ҚХР Іле қазақ облысы Шапшал ауданының Боти ақыны қызай еліне күйеу келеді. Ол Бүрімқанның ақындығын естіп, 1936 жылы Қарабұраға келген бір сапарында әдейілеп іздеп барып, айтысады.
БОТИ:
Кім жүрер бір қалыппен бұл жалғанда,
Сөзіме менің айтқан болма арманда.
Беріпті байлық, мансап, берекелі ас,
Қызайда Өтегендей болған бар ма?
БҮРІМҚАН:
Кедейлік ер жігіттің дымын құртқан,
Ат өлер ауру боп буын құрттан.
Жылқысы Тілеулі бай шамырқаса,
Еділ менен Жайықтың суын құртқан.
БОТИ:
Төрт түлігі лықсыған Шапшалым бар,
Тасы күміс, тасы алтын асқарым бар.
Қызыр шалып, бақ қонған қызайдағы,
Тілеуліден айтып көр басқа кім бар?
БҮРІМҚАН:
Жалғанның кім тояды қызығына,
Нәпсінің алданармыз бұзығына.
Бақ қонып, Қыдыр шалған Әлдекеңнің,
Тай малтап, үйрек жүзген қымызына.
БОТИ:
Бүрымқан сөз айтайын балдыз қарақ,
Отырмыз осыншадан сізді қалап.
Жақпаған көңілімде бір ісім бар,
Әр адам жүреді екен сені жанап.
БҮРІМҚАН:
Айтайын айт дегенде, Боти жезде,
Жездекем сөз табады мұндай кезде.
Боти-ау, құдай атқан жынды екенсің,
Түзетіп қояр ма еді біздің тезге.
БОТИ:
Бүрімқан, сөз айтамын сөзіңізге,
Келтірді құдай айдап кезімізге.
Жараста аусар да бар, жынды да бар,
Қаншасын салып едің тезіңізге.
БҮРІМҚАН:
Елімде аусар да жоқ, жынды да жоқ,
Ботидай құдай атқан мінді де жоқ.
Белгісі жындылықтың көрінетін,
Қазірше арт жағымда дүрбі де жоқ.
БОТИ:
Бүрімқан, қызығамын ойыныңа,
Жарасар күміс алқа мойыныңа.
Бір сөзді жынды деген айтып қалдың,
Бар ма еді барған жерім қойыныңа.
БҮРІМҚАН:
Қойныма келе алмайсың жындылықпен,
Келгеніңмен алмаймын бір қылықпен.
Түсерсің етпетіңнен аяғыма,
Жүре алмасаң жол тауып құрбылықпен.
БОТИ:
Қонғаны ауылымның бел дейтұғын,
Жалған сөз айтқанменен келмейтұғын.
Кетіпті осы күнде жарас тозып,
Ауылыңда кісі бар ма жөндейтұғын.
БҮРІМҚАН:
Қоңырат көшіп-қонған Алмалыға,
Кіре қылар пулы бар арбалыға.
Тозбағаның ей, Боти, қай жеріңде,
Тентіреп жүр темірің әр мәлі де.
БОТИ:
Есімбек арам пейіл ел жейді екен,
Бай, жарлы, бәрін бірдей тең жейді екен.
Жарлының баққан малы таусылған соң,
Бедесін буып алып теңдейді екен.
БҮРІМҚАН:
Айтады айт дегенде Қамар зәлім,
Қамардың залымдығы маған мәлім.
Шошқаның етін жеген кәпірлердей,
Тауысты бір сүмбінің татам малын.
БОТИ:
Менімен айтысарға жайың бар ма,
Үйіңде поселкелі шайың бар ма.
Тоғыз жүз тоқсан алты ірі қойы,
Жараста Сайболаттай байың бар ма?
БҮРІМҚАН:
Ауылым Ақбұлақтың шоқысында,
Бақ-дәулет берген құдай бақытына.
Бар қойы Сайболаттың сол-ақ болса,
Жетпейді Шоңқабайдың тоқтысына.
БОТИ:
Құдайдың бізге берген бағы да бар,
Сөйлейтін шешендердің жағы да бар.
Жатады қойы сыймай қорасына,
Манап күнде деген бай тағы да бар.
БҮРІМҚАН:
Шіреніп Манап күндең мінеді атқа,
Тартады апиынын күнде босқа.
Жайы жоқ теміріңнің мен білмейтін,
Жетпейді Қасымбек пен Рабатқа.
БОТИ:
Қанбайтын біреулердің күлкісі бар,
Бұраның күнде қақаса түлкісі бар.
Еліңде мұнан артық байлық бар ма?
Демеудің бір жарым мың жылқысы бар.
БҮРІМҚАН:
Аралап тірлігіңде кездің қиыр,
Мен дағы Демеуіңді көрдім биыл.
Жылқысын, қойын қосып не қылайын,
Бар еді Нүптебекте бес мың сиыр.
БОТИ:
Ой қандай, жота қандай, тегіс қандай,
Жігітке бір киетін кебіс қандай.
Төтейміз біз де көппіз жабылсаң да,
Бегімбет-дербіс, итемген, меңіс қалмай.
БҮРІМҚАН:
Болғанда неше дуан наймандар бар,
Жанында батырлардың саймандар бар.
Бұл жерде көптікті айтып неге керек,
Егіз бен сегіз тапқан айуанда бар.
Ботидың байланды енді тіл мен жағы,
Жеңіліп топ ішінде сынды сағы.
Мақтасып жиылған жұрт Бүрімқанды,
Осымен той аяғы тамамдалды.
Екеуі айтысқанда жорғалықпен,
Кім өтер ерегеспей бір қалыппен.
Осылай екі ақынның қағысқанын,
Сымағұл жазып келді молдалықпен.
Тұрсын Нұрсапаұлынан жазып алған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











