Аңдатпа: Мақалада Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында орналасқан Берел археологиялық кешенінің тарихи-мәдени және сакралды маңызы қарастырылған. Берел қорғандарының географиялық орналасуы, табиғи-ландшафтық ерекшеліктері, зерттелу тарихы және сақ дәуірінің археологиялық ескерткіші ретіндегі ғылыми құндылығы талданады. Археологиялық қазбалар барысында табылған органикалық материалдардың мәңгі тоң жағдайында ерекше сақталуы, жерлеу дәстүрлері, жылқыларды бірге жерлеу рәсімі және аң стиліндегі өнер туындылары ежелгі көшпелілердің дүниетанымы мен мәдениетінің маңызды көрінісі ретінде сипатталады. Сонымен қатар Берел қорғандарының Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау, ғылыми зерттеу және мәдени туризмді дамытудағы рөлі бағаланады.
Кілт сөз сөздер: Берел қорғандары, Катонқарағай, Қазақ Алтайы, сақ мәдениеті, археологиялық мұра, мәңгі тоң, сакралды мұра, көшпелілер өркениеті, аң стилі, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, мәдени туризм.

Қазақстан археологиясындағы аса құнды ескерткіштердің бірі, сақ дәуірінен қалған тарихи ескерткіш – Берел қорғандары. Берел қорғандары теңіз деңгейінен шамамен 1100 м биіктікте, Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында, Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде орналасқан. Оның шекаралары Ресеймен, Моңғолиямен және Қытаймен шектесетін жерде жатыр. Ақ Берел (Ақбұлақ) өзеніне құятын Бұқтырма өзенінің жағасы Бұланты таулы өзендерімен шектелген. Аңғардың шығыс және батыс бөліктерін (Betula pendula, Populus tremula, Pinus sibirica, Abies sibirica, Picea obovata) аралас орманмен, сондай-ақ шалғынды өсімдіктермен көмкерілген таулар қоршап жатыр. Қорғандар орналасқан аңғар аумағында бұрын өскен балқарағай Pinus sibirica мен қайың Betula pendula ағаштарының іздері бүгінгі күнге дейін сақталған.
Берел қорығы солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылған әртүрлі көлемдегі төрт қатар қорғандардан және жекелеген жерлеу-ғұрыптық құрылыстардан тұрады. Әр қатарда ірі, орта және шағын қорғандардың орналасуы сақ қоғамындағы әлеуметтік иерархияның болғанын көрсетеді. Зерттеушілердің пікірінше, қорғандардың жекелеген тізбектері белгілі бір әулеттік немесе рулық топтарға тиесілі болуы мүмкін (1-2-суреттер) [1,6].

1-сурет. Берел қорғандарының Алтай тау жүйесінің картасында орналасуы [3, 5-б.].

2-сурет. Берел даласы ежелгі көшпенділердің қорғандарымен [3, 5-б.].
Берел қорығында қазіргі таңда 100-ден астам археологиялық және ғұрыптық нысан белгілі. Олардың негізгі бөлігін солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай бірнеше қатар болып созылған тас қорғандар құрайды. Қорғандардың басым бөлігі сақ дәуіріне жатса, кейбірі кейінгі түркі кезеңімен мерзімделеді. Бұл жағдай Берел алқабының бірнеше тарихи кезеңде де маңызды мәдени орталық болғанын көрсетеді.
Тарихи-мәдени мұраға өте бай ежелгі Берел қорғаны біздің дәуірімізге дейінгі IV-V ғасырларға жатады. 1865 жылы алғаш рет археолог, ғалым В.В. Радлов жүргізген зерттеулерден бастау алды. Бұқтырма өзені алқабында көпжылдық тоңның табиғи жағдайдағы төменгі шекарасын В.В. Радлов (1895) теңіз деңгейінен 1900 м биіктікте белгілеген. Үлкен Берел қорғанын қазу барысында ағаш қима қабірлердің құрылысын, жылқымен бірге жерлеу дәстүрін және жерлеу рәсімдерінің ерекшеліктерін сипаттады [3,6].
