Жотаға қоныстанып, етектен су тасып ішетін жұрт мереке күндері бір-біріне су тарту етеді. Су апатының зардабын тартып жүрген адамдар канал қазып, су ығыстырады. Қуаңшылық жылы туған інісіне де қарайласпайтын адам, мол өнім алған кезде, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жүргіншіні шақырып әкеліп қонақ етіп қайтарады. Бұл өз туысынан безіп, қиыр шалғайдан келген жолаушыны жақын тартқандық болып саналмайды, сол кездегі барлық пен жоқтықтан туындаған жағдайдың көрінісі. Демек, ерте замандағы адамдардың байлыққа немқұрайды қарауы олардың кеңпейіл болғанын көрсетпейді, қайта байлықтың молдығын байқатады. Бүгінгі талас-тартыстың көбеюі пасық ниеттілік емес, байлықтың тапшылығынан туындаған келеңсіздік. Сондықтан елді әділ билеймін деген адам қоғамдағы байлықтың мөлшері мен биліктің салмағына саралай отырып заң жасап, қатаң тәртіп орнатуы керек.
Бір оңбаған ұл бар, ата-анасы ашуланса да, қателігін түзеп, райынан қайтпайды. Көрші-қолаңдар кінәласа да, ойына кіріп шықпайды. Мұғалімі тәрбие берсе де түзелмейді. Үш жақтың тәрбиесі қатар істелсе де, шыбын шаққан құрлы болмайды. Бір күні тұрғылықты орынның полициясы оны заң бойынша қолға алмақ болды, сонда ол қорқып, ескі әдеттерін өзгертті. Демек, ата-ананың мейірімі бала тәрбиесінде жеткілікті болмайды. Міне, осы кезде қатаң заң жазасына сүйенуге тұра келеді. Сонымен бірге, әділетті қоғам құру үшін жаза мен сыйлық өз орнымен атқарылуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, сыйлауға тиістілерді сыйлау, жазалауға тиістілерді сөзсіз жазалау керек. Заттай сыйақымен бірге атақ-абырой, ал жазамен қоса қылмысты деген ат тағу керек. Осылай болғанда ғана адамдардың барлығы заңға бой ұсынып, құлшына жұмыс істейді.
Қазір жағдай бұлай болмай тұр. Біреулерге еңбегі сіңді деп мансап берілсе, тағы да сол биліктегілер жемқор деп қараланады. Міндетін адалдықпен өтемеді деп жұмыстан шығарса, оппозицияның қатарына шыға келеді. Біреудің туысына әлдекімдер кінә артса, ағасы інісіне болысады. Мұның өзі әділдік болып бағаланады. Еңбек етпей даяр астың иесі болғандар тартымды адам санатына қосылып, ел қорғауға қатыспай-ақ құрметке бөленетіндер көбейіп бара жатыр. Әділдік, туралық деп қаралған бұл қылықтар өрши беретін болса, елдің ерік – жігері әлсіреп, егіс даласы құлазып қалады. Жеке адамдар атақ, даңққа бөленгенмен, елден береке кетеді.
Қазіргі адамдар болып жатқан сөздердің дұрыс-бұрыстығына қарамай, қайта сол сөздердің жылпостық, құбылмалықпен айтылуын ұнатады. Осының салдарынан тілмарлыққа, көпірмесөзділікке салынатындар көбейді. Құрғақ сөздің селін ағызатындар артқанмен, шын мәнінде күрек ұстап егін салатын, қару асынып ел қорғауға аттанатындар азайып барады. Машақатты жұмыс істемей-ақ молшылыққа кенелу, Отан қорғауға аттанбай-ақ даңқ, абырой табу мүмкін болып отырса, бұған кім қызықпайды. Дене еңбегімен шұғылданатындар азайған соң, елді кедейлік, әлсіздік жайлайды. Міне, осыдан барып қаншама әділетті патша болса да, ел алдындағы беделі әлсірейді. Бірақ сөзуар мәнсаптылардың түгі кетпейді. Олардың атақ-абыройы өсіп, байлығы молайды. Егер мемлекет нығайа түссе, иелеп алған құқықтарына сүйене отырып, ұзақ уақыт шалқып өмір сүре береді. Мемлекет бүліншілікке ұшыраса, қармап қалған байлықтарына сүйеніп алаңсыз өмір өткізе береді.
Халық қашан да өздерінің амандығы мен мүддесін көздеп, қауіп-қатерден, кедейліктен аулақ болу жағын қарастырады. Қазір әскери міндет өтеп, ел қорғауға аттанатындардың қатары азайып барады. Бұл өте қауіпті іс. Әскери міндеттен гөрі жалдамалы жұмысшы немесе ақша табудың жолын қарастырып, отбасы мәселесімен айналысатындар көбейді. Егер ел басына күн туса, етігімен су кешетін ұл шыға ма, шықпай ма? Ол жағы белгісіз.
