Байеке болыс өзі тұстас, көрікті ақын келіншек Малайға бірнеше рет базыналық сөз салады екен. Бірақ Малай қабыл көрмепті. «Әй сені ме», – деп орай іздеп жүрген бір жылы Малайдың ауылына бес саудагер келіп сауда жасапты. Осыны естіген болыс үйінде аяқкиім тігіп жатқан етікші Қайранбай деген адамды жіберіп:
- Қайреке тағы қайтып барасыз ба,
Жел сөздің сіз жүресіз арасына.
Малайды бес керуендік қылған жауыз,
Көкпектің күлін сепсін жарасына, – деп бір ауыз өлең айтқызыпты.
Сонда Малай Қайрекеңді қайта жіберіп:
- Жайлаған біздің елді бес Кермендік,
Көттің жауыр боларын ескермедік.
Бәкеңнің өкпелейтін қисыны бар,
Бопайдан бір жапырақ ет бермедік.
Сәлем де Байекеге қағынбасын,
Басынан Боқаш алған маржан тасын.
Мен түссем болыстықтан о да түсті,
(өзінің келіншек болғанын айтып отыр)
Жемір қара бурадай шабынбасын.
Өзіңнің көз салмайсың ар жағыңа,
Ауырдың жер солқылдар салмағына.
Жанына менің сөзім қатты батса,
Қоғылдап қашып кетсін қалмағына, – деген өлеңді қолма-қол айтқызыпты.
(Сол жылы Байеке болыстықтан қалып, орын Боқаш деген адам алған екен).
Малайдың жаңа түскен жас келіншек күні екен. Бір жылы жайлау үстінде сол ауылдың Жақып деген қайынағасы киіз үйдің алдында отырып, Малайдың сұлулығына қызығады.
Бірақ келіні болғандықтан сөз айта алмай амалсыздан ары өткен, бері өткенде Малайдың артынан сары қурайды жұлып алып лақтырып ұрады екен.
Сонда МАЛАЙ:
- Алтымыздан шығайық жетімізге,
Шағи көйлек жарасар етімізге.
Би ағаның біздерде көңілі бар ма,
Сары қураймен ұрады көтімізге, – деген екен.
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











