Майеке Солтангелді ішіндегі Қожабек Жамантон руынан Шығай деген құрбысы қайтыс болғанда:
Меккеге Сымағұл мен Шығай кетті,
Шалдары Жамантонның ыңғай кетті.
Бұлардан өзімшілдік қалған емес,
Қолдарын Кәкібайға бұлғай кетті, – осы ауылдан қатарлас өлген кісілерді айтып, бауырымдаған екен.
Коммуналасудың алғашқы жылдарында, Көлденеңбұлақ деген қыстауға көктем кезінде қи топтауға бір шал барып, Зеріппай деген адамның жер тошаласында жатқанда, жаңбыр қатты жауып, тамшы өтіп, жағуға отын таппай, Кәкібайдың ағаш үйіне барып, қойдың қиын жағып, жылынып отырғанда Майеке:
Бұрынғының жорасы-ай,
Кәрі үлкен үйдің қорасы-ай.
Бір борандық болмаған,
Зеріпбайдың моласы-ай, – деп көпшілікті бір селпілтіп тастапты.
Күнес ауданының Сарыкезең, Көлденеңбұлақ деген жерлері Малтабар-Шәкіл руының қыстауы мен көктеулігі.
Майеке бір жылы бір қысырақ үйірлі жылқы бітіп, оған айғыр салам деп отырған бір дөнені аяғы ақбас болып ақсап қалады. Аралтөбедегі мал дәрігеріне апара жатып:
Қайран да менің торым-ай,
Арғымақтай форымы-ай.
Құнаннан дөнен шыққанда,
Аяқтан құдай торуы-ай.
Дәрігерге сені апарып бақтырайын,
Жазылсаң басыңа үкі тақтырайын.
Егерде сорың қайнап жазылмасаң,
Сепейге жілігіңді шақтырайын.
Аяғың аман-есен тәуір болса,
Айғыр ғып бес биеге шаптырайын, – депті.
Ел коммуналасқан кезде Сабырбек, Зеріппай, Мұрынбек, Даулетхан қатарлы кісілерді ұйымдастырып етік тіктіріп, еңбекшілердің аяқкиімін жаматады. Мәкең бұлардың істеп жатқан орынна келіп, тіккен етігін көріп:
Е, Сабырбегім атақты,
Мұрынбегім масақшы.
Дәулетханым тасашы,
Зеріппегім шаташы.
Шатақшылығын айтайын,
Дәмеханды сабатқан,
Нүптебекті қаматқан, – депті.
Әбікен Байжұма деген адам Солтанкелді Сымағұл өлгенде жаназаға кіріп қасқыр ішігін алған екен. Арада бір жыл өткен Әбікеннен Лақан мампаң өлгенде Майекемен Мұқаметхан жаназаға барса бұларды елеусіз қалдырыпты. Сүйек жуылып, жолдық беріліп жатқанда:
Байжұмаң әбікен емей, қалмақ па еді,
Сымағұлым өлгенде бармап па еді.
Сары сүйек құдамын деп Солтекеңе,
Байжұма қасқыр ішік алмап па еді.
Лақаннан Майеке құры қалатын,
Лақанды Майеке жалмап па еді, – дегенде бір үлкен жолдық беріп, аттандырыпты.
1964-ші жылдары Нұрғали деген рота бастық жиын ашып жатқан жерге Майеке кіріп барып:
Рота бастық бір ат бер,
Бір ат берсең құры ат бер.
Ат бермесе Нұрғали,
Кебіс, мәсім шыдап көр, – деп ат сұрапты.
Ат бермейтініне көзі жеткенде:
Таңғалдым Нұрғалидың арынына,
Қызып жүр әйелдердің жалынына.
Нұрғали мұныңызды қоймасаңыз,
Бір күні пышақ кірер қарыныңа, – деп шығып кетіпті.
Майекенің Қарасыздық деген құрдасы жасы ұлғайыңқырап үйленеді. Сонда мәйеке құтты болсын айта барып:
Ассалаумағалеикум Қарасыздық,
Қатпаған қауырсыны бала сыздық.
Қырықта бір қатынды әрең алдың,
Қанжардай бауырыңнан жара сыздық, – депті.
1959 – 1960 жылдардағы ашаршылық қарсаңында:
Намазым құлқу Алла әлһам болды,
Сәресім екі қасық талқан болды.
Мендағы осы аштықтан өлерме екем,
Жарғақтай ет құлағым қалқан болды.
Босағада қаңырап таба қалды,
Нан түспеді ішке деп қапаланды.
Керегенің басында тұлып қалды,
Норма жетпей балалар ұлып қалды, – деп тұрмыстың күйзелісті халін жырға қосыпты.
Әлақын деген взвод бастығынан ат сұрап барса, бергісі келмепті:
Болатқан взвод болғанда,
Белдеуге ат байлатқан.
Әлақын взвод болғанда,
Тауға жаяу айдатқан.
Айналайын құдайдан,
Майекені сайратқан, – дегенде, Әлақын шыдай алмай өзінің атын берген екен.
Бір жылы Зеріпбай деген кісінің Әбілбек деген ұлы әскерден келіп, бір торы атты әдемілеп ерттеп мініп, қыз іздеп жүріпті. Бір күні Майеке ақсақал ерттеулі тұрған тор атты сұрап мініпті. Сарымыс үзеңгісі тар екен. Ақсақалдың аяғы сыймайды.
Сонда Мәкең:
Ақжелке атың нар екен,
Күмістен пыстан сары екен.
Келіспеген бір жері,
Екі үзеңгісі тар екен.
Үшеуің бірдей бойдақ боп,
Арылмаған қырсығың әлі бар екен, – депті.
Әбілбек үш ағайынды болса да әлі бірі үйленбеген екен.
1960 жылдардағы ашаршылық кезінде Мәйеке Қарабайұлы отқа қызылша көміп, пісіріп жеп отырғанда қасына қонақбай Мұқаметқан деген келіп қалады:
- Мәеке, мұныңыз не? – дегенде,
- Е, жанға қысым көрсетіп,
Демеген сөзді дегізді.
Жанға қысым көрсетіп,
Жемеген боқты жегізді.
Коммуна болып көмілдік,
Немене ішіп, не міндік,
Біреуге қарап еміндік, – депті.
Мұқаметқан деген адам мәліншік жылқы бағады екен. Сол тұста Майекенің туысы Нұрадан молла белсенді болып, басшылық қызмет істейтін болса керек. Бірақ Майеке туысының қылығын жақтырмайтын көрінеді. Сонымен бір күні Майеке Мұқаметқанның үйінде:
Мұқаметқан, жігіт едің арыстандай,
Қотыр жылқы бағыпсың намыстанбай.
Нұрадан екі ауылдың имамы еді,
Болып жүр жын-шайтанмен жарысқандай.
Құдайдың таң қаламын бергеніне,
Бір мәнсап нұраданға келгеніне.
Нұрадан мұныңызды қоймасаңыз,
Сиер-ау, талдай қатын өлгеніңде, – деп екеуінің мінін бетіне басыпты.
Ел аузынан жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











