Біз негізінен бес күндік жұмыс тәртібіне бағынамыз. Дүйсенбіден жұма күнге дейін нәтижелі, мейлі нәтижесіз жұмыс істесек те оған ақы төленеді. Ал алтыншы күнгі жұмысты өзіміз тауып алғанбыз. Ол үшін өз қалтамыздан қаржы шығаруға тиістіміз. Ол сенбі сайын жиналып, жарты күндік уақытымызды моншада өткізетін тазалық жұмысы.
Бүгінде мен тұратын қаладағы әлеументтік моншалардың құны 1500-ақ теңге тұрады. Жолың, басқа шығының бар 2000 теңгемен кәдімгідей демалып қайтасың. Тағы бір қызығы, адамдар моншаға жалаңаш түсетіндіктен бе? Әр деңгейдегі адамдардың бәрі моншада бірдей саналады. Сондай-ақ, мен жиі баратын моншада адамдар өз ыңғайына қарай топ-топқа бөлініп алғанбыз. Мысалы, сәрсенбі күні қариялар, бейсенбі күні олардан жас зейнетке жаңа шыққандар, ал сенбі күні түске дейін біздің тобымыз барады. Бір қызығы бізді ешкім зорлықпен топтастырған жоқ. Өзімізді өзіміз іздеп тауып алғанбыз. Моншаның кіре берісіндегі киім ілетін сөредегі нөмерлерді де жекешелендіріп алғанбыз. Тіпті, әлде кім сенбі күні моншаға келе алмайтын немесе басқа жаққа іссапарға шығатын, жеке жұмысы шыға қалса алдымен бізден сұранып, моншаға бармайтынын ескертеді. Сосын мекемесінен сұранады.
Біздің құрамда кімдер бар деп ойлайтын шығарсыз? Қатарымызда қаһарынан қол астындағы қызметкерлері қалтырап жүретін басшы азаматтар, жұдырығын бір сілтесе қандай алпамсадай адамды сұлатып салатын спортшылар, әдетте түр-тұрпатына сәп салмағанымен, аузынан шыққан әрбір әңгімесіне ішек-сілең қататын күлдіргішілер, формада жүргенде алыстап жүргің келетін құқық қорғаушылар, базарда арба сүйреп жүргенімен моншаны дайындағанда алдына жан салмайтын ақкөңіл азаматтар, дүкеніне барсаң бір тиын үшін кеңірдектесетін, ал моншаға керекті иіс суды әлемнің қай түкпірінде, құны қанша қымбат болса да тауып әкелетін қол ашық азаматтар, елдің өркениетін, өзгерісін айтып өзеурейтін біз сияқты тәртіпті, Үкіметтің істеп отырған әр ісіне наразы болып жүретін «Тәртіпсіз» саясаткрлер, өзі моншаға келіп, моншаға көп түсудің зиянды екенін түсіндіргісі келіп түрлі дәлел келтіретін дәрігерлер, қысқасы, әр саланың, әр деңгейлі адамдар бір топ болып жиналып қалғанбыз. Тіпті уақыт өте келе бауыр басып кеттік.
Бір қызығы, көшеде қарапайым сатушы болғанымен, моншаны мықты дайындайтын жігітке бәріміз бағынамыз. Ол моншаны дайындап болып, иіссуын сеуіп, денесіне орайтын матасымен ауасын айналдырып, сосын есігін жауып, қол созым жерде тұрған қоқыс салатын шелекті есікке тіреп: «Он минут күтіңдер?» деп өзі темекі шешуге немесе сусын ішуге кетеді. Есіктің көзінде иіріліп тұрған нелер мықтылар оның айтқанын бағынамыз. Ол келіп, моншаның ішін тағы бір тексеріп, «Кіріңдер» деп бұйырғанша күтіп тұрамыз. Бұндайда әдетте жұлқынып тұратындарда жуасып қалады. Кейде жігітіміз көбірек айналып қалса да, кешіріммен қараймыз. Негізінде моншаны өзімізде дайындай салуға болады. Бірақ сол жігіт дайындамаса көңіліміз көншімейді. Ол жоқ күні моншаға түскендей болмаймыз. Көшеде кездесе қалса: «Сенбі күні қалмай бар», – деп ескертіп қоямыз. Әбден дайындалып, иіссудың иісі бұрқырап тұрған моншаға кірген соң да сол жігіттің орналастыруымен жүрегі мықты, мықты емес деген рет бойынша әр сатыға жайланып отырып, әңгіме дүкенін құрамыз.
Журналист болсам да, әлем де болып жатқан, тіпті өзіміз жасап жатқан қалада орын алған өзгерістер мен оқиғаларды сол жерден естіп, аузым ашылып қалады. Қатарымызда әдетте қабағынан қар жауып жүретін құқық қорғаушы жігіттер бұл әңгімелерге кешіріммен қарайды. Бұндай өкпе-наз моншада айтылса жарасатын сияқты. Егер моншаның сыртында айтылса, өмірге қауіп төнуі бек мүмкін. Ыстық будан шыққаннан кейін муздай суық бассейінгі бір сүңгіп аласыңда тағы да келіп деңеңді жылытасың. Сосын демалыс бөлмесіне аяңдайсың.
Әр сенбі сайын моншаға бару әдетке айналғаннан кейін бе? Әйелдеріміз де сумкаға арнайы дайындаған тағамдарын салып жіберуді әдетке айналдырып алған. Қатарымызда біз ыстық будан шыққанша үстелді жайнатып қоятын ыстыққа көп отырмайтындар да бар. Біз буға кірерде сөренің кілтін соған беріп қоямыз. Ол сөмкедеғі тағамдарды алып, белгіленген тәртіп бойынша үстелге тізіп қояды. Бір қызығы, әркім өз жағдайына қарай, бірі қазы-қартасын, енді бірі бір дөңгелек нанын ала келеді. Ол жердегі тағамдар кімдікі деген әңгіме болмайды. Олар үстелге тізілген соң бәрі көпшілікке ортақ дүние болып шыға келеді. Анау ананы әкеліпті, мынау дым әкелмепті деген бөліп-жаруда кездеспейді. Арасында бір жартысын ала келетіндер де бар. Өмірі шарап ішпегендерде осы ретте бір стакан тартып жібереді. Бір қызығы, дастарқан басында күлдіргіден гөрі, нағыз ұлтшылдықтың әңгімесікөп айтылады.
– Монша дегенді ең алғаш біздің қазақтар ойлап тапқан. Баяғыда Еділ патша Батысқа ауып, Еуропаны жаулағанда жергілікті халық монша дегенді білмейді екен. Іш киім кимейтін көрінеді. Оларға батыр бабамыз сан мыңдаған ержүрек жасауылдарын ертіп барумен қатар, мәдениетті де ала барған ғой, – деп сөз бастайды тарихшы жігіт.
– Кеше бір мақаладан оқып қалдым. Атқа мініп, шіреніп садақ тартуды да сақтар мен ғұндар ойлап туыпты, – деп ілеседі тағы бірі.
– Басқалар шөптен шақай тартып, шұбырып жүргенде әлем-жәлем оюланған арбамен көшкен кешегі қаңлылар емес пе? – дейді біреуі мүмкін руы қаңлы шағар.
– Қымыз сапырып, қымыран ашытқан, түйе ұстап, шұбат демдеген, қыз қуып, көкпар тартқан, бес саусағын матырып, бесбармақ жегенде біздің қазақтар еді. Қазір соның бәрін қайдағы біреулер игілігіне асырып алды. Теледидарда қолын сермеп сөйлейтіндер соған қарамай қайда жүр? – деп мұң шағатындар да бар.
– Иә, қытайлар түсірген «Шыңғысхан» деген фильмде Найман хандығында монша болғаны туралы көрініс бар. Егер сол кезде басқа хандықтар да монша болған болса, сол сериялда көрсетілетін еді еді ғой, – деп тағы біреуі ой қосады.
Осы кезде әкемнің: «Жүз естігеннің біреуі ғана шын, бір көргеннің бәрі шын. Естігеніңді айтып елеуремей, көргеніңді айтып көрегендік таныт» деген өсиеті ойыма орала кетеді де сөзге мен араласамын. Кім білсін, ешкімге қақ-соғым, өкпе-ренішім болмағаннан кейін бе қасымдағылар менің тарихымды қаламаса да сабырлылықпен тыңдауға етін үйретіп алған
«Сакиский монша» дегенді көріп өстык. «Сақ моншасы» деуге де болар еді. Өзіміздің құлаққа жылы естілетін атауларды орысшаландырып атасақ салмақтырақ естілетін ауруымыз бар ғой. «Сакиский монша» дегенде бәрі қарай қалады. Бала күнімізде жазғы демалыстың бәрін ен жайлаудағы атамыздың үйінде өткізуші едік. Бар тірлігіміз қозы бағу. Қол босай қалса, ала жаздай ошағанның арасында жүрген қошқарлардан қырқып алған сірі болып жабысып қалған жүнді түтетінбіз. «Осы жабысып қалған жүндерді лақтыра салмай ма», – деп ашуланатынбыз сонда. Сөйтіп, әр ауылдан сондай қиындықпен түтілген жүндер жиналып, киіз басылатын. Алдымен түтілген жүнді қолмен тоқылған шидың үстіне ұқыптап жайып, шиды орайтын да оның үстіне қайнаған суды құйып жіберіп, білекпен айналдыратынбыз. Қайта жайып, қайта айналдырамыз. Ыстық судың кесірінен екі білегіміз қып-қызыл болып, қолаурап, әбден қиналсақта жүн киіз болғанша бір тыныштық бермейтін.
Біз киіз басумен айналысып жатқанда ересек жігіттер бұлақтың суын ауыл қонған жерге таяу жатқан жалпақ қара тасқа қарай бұрып, әбігерленіп жатады. Тасты айналдырып, өзен бойынан малта тас тасып, қоралап үй, тастың үстіне ошақ жасайды. Басында түсінбей «Мұнысы несі деп» ойлайтынбыз. Киіз әбден ширап арасынан су түгілі бу өтпейтін болған кезде астынан сылдырап су ағып жатқан жалпақ тасты қоршай қаланған тасқа қара құрым киізді айналдыра жабады. Сол кезде ел отырған Көлсай жайлауынан бірнеше шақырым жердегі Көркі деп аталатын тасты таудан бірнеше жігіт қап-қап көмір жеткізеді. Тас ошаққа от жағылып, тас үй киізбен қымталады. Тас әбден қызғанда алдымен үлкендер, одан кейін шешелдеріміз, сосын бала-шаға, қыз-қырқын кезек-кезегімен моншаға шомылуға бет аламыз. Оттың қызуымен әбден қызған қара тасқа бір шөміш суды шашып қалсаң болды. «Быж» еткен дыбыспен бірге көтерілген бу қалың қара киізден далаға шыға алмай айналып келіп денеңді шыжғырады. Шыдамай бара жатсаң жалпақ татың астын үңгірлеп қазған тоғаннан ағып шыққан муздай суық тау суынан бір шөміш суды іліп алып, денеңе құйып жібер жанның рақаты деген сол. Біз бала күнімізде осылай моншаға түсіп өскен едік. Кейін қайдағы бір әпербақандар шығып, «Орманды өртейсіңдер», тағы да сол сияқты түрлі сылтау шығарып, сол моншаны жасатпайтын болды.
