Аңдатпа: Мақалада Шелек тарихи-өлкетану музейінің құрылу тарихы, қор жүйесі, экспозициялық құрылымы және ғылыми-ағартушылық қызметі қарастырылады. Музейдің Шелек өңірінің археологиялық, этнографиялық, табиғи және тарихи-мәдени мұрасын жинақтау, сақтау, зерттеу мен насихаттаудағы орны айқындалады. Экспозицияларды ұйымдастыруда заттай және жазбаша деректерді салыстырудың, тарихи кезеңдердің хронологиялық жүйесін сақтаудың маңызы көрсетіледі. Сонымен қатар музей қызметін цифрландыру, қор материалдарын ғылыми каталогке енгізу және жаңа экспозициялық жобалар әзірлеу жөнінде ұсыныстар беріледі.
Кілт сөздер: Шелек, тарихи-өлкетану музейі, музей қоры, экспозиция, тарихи мұра, археология, этнография, Ұлы Жібек жолы, өлкетану.

Кіріспе
Музей – тарихи жадты сақтайтын, өткен дәуірлерден жеткен заттай және жазбаша деректерді жинақтап, зерттеп, көпшілікке таныстыратын мәдени-ғылыми мекеме. Әсіресе өңірлік музейлерде республикалық қорларда кездесе бермейтін жергілікті құжаттар, фотосуреттер, тұрмыстық бұйымдар, ауызша тарих материалдары мен белгілі тұлғаларға қатысты деректер сақталады.
Шелек тарихи-өлкетану музейі өңірдің тарихы, мәдениеті, табиғаты және қоғамдық өмірі туралы құнды материалдарды жинақтаған маңызды мәдени орталықтардың бірі. Оның экспозицияларында ежелгі дәуірден тәуелсіздік кезеңіне дейінгі тарихи үдерістер қамтылған.
Зерттеудің мақсаты – Шелек тарихи-өлкетану музейінің қалыптасу тарихын, қор және экспозициялық жүйесін, ғылыми-зерттеу мен ағартушылық қызметін талдау. Зерттеу барысында тарихи-сипаттамалық, салыстырмалы, хронологиялық және деректанулық әдістер қолданылды.
Ұлы Жібек жолы және Шелек өңірі
VIII–XIII ғасырлар аралығында Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық сауданың дамуы Жетісу өңіріндегі қалалар мен қоныстардың өркендеуіне үлкен әсер етті.
Жібек жолының бір тармағы Іле аңғарын оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай кесіп өтті. Ол қазіргі Қаскелең мен Алматы аумақтарындағы қалашықтар арқылы Талғар маңындағы ортағасырлық Талхиз қаласына жеткен.
Талхизден кейін сауда жолы бірнеше бағытқа бөлінген. Оның оңтүстік бағыттарының бірі Есік, Түрген және Шелек арқылы Қорғас пен Алмалыққа қарай өткен.
Археологиялық зерттеулер барысында Есік, Түрген, Лавар және Шелек аумақтарынан ежелгі және ортағасырлық қоныстардың орындары анықталған. Бұл қалалар мен кенттер Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда, қолөнер және егіншілік орталықтары қызметін атқарған.
Шелек өңірінен табылған көне заттар жергілікті тұрғындардың сауда қатынастарына, қолөнерге және отырықшы шаруашылыққа қатысқанын дәлелдей алады. Музейде сақталған археологиялық жәдігерлерді арнайы мамандардың қатысуымен қайта зерттеп, ғылыми сипаттамаларын толықтыру қажет.
Шелек атауының шығу төркіні
Шелек атауының шығуына қатысты бірнеше нұсқа бар. Зерттеуші Н. Сарғожаев Шелек өзенінің бойында шілік пен терек ағаштарының көп өсуіне байланысты бұл аумақ алғашында «Шілік» аталып, кейін атау «Шелек» түріне өзгеруі мүмкін деген болжам келтіреді.
