Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Халық жады

Бір әулеттің тарихы…

Ыбрайымжан ҚАНҒОЖАҰЛЫ шамамен 1880 жылы туған. Жетісу губерниясы, Жаркент уезі, Бәйтүгей болыстығындағы Аяқ Талды мекенінің тумасы.

admin
2026/08/31
Халық жады
0
Бір әулеттің  тарихы…

Жалпы адамзат тарихынан біздің қазақ ұлтының тарихын бөліп жарып қарау  мүмкін емес дүние. Себебі. ұлттық қалыптасу үрдісі көптеген, дәуірлерге,  ғасырларға ұласты. Енді әңгімемізді  өзіміздің ата тегіміздің, яғни, әулетіміздің  шежіресіне  көшелік….

Қаз дауысты Қазыбек бабамыз айтқандай:

«Біз Қазақ деген, мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жәй жатқан елміз!

Досымызды сақтай білген елміз,

Дәмі-тұзын ақтай білген елміз!…» деген  жұрт едік…!

Амал нешік, Шығыстан қытай, Батыстан орыс империялары қаскөйлікпен елімізге, жерімізге басып кірді. Олардың санасын улап, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырған нәрсе – қазақ  елінің, жерінің ұшан-теңіз байлығы еді. Сөйтіп, елі дархан жері бай қалың қазақтың басына қара бұлт үйірілген зар заман келеді. Еңбектеген баладан, аузын айға білеген хандарына дейін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрден аттамаған, адамды айуандықпен азаптайтын түрме, зынданы болмаған, үйіне құлпы салып көрмеген, батырлықты пір тұтып, шешендікті ту еткен, жомарттықты жанына жалау еткен арда қазақтың басына тозақ оты орнады. Өз атамекені үшін қару алып атқа қонған батыр оғландары, атылды, асылды, небір «Елім!» – деген ерлері итжекенге айдалды.

Патшалық Ресей, одан қалды қандықол Кеңестік қызыл империя асқақ рухты қазақ елін, асты-үсті байлыққа тұнған қасиетті жерін аяусыз талан-таражға салды. Ол аз десеңіз  қолдан жасалған ашаршылық пен шекара асқан босқыншылыққа  ұрынды. Сайын далада қазақтың ақсөңке сүйегі көмусіз шашылып жатты. Жансауғалап қаңғып келген келімсектер билік құрып – ұлттық  қасиет, киеден, ата-баба дәстүрінен, руханияттан, тарихымыздан  жұрдай болып тоналдық.

Мінекей, осынау үш ғасырға созылған зұлматтан  аман қалған қазақта бірде-бір жанұя жоқ… Және де осынау ұлттық қасіреттің сүйкті сырқыратар зардаптары туралы қолына қалам ұстаған алдыңғы толқын ағалар, замандастарымыз шегіне жеткізе жазды-ау. Бұл азапты жылдарды  біздің де аталарымыз басынан өткерді. Олардың жандары күйзеліп, тамағына келген өксікті әрең тежеп, алабұртқан  жүздерімен қинала отырып айтқан естеліктерін жазуға жүйкем шыдас беретін сияқты емес. Сондықтан да, шамам келгенше жеңіл тілмен, сол орны толмас қасіреттің тігісін жатқызып, ондай жан азабын ендігәрі елімізден, жерімізден аулақ қылсын деген ниетпен, жақсылыққа бет бұрдым.  Аймалай ескен самалды есіме ала отырып – ашаршылықты, босқындықты, өз атақонысында өзі өгей болған азап пен отарлық сұрқия саясаттың зұлматын көріп, ғайыптан аман қалған халықтың ұрпағы ретінде мен де қолыма қалам алып осы естелігімді жаздым.

«…Мен ес  білген бала күнімнен бері «атасының  баласы» болып, атам Рамазанның баурында өстім.

Атам сауаты мол, оқу-білімге құштар адам еді.Төте жазумен жазатын, ал, кириллицаны өз бетінше оқып үйренген. Сол кезеңдердегі газеттерді үнемі оқып, елімізде болып жатқан жағдайлардан үнемі хабардар болып, үлкен-кіші бас қосқан жерде түрлі жаңалықтарды айтып өзінше талдау да жасайтын.  Атамыздың сондай ерекшелігі туралы кейін де замандастарынан жиі естіп жүрдім. Екеуміз шөптер жинап әкеліп, көлеңкеде  кептіріп, түрлі дәрілер де жасайтынбыз. Қай ыдыстағы дәрінің қай ауруға ем екендігін сыртына белгілеп қоятын. Анда-санда ауырып қалаған болсақ әлгі дәрілерді қолданатын. Кейбірін тамырымызды ұстап көріп, «желің асып кетіпті» не болмаса «ішіңді ыстық буған» деп, алдын-ала жегізіп, не болмаса ішкізіп отыратын.