1959–1963 жылдары Мемлекеттік Эрмитаждың Оңтүстік Алтай археологиялық экспедициясы С.С. Сорокиннің жетекшілігімен кешенді зерттеулер жүргізді. Экспедиция барысында бірнеше қорған зерттеліп, жерлеу құрылыстарының құрылымы, ат әбзелдері, жерлеу дәстүрлері және археологиялық олжалардың ерекшеліктері ғылыми тұрғыдан сипатталды [7].
Берел өңіріндегі көпжылдық мәңгі тоңның таралу заңдылықтарын зерттеу XX ғасырдың соңында жаңа ғылыми бағыт ретінде дамыды. Э.В. Северский жүргізген геокриологиялық зерттеулер нәтижесінде Берел аңғарындағы табиғи мәңгі тоңның сақталу ерекшеліктері анықталды. Кейінгі археологиялық және геокриологиялық зерттеулер мәңгі тоң жағдайының ағаш, былғары, киіз және басқа да органикалық материалдардың табиғи күйінде сақталуына шешуші әсер еткенін дәлелдеді [4].
Берел қорғанын зерттеудегі жаңа кезең 1998 жылдан бастап тарих ғылымының докторы З. Самашевтің жетекшілігімен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының халықаралық археологиялық экспедициясы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бірқатар ғылыми-зерттеу институттарының, Франция ұлттық ғылыми зерттеулер орталығының, Италияның Венеция қаласындағы Легабуе ғылыми-зерттеу қорының, сондай-ақ Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Мәңгі тоңтану институтына қарасты Қазақстан жоғары таулы геокриологиялық зертханасының мамандарын тарта отырып, №11 қорғанды зерттеді. Зерттеу жұмыстарына археологтармен қатар геологтар, мерзлотатанушылар, палеоботаниктер, палеозоологтар, генетиктер және реставраторлар қатысты [3,8]. №11 қорғанның ашылуы Берел қорғанындағы археологиялық зерттеулердің ең маңызды нәтижелерінің бірі болды. Бұл қорған Қазақстан археологиясындағы аса құнды жаңалықтардың бірі ретінде бағаланады. Археологиялық зерттеулер барысында жерлеу камерасынан жоғары әлеуметтік мәртебеге ие ер адам мен әйел адамның сүйектері анықталды. Антропологиялық зерттеулер олардың өзара жақын туыстық байланыста болғанын, ал ер адамның жасы шамамен 30–40 жас аралығында болғанын көрсетті [3, 4]. Олар балқарағайдан жасалған астау-саркофагқа орналастырылып, ағаш қима қабірге жерленген. Астаудың қақпағы ғажайып құстардың 4 қола мүсінімен бейнеленген. Олардың жанында 13 жылқы бірге жерленген. Жылқылар жүгенделіп, ерттелген күйінде қойылған, ал кейбірінің бастарына ағаштан жасалған таутеке мүйіздерімен безендірілген бетперделер кигізілген. Ат әбзелдерінің бөлшектері ағаштан жасалып, оймыш өрнектермен әсемделген және алтын фольгамен әрі қалайымен қапталған. Аттардың сәндік әшекейлерінде жыртқыш мысық тұқымдастары, таутекелер мен арқарлар, бұғылар, жыртқыш құстар және грифондар бейнеленген. Мұндай рәсімдер сақ қоғамындағы жылқының тек көлік құралы емес, сонымен бірге діни-нанымдық және сакралды дүниетанымның маңызды құрамдас бөлігі болғанын көрсетеді [3].
Палинологиялық зерттеулер жылқылардың асқазан-ішек жолдарынан қылқанжапырақты өсімдіктердің қалдықтары, астық тұқымдастары және ағаш қабығының талшықтары табылғанын көрсетті [2]. Осы деректер жерлеу рәсімінің жаз мезгілінің басында өткізілгенін болжауға мүмкіндік береді. Бұл археологиялық материалдар жерлеу рәсімдерінің маусымдық сипатын анықтауда маңызды ғылыми дереккөз болып табылады (3-сурет).