Кезінде бір әділетті, турашыл адам болыпты. Оның әкесі біреудің қойын ұрлағанда, ол соны әшкерелепті. Сонда ұлық: “Мұны өлтіріңдер”, – деп бұйрық шығарыпты. Басқалар мұның себебін сұрағанда: –“Бұл адам турашыл болғанымен, әкесіне рақымсыздық жасады. Сондықтан өлім жазасына үкім еттім”, – деп жауап беріпті. Иә, ол осылайша елдің турашыл бұқарасы, әкесінің опасыз ұлы болып шығыпты. Содан бастап адамдар опалылықты дәріптеп, елдің мүддесін есінен шығарыпты. Кейін сол патшаның басқа елге жорыққа аттанған бір әскербасы үнемі жеңіліп қайтады екен. Мұның себебін сұрағанда, ол: – “Үйімде өлмелі әке-шешем, шиеттей бес балам бар еді. Мен соғыста өлсем олар қараусыз қалады ғой”, – деп жауап беріпті. Яғни, ата-анасына опалы ұл, елінің опасыз бұқарасы болып шықты. Ал хан оны ұлықтап шапан жауып, дәрежесін өсіріпті. Содан бастап барлық әскер соғыспай тізе бүге салатынды шығарыпты. Патша тұтқынға түсіп, абақтыға жабылған кезде ғана қателігін түсінген екен. Бірақ кешіккенін біліп опық жепті. Егер осындай саяси жағдай қалыптаса қалатын болса, ел, сөз жоқ былығады. Сондықтан жоғарыда ханның, төменде бұқараның әрекетін реттеп отыратын әділетті заң болуы әрі ол қатаң атқарылуы керек. Бірақ қазір әпербақан содырлар мен жеке басының қамын күйттейтін оқымысты ғұламалар көбейіп барады. Олар ел ішінде халықты аздырса, ел сыртында өздерінің ықпал күштерін орнатуда. Бас пайдасын ойлайтын оқымысты зиялылар көбейген сайын заң ойрандалады.
Халық аузында “Биші киіммен, сауда ақшамен сәнді” деген тәмсіл бар. Мұның мәнісі – заттық шарт жағдай қаншалық жақсы болса, соншалықты оңай табысқа жетуге болады деген сөз. Сондықтан ішкі жақта тыныш, сыртқы жақта қуатты болған елдің әрқандай жоспар мен шараны жүзеге асыруы жеңіл соғады. Сыртқы жақта әлсіз, ішкі жақта былыққан елдің ісі өрге баспайды.
Қазір жалдаптық пайда табу әрекеті өршіп барады. Жалдап саудагерлердің жинаған байлықтары диқандар мен қолөнерші және жауынгерлердің табысынан көп болып отыр. Оның үстіне базарда басқа елдің азаматтары көбейіп кетті. Мансапты ақшамен сатып алуға құныққан кейбір қандастарымыз шетел саудагерлерін ел ішінде тайраңдатып қойды. Өз жерлесіңнің хал-күйін ойласаңшы деп айтсаң күлкіге қаласың. Оларға керегі – ақша. Еш уақытта мемлекет мүддесі дегенді ойламайды. Жұмыс орнына барсаң өзбек пен қырғыз жүр. Жұмыс берушілер: “Аз ақымен көп жұмыс жасайды”, – деген уәж айтады. Қарапайым есеп жасап көрелік, қазақстандық әрине 30 мың теңгесіз жұмыс істемейді. Ал өзгелер 20 мыңға келісе салады. Бірақ жерлестеріміз үш уақыт тамағын және жатар орнын өзі шешеді. Басқа елден келгендерге міндетті түрде үш уақыт тамағы мен жатын орнын жұмыс берүші өз мойнына алады. Есептеп көріңіз аз ақшаға келісе салатын ақкөңіл ала шапанды ағайынның алып отырғаны да біздің жігіттерден аз деуге келмейді. Себеп неде? Ол нендей бір ақшаның аз төленетіндігінен емес, “Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын” дейтін қазақылықтың орнын бақай қулықтың басып отырғаны. Ел басына күн туса, ер басына қиыншылық түскенде, торқалы той, топырақты өлімде қуана да, жыласа да білетін өзге емес, өзінің қазағың екенін ойлап жатқан ешкім жоқ. “Ерден кетсе де, елден кетпесін” дейді халқымыз, жақыныңда болса сұрасаң да, жыласаң да аласың ғой. Жат жарылқамайды өліп бара жатсаң басыңнан аттап өтіп кете бермей ме? Жеке басының пайдасын, ұлттың мүддесінен артық ойлайтын әрбір қазақ азаматы ел еңсесін түсірері сөзсіз.
Басқа елдің билігінде болсақ тілімізді бұрып, тонымызды өзгертіп киіп шыға салсақ болар еді. Ал енді, бізге қазақтықтан басқа жол жоқ. Тәуелсіздігіңе айнала беріп қырын қарайтындар жетеді. Алыстан іздемей-ақ қой, есігіңнің іргесінде тұр. Ұлыңды ақылынан адастырып, қызыңды арынан айырайын демесең қалтаның қалыңдауын емес, еліңнің ертеңін ойла. Бабаларымыз артымда ұрпағым қалсын деп тырысса, біз Қазақстан деген еліміздің шаңырағы шайқалмасын деп әрбір таңды ерлік-жігермен атырайық. Сонда ғана байлық та, салтанатта, салиқалы тірлікте болары хақ, ағайын!
Қажет Андас
«Q-andas» ақпараттық агенттігі