Және де керемет әңгімешіл еді, қызығып отырып тыңдаушы едік. Ехе, балам біздің Жаркент өңірінде – Сатай, Шойнақ, Нұржеке, Әтікей, Мұқайдай батырлары мен Стамшал, Мұқадай болыстар, Жұмабектей  мергендері тағы басқа көптеген қазақтың асылдары өткен-деп, ұзақ сонар әңгімеге кезек беретін. Сол мезет ой-санада үлкен қопарылыс болып, құлақ естіп, көз көрмеген ғажайып бір әлемге еніп, ұшқыр қиял көз жетпес көкжиекке алып ұшатын.

Өзінің де арғы бетте жүргенде, қайтіп советке келгенде де басынан өткен қиындықтары мен қызықтары жайында, бірде қабағы жадырап, бірде түйіліп отырып қазір болып жатқандай, бізде соның ішінде жүргендей етіп бейнелеп айтушы еді. Қоңыр дауысымен баяулатып қара өлеңге де басатын. Соншалық керемет уақиғаларының ішінде, сонау  қытайда жүрген жылдары басынан өткізген мына бір айтқан әңгімесінің жұрнағы есімде қалыпты:

…Гоминдан үкіметінің берекесі кетіп, күннен-күнге биліктен алыстап бара жатқан кезеңі еді. Олар енді жергілікті мұсылмандардан әскерге адамды күшпен ала бастайды. Бір күні қыстың көзі қырауда бесінді кезінде  жоқ іздеп жүрген мені  де қытайдың екі шерігі ұстап алып кетті. Жолай түн болған соң  бір ауылға қондық. Жол бойы айдалып кетіп бара жатып, менің есіл-дертім «Қайтіп қашып құтылсам..?» деумен басым қатты. Сөйтіп, кешкі астан кейін түзге шыққан болып бір салмақты келтек ағашты ыңғайлап қойып, екі күзетшімен төсекке қисайдым. Түн жарымда ел қалың ұйқыға кетті-ау дегенде далаға дәретке шықтым. Содан  әлгі  ағаштың қасына отырған болып қолға  ыңғайлап алдым  да, соңымнан ере шыққан қытайдың шерігін бастан бір салып талдырдым. Үй жаққа қарасам тысқа шыққан ешкім көрінбейді. Серейіп жатқан қытайдың мылтығын ала салып, соңымнан атып жібермесін деп, келген жағыма қарай қаштым. Ауылдан 2-3 шақырым жердегі келесі ауылмен ортадағы өзенді кешіп өтіп, сақылдағын сары аязды түні таң ата жартылай мұз қатқан киіммен  әзер дегенде нағашыларымның үйіне жеттім. Сонда жылынып жан шақырып, киімімді кептіріп күні бойы жасырынып жаттым.  Ертесі түнделетіп, үйіме аман-есен қайтіп ораладым»–дейтін, шоқша сақалын сипап қойып.

Осы әңгімеден кейін атамды кәдімгі жаужүрек батырдай сезініп, іштей мақтаныш  лебі кернейтін.  Енді сол Рамазан атамның  үлкендер жайлы айтқандарының там-тұмдап есте қалғандарын қағазға түсіріп көрейін:

«…Бабамыз Қанғожа  өзі сөзге де, іске де бекем, тәуекелшіл, алап қара күштің иесі болған екен. Қасында өзі секілді «Сен тұр мен атайын!» –  деген екі досы бар үшеуі, Ташкент пен Наманганнан келетін керуендерді бастап әкеліп, Қытайға өткізіп, жол бойғы барлық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Айналысқан  керуенбасылық ісіне  қарағанда  бабамыз  қара  күшке  мығым, айбынды, айлакер және  де  сөзге  шешен  болған  болуы  керек. Себебі,  екі  ел  арасындағы  бұндай  жұмыстарды  атқару  әрине  кез – келген  адамның  қолынан  келуі  екі  талай  дүние  екендігі  өздігінен-ақ, түсінікті  жағдай.

Уақыт  өте  келе   осы  жаққа (Жаркент өңіріне)  табан  тіреген  бабамыз Қорғастағы  Суан ішіндегі Құдайберді  ата ұрпағы, Дуан  руының  жесірі  Сұлумен көңіл қосып,  шаңырақ  құрып – Мұхит, Мұхтар  деген    ұлдары  болады. Бірақ,  бұл  кісілер  туралы  бізде  ешқандай дерек  жоқ. Шамасы, ақ пен қызылдың қанды шайқастары өткен Қазан төңкерісі, кейінгі ашаршылық жылдары шейіт болып кетті ме, ол жағы белгісіз..? Иә, біздің әулетте осынау Кеңестік жауыз саясаттың әсерінен бірге туған бауырларынан мәңгіге айрылысқан жағдайлары бар. Қанғожа атамыз өмірден қайтқанда сол Талдыдағы атажұртқа жерленіпті. Менің мектепке бармаған бала кезімде, одан кейін 2 сыныпқа дейін де сол Талдыдағы бейітке барып талай құран оқып қайтқан едік. Себебі, атам мен 3-ші сыныпқа көшкен жылы (1975ж.) шілденің 12-ші жұлдызында қайтыс болды.