3-сурет – Берел №11 қорғанындағы жылқылар жерленген бөлік (реконструкция). Автор – З. Самашев [3, 8-б.].
Берел қорымындағы №5 қорған бірінші топтың құрамына кіреді және оңтүстік жағынан санағанда үшінші бекзада қорғаны болып табылады. Қорған б.з.б. IV–III ғасырлардағы сақ дәуіріне жатады. Археологиялық зерттеулер барысында қорғанның ежелгі заманда және кейінгі кезеңде екі рет тоналғаны анықталды. Соған қарамастан жерлеу камерасында екі жылқының қаңқасы, алтын жапсырмалар, салтанатты бас киім мен киім әшекейлері, мифтік және шынайы жануарлар бейнеленген алтын қаптырмалар, ағаштан жасалып алтын жұқалтырмен қапталған бұйымдардың қалдықтары және адам сүйектері табылды.
Табылған жәдігерлер бұл қорғанда жоғары әлеуметтік мәртебеге ие адамның жерленгенін көрсетеді. Ал сүйектер мен жерлеу заттарына сүйене отырып, мұнда сақ қоғамының ақсүйек әйелі жерленген деген болжам жасалған. №5 қорғанның басты ерекшелігі – екі мәрте тоналғанына қарамастан сақталған алтын әшекейлер мен салтанатты киімнің қалдықтары арқылы сақ ақсүйектерінің жерлеу дәстүрі мен зергерлік өнерінің жоғары деңгейін айқындауы.
Берел қорығындағы №19 қорған бекзадалар ескерткіштерінің ІІ тобының солтүстік-батыс шетінде орналасқан. Археологиялық зерттеулер барысында қорғанның бірнеше рет тоналғаны анықталды. Соған қарамастан жерлеу құрылымы жақсы сақталып, қабір ішінен екі жылқының қаңқасы, ағаштан жасалған жерлеу құрылысының қалдықтары, тас қаланды және көптеген алтын жұқалтыр әшекейлер табылды. Алтын бұйымдар тікбұрышты, дөңгелек және ширатылған пішінде жасалып, бас киімнің немесе шаш әшекейінің құрамына кіргені анықталды. Сонымен қатар адамның бас сүйегінің сынықтары мен жерлеу асының қалдықтары анықталды.
Зерттеу нәтижелері бойынша №19 қорғанға жасөспірім адамның жерленгені анықталғанымен, антропологиялық деректердің жеткіліксіздігіне байланысты оның жынысын анықтау мүмкін болмады. Қорғанның басты ерекшелігі – классикалық берелдік жерлеу дәстүрінің сақталуы, яғни қабір ішінде ағаш тағанның, тас құрылыстардың және екі жылқының бірге жерленуі. Бұл ескерткіш Берел мәдениетіне тән жерлеу рәсімдері мен сақ қоғамының дүниетанымын зерттеуде маңызды ғылыми дерек болып табылады [10].
Соңғы жылдары зерттелген маңызды археологиялық нысандардың бірі – №36 қорған. Ол №11 қорғаннан солтүстік-солтүстік-шығысқа қарай 81 м қашықтықта орналасқан. Қорғанның жер үсті құрылысы күрделі инженерлік шешіммен ерекшеленеді: сыртқы бөлігі тас плиталардан қаланған қоршаумен қоршалып, негізінде ірі тақтатастар мен тас блоктардан тұрғызылған екі концентрлі сақина анықталған. Сақиналардың аралығы әртүрлі көлемдегі тастармен толтырылған, ал кейбір бөліктерінде тақтатастар «балық қабыршағы» тәрізді қабаттаса орналастырылған. Мұндай құрылыс тәсілі сақ дәуіріндегі жерлеу сәулетінің жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді.
