Жетісудың көктемі биыл тағы бір ерекше сәтімен есте қалды. Сарқан ауданына қарасты Тополевка ауылы маңындағы «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында табиғаттың сирек әрі сұлу құбылысына арналған «Сиверс алма ағашының гүлдеуі» фестивалі өтті.
Бұл жай ғана мерекелік шара емес. Адам мен табиғаттың байланысын терең сезіндіретін, туған жердің байлығын танытатын, жабайы алма арқылы тұтас өңірдің тарихы мен болмысын ұғындыратын танымдық басқосу.
Сиверс алмасы – Жетісудың ғана емес, адамзаттың ортақ табиғи мұрасы. Ғалымдар жер жүзіндегі мәдени алма сорттарының түп-төркіні осы жабайы алма түрінен бастау алатынын айтады. Ал Жетісу өңірі осы бірегей ағаштың негізгі табиғи таралу аймақтарының бірі саналады. Деректерге сүйенсек, Сиверс жабайы алмасының әлемдік табиғи қорының шамамен 48 пайызы дәл осы өңірде шоғырланған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сондықтан гүлдеген алма ағашын көру – тек табиғат көрінісін тамашалау емес, мыңдаған жылдық тіршілік тарихына куә болу. Әрбір гүл тұтас табиғи генетикалық қордың белгісі. Әрбір бұтақ Жетісу жерінің биологиялық байлығын, экологиялық маңызын айғақтайтын тірі шежіре.
Фестивальге 7 мыңнан астам адам қатысып, өңірдің туристік әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік туды. 50-ден астам блогер мен инфлюенсер Жетісудың көркем табиғатын, гүлдеген алма алқаптарын, ұлттық нақыштағы мерекелік көріністерді қалың аудиторияға жеткізді.
Іс-шара аясында қонақтар Сиверс алмасы өскен табиғи аумақтарды аралап, гүлдеген алма бақтарының әсемдігін тамашалады. Сонымен қатар суретшілердің пленэр байқауы, қолөнершілер көрмесі, шеберлік сағаттары, ұлттық спорт ойындары мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Қазақстаннан келген суретшілер табиғат сұлулығын өнер тілімен бейнелеп, өңірдің табиғи мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қосты.
Фестивальдің мерекелік шырайын қазақстандық орындаушылар Bayansulu мен Қуандық Рахымның өнері аша түсті. Табиғат аясындағы ән мен күй, ұлттық ойындар мен қолөнер көрмесі бұл күнді көпшілік жадында ерекше әсермен қалдырды.
«Сиверс алмасының гүлденуі» фестивалі Жетісудың табиғи байлығын танытатын тағылымды шара. Ол экологиялық туризмді дамытуға, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға және туған жердің қадірін терең сезінуге жол ашады. Өйткені Сиверс алмасы Жетісудың жасыл жауһары, табиғаттың тірі мұрасы, болашақ ұрпаққа аманат етер баға жетпес байлық.
Толық ақпарат керек болса: https://qandas.kz/tirshilikti%d2%a3-t%d2%afp-tegi-zhetisudan-tara%d2%93an-3856/ осы сілтемені көріңіз?
Қажет Андас,
«Q-Andas» ақпарат агенттігі










