Көрмеде қатысушыларға еліміздегі түрлі этностардың тарихы мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ұлттық киімдер, қолөнер бұйымдары, музыкалық аспаптар, тарихи фотосуреттер мен сирек кездесетін жәдігерлер ұсынылды.
Іс-шараны облыстық «Қоғамдық келісім» КММ директоры Еркебұлан Ешмұхамбетұлы ашып, ел бірлігі мен келісімнің маңызы туралы құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этножурналистер клубтың төрағасы Атсалим Идигов, Алматы облыстық әзербайжан ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Фахредин Магеррамов, және облыстық орыс орталығының төрайымы Лариса Котельникова қатысушыларға өз тілектерін білдірді.
Көрме аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Жетісу облыстық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Тұрған Заитовпен сұхбаттасып едік.
– Мақсатымыз – Жетісу жерінде тұрып жатқан түрлі этностар арасындағы татулық пен бірлікті, мәдениет пен дәстүрдің байлығын көрсету. Әр ұлттың өз өнері мен салт-дәстүрі бар. Біз соларды ортақ алаңда таныстырып, достық көпірін нығайтқымыз келеді. Көрмеге Жетісу облысынан жиырма төрт этномәдени бірлестік қатысып отыр. Осындай шаралар елдегі тұрақтылық пен ынтымақтың айқын көрінісі, – деді ол.
Соңында қатысушылар этномәдени көрмені аралап, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен өнер туындыларын тамашалады.











