Осы жолғы съезд мезгілінде тағы да мынадай бір айта қалсын оқиға оқыстан жүз береді. Қаракерей руынан шыққан Есенбай ұлы Қазыбек би осы съезге ұсыныс етіледі. Бір қанша атқосшы, нөкер, жолдас-жораларымен келе жатқан жолында Алла жазымға жазды ма, бидің үйреншікті жуас, мініс аты қаражал, қарақұйрық құла аты кенеттен үркіп, жығылған биді қозы көшжерге сүйреп кетеді. Бидің сүйектері оңбай ұсатылып, сынады. Сол маңдағы барлық сынықшы мен оташы көріп, еш шипа, ұтымды амал таба алмай дағдарады. Ел-жұрт жан-жаққа ат шаптырып, адам жіберіп, сынықшы іздеп сұрау салады. Ақыры: «Қызай елінің атақты Сәске деген әулие сынықшысы бар екен» дегенді естіп, қос ат шаптырып, адам жіберіп, Сәскені шақыртады. Сәкең шақырту бойынша келіп, Қазыбек биге арнайы үй тіктіріп, ауашалап қарайды. Ол алдымен жарылған бастың миын орнына салып, жарығын таңып, бірнеше күн тыныштандырады. Одан кейін екі жүріс дауалауын бастап, денедегі паршаланып кеткен ұсақ сүйектерді бір-бірлеп өте ептікпен ық-ығына, жік-жігіне келтіріп қиюластырып, абайлап таңады, өте мұқияттылықпен ден қоя дауалағандықтан алпыс бес күнде бұрынғы сау қалпына келген Қазыбек би қаз тұрады. Бұл кереметті көрген Қаракерей елі: «Атқа шапшаң қорықпай шап, басың шағылып, миың корінсе, қол аяғың қирап талқандалса, Қызай елінің әулие оташысы Сәске бар», – деп бағасын беріп, алғысын жаудырып, ұранын қалдырған екен. Сәске Мыржық ұлы Қызай елінің Тілеубердісі ішінен Жарылқап руынан есептеледі.
ТҮЙІН
Баяндалған қысқа әңгімелер қызайдың төрт әулиесінің тек бір реткі, бір өңірдегі ізгілікті ісінің бір парасы және оны жалғастырушылар туралы аз-кем ақпарат. Олар тұтас өмірін мән-мағыналы өткізіп, туған елінің бақыты үшін толып жатқан тартымды тартуын ұсынды. Сондықтан қасиетті әулие аттары алапқа жайылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Сол съезде Қызай елі барлық дуалы істерді толығымен шешіп, табыспен оралады. Топты бастап барған Сарайыт батыр, Қарайыт билер де ерен толғамдылықпен ел көңілінен құрметпен орын алады. Осыдан былай Қаракерей мен Қызай елі ортасында дау-жанжал, барымта-сырымта түгелімен тоқтап, екі ел жер шекарасын белгілеп, Қызайлар Тоқтабарлықтан екіге бөлініп көшіп, бір бөлігі Алтайға, енді бір бөлігі Еренқабырғаға барып, қоныстанады. Кейін екі өңірдегі Қызайлар тағы да үш бағытпен көш түзеп, қазіргі қонысына Іле өзенінің жоғарғы аңғарына келіп, мәңгілік мекен етті. Қазір Қытайдағы Қызайлардың саны 800 мыңнан асып жығылады. Ал Қазақстандағы Матай тауын, Тарбағатай тауын, Қалба тауын және Сыр бойы мен Жезқазғанды мекендеп қалған бір бөлім Қызай ауылдары болды. Олар жайлы біздің қолымызға нақты ақпарат түскен жоқ. Бізден кейінгілер анықтай жатар деген сеніміміз кәміл.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











