасам,
Осындай болып кім өсті.
Мекен еткен қызайға,
Текес пен Қас, Күнесті,
Сасан би өткен, Күнесім!!!, – деп сүйіне толғаған.
Меңістің Жолболды атасынан тарайтын Байеке мен Сасан би арасында бір-екі жас парқы болғанымен жастайынан ел ісіне бірге араласып, сыйласып өткен. Кейін Байекенің қызы Дүрдана Сасанның үшінші ұлы Нүптебекпен некеленіп, құда-жұрат болады. Сасанның Байеке биге деген құрметі ерекше болыпты. Ол күрең жорға атына арнаған өлеңінде:
Аяғын күрең жорға тағаладым,
Ілені өрлі-қырлы жағаладым.
Құлжадан шыққан күні үйге жетіп,
Бір басын жүз жылқыға бағаладым.
Туысым Байекедей болмаса да,
Өзімше төрт қызайды ағаладым.
Қаракөк тұқымынан шыға берер,
Кезінде көресіңдер замананың, – деген екен.
Қазыналы қарттардан жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