Халық аузындағы бір нұсқада елді мекен атауы Шелек батырдың есімімен байланыстырылады. Екінші бір әңгімеде өзеннен су алуға барған әйелдің шелегі ағып кетіп, оның өзгелерді көмекке шақыруынан «Шелек» атауы пайда болғаны айтылады.
Бұл нұсқалардың әрқайсысы жеке ғылыми зерттеуді қажет етеді. Атаудың шығу төркінін анықтау үшін тарихи құжаттарды, көне карталарды, лингвистикалық мәліметтерді және ауызша деректерді салыстыра қарастыру қажет.
Музей қызметкерлері тарихшылар, тіл мамандары және өлкетанушылармен бірлесіп, Шелек атауының пайда болуына қатысты деректерді жүйелеуі тиіс.
Шелек тарихи-өлкетану музейінің құрылу тарихы
Шелек тарихи-өлкетану музейі 1981 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен қазіргі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінің филиалы ретінде құрылды. Музейдің ашылуы Шелек өңірінің тарихи, мәдени және рухани мұрасын жинақтап, бір орталықта сақтау қажеттілігімен байланысты болды.
Музей орналасқан ғимараттың өзі де тарихи нысандардың бірі саналады. Ғимарат 1902 жылы жеке тұрғын үй ретінде салынған. 1935–1965 жылдары мұнда Абай атындағы орта мектеп, 1965–1972 жылдары мектеп-интернат, ал 1972–1979 жылдары аудандық оқу бөлімдері орналасқан.
Осылайша, қазіргі музей ғимараты XX ғасыр бойы Шелек өңірінің білім беру және қоғамдық өмірімен тығыз байланысты қызмет атқарды. Ғимараттың әр кезеңдегі тарихын зерттеу арқылы ауылдың әлеуметтік және мәдени даму ерекшеліктерін де байқауға болады.
2009 жылы мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы аясында музей ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Жөндеуден кейін музейдің ішкі экспозициялық кеңістігі жаңартылып, қор материалдарын талапқа сай орналастыруға мүмкіндік туды.
Музейдің ашылуы мен қалыптасуына Орынбетова Алмагүл Абиырқызы, Волкова Алевтина Ивановна, Сеңгірбекова Гүлнар және басқа да азаматтар өз үлестерін қосты.
1992 жылдан бастап музейге жеке штат бөлініп, директор қызметіне Абдуваит Сайдуллаев тағайындалды. 2004–2009 жылдары музейді Жетпісбай Балташұлы Сыдықбаев, 2009–2010 жылдары Ораз Бурашев, 2010–2012 жылдары Мади Мадиярұлы Бектасов басқарды. 2014 жылғы 8 қаңтарда Эльвира Қанатбекқызы Қанатбек музей меңгерушісі болып тағайындалды.
Музей жұмысының қалыптасуына Г.Б. Бахамов, И.Н. Усманов, Сағымбекова, Құтпанова және басқа да азаматтар үлес қосты. Олар музей қорын толықтыру, өңір тарихына қатысты материалдар жинау, тұрғындармен және мемлекеттік мекемелермен байланыс орнату бағытында еңбек етті.
2018 жылдың шілде айынан бастап музейге Ердос Қалибекұлы Дәркенбаев басшылық етті. Әр кезеңдегі басшылар мен қызметкерлер музей ғимаратының сақталуына, қордың толықтырылуына және мәдени-ағартушылық жұмыстың дамуына ықпал етті.
Музей қорының қалыптасуы
Музей алғаш ашылған кезде оның қорында шамамен 150 жәдігер болған. Кейін жергілікті тұрғындардың, өлкетанушылардың, соғыс және еңбек ардагерлерінің, білім мен мәдениет саласы қызметкерлерінің қолдауымен музей қоры біртіндеп толықты.
