Қазір екінің бірі тәуелсіздік қазаққа қан-төгіссіз келді деп жүр. Олай емес тәуелсіздік – ардан именсе де, дардан именбеген ата-баба ерлігінің өтеуі. Қазақстан міне, сол жер үшін, ар-намыс үшін атқа қонған күрестердің заңды жалғасы. Иә, біз өзіміздің шұғылалы тарихымызбен мақтануға, оны үлгі етуге тиіспіз. Алайда, тәуелсіз ел болдық дегенменен, кім көрінгеннің шылауында кетіп жатқан рухымыз ғана көкіректі өртейді. Тағы бір қынжылтатыны, бүгінгі таңда барлық нәрсенің ақшамен өлшеніп, адамды еңбегіне, адамгершілігіне, өнегелі өміріне, өз ортасындағы бедел-биігіне қарап бағалайтын заманның келмеске кетіп бара жатқандығы. Тіпті, ағайындығын ақшаның қалқасында қалдыратын сатқындық пен аярлық, ашкөздік пен алдамкөстік етек алып кетті. Ағасы қиналмай-ақ бауырын борышты ететін, баласы әкесіне қанжар ала жүгіретін, отбасын ойрандап, опасыздыққа бой алдырған намыссыздық тағы бар. Бір анадан тараған ағайындылар да қалтасына қарап, қарым-қатынас жасайтын, қартайған соң әке-шешесін Қарттар үйіне өткізе салатын заман туды.
Жарайды, бауырластың өкпесін тарқатуға болатын шығар. Ал мемлекеттің мүддесін ақшаға айырбастай салатын адамдарға не дейміз. Оның үстіне қазір қазақ ұлтының мүддесі кесіліп пішілмей, бөлісіп пішілетін болып алды да, қазақты орысқа оңтайлы, ағылшынға қолайлы, қытайға жұғымды, жалпы батыстың тісіне жұмсақ дап-дайын шикізат жасағысы келетіндер де жоқ емес. Сөз орайы келген де айта кету керек шығар, көрші қытайлар қайда жүрсе де Отанын ойлап, сол мақсатпен жұмыс істейді. Олардың қойын дәптерлерінің бірінші бетінде: «Тізеңді бүксең де, кеудеңді име, ол Отаныңның иілгені» деген сөз жазулы тұрады. Әр таң сайын ұйқыдан оянған соң сол сөзді міндетті түрде бір рет есіне алады. Осы күнге дейін Швейцария банкіне бірде-бір қытайлық ақша сақтамаған. Керісінше, шет елден тапқан табысын еліне апарып, игілікке асыруға тырысады. Қытайлардың әлемдік нарықтың көшбасшысы болуы да, АҚШ долларының үштен бірінің қытайлықтардың қалтасына түсіп кетуі де олардың отаншыл рухының мығымдығының нәтижесі.
Ал, бізде ұлтын ұлық көретін, Отанын отбасынан да биік санайтын арлы азаматтар жетерлік. Дей тұрғанмен, қалтасы теңгеге толған соң шет елге өре қашу үрдіске айналғаны жасырын емес. Бұл келеңсіздіктің салдарын бүгінгі нарықпен байланыстыратындар жетерлік. Әрине, бұған нарықты кінәлауға болмайды. Тіпті, нарық қазаққа жат ұғым емес. Ол кешегі тарихымызда да болған. Бірақ онда алтынды ардан жоғары қоймаған. Ол кезде де байлығы асқандар болғанымен, туған жерін сатқандар жоқ. Сондықтан да «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейтін қасиетті сөз қалған. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін де бірден нарық экономикасына көшкеніміз бұл үдерістің жалғасы. Басқасын айтпағанның өзінде, каракөздеріміздің нарыққа бейімделіп, базар заңдылығын түсінуге қол жетті. Әлемдік өреде экономикалық негіз қаланды. Бір сөзбен айтқанда, он неше жылдың ішінде еврейді таңғалдырып, өзбекті шаң қаптырып кеттік. Бірақ байлықты ардан қымбат көретін бауырласты көбейтіп алғанымызды байқамай қалдық.
Жуырда неміс ғалымдары мынадай бір тәжірибе жасаған. Неміс отбасы асырап алған ағылшын, ағылшын отбасы асырап алған француз, француз отбасы асырап алған орыс балаларын жинап, оларға сол ұлттардың тарихымен тамырласып жататын фильмдерді көрсеткенде әр ұлттың баласы тілін түсінбесе де туған ұлтының тарихы өрілген фильмдерді ыждағатпен тамашалаған, өзі өскен отбасының тарихына тән көріністердің тілін біліп тұрса да бейжай қарап отырған. Мұның өзін ғалымдар гендік тамырластықта жатыр деп шешкен. Әрине, ассимиляция болатыны сөзсыз. Бірақ ұлттық құндылық жойылып кетпейді. Сондықтан еуропалықтар да кейінгі жылдары ұлттық құндылықтарға терең мән бере бастады.
Бұл жерде қазақтың бағалы тарихын кезең-кезеңімен айту қажет емес шығар. Бірақ, Кир патшасының басын шапқан Томирис, Римді жаулаған Еділ патша, кіресшілерді тас-талқан еткен Бейбарыс, жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан, қазақ хандығының негізін қалаған Керей хан мен Жәнібек сұлтан, қоқанды қоқаңдатпай ұстаған Хақназар, Жоңғарды жойған Абылай, ұлт намысын ту еткен Кенесары хан, бұлардан басқа да әлем тарихына өшпес із салған ұлы тұлғалардың ұлылығын асқақтатқан қазақ емеспіз бе? Кешегі Жібек жолының бел ортасында тұрып, әлемдік нарықты меңгерген бабаларымыз ұрпағына алтыннан гөрі, бағалы парасат қалдыруды көздеген. Қытайға керуен тартып, үлкен-үлкен сауда жасаған Абылайдың адамдары да жақынына жат мінез танытпаған. Олар өз еңбегін ұрпағының келешегімен байланыстыруды шам-шырақ еткені анық. Міне, осындай айбыны мен ақылы асқақ халықтың бүгінгі таңдағы рухының әлсіреуіне нарық кінәлі емес. Ол – заманның туындысы.
Әрине, өз ұлтының құндылығына суарылған намыс қана адамды биік белеске шығаратынын ескере отырып, нарық заңдылығына өзіміздің ұлттық ар-ұжданымызбен үйлесуіміз, оны жүрегіміздің түбінде жатталған қазақы қасиетімізге бағындыруымыз керек. Өйткені, біздің алдымызда мықты қазақ елін құрудан басқа жол жоқ. Ел боламыз, өркендейміз десек ұлтжанды, батыл да батыр қазақ рухы арқылы бүгінгі жаңа қазақтың жігерін жануымыз, салт-дәстүрімізбен тәрбиелеуіміз, ар-ұжданды ақшадан биік қоятын адамгершілікке бағыт алуымыз керек.
Қажет Андас
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











