Аймақ Жанғалиевтің туғанына 113 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми конференцияның 2 секциялық жұмысында «АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ, КИЕЛІ САНАЛАТЫН ПЕТРОГЛИФТЕР, ҚОРҒАНДАР ЖӘНЕ ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕРДІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ» тақырыбы зерделенді.
Шелек тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Қуанәлі Алмасбек музейдің қалыптасу тарихы, қорда сақталған жәдігерлер және ғылыми-ағартушылық жұмыстары туралы айтып өтті. Қазіргі таңда музей қорында 2500-ге жуық жәдігер бар. Олардың арасында археологиялық бұйымдар, қыш ыдыстар, көне еңбек құралдары, тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар, тарихи құжаттар мен фотосуреттер бар. Баяндамашы үшін мұндай жәдігерлердің тек сақталуы емес, олардың тарихын зерттеп, ғылыми тұрғыдан сипаттау да қажет. Музейдің жұмысы арқылы Шелек өңірінің тарихын ғана емес, Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қоныстардың дамуын да аңғаруға болады. Есік, Түрген, Лавар және Шелек аумақтарынан табылған археологиялық орындар бұл жерлерде ерте кезеңнен бастап сауда, қолөнер және егіншілік дамығанын көрсетеді.
Жаркент жерінің Ілебалық қалашығындағы археологиялық қазба жұмысы жайында баяндалды. Қазба кезінде қыш ыдыстар, зергерлік бұйымдар, түрлі теңгелер және құрылыс нысандары табылған. Бұл Ілебалықтың бір кезеңде сауда мен қолөнер дамыған маңызды орталық болғанын айқындайды.
«Жауынгерлік Даңқ» музейінің меңгерушісі Қали Ибрайымжанов Жаркент жеріндегі жартас суреттері, көне жазу мен ежелгі қала орынына жүргізілген зерттеуді таныстырды. Бұнда сақ дәуірінен бастап әр кезеңге тиесілі тарихи орындар бар. Сондай-ақ Бұрхан, Қойтас, Үсек және Ырғайлы сайдағы петроглифтерден арқар, бұғы, тәутеке, жылқы және адам бейнелерін кездестіруге болады. Мұндай суреттер сол дәуірдегі адамдардың қоршаған ортаға көзқарасы мен дүниетанымынан хабар береді. Көне жазуларға қатысты зерттеудің де маңызы жоғары. Әсіресе Үсек өзені маңындағы көне түркі жазуы мен Ырғайлы сайдағы таңбалар әлі де толық зерттеуді қажет етеді.
Екіаша ауылы маңындағы «Әулиетас» табиғат ескерткіші мен Қарашоқы қонысындағы жартастағы суреттерге жүргізілген зерттеулер табиғи нысанның да адамзат тарихындағы орны ерекше екенін аңғартады. Далалық зерттеу нәтижелері бұл орындардың ежелгі адамдардың дүниетанымында ерекше мәнге ие болғанын көрсетеді. Мәселен, «Әулиетас» қасиетті орны табиғи нысан болумен қатар, аспан денелерін бақылауға байланысты орын ретінде пайдаланылған болуы мүмкін. Ал Қарашоқыдағы жартастардан адамдардың, бақсының және ғұрыптық әрекеттерге қатысты бейнелердің табылуы сол кезеңдегі діни түсінік туралы ой түюге мүмкіндік береді. Қасиетті орындарды сақтау арқылы сол кезеңдегі халықтың табиғатқа деген көзқарасын да зерттеуге болады. Мұндай тарихи орындарды қорғаумен қатар, оларды танымдық туризм бағытында пайдаланудың маңызын атап өтті. Алайда туристік бағытты дамыту кезінде тарихи нысанның табиғи қалпын сақтау және оларға зиян келтірмеу басты назарда болуы керек.
Конференцияда ұсынылған баяндамалардың тақырыптары әртүрлі болғанымен, барлығының түйісетін тұсы туған жердің мұрасын сақтау. Шелек музейіндегі жәдігерлер, Жаркенттегі көне қалалар мен жартас суреттері, Жоңғар Алатауындағы қасиетті орындар Жетісудың тарихы мен табиғатының бір-бірімен тығыз байланысты екеніне көрініс береді. Осы қатарда Сиверс алмасының да орны ерекше. Өйткені оның табиғи ерекшелігі ғана емес, Жетісу жерінің табиғи ортасымен қалыптасқан байланысы да маңызды.
Бүгінде мұндай зерттеулерді жалғастыру, табиғи және тарихи нысандарды жүйелі түрде зерделеу қажет. Себебі туған жердің әрбір жәдігері мен табиғи байлығы келешек ұрпаққа қалатын мұра. Оны сақтау тек мамандардың емес, қоғамның ортақ міндеті. Конференция барысында көтерілген мәселелер де осыны аңғартты. Жетісудың табиғи байлығын тарихи-мәдени мұрамен байланыстыра зерттеу өңірдің өткенін тереңірек тануға және оның құндылықтарын келешекке жеткізуге жол ашады.
Айсұлу Бауыржанқызы
“Q-Andas” ақпарат агентігінің тілшісі.











