Біздің арамызда еңбегін бұлдап, қадірін асырмай-ақ қарапайым тұлғасымен үлкен-кішінің құрметіне бөленіп жүрген жандар баршылық. Әлбетте, жетпіске келу бар да, қалай келу тағы бар. Жұмабек Қуанышбайұлы жетпіске басқаларға үлгі болар өзгешелігімен келді. Сондықтан оның өмірі мен өрге сүйреген кісілік қалпын бір екшеп алу кім-кімге болса да керек-ақ. Әдетте, адам спортшы болып тумайды. «Спорттың жолы ауыр жол», – демекші, оның биігіне тек қажыры мен қайраты бекем, жолай келген қиындыққа мойымайтын бір беткей жандар ғана шыға алатынын өмір сан мәрте дәлелдеп берді. Ал спортшыдан саясаткер, үлгілі ұстаз, ақын болудай басқыштардан сүрінбей өткен Жұмабек Қуанышбайұлының еңбек жолы көпке өнеге болары анық.
«Әркімнің туған жері мысыр шаһары» демекші, адам баласына кіндік қаны тамып, кіндік бауы кесілген жердің ыстық болатыны анық. Жұмабек ата 1939 жылы Лепсі өзенінің бойындағы Қаракөз деп аталатын ауылда туып, балалық бал шағы мен жалынды жастығын сонда өткізді. Бала кезінде тентектеу болса керек. Ауыл балаларымен жиі-жиі алыса түсіп, күресе жөнелетін ұлының қылығына күле қарайтын Қуанышбай ата: «Балам, тұқымымызда палуан адам жоқ. Мұның не?» – деп еркелететін көрінеді. Бірақ, Жұмабектің ер жетіп спорт саласының білгір маманына айналып, қазақша күрестен Қазақ ССР-нің чемпионы атанарын, бір ауданнан 52 спорт шеберін тәрбиелеп қатарға қосарын аққөңіл ата ол кезде білген жоқ.

Иә, өмірдің сан ағымы бар бала Жұмабектің алғашқы арманы орта мектеп қабырғасында жүрген де-ақ оянды. Мектепаралық күресте талай әріптесінің жауырынын жерге қадап, шаң қаптырып жүрді. Ақыры ауылдағы он жылдықты бітірген соң Алматыдағы денешынықтыру институтының дене тәрбиесі және спорт мамандығына оқуға түседі. Қалаға алғаш келген ауыл баласына мұндағы оқу басында қиындау тиді. Орыс тілінен бір қиналса, тік мінезінің де пайда-зиянын көп көрді. Бірақ, күрес десе делебесі қоза жөнелетін, жұлқысқанын жеңіп шықпай тыным таппайтын қайсарлығы талайды сан соқтырып кеткені де бар. Сонымен қатар, қазақша күрестің қадірін асырған Әбілсейіт Айханов сияқты әйгілі палуандармен қатарлас жаттыққаны тәжірибесі мен талантын ұштай түсті. Институт қабырғасына тарыдай болып кіріп, қазақша күрестің Қазақ ССР-нің чемпионы деген таудай атақты арқалап шыққан жас жігіттің бұдан кейінгі тірлігі ауылда өтті. Ол Қаракөз ауылындағы мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі бола жүріп, ауыл балаларын спортқа жаттықтыра бастады.
Әрине, бапкер болу оңай емес. Әрбір жас палуанның бабын тауып, тұлпар жаратқандай оның сан қилы әдіс-тәсіліне аса мән қойып, палуан жанын зерттеу бапкер үшін басты талап. Жұмабек осы талаптың барлық шартын орындай білді. Бір-екі жылдың ішінде ол тәрбиелеген балалар аудандық, облыстық байқауларда қара озып бапкердің еңбегін көрсете бастады. Тіпті, облыстық біріншілікте оның төрт шәкірті облыс чемпионы атанып, Ақтөбеде өтетін республикалық жарысқа жолдама алды. Аядай ауылдың даңқын айдай әлемге шығарған мұндай табыстар жыл өткен сайын еселене түсті. Осыдан кейін Жұмабек Қуанышбайұлының еңбегі еленіп, Ақсу аудандық спорт мектебіне аға жаттықтырушы, аудандық спорт ұйымының төрағасы болып ауысты. Осы мектепте 25 жыл жаттықтырушы болған кезіндегі табыстары да қомақты болды. Атап айтар болсақ, оның шәкірттері 20 рет облыстық жарыста бірінші орын алса, екі рет екінші, үш рет үшінші орынды иеленді. Бір ауданнан 52 бала денешынықтыру институтына оқуға қабылданды. Әрине, мұны жаза салу оңай-ақ. Алайда, спорт – көпшіліктің көз алдында өтетін шара болғандықтан ол көзбояуды, көңілге қарауды қаламайды. Сондықтан әрбір медаль қан мен тердің бодауында келетіні анық. Ал, оған сіңген жаттықтырушының қажырын есептей беріңіз. Сонымен бірге, оның беделі де өсе түсті. Қырыққа жуық аудандық, облыстық, республикалық дәрежедегі диплом және Алғыс хатпен марапатталғаны жетістігін көрсетсе, бапкерлікпен қоса бала тәрбиелеуді де табандылықпен жалғастыра жүріп, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі төсбелгісі мен «Еңбек ардагері» медалін еншіледі. Саясатқа да араласып, аудандық мәслихаттың депутаты бола жүріп те көп шаруаның тігісін жатқызды.