Сол  бір  жаугершілік  аласапыран  заманда  Қызай (қазақтар)  мен  Қытай  шабысып, Қызайлар  қандас бауырлары  Суанға  келіп  қосылады. Елде  қайтадан  тыныштық  орнап,  үркіншілік  толастаған  шақта ес  жиған Қызайлар атамекеніне  қайта бастайды.  Ел  басына күн  туып,  ер  етігімен  су  кешкен  алмағайып   заманның  кезекті  бір  күнінде,  қасына  ерткен  9 жасар  қызын (есімі  Жақай) Қанғожа  бабамызға әкеліп   екі  қап  астыққа  айырбастаған  бір кейуананың  ет  жүрегі  езіліп,  қос  жанардан  лықсып  төгілген  жасты  екі  алақанымен  сүртіп  тұрып,    қоштасарда,  «…Елде  жалғыз  ұлым  қалды  астықты  соған  апарамын,  мына  қызым  қытайға  қор  болғанша,  сенде  қалсын,  оны  қорғайтындай  менде  шама  да  қалған  жоқ,  сен  де  ағайыннан  алыста  жүрген  жалғыз  екенсің  ғой, бір-біріңе  көз бол,  мүмкін  үйлі-баранды  болып  та  кетерсіңдер,  қызымды  жылатпа!»  деп, қимастықпен  кете  барғандығын  анамыздың  айтуынан  талай  рет естіген  біздердің  бала  болсақ   та,  ішіміз  күйіп бойымызды  билеген  белгісіз  бір  қимастық  сезіммен  көзімізге  жас үйірілуші  еді…

Күн  артынан-күн,  ай  артынан-ай  дегендей  өмір «шіркін!» өз  ағысымен  өтіп  жатады… Руаралық  кезекті  бір  аламан  жиында  басынан  сөз  асырмайтын, қарулы,  ешкімге  есесін  жібермейтін  айтулы  бабамызды  көре  алмас   дұшпандары  бақастық  жасап,  айтарға  ілік  таппай, ақыр  соңында  «Сіңбе!» – деп, сөзден  тосылдырған  екен. Ашуға  булыққан  Қанғожа  бабамыз  Қытай  асып  кетіп, 5-6 айдан  соң  «…кейінгі  ұрпағым  бұл  ісімді  кешірмес», – деп,  ойланы-толғанып   Қорғасқа  қайта  оралады.

Сөйтіп,  Дуан  руының  игі  жақсыларын  шақырып, мал  сойып  баталарын  алған  соң  18  жасқа  толған  Жақай  анамызға  үйленіп, Өсек  өзені  бойындағы  Талдыға  көшіп  келіп  қос  тігіп  жаңа  өмірді  бастайды, уақыт өте  келе  Ыбрайымжан,  Жүніс деген  екі  ұлдары  болады.  Баяғы 9  жасар  Найманның  дөртуылының   жас  қызы,  ендігі  Жақай  ана  айбарлы,  адуынды  бәйбішеге  айналады. Оның  да  өзіндік  себебі  бар  еді, бірде,   Жақай  анамыз   болыстың  салық  жинап  келген  әпербеқан,  дойырлау  шабарманын  бақанмен  ұрып  аттан  аударып,  сабап   тастайды.

Ауыл үстіне келіп ат ойнатып, қоқаңдаған, салық жинаған  шабармандардың  біреуін бақанмен, араға 3-4 ай салып «Бір қатыннан қорқатын өңшең қорқақтар!» деп, ақырып  келген екіншісін сойылмен ұрып атымен бірге сұлатқан соң  айналадағы ауылдастарының бәрі  қаймығып, ол кісіге тіке барудан қалған деседі. Тек, сыртынан  «Сары Аю» деп, көңіл-күйін  сұрастырып  барып әдеппен келіп, кететін болған көрінеді. Бір жағынан  масқара  болып, екіншіден  оңбай  таяқ  жеген  шабармандар  ауылды  айналып  өтетін болыпты. Осы  оқиғадан  кейін   үлкен  әжемізді   маңайдағы  ауыл  адамдары    көзінше  «Сары бәйбіше »  сыртынан  естіртпей «Сары  аю»  атаған  дейді. Ұсақ малы 700-ден асатын, 100-ге  жуық ірі қарамен қатар 7-8 үйір жылқысы  және  үлкен ұлының есімімен аталатын Өсек (Үсек) өзенінің бойындағы Талды мен Әріпжан тоғайының аралығында «Ыбрайымжанның жері» деген жекеменшік жері, жаз жайлауы, қыс  қыстауы бар  Жақай апамыз  адуынды кісі болыпты.

Үлкен  ұлы Ыбрайымжан  атамыз зор  денелі,  қызыл  шырайлы,  екі иығына  екі  кісі  мінгендей  палуан  адам  болыпты.

Бір  жылдары  Өсек  өзені  бойындағы   Талдыда  Суанның –  Бәйтүгей,  Тоғарыстан  аталарының  ұрпақтары  бас қосқан  үлкен  той  болады.Айтулы тойдағы  күш  сынасу  күресінде  белдескеннің  бәрін  шаң  қаптырып,  мерейі  тасыған  Тоғарыстанның   Мырзакелді  руының Кемебай  баласы  Нұрғожа  палуаны  ортаға  шығып:

– «…Бәйтүгей  ұрпағынан  менімен  күреске  шығатын  еркек  кіндік  бар  ма?»  деп, бар дауысымен  жар  салады.

Жұрт  тынышталып, ортаға  күреске  шығуға  ешкімнің  жүрегі  дауаламайды. Cол  мезет  Бәйтүгей  Құдайберді  руының  Тәсібек атасының ұрпағы  Бәзіл  бидің  немересі  шапшаң  мінезді,  намысқой  Нұрсәлім  топ  арасынан:

  • «бізден Ыбрайымжан  шығады!» деп  айқай салыпты.

Мейманасы тасып, айналасындағыларды місе тұтпай  тұрған  Нұрғожа:

  • «Ыбрайымжан әкесі  Қанғожаны  ерте  шықсын!» депті  кекесін  танытып.

Намысқа  булыққан  атамыз:

– Иә, «Дулат  пен  Суан  атамның  аруағы  қолдасын!»  дегенді  айтып  ортаға  қарғып  шығып,  сол  екпінмен екі  қолы  екі  бүйірінде  паңданып  шекеден  қарап  тұрған  Нұрғожамен  ұстаса  кетеді.

Екі палуан сығымдасқан қолдары қарысып қалғандай, бірін-бірі ала алмай біраз арпалысады. Содан, Ыбрайымжан атамыз:

– «Иә, әруақ!» деп, бар күшін жиып қарсыласын айналдырғанда ұршықша үйіреді. Сол ұстаған  қалпы  қапсыра  құшақтап  басынан  асыра  тік  көтеріп, екі  айналдырып  жерге  атып ұрады.

– «Не болар екен?!…» деп, екі жақ та демін ішіне алып қыбыр етпей тұрып қалады.

Осы  сәтте  тына  қалған Тоғарыстан  мен  Бәйтүгей  ұрпақтарының  ішінен  бірінші  болып Құдайберділер  ду  көтеріліп,  атамызды  қошеметтеп  көтеріп   әкетіпті.  Есін  жиып:

– «УҺ!» деп  демін  алып, басын  көтерген  Нұрғожа   палуанға:

Екі  бүктеген  қамшысын  шұқшита  безеп,   көзі  шатынаған  Нұрсәлім:

– «…әкең  Кемебайды  шақыр!» деген  екен  қызбаланған жүзінен  ызбар шашып».

Сөйтіп,  атамыз  талай  тойда  топ  жарған  палуан,  өз  шаруасына  пысық,   айналасына  құрметті  ауқатты  адам  болыпты. Бір  қырым  артық  еті  жоқ  сом  тұлғасы  мен  келісті  жүзін  көргендердің  талайы  таңданып, таңдай  қаққан  екен.

Адуынды  Жақай  анамыз  Ыбрайымжан  атамызға  Албан  руының Алжан  атасынан  тарайтын  Мөржан  қызды  айттырып, қалың малын  беріп  үйлендіріп,  Рамазан,  Әбілда  атты  екі  немере  сүйіпті.

Ал інісі Жүніс те еті тірі шаруаға пысық жігіт болған көрінеді. Кіші ұлы Жүніске адуынды Жақай әжеміз «Мен болыспен құда боламын!», – деп, Суанның Құдайбердісінің ішінде Бәйденнен тарайтын Тұрғынбай есімді әулетті кісінің Зейнеп атты қызына құдаласқан көрінеді.  Тұрғынбай  елге  сыйлы  көзі  ашық  сауатты,  көкірегі  ояу  кісі болған. Тарихтағы  әйгілі  1916 жылғы  дүрбелеңде  «Ақ  патшаға  бала  бермейміз!»  деп  қарсы  шығып  түрмеге  қамалған  азаматтардың  бірі,  кейін  сол  түрме  азабының кесірінен  қайтыс болады.

Тағы  бір мынадай  қызықты дерекке  тоқтала  кеткенді  жөн  көріп  отырмын:  шамамен  1912 – 1917 жылдары  дулаттан,  Шу  өңірінен  Бишора  атты  ақын  келіп,  үш  ай  осында  жүріп  біздерді   Шуға  көшіріп  әкетпек  болады,  бірақ  бізге  белгісіз  себептермен  аталарымыз  көшуден  бас  тартып,  осы  Өсектің   бойында   қалып  қойған. Үлкендерден  естіген  бұл  әңгімеміздің  сипатына  қарағанда  бұл  оқиғалардың  бәрі  1917 жылғы  төңкерістен  (Революция)  бұрын  болған  сияқты.