№36 қорғаннан табылған ат әбзелдерінің оймышталған мүйіз әшекейлері Берел археологиялық кешенінің аса құнды олжаларының бірі болып табылады. Бұл кешен Қазақ Алтайы ғана емес, бүкіл Еуразия далалық белдеуіндегі сүйек және мүйіз өңдеу өнерінің ең ірі әрі бірегей үлгілерінің қатарына жатады. Әшекейлердің негізгі көркемдік композициясында сақтардың аң стиліне тән грифон бейнесі басым орын алады. Жүген мен ат әбзелдерінің мүйіз әшекейлері полихромды орындалуымен ерекшеленеді: оларды жасауда мүйіз, алтын және қалайы жұқалтыры, сондай-ақ киноварь бояуы пайдаланылған. Бедерлі оймыштау, бояумен әрлеу және металлмен қаптау сияқты технологиялық тәсілдер сақ шеберлерінің жоғары кәсіби деңгейін айқындап, Еуразия көшпелілерінің қолданбалы өнері мен қолөнер дәстүрлерінің кемелденгенін дәлелдейді[6].
2006–2008 жылдары Берел қорығында сақ дәуіріне жататын бірнеше қорғанға кешенді археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қазба барысында аң стилінде жасалған ағаш, алтын, киіз, былғары, тоқыма бұйымдары мен ат әбзелдері табылып, сақ қоғамындағы қолөнердің жоғары деңгейде дамығаны анықталды. Бұғы, арқар, таутеке, жыртқыш аңдар және грифон бейнелері ежелгі көшпелілердің дүниетанымы мен мифологиялық түсініктерін айқындайды [3].
Берел қорғандарының әлемдік археологиядағы бірегейлігі көпжылдық мәңгі тоңның сақталуымен байланысты. Табиғи тоң ағаш, киіз, былғары және тоқыма сияқты органикалық материалдардың бастапқы қалпында сақталуына мүмкіндік берген. Осы ерекшелік Берел қорымын Еуразиядағы ең құнды археологиялық кешендердің біріне айналдырып, ежелгі көшпелілердің материалдық мәдениетін жан-жақты зерттеуге жол ашты (4-сурет) [4].

4-сурет. Мұражай экспозициясына қойылған ағаштан ойылған ыдыстар, астаулар, ер-тұрман бөлшектері [5].
1999 жылы Берел қорғандарында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары халықаралық ғылыми қауымдастықтың назарын аударды. Зерттеу жұмыстары барысында археологиялық кешенге Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ Франция, Германия, Нидерланд және басқа да мемлекеттердің дипломаттары мен ғалымдары келіп танысты. Бұл Берел қорғандарының әлемдік мәдени мұра ретіндегі ғылыми маңызын айқындай түсті [1,2,5].
Берел қорғандарынан табылған бірегей археологиялық жәдігерлер Қазақстанда және шетелде ұйымдастырылған көптеген халықаралық көрмелерде қойылды. Атап айтқанда, 2006 жылы АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өткен көрме, 2007 жылы Киев қаласында өткен «Қазақстан жылы» аясындағы көрме, сондай-ақ Берлин, Гамбург, Мюнхен және Стамбұл қалаларында ұйымдастырылған «Алтын грифон астында» халықаралық көрмесі Берел мұрасын әлем жұртшылығына кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді. Кейінгі жылдары жәдігерлер Нью-Йорк, Вашингтон және Бохум қалаларында да көрмеге ұсынылды [1, 5].
Берел қорғандарынан табылған археологиялық олжалардың негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде, Президент орталығында, Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде және басқа да музей мекемелерінде тұрақты экспозициялар ұйымдастырылған. Бұл экспозициялар Қазақстанның археологиялық мұрасын насихаттауға және ғылыми нәтижелерді көпшілікке таныстыруға маңызды үлес қосуда.
Берел қорғандарын зерттеу мен сақтау жұмыстарының жаңа кезеңі Қазақстан Республикасында 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуымен байланысты. Бағдарлама аясында археологиялық зерттеулердің ауқымы кеңейіп, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және оларды ғылыми тұрғыдан зерделеу бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Осы бастаманың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 4 шілдедегі №674 қаулысына сәйкес «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы құрылды (5-сурет). Музей-қорық археологиялық мұраны сақтау, ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау және мәдени туризмді дамыту бағытында маңызды қызмет атқаруда. Оның құрылуы Берел археологиялық кешенін кешенді қорғауға, бірегей археологиялық жәдігерлерді сақтауға және оларды келешек ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік берді [9].

