Abstract:The paper presents a comprehensive scientific assessment of a unique giant Sievers apple tree (Malus sieversii (Ledeb.) M.Roem.) growing within the Zhongar-Alatau State National Nature Park. Dendrochronological analysis showed an average trunk diameter of 108.75 cm at 1.3 m height and an estimated age of approximately 230 years (229.6 years). The results substantiate the need for comprehensive additional studies to scientifically assess the possibility of granting the tree the status of a national heritage or an exceptional scientific natural object.
Keywords: Malus sieversii, Sievers apple tree, natural heritage, national heritage, biodiversity, dendrochronology.

Кіріспе
Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулы экожүйелер, соның ішінде Жоңғар Алатауы жотасы – жабайы жемісті ормандардың маңызды табиғи ошағы. Олардың ішінде мәдени алма сорттарының генетикалық арғы тегі ретінде танылған Сиверс алмасы (Malus sieversii (Ledeb.) M.Roem.) ерекше орын алады [1,2]. Malus sieversii Орталық Азияның жабайы алма генофонды мен мәдени алманың генетикалық ресурстарын сақтауда маңызды түр болып саналады [1,2]. «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағында сақталған бірегей дарақтарды зерттеу, олардың морфометриялық және жас ерекшеліктерін анықтау, сондай-ақ табиғи генофондты сақтау ғылыми әрі табиғатты қорғау тұрғысынан аса өзекті мәселе болып табылады.
Лепсі өңіріндегі Сиверс алмасының ірі әрі ұзақ жасаған дарақтары туралы тарихи деректерді И.И. Ролдугин мен С.Н. Мальцев келтіреді. Авторлар Лепсинск маңындағы орта таулы белдеуде жасы 150–200 жылдық, дің диаметрі 1 м және одан да асатын Сиверс алмаларының кездесетінін сипаттаған [4].
Зерттелетін учаскенің табиғат қорғау құндылығын Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген өсімдік түрлерінің кездесуі де арттырады: Malus sieversii (Ledeb.) M. Roem., Fritillaria pallidiflora Schrenk. және Paeonia anomala L. [10].
Зерттеу материалдары мен әдістері. Зерттеу нысаны «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» Лепсі филиалына қарасты Чернов орманшылығының Черная речка шатқалында табиғи жағдайда өсетін алып Сиверс алмасы (Malus sieversii (Ledeb.) M.Roem.) болды. Зерттеу жүргізілген ағаштың географиялық координаттары: N45°30′24,3″; E80°45′05,7″. Зерттеу барысында алып ағаштың морфометриялық көрсеткіштері, жасы және табиғи мекен ету ортасының флоралық құрамы кешенді түрде бағаланды.
Алып Malus sieversii өсетін аумақтың флоралық құрамы жалпы қабылданған геоботаникалық және флористикалық әдістер бойынша зерттелді [8,9]. Далалық зерттеу кезінде ағаштың айналасындағы табиғи өсімдік қауымдастығына толық геоботаникалық сипаттама беріліп, барлық кездескен ағаш, бұта және шөптесін өсімдіктер анықталды.
Өсімдіктерді анықтау кезінде Қазақстан флорасына арналған анықтағыштар, таксономиялық әдебиеттер және «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» өсімдіктер каталогы пайдаланылды [10–13]. Түрлердің ғылыми атаулары қазіргі халықаралық ботаникалық номенклатура талаптарына сәйкес рәсімделді. Зерттеу барысында сирек және қорғауға алынған өсімдік түрлерінің табиғат қорғау мәртебесі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабы негізінде бағаланды [10].
Зерттеу барысында ағаштың негізгі морфометриялық көрсеткіштері анықталды. Дің диаметрі халықаралық орманшылық тәжірибесінде қабылданған әдіске сәйкес жер бетінен 1,3 м биіктікте (Diameter at Breast Height – DBH) арнайы ағаш диаметрін өлшеуіш (өлшеуіш шанышқы / мерная вилка) арқылы өлшенді. Өлшеулер төрт бағыт бойынша жүргізіліп, алынған нәтижелердің орташа арифметикалық мәні есептелді.