Қазіргі кезде музейде 2500-ге жуық жәдігер сақталған. Олардың қатарында:
– археологиялық бұйымдар;
– көне еңбек құралдары;
– тұрмыстық заттар мен ыдыс-аяқтар;
– зергерлік бұйымдар;
– этнографиялық заттар;
– тарихи құжаттар;
– фотосуреттер мен альбомдар;
– соғыс және еңбек ардагерлерінің жеке заттары;
– білім, ғылым және мәдениет қайраткерлеріне қатысты материалдар бар.
Музейдегі әрбір жәдігердің өзіндік тарихы мен ғылыми құндылығы бар. Жәдігердің маңызы оның сыртқы көрінісімен немесе жасалу мерзімімен ғана анықталмайды. Оның кімге тиесілі болғаны, қандай жағдайда қолданылғаны, қандай тарихи оқиғамен байланысты екені және музейге қалай тапсырылғаны да зерттелуі тиіс.
Әр жәдігерге ғылыми төлқұжат толтырылып, оның атауы, материалы, өлшемі, жасалу техникасы, сақталу жағдайы, шығу тегі және тарихи мазмұны көрсетілуі қажет. Осындай ғылыми сипаттама жасалғанда ғана музейлік зат толыққанды тарихи дерекке айналады.
Музей қорын толықтыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасуы тиіс. Бұл үшін ауыл тұрғындарымен, мектептермен, мәдениет мекемелерімен, өлкетанушылармен және тарихи тұлғалардың ұрпақтарымен тұрақты байланыс орнату маңызды.
Музей экспозициясын ғылыми ұйымдастыру
Музей экспозициясын ұйымдастыруда ғылыми тәсіл негізгі орында болуы тиіс. Экспозицияға қойылатын заттарды тек сыртқы тартымдылығына қарай таңдау жеткіліксіз. Әрбір жәдігер белгілі бір тарихи кезеңді, құбылысты немесе тұлғаны нақты деректер негізінде сипаттауы қажет.
Экспозицияны ғылыми ұйымдастырудың негізгі қағидаларына мыналар жатады:
– тарихи шынайылық;
– хронологиялық жүйелілік;
– тақырыптық тұтастық;
– заттай және жазбаша деректердің сәйкестігі;
– ғылыми түсіндірменің анықтығы;
– көркемдік шешім мен тарихи мазмұнның үйлесімділігі.
Бір тарихи кезеңге жататын жәдігерді басқа дәуірге қатысты материалдармен араластырып көрсету көрерменнің тарихи түсінігін бұрмалауы мүмкін. Сондықтан әр заттың жасалу мерзімін, шығу ортасын және тарихи қызметін анықтау маңызды.
Заттай деректерді жазбаша құжаттармен, фотосуреттермен және ауызша мәліметтермен салыстырып зерттеу қажет. Бірнеше дереккөз арқылы расталған мәлімет қана музей экспозициясына ғылыми тұжырым ретінде енгізілуі тиіс.
Экспозицияларда карталар, макеттер, модельдер, диорамалар, коллаждар және графикалық реконструкциялар пайдаланылуы мүмкін. Олар көрерменге тарихи оқиғаны немесе ортаны бейнелі түрде түсіндіруге көмектеседі. Дегенмен қосымша көрнекілік құралдары түпнұсқа жәдігердің орнын алмастырмауы керек.
Аңыздар мен ауызша деректерді пайдалану
Шелек өңіріне қатысты көптеген аңыз, шежіре және ауызша әңгімелер сақталған. Олар жергілікті халықтың тарихи жадын, дүниетанымын және өткен оқиғаларға берген бағасын көрсетеді.
Алайда ауызша деректерді ғылыми айналымға енгізу кезінде олардың шынайылығы тексерілуі тиіс. Аңыздағы мәліметтер архив құжаттарымен, археологиялық материалдармен, көне карталармен және жазба деректермен салыстырылуы қажет.
Ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген аңыздар тарихи факт ретінде емес, халық жадында сақталған нұсқа ретінде ұсынылғаны дұрыс. Бұл тәсіл музей экспозициясының ғылыми деңгейін төмендетпей, жергілікті ауызша мұраны да сақтауға мүмкіндік береді.
Шелек өңірінің көне тарихы
Шелек өңірі ежелден адамның өмір сүруіне қолайлы аумақтардың бірі болған. Өзен аңғарлары, тау бөктерлері мен құнарлы жазықтар мал шаруашылығының, егіншіліктің және қолөнердің дамуына жағдай жасаған.
Жетісу жерін мекендеген ежелгі тайпалар өзендерге жақын аумақтарға қоныстанып, мал шаруашылығымен қатар суармалы егіншілікпен айналысқан. Олар кенттер мен қалалар тұрғызып, сауда жолдарының дамуына ықпал еткен.
Шу, Талас, Көксу, Ақсу, Қаратал, Үсек, Шежін, Қорғас және басқа өзендердің маңындағы қоныстар Жетісудағы ежелгі және ортағасырлық мәдениеттің дамуына негіз болды.
Өңірдің көне тарихы сақ дәуіріне дейін барады. Кейінгі ерте орта ғасырларда Алтайдан Атырауға дейінгі кең аумақта Түрік, Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағанаттары өмір сүрді. Батыс Түрік қағанатының негізгі саяси және мәдени орталықтарының бірі Жетісу аумағында орналасқан.
Ортағасырлық қала мәдениеті сақтар мен үйсіндерден жалғасқан шаруашылық және мәдени дәстүрлерді одан әрі дамытты. Мал шаруашылығы, егіншілік, қолөнер және сауда өзара сабақтасып, Жетісуда қалалық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етті.
Музей қызметін цифрландыру
Қазіргі уақытта музей жұмысын цифрландыру тарихи мұраны сақтаудың және көпшілікке танытудың маңызды бағытына айналып отыр.
Шелек тарихи-өлкетану музейінің Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде жеке парақшалары бар. Бұл парақшалар арқылы музей жаңалықтары, көрмелер, жәдігерлер және мәдени шаралар туралы ақпарат таратылады.
Алайда цифрландыру әлеуметтік желілердегі ақпаратпен ғана шектелмеуі тиіс. Музей қорындағы жәдігерлердің толық электрондық каталогін жасау қажет.
Электрондық каталогте әрбір жәдігердің:
– сапалы фотосуреті;
– атауы;
– ғылыми сипаттамасы;
– жасалған мерзімі;
– материалы мен өлшемі;
– сақталу жағдайы;
– шығу тарихы;
– музейге тапсырған тұлға туралы мәлімет;
– инвентарлық нөмірі көрсетілуі тиіс.
Сонымен қатар виртуалды экскурсиялар, үш өлшемді модельдер, интерактивті карталар және QR-код арқылы ашылатын ақпараттық парақтар әзірлеуге болады.
Мұндай цифрлық жобалар музей материалдарын шалғайдағы мектептер мен зерттеушілерге қолжетімді етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Мадияров, Сәкен. Ауылым – алтын бесігім. – Алматы: Қайнар, 1989. – 140 б.Сарғожаев Н.
- Шелегім мен Есігім – жерұйығым бесігім: тарихи-деректі ғұмырнама. – Алматы: Білім, 2001. – 328 б.Тоқаев Қ.-Ж.К. Тәуелсіздік бәрінен қымбат. – 2021.
- Сарғожаев, Нұрсадық. Алтын адам атамекені: тарихи-деректі аудан шежіресі. – Алматы: ТНК 2030, 2008. – 375 б.
- А 67 Андас Қ. Жерұйық мекен. Кітап-альбом. – Алматы, «Таймас» баспа үйі, 2014. – 200 б., қазақша.ІSBN 978-601-264-127-1
Алмасбек Қ.
«Алматы облысы музейлер бірлестігі» МКҚК Шелек тарихи-өлкетану музейі
Kuanali. almasbek@