Спортқа берілген адамға отбасындағы жарының түсіністікпен қарағаны ең маңызды. Өйткені, айлап алыс сапарға кету, тіпті, үй шаруасына, бала тәрбиесіне қарайтын уақыттың шықпай қалатын кездері болады. Мұндайда «Сен саларда, мен салар болып жатса…» үйдің берекесі, жұмыстың берекеті болмайтыны анық. Жұмабек атамыздың да бүгінгі биікке жетуіне Шариза Білісбаеваның байсалды байыптылығы үлкен көмек болғаны шындық.ұзақ жылдар ауыл мектебінде бала тәрбиесімен айналысқан апамыз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасының иегері, аға оқытушы, қазір зейнетте.
Жұмабек ата «Жарыма әзіл» деген өлеңінде:
Отбасының береке, ырысы да,
Өзіңсің,
ұстап бізді уысыңда.
Үйдің сенсіз сәні жоқ,
Өзіңе аян,
Қай зат тұрар, қай бөлме қуысында,
– деп жазыпты. Осындай жарасымды отбасыдан шыққан балалар әкесінің жолын қуып, үлкен ұлы Қайрат Алматыдағы денешынықтыру институтын, екінші ұлы Қайыржан мен кенжесі Айбат І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің денешынықтыру факультетін бітіріп, әр салада жұмыс жасап жүрсе де еркін күреспен айналысады. Міне, бұл жанұяны төрт бірдей палуан шыққан «Палуандар отбасы» деуге лайық.

Жұмабек Қуанышбайұлының тағы бір қыры – ақындығы. Барлап қарасақ, қаламын қолынан тастамай жүріп жазған өлеңдері «Жайдарман», «Мөлдір бастаулар», «Шабыт», «Қарындасым, қарылғашым», «Жетісудың жаңа әуендері», «Жетісу жырлайды» сияқты алманақтарда жарық көріп, оқырманның сүйінішіне бөленсе, «Ақсу жырлап ағады», «Сұлулық саған ғашықпын», «Қыран қияға самғайды», «Тағдыр арнасы», «Аққу мүсін», «Тұғыр» қатарлы жыр жинақтарын баспадан шығарды.
Әрине, ақын болу – өлеңді төпелеп жазу дегенді білдірмейді. Оқысаң ойыңды байытып, жан сарайыңды аша түсетін Жұмабек Қуанышбайұлының поэзиясының тақырыбын төрт топқа жіктеуге болады.
Бірінші далаға деген терең махаббат. Енді бірі – ғашықтық сезім. Біздің ақын да осы ұлы сағыныштан аулақ қала алмаған. Қай жинағын ашып қарасаң да ғашықтыққа деген сағыну, зарығу, табыну сезімі өрнектелген өлеңдер жеткілікті.
Бірақ автор оны кейде түнеріп, қара нөсер болып құйып кететін, кейде жадырап ашылатын бұлтқа теңеп, өз көкейінен мәңгі өшпей жүрген ғашық сезімді ғаламат оймен тұлғалайды. Осылай жаза, көрсете алмаса ақын бола ма?
Тағы бір шоқтығы биік тақырып – ауыл келбеті. Мұнда автор ауылдың жусаны мен жуасын, ауасы мен аптабын жырлап жатпайды. Ауыл адамдарының, ондағы қарым-қатынастың, ауылға тән ізет пен құрмет, сағыныш пен күйініш, махаббат пен парасат тілге алынып, оның үлкен философиялық мәні мен мағынасын ашып береді. Иә, “жалғыз шауып бәйге алмас” ақын өзінің барлық ақындық өнерін аға буынмен үндестіре жырлайды. Жыр дүлдүлі Бақтыбай, ақиық ақын Мұқағалиды пір тұтады. Олар жайлы естіген кесімді пікірлерді үлгі етеді. Бұл туралы кемел ойлары 2006 жылы жарық көрген «Тұғыр» атты өлеңдер жинағына топтастырған. Совет Оразаевтың оны «Палуан ақын» деп бағалағаны шығармашылығына берілген шын баға еді.
Бір басына ақындықты, саясаткерлікті, палуандықты сидырған өрлігі мен өнегесі мол Жұмабек Қуанышбайқлы 1996 жылы Талдықорған қаласындағы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бере жүріп, 2002 жылы зейнеткерлікке шығады. Бір қуанарлығы, қартайдым деп қайсы біреулерше шынтақтап жатпай, жас ұрпаққа білгенімді үйретсем, ұлағат сіңірсем деп жар құлағы жастыққа тимей жүрген атаның құлшынысы қарттарымызға үлгі боларлық.
Жұмабек Қуанышбайұлы бүгінде арамызда жоқ. Бірақ бірге жүрген, аралас-құралас болған күндердегі жылы естеліктер ғана жадымызда жаңғырып тұрады. Бұл жазба сол естеліктердің ұшқыны.
Қажет АНДАС,
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