Осы кезде көз алдыма сол бір қимас сәттер оралады. Жүрегімде бір шемен бар екені анық. Оны көпке айтпасам да көңілімде сайрап тұрады. Осыдан кейін Финсикий моншада шомылып отырғандардың әңгіме ауаны «Сакиский монша» туралы болады. Әркім бала кездеріндегі монша туралы көрген-білгенін айтысып, дуылдап отырғанда менің көз алдыма әкеммен бірге алғаш рет моншаға барғаным оралады.
… Ол кезде біз Аралтөбе деген ауылда тұратынбыз. Менің 14 жастағы кезім. Сол күні әкем жұмыстан ерте оралды да қиімін тез ауыстырып, мені ертіп алды да үйден шықтық:
– Әке, қайда барамыз? – деп сұрадым.
– Моншаға, – деп келте жауа берді.
Әкем айтқан моншаға жеткенше осыдан жеті-сегіз жыл бұрынғы таудағы моншаны ойлаумен болдым. Алайда біз келген моншаның жөні бөлек екен. Сол жылы Іле өзенінің суын бұрып, ауылға жаңадан су электр стансысы салынған болатын. Стансы судың күшімен қозғалатындықтан биіктігі 3 метрден астам канал қазылған. «Смағұл атаның моншасы» аталып кеткен жаңа монша сол өстеңнен тесіп су алып, еңіске орналасқан екен. Қызыл кірпіштен қаланған әдемі үйдің іші құжынаған адам. Бәрі де моншаны сағынып қалғаны белгілі. Үлкені бар, кіші бар, тыржалаңаш адамдардың арасына кіріп кеттік. Басында сәл ұялғаным болмаса бірте-бірте көз үйреніп кетті. Содан бастап әкеммен бірге апта сайын моншаға баруды әдетке айналдырып алдық. Арада бес ай өткенде қай бір антұрғанның кесірінен болды екен. Ауылдық өкіметтің қытайы бар, қазағы бар, ұйғыры бар бір топ атқамінері сынықтан сылтау тауып, «Смағұл атаның моншасын» бұзып тынды. Атамызда құры жатқан жоқ. Өрлі-төмен арызданып көрді. Сол арыздың көбін әкем жазып беруші еді. Кейін келе Смағұл атаға «мал ұрлығына қатысты бар» деген жала жабылып, бес жылға сотталып кетті. Түрмеден аман-есен келгенімен көп өтпей өкпе түбіркулезбен ауырып, қайтыс болды. Содан бері мен өскен ауылда монша болған жоқ.
Қазір ойласам соның бәрі қолдан жасалған қылмыстар екен ғой. Басқаның, әсіресе, мәдениетсіз ұлт пен мәдениетсіз адамдардың қолына қараған күн құрысын. Керісінше, олар бізге «Қазақ мал баққаннан басқаны білмейді» деген жетесіз ойларын санамызға сіңіру үшін озық дүниеміздің бәрін тіс-тырнағымен тырмалап, тұншықтырып келіпті ғой. Нағыз мәдениетсіз, құлқыны үшін ғана күн көретіндер солар екен. Олар тек басқалардың озық дүниетанымын зорлықпен меншіктеніп, өздерін әулие көрсетіп келіпті. Себебі, олардың ата-бабалары шаң топырақ болып жүрсе де, моншаға түсіп көрмегеннен кейін мынау әлемге тыр жалаңаш көзбен қарауға әдеттенбеген. Бір қуанарлығы, тәуелсіздікпен бірге сол құндылықтарымызды қайта тартып алып жатқанымызға қуанамын. Осы күні әр рет моншаға барғанда қаптап жүрген қазақтарды көріп, қайта оралған құндылықтарға қуанып қаламын.
Мен осындай ойлардың әлегінде отырғанда қасымдағылар моншаны дайындаудың түрлі әдіс-тәсіліне көшеді. Бірақ олардың бірде бірі оны жасамайды. Жоғарыда айтқандай, бұл міндетті саудагер жігіт арқалайды да жүреді. Бұл әңгімелер аса қызықты болмаған соң өз қиялыма тағы да ерік беремін.
… 2005 жылы бірінші рет Алматыға келгенде түскен үйдің иесі мені ертіп, Алматыдағы «Арасан» моншасына апарды. Сонда бір рақаттанғаным әлі күнге есімнен кетпейді. Әсіресе, аталарымыздың басына қанша зобалаң салғанымен де Кеңес билігі қазақтың шомылу мәдениетіне шектеу қоймағанын сол кезде түсіндім. «Арасанды» салдырған Дінмұхамет Қонаев атамызға мың мәрте алғыс жаудырдым. Атажұрттың топырағына табан тигелі бергі он неше жыда тұрақтап, тамыр тарту үшін қаншама қиын күндер бастан өтті. Талай рет қолды бір-ақ сермеп кері қайтып кеткімде келді. Бірақ соның бәрін жеңуге, бүгінгідей жетілуге кері қайтсам моншаға түсе алмайтынымды, тағы да мәдениетсіз аталатынымды ойлап, шектелдім. Расында, дүниеге шен, мәртебе, үстіндегі киіммен емес, тыр жалаңаш қалпымен қарағаннан артық бақыт жоқ қой, сірә да!
Кейін әкем бізге қонаққа келгенде ең алдымен моншаға ертіп апардым.
– Жүріңіз, әке, бір жерге барып қайтайық?
– Қайда?
– Моншаға.
Сол кезде асмамен ауырып жүрсе де, менің өтінішімді кері қайтарған жоқ. Мен де әкемнің алғаш моншаға апарғандағы қарызынан осылай өтедім.
Әкем қайтыс болар күні үйдегі моншаны жақтырды. Рақаттанып шомылып, қырынып, тырнақтарын алып, бір жасап қалды. Сол күні бізге айтар өсиетін айтып, тапсыратынын тапсырып, тап-таза қалпымен мәңгілік мекеніне кете барды.
Біз әкемізден бақиға сәл ертерек кетіп қалғанына өкінсек те, тап-таза кеткеніне мың шүкірлік еттік. Әкемде сондай пәк адам еді. Мүмкін таза ниетіне солай өту жазылған шығар. Осы күні өзгелердің лас тірлігінің кесірінен қиналып жүрген қандастарымның халін ойласам, түн ұйқым төрт бөлінеді. Тым болмаса, соңғы сапарға тазаланып аттана алмайтынын ойласам, жүрегім қан жылайды.
Моншадағы әңгіме қызған сайын шыққың келмейді. Бірақ өмір сүру үшін сырттағы тірлікке араласуың керек. Өкінішке орай, киім киініп, моншадан шыққаннан кейін бәрі өзгеріп кетеді. Әркім өзінің міндеттері мен бас ауруларын ойлап, жан-жаққа тарап жатады. Келесі сенбіге дейін мүлде басқа адам болып, өмір сүреміз. Көрсек те көрмеске салып, білсек те білмеген болып, шенденіп, байсынып, алдымызға келсе танымай, жағдайын айтса елемей, өзімізше болып қаламыз. Ал моншада өзімізді тыр жалаңаш қалпымызда көрген кезде барып, тәубемізге келеміз. Сол кезде: «Адамдар киімсіз өмір сүрген кезде материалдық жағы тым жұтаң болғанымен, маралдық тұрғыда нағыз демократиялы болған екен ғой» деп ойлаймын. Демек, қоғамдағы балық қылмыстың, итшіліктің, жетесіздіктің қайнар бұлағы киімде тұрғандай ойға қаласың.
Демек, біз өркендеген сайын үстіміздегі киімге тым көп мән беретін болып алғанбыз. Ол бір күні шешіледі. Тек өмірге тыржалаңаш келіп, тыр жалаңаш кететінімізді ұмытпағанымыз жөн. Моншаға бармасам мұндай ақыл маған да кірмес пе еді, кім білсін?!
Қажет АНДАС
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