Ағаштың жасы дендрохронологиялық әдіс арқылы анықталды [6,7]. Зерттеу үшін табиғи жолмен құлаған алып Malus sieversii ағашының дің мойны бөлігінен алынған көлденең кесінді пайдаланылды. Кесінді беті тегістеу қағаздарының көмегімен өңделіп, жылдық сақиналар 6 еселік үлкейткіш лупаның көмегімен өзектен қабыққа қарай төрт радиус бойынша жеке-жеке саналды. Кесіндінің орташа диаметрі мен ағаштың 1,3 м биіктіктегі DBH диаметрі арасындағы арақатынас пайдаланыла отырып, зерттелген алып дарақтың болжамды жасы есептелді.
Жасты есептеу үшін қолданылған формула:
A = (D_DBH / D_c) × N_c
мұнда A – ағаштың болжамды жасы, жыл; D_DBH – жер бетінен 1,3 м биіктіктегі діңнің орташа диаметрі, см; D_c – кесіндінің орташа диаметрі, см; N_c – кесіндідегі орташа жылдық сақина саны, дана.
Жылдық сақиналарды күнтізбелік жылдарға сәйкестендіру халықаралық дендрохронологиялық әдістемелерге сәйкес жүргізілді [6,7]. Қабыққа ең жақын орналасқан сыртқы сақина үлгінің алынған жылы ретінде қабылданып, одан әрі барлық сақиналар кері санау әдісімен мерзімделді. Санау дәлдігін арттыру мақсатында әрбір оныншы сақина белгіленіп, есептеулер детекциялық қайталамалар арқылы тексерілді.
Зерттеу барысында «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» Лепсі филиалы, Чернов орманшылығы, Черная речка шатқалында орналасқан алып Malus sieversii өсетін табиғи учаскенің флоралық құрамы анықталды, географиялық координаттары: N45°30′24,3″; E80°45′05,7″.
Флоралық зерттеу нәтижесінде алып Сиверс алмасы табиғи жағдайда қалыптасқан жақсы сақталған ағашты-бұталы және шөптесін өсімдіктер қауымдастығында өсетіні анықталды. Қауымдастықтың құрамына әртүрлі экологиялық топтарға жататын өсімдіктер кіреді, бұл экожүйенің тұрақтылығы мен биоалуантүрлілігінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Зерттеу барысында төмендегі негізгі түрлер тіркелді:
Ағаштар мен бұталар: Lonicera tatarica L., Rosa acicularis Lindl., Ribes heterotrichum C.A.Mey., Rubus idaeus L., Rubus caesius L.
Шөптесін өсімдіктер: Fragaria viridis Weston, Potentilla asiatica (Th.Wolf) Juz., Geum urbanum L., Filipendula ulmaria (L.) Maxim., Medicago falcata L., Trifolium repens L., Trifolium sativum (Schreb.) Crome, Dictamnus angustifolius G.Don., Geranium pratense L., Geranium robertianum L., Anthriscus sylvestris var. nemorosa (M.Bieb.) Trautv., Archangelica decurrens Ledeb., Bupleurum longifolium subsp. aureum (Fisch. ex Hoffm.) Soó, Bunium setaceum (Schrenk) H.Wolff, Conium maculatum L., Heracleum dissectum Ledeb., Pulmonaria mollis Wulfen ex Hornem., Solenanthus circinnatus Ledeb., Lamium album L., Melissa officinalis L., Origanum vulgare L., Galium aparine L., Inula racemosa Hook.f., Arctium tomentosum Mill., Taraxacum officinale Wigg., Sonchus arvensis L., Polygala hybrida DC., Phleum pratense L., Alopecurus pratensis L., Dactylis glomerata L., Urtica dioica L., Aconogonon alpinum (All.) Schur, Cerastium davuricum Fisch. ex Spreng.