5-сурет. «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қазіргі көрінісі [5].
2009 жылы зерттеулер №2 қорғанға бағытталды. Қазба нәтижесінде ерте темір дәуіріндегі жерлеу рәсімдерінің ерекшеліктері, қорғандардың құрылымы және сақ мәдениетінің қалыптасу кезеңдері анықталды. Экспедиция жұмысына З. Самашевпен қатар Г. Жұмабекова, Ғ. Базарбаева, Б. Әлжанов, Қ. Жүнісханов және басқа да археологтар қатысты.
2010–2015 жылдары Берелдегі зерттеулер пәнаралық сипат алып, археологиямен қатар антропология, археозоология, палеоботаника, дендрохронология, радиокөміртектік мерзімдеу және ДНҚ талдаулары жүргізілді. Бұл зерттеулер сақ қоғамының тұрмысы, жерлеу дәстүрлері, әлеуметтік құрылымы және жылқы мәдениеті туралы ғылыми мәліметтерді толықтырды.
2015 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің Берел қорымына жұмыс сапары барысында археологиялық зерттеулердің барысы қарастырылып, өңірдегі археологиялық мұраны жүйелі зерттеу, пәнаралық ғылыми ізденістерді кеңейту және жас мамандарды даярлау мәселелері талқыланды. Осы кездесулердің нәтижесінде «Шығыс Қазақстан облысындағы археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2016–2018 жылдары дамыту бағдарламасы» қабылданып, оның негізгі бағыттарының бірі Берел қорығын кешенді зерттеу болды. Бұл бағдарлама аясында 2016-2017 жылдары пазырық қоғамының бекзадаларына тиесілі үш үлкен қорған зерттеліп (№2, 5, 19), солардан алынған деректер осы еңбектің жазылуына негіз болды (Самашев және 1.6., 2016, 234-252-66.; 2017, 153-166-66.). Сондай-ақ осы басылымға «Үлкен Берел қорғанын» (№1) мұражайландыру аясында атқарылған жұмыс нәтижелері де енгізілді [10].
2016 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысының археологиялық ғылыми-зерттеу бағдарламасы аясында қазба жұмыстары жалғасын тапты. Осы кезеңде №2 және №19 қорғандар зерттеліп, сақ ақсүйектеріне тиесілі жерлеу орындары, бірнеше жылқының сүйектері, алтын әшекейлер, ат әбзелдері және басқа да құнды археологиялық жәдігерлер анықталды. Зерттеу жұмыстарына З. Самашев бастаған қазақстандық мамандармен қатар Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Бельгия, Венгрия, Польша, Жапония, Түркия, Қытай, Қырғызстан және Ресейдің ғалымдары қатысып, Берел қорымын кешенді түрде зерттеуге үлес қосты [11].
Зерттелген қорғандардан алынған мәліметтерді жан-жақты өңдеу бойынша ғылыми жұмыстар бағдарлама іске қосылғаннан бірден бастау алып, қарқынды жалғасуда. 2016 жылы жапон ғалымдары №2 қорған мен оның маңайындағы нысандардан шыққан адам сүйектерінің сынамалық үлгілерін генетикалық сараптамаға алды. Сондай-ақ ашылған ескерткіштерден шыққан адам сүйектерін Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнография жане антропология институтының (Мәскеу қ., РФ) ғылыми қызметкерлері Е.П. Китов және А.О. Китовалар антропологиялық тұрғыдан зерттеулер жүргізді. Қорғандардан табылған заттар кешенін Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайына РҒА МММТИ (Санкт-Петербург қ., РФ) арнайы шақыртылған жаңғыртушы Н.С. Курганов қалпына келтірді [10].
Қазіргі уақытта «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы өңірдің ғылыми, мәдени және туристік орталықтарының біріне айналды. Мұнда археологиялық мұраны сақтау, ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау және экологиялық-ағартушылық жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жыл сайын музей-қорыққа келетін туристер мен оқушылар саны артып, Берел қорғандары Қазақстанның тарихи-мәдени туризмінің маңызды нысандарының біріне айналып келеді [9].
Жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде Берел қорғандарының сақ қоғамының әлеуметтік құрылымы, дүниетанымы, жерлеу дәстүрлері, көркемдік мәдениеті мен инженерлік құрылыс өнерін зерттеудегі аса маңызды археологиялық кешен екені дәлелденді.
Берел қорғандарының бірегейлігі көпжылдық мәңгі тоң жағдайында органикалық материалдардың табиғи қалпында сақталуымен ерекшеленеді. Бұл археологиялық кешеннің ғылыми құндылығын арттырып, оны әлемдік деңгейдегі аса маңызды тарихи-мәдени мұра нысандарының бірі ретінде бағалауға негіз болады[4].
Қазіргі кезеңде Берел археологиялық кешенін кешенді археологиялық, геоархеологиялық, палеогенетикалық және жаратылыстану-ғылыми әдістер арқылы зерттеуді жалғастыру, археологиялық мұраны цифрлық құжаттандыру, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту және ескерткішті тиімді қорғау өзекті міндеттердің бірі болып табылады. Сонымен қатар Берел қорғандарын ғылыми-ағартушылық және мәдени туризм тұрғысынан дамыту өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға мүмкіндік береді [9].
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Самашев З.С. Берел. – Алматы: Таймас, 2011. – 236 б.
- Самашев З.С. Казахский Алтай в контексте этносоциокультурных процессов в Центральной Азии во второй половине I тыс. до н.э. (по материалам Берельских курганов)// Северо-Восточный гуманитарный вестник, 2017, № 3(20)
- Самашев З., Кашкинбаев К. Лошади древних кочевников Казахского Алтая. – Алматы: ТОО Иль-Тех-Кітап, 2005.-129с.
- Горбунов А.П., Самашев З.С., Северский Е.В. Сокровища мерзлых курганов Казахского Алтая (по материалам могильника Берел). – Алматы: ТОО Иль-Тех-Кітап, 2005, 114с.
- «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы. Ресми сайт. URL: https://berelmuseum.kz
- З. Самашев, Г. Джумабекова, Г. Базарбаева, М. Киясбек, А.Чотбаев, Е.Толегенов, Г.Киясбек, А.Онгар/ Некоторые итоги исследований некрополя Берел в Казахском Алтае// Труды Катон-Карагайского государственного природного парка.Т.1/Сост. Р.Н.Крыкбаева, А.Н.Челышев-Усть-Каменогорск: ТОО «ПРОФИТ», 2006.- 25-36 с.
- С.С. Сорокин. Памятники ранних кочевников в верховьях Бухтармы // Археологический сборник. №8. 1965. С. 39-59.
- Марғұлан Әлкей Ежелгі жыр аңыздар: Ғылыми-зерттеу мақалалар / Құраст. Р. Бердібаев – Алматы: Жазушы, 1985. – 368 бет., портр.
- Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 288-VІ ҚРЗ «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы.
- Самашев З., Чотбаев А., Кариев Е., Қиясбек Ғ., Самашев С. Берел в истории культуры древних кочевников казахского Алтая. Астана: Фолиант, 2018. Монография. Рекомендовано в печать научным советом ГИКЗМ «Берел». URL: https://kazneb.kz/ru/catalogue/view/1593514 225-242с.
- Берел қорғаны // Қазақ газеті. – 2016. – 17 қараша. – URL: https://kazgazeta.kz/news/52270
Осы ғылыми мақаланы дайындау барысында автор мәтіннің тілдік стилін жетілдіру, мәтінді редакциялау мақсатында және ғылыми стильде редакциялауға ChatGPT (OpenAI) жасанды интеллект құралын пайдаланды. Барлық ұсынылған мәтін автор тарапынан тексеріліп, өңделді және ғылыми деректермен расталды. Мақаланың түпкілікті мазмұны мен ғылыми дәлдігі үшін толық жауапкершілік авторға тиесілі.
Алипина А. Ж.
«Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ
Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы











