Қаракерей Есбол деген ақынның руы Байғана болып, ол 1890 жылдары Қызай елі Күнеске Бұраталадан ауып келгенде, бас Қопа деген жерде отырған Бұқаш болыстың әкесі Қосеттің үйіне келіп қонады. Бұқаш пен Есбол тамақ үстінде отырып, қағысып қалады. Сонда Есбол тұрып:
Қосеттің бес баласы бәрі де бай,
Қосет салық қылыпты-ау япырым-ай.
Үйіне «Бес Қопада» қонып едім,
Табылмады қайтейін шырақтық май.
Қалыпты Құсет салық «Қопа» сазда,
Қалыпты бес баласын хахол ұстап.
Қан тамған қылышынан қайран Құсет,
Ат тұрмақ шапқыламас байталға ұқсап, – дегенде Бұқаш Қызай мен Қаракерей бір туысып еді. Байталым өсім болады, өзіме керек. Мә, мына тайды бағып, ат қылып мін, – деп бір ат берген екен.
Бегімбет – Дербіс бөлініп, сасан болыс болғанда Есбол келіп:
Ассалаумағалейкум Сасан болыс,
Болыстық құтты болсын жаңа қоныс.
Қан тамған қылышынан қайран Бұқаш,
Ұзаққа қуалады-ау кәпір орыс, – деген екен.
Есбол ақындықпен қыпшақтан бір қызды алып, қашып келеді. Бұл кезде Қаракерейге Қыпшақтан Көрпебай деген би билік істейді екен.
Қыздың туыстары Көрпебайға арыз қылып, шабарман жібертіп, Көрпебайды шақыртады. Көрпебай келген шабарманды Есболға жібереді. Есбол ақын шабарманға бір атын жетелетіп:
– Көрпекеңе сәлем де, қызы толғатып жатыр еді. Бүгін босанатын күні. Мына атты қазірше апарып бере тұр, – деп қайтарады.
Ертесі Есбол келгенде Көрпебайдың үйі толған адам екен:
Ассалаумалейкум, – деп кіріп барғанда, Көрпебай:
Табалдырықта тұрып, үш ауыз өлең айтпасаң саламыңды алмаймын, – дейді.
Есбол табалдырықта тұрып:
Қыпшақты біз жеуші едік баяғыда,
Жеді ғой бізді қыпшақ аяғында.
Малымды сізге бердім қоңыр жорға,
Көрпеке соны сізден аядым ба.
Көрпеке ұлықтықты жастанып ең,
Қызығып аулыңыздан жасты алып ем.
Кәрі қасқыр сияқты аңғал басым,
Ату жерге келген соң бас салып ем.
Көрпеке, жүрген жерім жиын-тойдай,
Шенім жоқ тең келетін саған ойбай.
Бұл жерде басқа төре, қарада жоқ,
Қорықтық бір қыпшақтан үріккен қойдай, – дегенде Көрпебай:
«Тіліңе шоқ түссін! Ит те болсаң сүйек тістедің, қалың малы салауат», – деп қайтарған екен.
Байғана аз ауыл екен де, одан Ақбас деген би шығыпты.
Бір күні Ақбас би:
Мен Бексұлтан төреден қасақана бір түйе сұрайын деп едім.
Менімен бірге жүр деп Есболды ертіп алыпты.
Олар Бексұлтан төренің ауылына жетіп барғанда, төре бір топ адаммен мал аралап жүреді екен. Аман сәлемнен кейін бір төбешікке отыра қалып, төре Ақбас бидің бұйымтайын сұрайды.
Ақбас би:
– Келініңіз әдейі жіберіп еді. Жайлауға көшуге шаңырақ артатын түйе жоқ, – дей бергенде, төре іліп әкетіп:
– Алсаң болатын еді. Жүк арта қоятындай үлкен түйе жоқ еді, – дегенде, Есбол қағып алып:
Етте жоқ, қымызда жоқ айдалада,
Төре түйе бермейді майдалама?
Төре түйе береді Сағымбайға,
Түйе қайдан біздердей байғанаға.
Биеке, жүріңіз, қайтайық, – деп түрегеле бергенде, Бексұлтан:
– Ей, мынаған ана нардың жақсырағынан біреуін ұстап алып келіңдер, – деп малшыларына бұйырған екен.
Есбол үш жолдасын ертіп бір құдасының үйіне барады. Құдасы қой сояды да, құйрығымен бауырын бақанға іліп қояды.
Оны көріп отырған Есбол:
Е, құдеке, екуміз құда болдық тәуір шақта,
Құйрығын сақтап қойдың бауырсаққа.
Әдейі сойған қозы етін бірақ салсаң,
Төртеуміз тауысар едік ауырсақ та, – дегенде құдасы қарғып тұрып, құйрық пен бауырды қазанға бір-ақ салыпты.
Қазыналы қарттардан жазып алып, сақтаған
Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз:
Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.]]. – Талдықорған : [б. ж.].
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