Cодан  жыл  жарым  өтер-өтпестен  тауда  қарағай  ағызып жүріп  абайсызда  суға  кетіп Жүніс  атамыз  қайтыс  болады.   Жөн-жосықты  білмейтін  дойырлау  хабаршыдан  ба,  әлде  сын  сағаты  жеткен  ажалдан  ба  сиыр  сауып  отырған  жерде  тосыннан  естіген  «қайнысының   қазасынан  шошынып»  көп  ұзамай сол  аурудан  жеңгесі  Мөржан  апамыз да  өмірден  қайтады. Тағдырға  қарсы  тұрар  амал  бар  ма,  қапыда  кеткен  жас  оғлан  Жүніс  атамызды  арулап  әкесі  Қанғожаның  қасына,  яғни  Талдыға  жерлейді. Бала  кезімде  атам Рамазан талай  ертіп  барып  құран  оқыған,  әзірге  ол  жерді  таба  алмаймын – ау,  себебі, қазіргі  кезде  ол  жердің  бәрі  егістікке  айналып  кетті. Бұл  да  болса  жаратқанның  ісі  ғой,  сөйтіп  ел-жұрт  жиылып  ақылдасып,  қалың  малы  төленіп  қойылған, оң  жақта  отырып жесір  қалған  Зейнеп   анамызды  қайнағасы  Ыбрайымжанға  қосады. Зейнеп  апамыз  өте  ісмер,  тігінші  болған, ол  кісіден  үш  бала  өмірге  келеді. Қызы – Сақыш,  Ұлдары  –  Әбілғазы,  Нұрғазы.

Содан не керек  атыс-шабыс белең  алған 1916 жылғы дүрбелең, келер жылы Ақпан төңкерісіне ұласып, аласапыран заман басталады. Одан, үкімет ауысып Кеңестік большевиктер билікке келіп – кімнің жау, кімнің дос екенін ажырата алмайтын жылдарды өткереді. Кейін, Кеңестік жүйе орнығып жылдан-жылға күш ала бастайды. Содан не керек, «кәмпеске» деген науқан етек алып, Кеңес  үкіметі малды,  жерді,  бар  байлықты  тәркілеп,  тартып  алады. Ыбрайымжан  атамыз,  Жақай  әжеміз  бен жары  Зейнеп  анамызды, бала  шағасын  алып  амалсыз жансауғалап талауға түскен малдан аман қалған аз ғана ұсақ мал мен тайынша-торпақпен Қытай  асуға  мәжбүр  болады.  Жақай әжеміздің туған жері сол арғы беттегі Сарбұлақ деген елдімекен екен, сонда барып төркіндеріне тұрақтайды.

«Мал ашуы, жан ашуы» деген сөзде айтылғандай, Ыбрайымжан атамыз атқа қонып, қолына қару алып, бергі бетке бірнеше рет шабуылдап, біраз малын алып өткен көрінеді. Кезекті бір сондай жортуылда төрт казак орыспен Өсектің бойындағы тоғайда жалғыз шайқасып, екеуін аттан құлатқан атамыз, өзі де тусыртынан  қатты соққы алып сол жарақаттан көп ұзамай ауырып қайтыс болады. Соңынан Жақай әжеміз де қайғыдан құса болып өмірден қайтады.Тоғыз жасында  Қорғаста анасынан  тірідей  айырылып,  біршама  ғұмыр  кешіп,  өсіп-өнген  Жақай  әжеміз  де  көп  ұзамай, үлкен  ұлы  Ыбрайымжаннан  кейін  өмірден  қайтып (аралары  40 күн) екеуі  де  сол  өздері   қоныс  тепкен  Қытай  иелігіндегі  Сарбұлақ атты елдімекеннің маңайында жерленген деп, үлкендерден естігеніміз бар.

Рамазан  атамыз  орта  бойлы,  жеңілтек,  ашуланса    ыстық табаға  құйған  майдай  қуырып  жіберіп,  бірдемде  түк  болмағандай  соның  бәрін  ұмытып  әңгімесін  айтып  отыратын адам  еді. Арабша білімі жоғары, ал   кириллицаны өз  бетімен  үйреніп алған, сондай-ақ  арғы  беттегі сібе,  солаңдармен  де  солардың  тілінде  ауызекі  қарым-қатынаста  еркін сөйлесетін,  көкірегі  ояу,  өте  сауатты адам болған.  Сонымен  қатар  тамыр  ұстап,  түрлі  шөптерден  дәрі   дайындап  ем-дом  жасаумен  және   түс  жорығыш  қасиетімен  ерекшеленетін.

Әжесі мен әкесі қайтыс болған соң, атамыз Рамазан інілері-Әбілда, Әбілғазы, Нұрғазы мен қарындастары Сақыш тәтемізді алып, сол шекараның арғы бетіндегі Мүкей аузы деген жерде тіршіліктерін жалғастырған.        Рамазан атамыздың  алған  жары  Суандағы  Құдайберді  руының  Тәсібек  атасынан  тарайтын Бәзіл бидің  немере  қызы  Күлшайза.

Бірде-екілі мал мен жазда мейнам егіп, қиыншылықта, жоқшылықта   күнелтеді. Көрмеген қиындықтары жоқ. Ұтыбала деген сібеге, байларға  жалданып жұмыс жасаған. Барды-жоқты, ашты-тоқты болып қиыншылықпен  көп жылдарды өткізген.

Және де Рамазан атамыз мықты атбегі болыпты. Тай күнінде бір сібеден жүз бау шөп пен бір қап астыққа айырбастап алған жаман жабағысы, бәйгенің алдын бермейтін ерен жүйрік ат болған деседі. Аузымен құс тістеген «Құла ат» туралы әкеміз әңгімесінде жыр ғылып айтатын.

Сөйтіп, әкеміз шешеміз Күләйханға үйленгенде нағашы атамыз Ақтанның Ахметжаны деген Суанға аты шыққан беделді кісі екен. Сол нағашы атамыз қалың малға осы жүйрік «Құла атты» берсең ризамын деп, содан атамыз, баласының қарсылығына қарамай  құдасына жүйрік атты тарту етіпті.

1955 жылы   мамыр  айында  алғаш  Қытайдан  қайтып  Советке  өткенде  бұл  кісілердің  көшін  Жаркентке  тоқтатпай  Көкшетау  облысындағы  Амангелді  совхозына  апарып  бірақ  түсіреді.  Ол  жерде  6 ай тұрған  аталарымыз  жерсінбей  қайтып  Жаркентке  көшіп келеді  да  қайда барарларын  білмей  абдырап  тұрған  бұларға  Зейнеп  апамыздың  ағасы  Керімбай  ақсақал  жолығады,  «ой  бауырымдап»  бас  салып  көрісіп,  сағыныштарын  басқан  соң, «… нағашыңда, туысыңда,  бауырыңда –  мына  менмін,  жүріңдер»  деп Лесновка  ауылындағы  үйіне  ертіп  әкеледі. Біраз  демдерін  алып  өздеріне  келген  соң  колхозға  мүше  болып,  колхоздың  бір  атар  қойын  алдына  салып  атажұртқа,  яғни  Талдыға  барып  орналасады,  себебі,  бабамыз  Қанғожа  мен  Жүніс  атамыздың бейіті  осы  Талдыда  еді.

Содан, жыл  артынан  жыл өтіп, күндердің  күнінде  Керімбай  ақсақал қайтыс  болғанда,  көнеден  келе  жатқан  ата  дәстүр  бойынша  ет  жақыны  мен  едім  – деп,  Рамазан  атамыз  сүйектің  қасына  түнейді. Атамыздың  айтуы  бойынша:  «…түннің  бір  уақыты  болғанда  өң  мен  түстің  арасындағыдай  күй  кешеді. Сол  мезет  аспандағы   алтын  табақтай  ай  балқып  келіп  Керімбай  ақсақал  мен  Рамазан  атамыздың  ортасына  түскен  екен»  ояна  кеткен  атамыз  «Әумин!»  деп  бата  жасап,  «Қазаның  арты  қайырлы  болып,  артына  майын  шашар,   біздің,  екеуміздің  де    ұрпақтарымыздың  ғұмырлары  ұзақ  болып,  жақсылықтары  мол  болады. Күн – толық  патшалық,  Ай –жарты  патшалық, кейінгі  келер  ұрпақтардың  ішінен  патша  болмаса  да, патшалық  ісіне,  үкімет қызметіне  араласатын  білімді,  айтулы,  елге  танымал  ұлдары  дүниеге  келеді  екен» деп,   өз  түсін  өзі  жақсылыққа жориды.

Рамазан атамыздың  алған  жары  Суандағы  Құдайберді  руының  Тәсібек  атасынан  тарайтын Бәзіл бидің  немере  қызы  Күлшайза.  Атамыздан  – Жұмахан,  Келиман  атты  екі қызы  мен Тұрдығазы,  Нүсіпқожа  деген  екі  ұл,  барлығы  төрт  бала  тарайды. Мен ес  білгелі  осы  Рамазан  атамның тәрбиесінде  болдым, мектепке  бармас  бұрын алғаш  әріп танытып  «Көрғұлы» дастанын  оқытты, оқып – жазудан  бөтен  балалармен  жарыстыратын,  жер  көрсетті,  ел көрсетті.

