1911 жылы Шылбы Құлжа өңіріндегі Шолақайдың Нарынсала деген жерінде Сыламжан ақалақшының бастауымен үш бөлмелі мектеп, бір мешіт салдырыпты. Бұл Цин хандығына қарасты бір бұтхананың орны екен. Мұны естіген Цин үкіметінің жергілікті мансаптылары 200-дей әскер шығарып, мектеп пен мешітті бұздырып тастайды.
Еңбегіне ашынған Шылбы:
Көркейтем деп қаланы,
Оқытам деп баланы.
Мешіт салдым, мектеппен,
Болып елдің талабы.
Селге ағызып еңбекті,
Қасқырлар келіп талады.
Амалым нешік қайтейін,
Манжүрға күнім қарады, – деп ашыныпты.
Цин империясының билігі құлаған кезде Шылбы:
Залым патша өз басын түзей алмас,
Үкімі ешбір жерге ұзай алмас.
Екі жақтан алатын пәрені ойлап,
Әділдігін айтуға шыдай алмас.
Парақордың болса да құрығы ұзын,
Бұқараны сонда да құдай алмас, – деп көңіл күйін білдіріпті.
1921 жылы Шылбы Сыламжан болыстан қаққы көріп, Күнеске көшіп келеді. Кетерінде:
Қаққы көрген елінен айырылады,
Есептескен досына қайырылады.
Тербезер болса болыс пен биің,
Жақынын да жау қылады.
Жақсы адамның еліне бір іс келсе,
Өзіне оқ тигендей қайғырады, – деп қоштасқан екен.
Шылбы билеушілердің кейбір жеменқор қылықтарын өлеңмен шенеп отырады екен. Ол бір рет:
Қасқыр келіп жемекке қойға шабар,
Қотандағы ит қасқырмен бірге талар.
Қасқырменен бірігіп қойды жесіп,
«Сақ құлақ ит» ертесі өліп қалар.
Еш жануар мұнымды сезбеді деп,
Қасқырға артып пәлесін тойып алар, – деп толғайды екен.
Шылбы жағымпаздық, жарамсақтықты жек көріп, діни жолды қадір тұтып, ақиқаттық-ақтықты, адалдық-пәктікті насихаттап:
Надан адам низамға жөн келмейді,
Өзіне ешбір жанды тең көрмейді.
Өсиетке айтылған құлақ салмай,
Білемін деп өзім-ақ өңмеңдейді.
Ол ақымақ керісі жұртқа тиер,
Патша әділ болмаса түзелмейді.
Құдай өзі таупиық бермеген соң,
Ондайлармен сөйлесіп түк өнбейді.
Адамға дәулет қонбай бай болмайды,
Көңілім зиярат етпей жай болмайды.
Он сегіз мың әлемді жұтқанменен,
Ауызы қара Жердің май болмайды.
Шылбы өзінің діни ұстанымын түсінбеген Үсейінбай сияқты қажыларды шенеп:
Байдың үйіне қонсақ еті жоқ,
Еті жоқ байдың беті жоқ.
Шақырып келіп қондырды,
Қонақты өстіп қор қылды.
Сыйлап міне, «Оңдырды»,
Бай адамның дерті жоқ,
Жиғаны өңкей дүние боқ, – деген екен.
Бір жолы Шылбы құдасы Ыбырайымның үйінде қонақ болып отырғанда біреулер атын ұрлап кетеді де, құдасы жөнсалдау ат мінгізіп жібереді.
Сонда Шылбы:
Құдай қосып құда болдым Ыбырайға,
Қандай күні кез болдым сұмырайға.
Атымды бір қонақта ұрлап алды,
Тапсырдым екі аруақ, бір құдайға.
Құдамның осы болса адамдығы,
Қай уақытта таусылады арамдығы.
Күнәсіз адамдарды жылатқанмен,
Басына бір күн жетер арамдығы.
Ақымақтар қас қылар жолдасына,
Ақыры қалар бір күн көз жасына.
Ыбырайдың рахмет ауылына,
Ұрылар келер әлі мақұлына.
Белгілі озбыр, залал, ұрлық-қарлық,
Ұры, залым көреді бір күн тарлық.
Бұл сөздер аятта бар, хадисте бар,
Құдайым бұл туралы қылған жарлық.
Дәрубай ақалақшы Шылбыдан:
– Дүниеде тоймас бар ма? – деп сұрағанда,
Шылбы:
– Бар, – депті.
Дәрубай:
– Нешеу? – дегенде,
Шылбы:
– Үшеу, олар:
Болыс тоймас пәрені бере берсе,
Нәпсі тоймас соңынан ере берсе,
Молда тоймас сақауат ала берсе, – депті.
Қазыналы қарттардан жазып алып, сақтаған – Андас Омарақынұлы
Дереккөз:
Дода: Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары / А. Омарақын ; құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.]. – Талдықорған : [б. ж.].
kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