Зерттеу аумағында Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген сирек өсімдіктердің кездесуі анықталды: Сиверс алмасы (Malus sieversii), ақшыл секпілгүл (Fritillaria pallidiflora Schrenk.) және кәдімгі таушымылдық (Paeonia anomala L.) [10]. Бұл түрлердің бір учаскеде қатар кездесуі зерттелген аумақтың жоғары табиғат қорғау құндылығын көрсетеді.
Алып Malus sieversii ағашының жасын анықтау мақсатында табиғи жолмен құлаған ағаштың дің мойны бөлігінен алынған көлденең кесінді бойынша дендрохронологиялық талдау жүргізілді.
Көлденең кесінді бойынша жүргізілген өлшеулер нәтижесінде кесіндінің орташа диаметрі 29,25 см, ал орташа жылдық сақина саны 61,75 екендігі анықталды. Жылдық сақиналардың ені шамамен 1–5 мм аралығында өзгерді [6,7]. Ағаштың жер бетінен 1,3 м биіктіктегі (DBH) орташа дің диаметрі 108,75 см болды. Осы көрсеткіштер жоғарыдағы формулаға қойылғанда: A = (108,75 / 29,25) × 61,75 = 229,6 жыл. Демек, зерттелген дарақтың есептік жасы шамамен 230 жылды құрайды. Бұл мән кесіндідегі сақина саны мен DBH диаметрінің арақатынасына негізделген болжамды жас болып табылады, сондықтан оны ағаштың абсолютті дендрохронологиялық жасы ретінде емес, есептік жас бағасы ретінде көрсету ғылыми тұрғыдан дұрыс (1-кесте).
1 кесте Malus sieversii ағашының дендрометриялық көрсеткіштері
| Үлгі | Диаметр, см | Жылдық сақина саны, дана | |||||||||
| 1 | 2 | 3 | 4 | Орташа шама | 1 | 2 | 3 | 4 | Орташа шама | ||
| Кесінді (4 бағыт) | 28 | 31 | 28 | 30 | 29,25 | 61 | 68 | 62 | 56 | 61,75 | |
| Ағаштың DBH (1,3 м) | 115 | 110 | 100 | 110 | 108,75 | – | 229,6 | ||||
![]() |
![]() |
| Сурет 1. Алып M. Sieversii диаметрін өлшеу | Сурет 2. M. sieversii кесіндісі диаметрін өлшеу |
![]() |
![]() |
| Сурет 3. M. sieversii кесіндісі жылдық сақинасын санау | Сурет 4. Алып M. sieversii ағашы |
Алынған нәтижелер Жетісу өңіріндегі жабайы алма ормандарының дендрологиялық тарихын толықтыра түседі. И.И. Ролдугин мен С.Н. Мальцев өздерінің «Древесные растения (своеобразные, оригинальные, уникальные деревья)» атты еңбегінде былай деп атап өткен болатын:
«Среди плодовых деревьев Казахстана также нередко можно встретить больших размеров яблони и абрикосы. Так, например, возле поселка Лепсинск бывшей Талды-Курганской области (ныне входит в состав Алматинской области), в условиях среднегорья произрастают 150–200-летние яблони Сиверса. Особенно поражают они огромной, в несколько десятков метров в диаметре кроной и стволами до 1 м и больше» [4, 196-б.].
И.И. Ролдугин мен С.Н. Мальцевтің бұл тарихи-ботаникалық деректері біздің зерттеуімізбен тікелей сабақтасады. Лепсі өңірінің орта таулы белдеуінде дің диаметрі 1 м-ден асатын және жасы 150–200 жылға жететін Malus sieversii дарақтарының кездесетіні XX ғасырдың соңында-ақ тіркелген. Біздің тарапымыздан анықталған дің диаметрі 108,75 см және жасы 229,6 жылды құрайтын алып дарақ – Ролдугин мен Мальцев сипаттаған табиғи феноменнің нақты айғағы болып табылады.