Атаммен  еріп  жүріп Ақжарқын манпаңды, Әбдуәли зәңгіні,  Молдаш  басқарманы (сыныптасы), Көбентайдың Ахметжанын, Тоқтам, Сләмедін, Халық  ата, Сыдық  шал, Гүлсім апа, Әбілда ата т. б. көптеген ауыл  ақсақалдары  мен ақ  әжелеріміздің жүзін  көріп, әңгімелерін, ғибратты  сөздерін  естіп  өстім. Әрқайсысы  бір- бірін  қайталамайтын  сом-сом,  тау  мүсін алып  тұлғалар  еді  жарықтықтар. Бастарына киген  киізден тігілген ақ  қалпақтары, қызыл шырайлы  жүздері, отты  жанарлары  мен кеңк – кеңк күлген  күлкілері, екі  бүктей  ұстаған  тобылғы  сапты қамшылары, әңгіме  айтқандағы сахараның  самал  желіндей  майда  қоңыр үндері, бәрі, бәрі…  есімде…Жадымда жатталып  қалған  қайталанбас  керемет сәттер! Керемет!…

Ыбрайымжанның  екінші  ұлы   Әбілда  атамыз  сүйегі  сом,  денелі,  екі  сөйлемейтін,  сөзге  қарағанда  іске  бейім,  мінезі  қаталдау  кісі болды.  Еңбекқорлығында  шек  жоқ, ол  кісінің  тік  мінезі  мен  айбынынан сескенетін  былайғы  жұрт  үнемі  аяқтарын  тартып  жүретін. Атамыз  Суанның  Ақша руының  ұрпағы  Тоқтағұлқызы  Бисабыр  есімді  қызымен  отау  тігіп, бір  қыз  – Бисара  мен  Әбілеш,  Ерғазы,  Әбілхан,  Болатхан,  Қуаныш,  Бақыт есімді  алты  ұл  өсіреді. Бәрі  де өсіп – өнген  балалы – шағалы,  алды  немере,  шөберелері  бар. Бұл  кісілер – Рамазан,  Әбілда  екеуі Албан  анамыз  Мөржаннан  туған балалары.

Екінші  анамыз Зейнептен  туған  Сақыш  апамыз  осы  аудан  жеріндегі   Әулиеағашта  тұрады   өсіп – өнген , ал,  Әбілғазы  атамыз  момын, көп  нәрсемен  ісі  жоқ,  қарапайым  шаруа  адамы  болған. Ол кісінің  кіндігінен  Серік  атты  бір  ұл  бар.  Кенже  атамыз  Нұрғазы  Қытайда сауат  ашып,  хат  танып  зеректігімен  көзге  түсіп,  кезінде  Қытай  елшілігінде  бес  жылдай  жауапты  қызметте  істеген. Кейін  Советке  өткенде    қызмет бабымен  Ташкенттке  кетіп,  сол  жақта  тұрақтап  қалды.

Аталарымыз  тірі  кезде жиі   келіп  тұратын, кейіндері   келуі  сиреген  соң  Әбілда  атамыздың  екінші  ұлы  Ерғазы  ағамыз  әдейілеп  барып, «…үлкендердің  бәрі  қайтыс  болды,  ендігі  үлкен  өзіңіз  сізде  қартайдыңыз,  елге  жүріңіз» дегенде,  кейінірек  хабар  беремін – деп, шығарып  салған  екен. Содан  қарым – қатынас  үзіліп,  қайтыс болғанын  естідік, кенже  атамызға  салауат  айтып   «Иманы  саламат  болсын!»  айтудан  басқа  шарамыз  жоқ. Артында  қалған  екі  ұлы  Нұрлан,  Ильястан  да  еш  хабар  жоқ. Тек  кейінгі  жылдары  білгеніміздей  атамыздың  үлкен  ұлы  Нұрлан   Араб  әмірлігінің   Дубай  қаласында  тұратынын  естідік. Бірақ,  әзірге  ешқандай  араласымыз  жоқ,  хабар  да  алыспаймыз.