Қорытынды. Жүргізілген ботаникалық, геоботаникалық және дендрохронологиялық зерттеулер Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Лепсі филиалы аумағында өсетін алып Malus sieversii (Ledeb.) M.Roem. дарағының жоғары ғылыми, экологиялық және табиғат қорғау құндылығын көрсетті. Дендрохронологиялық есептеу нәтижесінде ағаштың болжамды жасы 229,6 жыл (шамамен 230 жыл), ал жер бетінен 1,3 м биіктіктегі (DBH) орташа дің диаметрі 108,75 см екені анықталды. Зерттеу аумағында Malus sieversii, Fritillaria pallidiflora Schrenk. және Paeonia anomala L. сияқты Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген түрлердің кездесуі осы табиғи кешеннің ерекше табиғат қорғау маңызын айқындайды.
Алынған нәтижелер зерттелген алып Сиверс алмасын Қазақстанның табиғи генофондының бірегей үлгісі әрі ерекше ғылыми маңызы бар табиғи объект ретінде қарастыруға негіз береді. Сонымен қатар, «ұлттық игілік» немесе «ерекше ғылыми табиғи объект» мәртебесін беру туралы түпкілікті ғылыми қорытынды жасау үшін оның генетикалық ерекшеліктерін, физиологиялық және фитосанитариялық жай-күйін, табиғи көбею әлеуетін, экожүйедегі рөлін, ұзақ мерзімді дендрохронологиялық мониторинг нәтижелерін және тарихи-мәдени құндылығын кешенді бағалау қажет.
Осы қосымша зерттеулердің нәтижелері зерттелген дарақтың ұлттық деңгейдегі ерекше табиғи мұра және ұлттық игілік мәртебесін беру мүмкіндігін ғылыми тұрғыдан бағалауға негіз болады.
Әдебиеттер тізімі
- Harris S.A., Robinson J.P., Juniper B.E. Genetic clues to the origin of the apple // Trends in Genetics. – 2002. – Vol. 18, No. 8. – P. 426–430. DOI: 10.1016/S0168-9525(02)02709-9.
- Richards C.M., Volk G.M., Reilley A.A., Henk A.D., Lockwood D.R., Reeves P.A., Forsline P.L. Genetic diversity and population structure in Malus sieversii, a wild progenitor species of domesticated apple // Tree Genetics & Genomes. – 2009. – Vol. 5. – P. 339–347. DOI: 10.1007/s11295-008-0180-0.
- Джангалиев А.Д. Дикорастущие плодовые леса Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1977. – 280 с.
- Ролдугин И.И., Мальцев С.Н. Древесные растения (своеобразные, оригинальные, уникальные деревья) / Отв. ред. Г.М. Кузнецов. – Алма-Ата: Гылым, 1991. – С. 195–196.
- Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі №175-III «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңы.
- Stokes M.A., Smiley T.L. An Introduction to Tree-Ring Dating. – Chicago: University of Chicago Press, 1968. – 73 p.
- Fritts H.C. Tree Rings and Climate. – London: Academic Press, 1976. – 567 p.
- Полевая геоботаника: в 5 т. / Под ред. Е.М. Лавренко, А.А. Корчагина. – Москва–Ленинград: Наука, 1959–1976.
- Быков Б.А. Геоботаника. – Алма-Ата: Наука, 1978. – 288 с.
- Қазақстанның Қызыл кітабы. 2-т.: Өсімдіктер. – Астана: АртPrint XXI, 2014. – 452 б.
- Нургожанова Ж.С. Каталог растений Жонгар-Алатауского государственного национального природного парка. – Алматы, 2024.
- Курмантаева А.А., Қасымханова Т.Қ. Результаты изучения редких и исчезающих видов растений Жонгар-Алатауского государственного национального природного парка. – Алматы, 2023.
- Черепанов С.К. Сосудистые растения России и сопредельных государств. – Санкт-Петербург: Мир и семья, 1995. – 992 с.
- Иллюстрированный определитель растений Казахстана. Т. 1–2. – Алма-Ата: Наука, 1969, 1972.
Kassymkhanova T.K., Nurgozhanova Zh.S., Yeleusizov K.A.
Zhongar-Alatau State National Nature Park
Sarkand, Zhetysu Region, Kazakhstan