Әкеміз  Тұрдығазы  орта  бойлыдан  жоғары,  ат  жақты, тегіне  тартқан денелі қара  күштің  иесі еді. Асқан  көкпаршы,  талай  топта  белдескен мен – мен  деген  жігіттерді  мысын  басқан,  жауырыны  жерге  тимеген  палуан әкеміздің бір  ғана  кемістігі  сөйлеген  кезде  кейде  тұтығып  қалатыны  бар – ды. Әкеміздің  зор  күш иесі болғандығын  құрдастары, ауыл  тұрғындары  кейінгі  жылдарға  дейін  айтып жүретін. Мәселен, әкеміз  тауда мал  баққан жылдары ауылға  диірменге   екі  үлкен    дағармен (90 – 100кг) бидай  әкеліп ұн тартқызады  екен,  сонда  әр  келген  сайын сол  екі  дағар  ұн  немесе  бидайды  бір  өзі  еш  қиналмастан  аттан  түсіріп, қайта атқа артып алып түк  болмағандай аяңдап үйіне қайтқан  кезде, оны сырттай  бақылап, көріп  тұрған  диірменші мен диірменге  келген адамдар  еріксіз  таңданып, бастарын  шайқап қала  беретінді. Сондай – ақ, бір  атар  қойдың ішінен ай мүйіз  ең ірі  қошқарды  аттың  үстінде  тұрып сирағынан  лақша  көтеріп алып,  еш  ауырсынбыстан алдына  өңгеріп  жүре береді  екен. Момын, қулық – сұмдықтан  ада,  қандай  жұмыс  болса да  жапырып  істейтін шаруаға  пысық  әкеміздің  тағы  бір ерекшелігі, жайласып  отыра  қалған  кезедерде  майын  тамызып айтатын әңгімешілдігі. Шекараның  арғы  жағындағы  өткен  балалық  шағы, әкесі Рамазанның бір бай  сібеден жүз бау шөп пен екі  қап  бидайға айырбастап  алып  берген  қотыр  тайының, өсе  келе аузымен  құс  тістеген жүйрік, бәйге атқа  айналып, аймақтың  мақтанышы болған  «Құла  ат»    жайында,  көкпарға шапқаны,  күреске  түскені   т.б. әңгімелерін  аңыз  етіп  айтушы  еді жарықтық.  Аузымыз  ашылып, кірпік  қақпай  тыңдаған  біздер керемет әсерге  бөленіп,  әкемізге  қызыға  қарап, таң-амаша  болатынбыз.

Әкеміз Тұрдығазыға  он  бес  жасында  ұзатылып,  он  баланы (9 ұл, 1 қыз) өмірге  әкелген  анамыз – Күләйхан,  Суан  ішіндегі  Құдайберді  руының,  Қабылан  атасынан  тарайтын  Ақтанның  Ахметжанының  қызы. Анамыз  жиын  тойларда  әдемі  қоңыр  дауысымен  ән салатын,  ақ  көңіл, сөзге  шешен және  өте  намысқой  жан  болды. Және  тағы  бір  ерекше  қасиетіарқасы  бар, иесі ұстағанда ешкімге  дес  бермейтін, сонан  кейін  тілінің үстіңгі қабатын  жауып  тұратын  қап қара  қалы бар тұғын,  асқынған ауруларды  үш  түкірсе  жазылып  кететін, сол үшін  де ешкімді ешқашан  асырып  мақтамайтын  немесе қатты  тілдеп  ұрыспайтын, егерде  қатты  назаланса адам болсын,  мал  болсын  ұзаққа бармайтын…

Сонымен  қатар  шешеміздің   кез-келген  қиындықтан  жол  таба  білетін  табандылығы мен ер  мінезділігін жақсы  көруші  едім.   Нағашы  атамыз  Ахметжан,  Құдайбердінің  аузы  дуалы,  өзі  сері, ел  сыйлаған  мырза, белді адамы  болғандығын  бала  күнімізде естіген  естеліктерден  білеміз.

Әкеміздің інісі  Нүсіпқожа  ағамыз  туралы  сөз өрбітсек, ол кісі ұзын  бойлы,  сүйегі  ірі болғанымен,  қысқа  ойлайтын,  екі  сөзге  келмейтін ашушаң адам болатын. Сонымен  бірге  бала мінезді  ақкөңіл,  тез  алданып қалатын  және  бәс  тіккен  құмар еді. Бірақ, нағыз  қара  күштің  иесі  еді, сондықтан  да  кіші  ағамызды  ел  сыртынан «Қарадәу» деп  атайтын. Себебі, сол  жас  кезінде  бір  жолдастарымен  бәс  тігіп, колхоз  бастығының  машинесін (ГАЗ – 69) көтеріп, орнынан  жылжытып тастаған. Ол кісінің  кіндігінен  бес ұл,  екі қыз  тарайды.

Қорыта  айтқанда  осынау  жаз  дидарлы  Жаркент өңірінде  Қанғожа  бабамыздан  тараған  біздің ұрпақтың  ұзын саны  30 үйге  жетіп қалыппыз. Еліміз  аман, жеріміз тыныш  болып  ұрпақтарымыз  өсіп, көбейе  берсін,  ағайын!

 

Ыбырайымжан Қанқожаұлының немересі Қали  Ибрайымжанов.

Панфилов ауданы, Жаркент қаласы. 11 маусым 2023 жыл.

0 0 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 68
Ақиқат айтылмай қалды
Халық жады

Ақиқат айтылмай қалды

August 31, 2026
Байырша Абылайхановтың беймәлім тағдыры
Халық жады

Байырша Абылайхановтың беймәлім тағдыры

August 31, 2026
Айбат
Халық жады

Айбат

August 31, 2026
Келмеске кетсін сол зұлмат…
Халық жады

Келмеске кетсін сол зұлмат…

August 31, 2026
ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛЖИР»
Халық жады

ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛЖИР»

August 31, 2026
Екпемен елін сақтаған…
Халық жады

Екпемен елін сақтаған…

August 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz