– Құралай апай! Сіз республикаға белгілі ғалымдар ауылы атанған Жетісу ауылының тумасысыз. Қай қырынан келсек те өмір тәжірибеңіз жетісулықтар үшін таптырмас байлық. Әрине, қыз баланың ұстаз, дәрігер болуға құлшынатыны анық. Сіз кабинетте отырып емес, түзде жүріп қызмет атқаратын, қиындығы мен қызығы мол эколог мамандығын таңдадыңыз. Ең алдымен осы мамандыққа баруға не себеп болғанын айтып берсеңіз?
– Мен ғалымдар ауылының тумасы болғанымды мақтаныш етемін. Бала күнімізде алдыңғы буын ағаларымызға еліктеп ержеттік. Каникулда жан-жақтан ауылға жиылған білімді, мәдениетті ағаларымызды көріп, соларға еліктеп өстік. Ал мамандыққа келер болсақ оның жөні басқа. Жетісу ауылы ұжымшар болып жаңадан бой көтергенде оны үш дос басқарыпты. Соның бірі, ұжымшардың басшысы менің әкем Нұқа Кәрібаев еді. Біз бір үйде төрт қыз ержеттік, мен үйдің кенжесі едім. Сондықтан әкем мені бала күнімнен жанынан тастамай ертіп жүріп, ауыл тірлігіне араластырып өсірді. Жаз жайлауда, қыс қыстауда, таза табиғатпен етене болдым. Әкем ұжымшарды басқарғаннан кейін үйде тұрмайтын. Ал мектептен тыс уақытта әкемнің жанынан қалмайтынмын. Көктем, жаз айларында малшы ауылдарды араласа, күзде егін алқаптарынан табылатынбыз. «Көре-көре көсем болады» дегендей, өлкенің тамаша табиғатын көре жүріп қоршаған ортаға деген құрметім қалыптасты.
Расымен біздің ата-аналарымыз, олардың қатарластары еңбеккер, сондай-ақ, жаны таза, кіршіксіз адамдар еді. Мен сол адамдарды көре жүріп еңбексүйгіштікті үйренсем, өмірге құштарлық пен тазалықты да жаныма серік еттім. Ауылдағы орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға аттанғанда әкем ұжымшардың басшысы бола тұрып, жол қаражатыма керекті қаржыны ұжымшардың кассасынан қарызға алып бергені әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Егер өз қалтасында сондай ақша болса, есепші қыздың алдына жүгінбес еді ғой. Міне, бұл әкеміздің көптің, елдің мүддесіне деген адалдығы мен сүйіспеншілігі еді.
Басында дәрігер болсам деген арманым болды. Талдықорғандағы онкологиялық диспансерден іс-тәжірибеден де өтіп көрдім. Бірақ, жүрегім жұмсақ, аяушылығым басым болғандықтан бұл саланың талабынан шыға алмайтынымды сездім. Өйткені, дәрігер басқаның ауруын емдеу үшін батыл болуы керек. Сосын таңдаған мамандығымды өзгертіп, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының география-биология факультетіне оқуға түстім. Иә, таңдауым теріс болған жоқ. Міне, содан бергі қырық жылдан астам уақытым еліміздің экологиялық саласын нығайтуға арналды. Абыройлы жұмыс істедік. «Әттеген-ай» да, қуанышты сәттерім де тең өріліп отырды.

Өмір бойы бір салада жұмыс істеу қиын болған жоқ па?
–Басында айтқандай, қиындығы да, қызығы да көп болды. Менің география-биология мамандығына оқуға түскеніме әсіресе әкем қолдау танытты. Сондықтан болар, құлшына оқып, оқуды 1974 жылы қызыл дипломмен үздік бітіріп шықтым. Одан ары қарай да жұмыс істей жүріп, оқуымды жалғастыру үмітінде болдым. Ақыры 1977 жылы ҚазССР Ғылым академиясы Ботаника институтының аспирантурасына түсіп, 1979 жылы «Шөлейтті аймақтарда жайылымды тиімді пайдаланудың ауыстырмалы жолдары» атты диссертациямды қорғап шықтым. Алғашқы еңбек жолымды КазССР Ғылым академиясы Ботаника институтының ғылыми қызметкері болып бастап, 1995 жылға дейін сонда жұмыс істедім. Одан ары қарай Экология және тұрақты даму институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, соңынан институт директоры лауазымында бүгінгі күнге дейін қызметтемін. Сол жылдары Ұлыбритания даму институтында, қоршаған ортаны қорғау және жайылымдарды басқару бағдарламасы бойынша Канадада, Еуроодақта ТАСИС, Дүниежүзілік банк, АБРР, БҰҰДБ/ ҒЭҚ, тағы басқа да халықаралық ұйымдарда «Қаржыландыру мен тиімді пайдалануды енгізу» бағдарламасы бойынша іс-тәжірибеден өтіп, біліктілігімді шыңдадым. Сонымен қатар, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің штаттан тыс сарапшысы, Орталық Азияның биологиялық алуантүрлілігі бойынша дүниежүзілік сақтау орталығының кеңесшісі, қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша халықаралық дамыту Гарвард институтының кеңесшісі сияқты міндеттердің де үдесінен шықтым дей аламын. Тіпті, біраз жыл ҚР Тұрақты даму мен Ұлттық экологиялық орталығының оңтүстік аймақтық бөлімінің басшысы ретінде Жетісу жеріндегі бірқатар жобаның жүзеге асуына қол ұшын бергенімнің өзі өмірімнің ең ұмытылмас сәті десем де болады. Сол қатарда Жетісу Алатауында «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының ашылуына тікелей басшылық еттім. Көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде әлемдік деңгейдегі жобалардың атқарылуына инвестиция тарту арқылы ықпал етумен қатар адамзаттық қоршаған ортаны қорғау жолындағы ұмтылыстарына өзіндік үлесімнің нәтижелі жетістіктеріммен өріліп отырғанын мақтаныш етемін. Осы бағытта білімім мен еңбегімнің арқасында 300-ден астам ғылыми еңбек, 5 монография жаздым. Әлемнің, еліміздің, Жетісу өңірінің қоршаған ортасын қорғауға қосқан еңбектерім арқау болған «Таулардың асыл алқасы» атты ғылыми-танымдық, «Қазақстанның жабайы алмасы ХХІ ғасырдың бау-бақтарына дейін» атты ғылыми- деректі фильмдер түсірілді. Төккен теріміз өтеліп, талай мәртебелі атақтарға қол жеткіздім. Иә, оның бәрін айтып жатудың керегі шамалы. Бірақ, осы барыста дүниежүзіне әйгілі, танымал талай қоғам қайраткерлерімен әріптес болып, ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс істегенімді сүйінішпен еске аламын. Сол мүмкіндіктің арқасында әлемнің талай-талай биік мінберлерінде халқымыздың қоршаған ортаны қорғаудағы ұлттық ұстанымын жеткіздім.
– Сол тұлғалардың арасында сізге көбірек жол нұсқап, жәрдемдесіп, ағайындық танытқандар болды ма?
– Иә, әлемге әйгілі заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовпен бірге ұзақ жыл жұмыс атқардым. Шыңғыс ағам Ортаазиялық Аймақтық Экологиялық Орталық Басқару Кеңесінің төрағасы болды. Әрине, көп адам ол кісіні жазушы, парасатты адам, қоғам қайраткері ретінде таниды. Ал мен ол кісінің адамдық, азаматтық, ағалық қамқорлығын көріп, сезініп өстім. Әсіресе, Шыңғыс ағаның Орта Азиядағы бес елдің қоршаған ортаны қорғау саласындағы қиыншылықтарын шешуге қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол туралы арнайы айтуға тура келеді. Отбасылық қарым-қатынасқа келер болсақ, кабинетте әріптес, былайғы өмірде етбауыр жақындай сыйластық. Шыңғыс аға өмірінің соңына дейін біздің қуанышымыздан қалмай, қайғымызды бөлісіп жүрді. Әлі есімде, үлкен қызымыз Назгүл тұрмысқа шыққан кезде Шыңғыс ағаға шақырту жібердік. Ол кезде Шыңғыс аға Қырғыз елінің Бельгиядағы елшісі болды. Басында келмейтін шығар деген ойда болғанбыз. Бірақ қарбалас жұмысын қайырып қойып, тойға катысып ақ батасын берді. Қысқасы, Шыңғыс аға отбасымыздың әрқандай қызығы мен қиыншылығында жанымыздан табылды. Қуанғанда шабыт берді, қиналғанда дем берді. Сондықтан ұлымыздың атын ағамыздай азамат болсын деген ниетпен Шыңғыс деп қойып едік. Өкінішке орай, өмірден ерте өтті. Бірақ, сол ағаларымнан алған тәжірибем әлі күнге өміріме азық болып келеді.
– Сіз Біріккен Ұлттар Ұйымында біраз жылдан бері жұмыс істеп келесіз. Сол құзыретіңізді пайдалана отырып, туған жеріңізге қандай көмек жасай алдыңыз?
– Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған ортаны қорғау жобалары бойынша жұмыс жасағаныма 20 жылдай болыпты. Ең алдымен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ақтау, Атырау, Ақтөбе жақтағы мұнай кеніштерінің дұрыс игерілмеуінен қоршаған ортаға тигізетін зардабы мен жер бетінде жанып жатқан газдан туындайтын экологиялық қатерлер жайлы терең ізденістер жасадық. Сол тұста халықаралық ұйымдар мен республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны осы мақсатқа жұмсадық. Қазір бүкіл әлемде жер шарын ашаршылықтан қорғау, азық-түлік қауіпсіздігі, биологиялық алуан түрлілігін қорғау, құрғақшылықпен күресу тақырыптарындағы бағдарламалар аясында жұмыс істелуде. Осы бағдарламалардың іске асуының түйіні Жетісу жеріндегі өсімдіктерді қорғаумен тікелей қатысты болып отыр. Кейін келе жоғарыда аталған қаржы көзін Жетісу жеріндегі бай табиғатты қорғауға бағыттау үшін біршама еңбек еттім.
Осы тұста айта кеткен жөн шығар, Астана қаласы бой көтергеннен кейін Елбасының тапсырмасымен Елорданың айналасын жасыл белдеуге айналдыру жобасы қолға алынды. Бұл белдеуде табиғаттың тұтас заңдылығы, яғни, ағаш, бұта, көпжылдық шөп, біржылдық шөп, одан кейін топырақта өмір сүретін микроорганизмдер, құмырсқалар, ары қарай аң мен құстың тіршілігі бірге сақталған. Ол өмірді сақтаудың тұтастылығы. Осындай белдеу бүкіл әлемде болуы керек. Сонда ғана тіршілікті сақтап қалуға болады. Елбасының осы бастамасы әлемдік деңгейде мойындалып, бірқатар мемлекетте қолға алынуда. Қысқасы, біздің елдегі қоршаған ортаның жағдайы әлемдік табиғат байлығының негізін құрап отыр. Біздің Еуразиялық ел болуымыздың түпкілікті себебі осы.

– Жетісу өңірінен қар басқан шың, шалғыны белуардан келетін жанға жайлы жайлау, орман-тоғайлы алқап пен өзен-көлді аймақ, шөл мен шөлейтті өңір, несін айтасыз, табиғат тамашасының барлығы табылатыны анық. Міне, осынау аса ауқымды аймақты қорғау, күзету, күтіп-баптау, пайдалану мүмкіндігін арттыру, көбейту жұмыстарының басым бөлігі мемлекеттік табиғи қорық пен мемлекеттік ұлттық табиғи паркке жүктелген. Осы тұрғыдан келгенде, Мемлекеттік “Жасыл-Даму” салалық бағдарламасы аясында бірқатар жұмыс атқарылды. Осы бағдарлама аясында алдағы уақытта қандай жобалар жүзеге асады.
– Жетісу өңірінде 2005 жылы «Шарын», 2007 жылы «Көлсай көлдері», 2010 жылы «Жоңғар – Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ерекше қорғалатын аумақ ретінде құрылды. Алдағы уақытта ҚР Үкіметінің “Жасыл-Даму” салалық бағдарламасы аясында Іле өзені атырабындағы флора мен фаунаны сақтап қалу мақсатында Балқаш ауданында Іле – Балқаш мемлекеттік табиғи резерватын құру үшін Алматы облысы әкімінің қолдауымен 415164 гектар жерді резервте қалдыру туралы шешімі шықты. Егер бұл жоба іске асатын болса, жетісулықтар Елбасымыз «Қазақстан –2050» Стратегиясында көрсеткен жаһандық он қатердің бірі – су тапшылығын шешуге мүмкіндік алар еді. Сонымен қатар, резерват ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде «Рамсар Конвенциясының халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлері» тізіміне енгізуге мүмкіндік туады.
Әлбетте, Іле өзенінің сағасы Орталық Азияның ең ірі ішкі атырабы болып табылады. Осы өңірден мемлекеттік табиғи резерватын құру табиғат қорғау статустық дәрежесін едәуір жоғарылатуға бағытталған. Оның құжаттары Бүкіләлемдік байырғы табиғат қоры (WWF) жобасының аясында Рамсар Конвенциясы хатшылығына ресми түрде тапсырылған. Егер осы өңірлер Рамсар Конвенциясына енетін болса, Іле өзенінің суын тиімді пайдалануға мүмкіндік туады. Бір мезгілде Іле өзенінің аңғары мен Балқаш көлінің атырабын орманы сыңсыған, өсімдігі құлпырған, жануары жыртылып-айырылатын, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған байырғы қалпына қайтаруға болады. Ары қарай экологияға тигізетін пайдасын есептей беріңіз. Кейінгі жылдары адамдардың табиғатқа тым сұғынып кеткенінің кесірінен кейбір жабайы жануарлардың, құстардың тұрақты мекендері саналатын аймақтар тарылып, ондағы жабайы жануарлар мен құстардың қатары азайып барады. Кейбіреуі мүлдем жойылып кетті. Кезінде Жетісудағы өзен бойлары мен асқар таулардың бөктерінде жыртылып айырылатын қарақұйрық пен арқар, қар барысы мен қоңыр аю, тоғай бұғысы, дуадақ, бүркіт, ителгі, сұңқар байырғы қоныстарынан ығыстырылды. Кезіндегі Балқаштың қызыл жолбарысын емге таба алмайсың. Тұқымы құрып кетті. Ақпараттық деректерге сүйенсек, бұл жағдайдан хабардар Ресей Президенті В.В.Путин Іле – Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылатын болса, Сібір жолбарысының тұқымын сыйға тартатынын мәлімдеді. Демек, ол үшін де бірқатар дайындық жұмыстарын істеу керек. Алдымен жолбарыс аулайтын аңдар өсіріліп, оның тіршілік етуіне қолайлы шарт-жағдай қарастырылғаны дұрыс. Тіпті, қауіпсіздік шаралары да жүйелі ойластырылуы керек.
– Әлбетте, бұл жеті өзен өрнектеген Жетісу жұрты үшін тамаша табыс болғалы тұр. Осы тұста «Жоңғар – Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылуы да өзіндік маңызға ие. Бүгінгі күнде алмалардың барлық түрінің түп атасы Жетісу Алатауында өсетін Сиверс алмасынан тарағанын бүкіл әлем мойындады. Ендеше, біз алманың отаны бола тұра неліктен сол бағалы байлықтың пайдасын көре алмай жүрміз?
– Қазақстан – әлемдегі табиғи байлығы ең мол мемлекеттің бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымында «Елді ашарылықтан қорғау» деген өсімдіктер тізімдігі бар. Соның ішіне Жетісу жерінен 25 өсімдік енгізілген. Осыған орай аталған өсімдіктерді қорғау мақсатында 2010 жылы «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық саябағы ашылды. Оның ашылуына тікелей басшылық жасадым. Десе де, жаңа табиғат паркінің ашылуы экологтардың, орман шаруашылығы саласындағы мамандардың, жұртшылықтың, мемлекеттік органдардың көп жылғы жұмыстарының нәтижесі. Өйткені, саябақ ашылмас бұрын «Таулардың жабайы алмасынан ХХІ ғасырдың бау-бақтарына дейін» деген тақырыппен Жоңғар-Алатауының құрамына енетін таулардың толық картасы жасалды. Сол тұста бұрынғы 37 генетикалық резерваттың 11-і ғана сақталып қалғанын байқадық. Бұған тау баурайындағы жердің тиімсіз пайдаланылуы, тұрғын үйлер санының көбеюі дәлел болып отыр. Сондықтан отандық экологтар Үкіметке табиғат ресурстарын қорғау жайлы ұсыныспен шықтық. Алайда, қаржының тапшылығынан ұсынысымыз өтпей қалды. Сонымен Ғаламдық Экологиялық Қордан 3 миллион доллар қаржы алып, Жоңғар – Алатауы мен Іле Алатауының экологиялық ахуалын зерделеп, оны қорғап қалудың маңыздылығын дәлелдеп шықтық. Бұл еңбегіміз Елбасы тарапынан қолдау тауып, «Жоңғар-Алатауы» ұлттық табиғи саябағы 2010 жылы құрылды. Өкінішке орай, біз саябақ аумағына тән 356 мың гектар жердің тек 304 мың гектарын ғана сақтап қала алдық. Қалғандары жеке шаруашылықтардың қолында кетті.
Саябақ таулы агроалуантүрлілікке бағытталған маңызды орталық болып табылады. Себебі, әлемде 30 мыңнан артық мәдени алма сорты болса, соның ататегі қазақ даласында өсетіндігін ғалымдар дәлелдеп берді. Айталық, жаңа құрылған саябақтың жалпы алаңының 1,5 пайызын Сиверс алмасының жабайы жемісті алқаптары алып жатыр. Ол – Америка, Африка, Еуропа, Азия құрлығында өсетін алманың түп тегі. АҚШ-тағы Гарвард университетінде халықаралық генетиктер әлемдегі өсімдік атаулының ататегінің пирамидасын жасаған. Оның ең басында Жетісу таулы аймағында өсетін жабайы Сиверс алмасының гені тұр. Сондай-ақ, оның Азия, Еуропа, Африка, Америка елдеріне тараған бағыты көрсетілген. Өкінішке орай, өткен ғасырдың 60-шы жылдары алма бақтарын сорттандыру бағдарламасы мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тау бөктерлеріндегі жабайы алма ағаштарының көптеп кесіліп, отынға пайдаланылуы салдарынан осы табиғи алма ормандарының көлемі тарылып кетті. Осынау өңірдің табиғи қолайлылығы арқасында мұнда жан-жануарлар дүниесі де аса бай. Онда сирек кездесетін құстар мен аңдар және тағы басқа да жан-жануарлар кездеседі. Өлкемізде тек омыртқалы жануарлардың 300-ден астам түрі мекендейді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген аң мен құстардың көптеген түрі де Жетісудың орман-тоғайлы, таулы-сулы, шөлді және шөлейтті өңірінде кездеседі.
Экологтарды алаңдататын тағы бір жағдай – орманның бүлінуі. Оған ормандағы санитарлық жағдайдың нашарлығын жатқызуға болады. Бір қуанарлығы, осыған дейін мемлекеттік парктерде орманның жаппай ауруға шалдығу жағдайы кездеспеді. Алматы облысы ірі өндірістік аймақ болса да орман қоры жерлерінің өндірістен, өндіріс қалдықтарынан зардап шеккен жағдайы тіркелмепті. Бірақ өңірімізде жеке тұлғалардың өрт қауіпсіздік, санитарлық ережесін бұзу және басқа да әкімшілік-құқық бұзушылық істер жиі ұшырайды. Осының бәрі де орман-тоғайды бүлдірумен қатар жабайы алманың да өсетін аумағын тарылтып жібереді. Осыны ескере отырып, алдағы уақытта Тарбағатай тауларынан жаңа саябақ ашу тұралы Үкіметке өтінішпен шыққан едік. Өтінішіміз қабылданды. Қаржы бөлінсе, Тарбағатай таулары аумағында елімізде тағы да бір ұлттық саябақ құрылады.
– Еліміздің Іле, Жоңғар, Күнгей Алатауларының бөктерінде өсетін бәйшешек гүлінің тағдыры жұртты алаңдатуда. Неге дейсіз ғой? Көктем шығысымен өсімдік атаулының ішінде бірінші болып гүл жарып, шешек ататын, сөйтіп бөктерлер мен қырларды көркемдікке бөлеп, көрген жанға тамаша көңіл-күй сыйлайтын бәйшешектерді тамырынан жұлып алып, таныстарымызға сыйға тарту жиілеп барады. Салдарынан бәйшешекті Қызыл кітапқа енгізіп тындық. Сіздің пайымыңызша, бәйшешекті сақтап қалу үшін қандай жобалар атқарылып жатыр?
– Осы мәселе экологтарды алаңдатып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы «Даму Бағдарламасының таулы аймақтағы агробиологиялық әртүрлілікті сақтау» жөніндегі жобасының сарапшылар тобы жалпақ жұртқа көктем мерекесі кезінде қазақстандықтарды бәйшешектерді жұлмауға және ер-азаматтарды әйелдерге бәйшешектен жасалған гүлшоқтарын сыйламауға шақырды. Расында, Халықаралық әйелдер күні немесе басқа да мереке-мейрам күндері аяулы анасын, ардақты әпкесін, қымбатты қарындасын, сүйікті жарын, сыйлас құрбыларын гүл сыйлап, қуантқысы келетін ер адамдар үшін бұл ұсыныс бір қарағанда ерсі көрінуі мүмкін. Дей тұрғанмен, мәселеге байыппен қарап, тереңіне бойласақ, бұл бастаманың бір сәттік пиар-акция сияқты пендешіліктен туған дүние еместігіне көзіміз жете түседі. Мамандардың пікіріне құлақ ассақ, жыл сайын көктем шығысымен науқандық сипат алатын бәйшешек жұлу салдарынан оның табиғаттағы таралу шекарасы тарылып барады. Қазақстанның барлық тұрғындарынан, әсіресе, алматылықтардан бәйшешек гүлшоқтарын сатып алмауды сұраймыз. Өйткені көктем хабаршылары саналатын осы гүлдер көктемгі мерекелерде мыңдап жұлынады, аяусыз қырқылады. Салдарынан олардың табиғаттағы таралу шекарасы тарылып барады.
Алматы қорығы мен Іле Алатауы ұлттық паркі қызметкерлерінің бақылаулары бойынша, тұрғындар тарапынан бәйшешек көп терілгендіктен соңғы он жылда олар елді мекендерден 5-7 шақырымға тау жаққа «алыстап» кеткен. Айтар ауызға оңай болғанымен бұл шақырым оңай қашықтық емес, көп-көрім атшаптырым жер. Егер көктем сайын бәйшешектерді жұлу және аяусыз қырқу жұмыстары дәл қазіргідей қарқынмен жалғаса беретін болса, онда көктемнің хабаршысы болып саналатын бұл гүлдің көп ұзамай Алатау бөктерінде көзден ғайып болмасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Сондықтан да қоршаған орта үшін маңызды бұл мәселеге қоғам болып назар аудару қажет. Зерттеу нәтижелеріне сенсек, Алматы облысы бойынша заңсыз жұлынып алынған гүлдерді сату арқылы тұрғындардың табатын табысымен салыстырғанда, келтірілген зиян 20 есе жоғары болып отырған көрінеді. Жер – Ананы сән-салтанатымен құлпыртып, адамдарға бірнеше күндік емес, ұзақ уақыт қуаныш сыйлап тұрғаны мың есе артық емес пе? Тағы бір жағынан, біз жылына шетелден қаншама қызғалдақ сатып аламыз. Былайша айтқанда, өз даламыздың байлығына өзіміз қол жеткізе алмай келеміз. Бір қуанарлығы, қызғалдақтың да отаны қазақ даласы екенін бүкіл әлем мойындады. Ал енді Нидерланды үкіметі қызғалдақ Отаны-Қазақстан екенін мойындап Қазақстанға ризашылығын білдіруі орынды. Оның дәлелі ретінде, 2015 жылы Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін қызғалдақ гүлінің жаңа сортына беруін айтуға болады. Негізінен өсімдіктерге немесе гүлдің жаңа түріне тек мәдени сортты ашқан ғалымдардың есімдері берілетін. Ал голландықтар Қазақстанның қызғалдақтардың ата тегін сақтауға үлкен үлес қосып отырғанын мойындап Планетарлық шешім тапқаны құптарлық.
– Су – тіршілік көзі. Десек те қазіргі кезде оған қажеттілік пен сұраныс күн санап артып, керісінше, жетіспеушілік орын алуда. Сонымен қатар, әлемдік экологияның ластануы мен ауызсудың тапшылығы әр елдің ішкі арналары мен мемлекетаралық су жүйелерін тиімді пайдалану міндетін күн тәртібіне қойды. Кейде судың тіршілік көзі, өмір нәрі екенін білсек те күнделікті тұтынып жүрген суымыздың қайдан, қалай келіп жатқанын біле бермейтініміз, «судың да сұрауы бар» екенін ескере бермейтініміз хақ. Осы жайлы сіздің ойыңызды білсек?
– Мемлекетіміздің 2011 – 2020 жылдарға арналған ауызсу бағдарламасын жүзеге асыру аясында бүгінге дейін қыруар қаржы игерілді. Бірақ мамандардың айтуынша, мұның өзі сапалы ауызсуға деген зәрулікті толықтай шеше алмай отыр. Бір қуанарлығы, жеті өзен өрнектеген Жетісу жерінде қазірге дейін судан тапшылық көрген жағдай мүлдем аз. Дегенмен, өңіріміздегі тасымалданатын ауызсумен күн көріп отырған бірқатар елді мекен де жоқ емес секілді, олар мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын күтіп отыр. Бұдан бөлек, тау қойнауларынан бастау алатын өзендер мен бұлақ көзінен алынатын ауызсу қандай жолмен тазартылатынын, жекеменшік компаниялар тарататын ауызсу мен дүкен-базарларға шөлмекпен жеткізілетін ауызсудың стандартқа қаншалықты сәйкестігінен елдің бәрі бейхабар.
Сондай-ақ, су мәселесіндегі тағы да бір толғақты жағдай –трансшекаралық өзен-суларды тиімді пайдалануға саяды. Осы мақсатта еліміз көршілес жатқан мемлекеттермен су ресурстарын бірлесе пайдалану жөнінде ынтымақтастық келісімшарттарға қол қойып, соған сай байыпты шараларды қолға алғаны анық. Бірақ жағдай ойлағандай болмай тұр. Әсіресе, экономикасы қарыштап дамып, демографиялық ахуалы әлемді алаңдата бастаған көрші Қытай елінің ішкі өзен-көлдер мен су қоймаларын пайдалану жағдайының артуы сол елден елімізге ағып кіретін өзендердің жағдайын қиындата бастады. Арыға бармай-ақ қоялық, Қапшағай су қоймасының бүгінгі жағдайын көріп, жүрегің ауырады. Арнасы тартылып, құрғап жатқан өзеншелердің қатары жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны тағы бар. Өзбекстаннан Қазақстанға кіретін өзендердің ластану деңгейі жоғары. Оған Сыр өзені суының егістікті суғаруға жарамайтын деңгейде ластанғаны дәлел бола алады. Қырғыз Республикасынан кіретін Шу өзенінің де тазалық жағдайының төмендігі жайлы ғалымдар дабыл қаға бастады. Іле өзені су көлемінің азаюы, ластануы Балқаш көлінің экологиялық жағдайын бүлдіреді. Оның зардабы Жетісу жеріндегі бай табиғатқа да тиеді.
Иә, тіршіліктің пайда болуының бірнеше себебі бар. Соның бірегейі – су. Ғаламшар тұрғындарын алаңдатып отырған бүгінгінің басты мәселесі де осы. Соңғы 50 жылда мұнайдың бағасы 10 есе өссе, тұрмысқа қажетті суға деген баға шамамен 100, ал, ауызсу бағасы 1000 есеге артқан. Мұның өзі судың алпауыт елдердің көзқұртына айналып отырған қара алтыннан әлдеқайда маңызды, қажетті екенін көрсетіп бермей ме? Қазақстан да бұл мәселеден сырт қала алмақ емес. Ол жайлы жоғарыда тоқталдық. Еліміздегі қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету ҚР Су кодексіне және елді мекендердің кәріз жүйелеріне сарқын суларды қабылдау ережесі мен басқа да нормативтік құқықтық актілер бойынша реттелуі керек.

– Ғаламдық және өңірлік экологиялық жағдайдың бүгінгі келбеті және ол жайлы толғақты мәселелер төңірегінде біраз ой өрбіттік. Ендігі жерде оқырмандарымыз сіздің отбасы жайлы да білгісі келеді. Әрине, жұбайыңыз Сайлаубай Тойлыбаев елімізге танымал ақын, ұзақ жылдар ақпарат саласында еңбек еткен ағамыздың өлеңіне жазылған әндер сахнада жиі орындалады. Осындай жетістіктерімен бедел биігіне көтерілді. Сіз жайлы жоғарыда айттық. Бұл өмірлік мақсаттарыңызға ықпал еткен жоқ па?
– Иә, Сайлаубай екеуміз ауылдас, көрші, тіпті құда бала, құдаша болып бірге өскенбіз. Біздің үйде төрт қыз, ал ағаларыңның отбасында екі ұл ержетті. Менің әпкем Айгүл Сайлаубайдың туған бауыры Жайлаубай көкемізге тұрмысқа шықты. Орта мектепте бірге оқып жүргенде бір-бірімізге жақын өстік. Сол жақындық Алматыда жоғары оқу орнында жалғасты. Сол тұста Сәкеңнің маған арнаған «Құдаша» деген тамаша өлеңі шықты. Ол өлеңді «Дос-Мұқасан» ансамблі орындап жүрген «Құдаша» әнінің әуезімен достарымыз айтып та жүрді. Сөйтіп, біздің осындай қарым-қатынасымыз үлкендердің құлағына жетеді. Басында отбасы құруға қарсылық танытты. Бірақ бұйрықтан аспайтының рас екен. Ақыры үлкендердің ақ батасын алып, үйлендік. Сайлаубай екеуміздің жақындығымыздың біздің отбасылы болуымызға, кейінгі болашағымызға кері ықпалы тиген жоқ. Қайта, өмірдегі өз орнымызды табуға септігі көп тиді. Ол туралы айта берсек әңгіме жетерлік. Айталық, мен аспирантурада оқып жүргенде үлкен қызымыз Назгүл өмірге келді. Бір жағынан оқу, енді бір жағынан бала бағу қиын тигендіктен енем Назгүлді ауылға алып кетіп, әпкем Айгүлдің тәрбиесіне берді. Ұлымыз Шыңғыс пен кенже қызымыз Шынардың да ержетуіне көкем және әпкеміздің көп көмегі тиді. Осылай берекелі тірлік екеуміздің өнер мен ғылым жолына алаңсыз дендеп, үлкен нәтижеге жетуімізге жол ашты.
– Қазан-ошақ сылдырлаған жоқ па?
– Әрине, отбасы болған соң бәрі болады. Біз үйленетін кезде ата-аналарымыз қарсылық білдірді. Бірақ, біз бақытты өмір сүретінімізді алға тартып, ойымыздан қайтпадық. Ақыры үйленбей тынбайтынымызды сезсе керек, Жайлаубай көкем: «Мен сендерге қоятын бір талабым бар. Соны орындасаңдар болды, үлкендерді мен көндіремін», – деді. Айтқан уәдеде тұратынымызды білдіріп жаттық.
– Ендеше, талабым біреу-ақ: «Сендердің ренжіскендеріңді, бет жыртысқандарыңды көрмейтін болайын. Өйткені, отбасының шырқы бұзылса, ол екеуіңмен кетпейді, шай деспеген, берекесі бекем екі әулеттің ортасына дақ түседі. Сендердің араларыңды жалғауға болатын шығар. Ал үлкендердің қалған көңілін немен жуып-шаясың. Осы талабымды орындауға сенімді болсаңдар, қалған жұмысты маған тапсырыңдар», – деді.
Біз келістік. Содан бері уәдемізде тұрып, отбасымыздың шырқын бұзбауға тырыстық. Бұл бізді үлкен өмірге бағыттап, жетістікке жетелеп отырды. Міне, бүгінде Сайлаубай зейнеткер, Алматы облысы және Ескелді ауданының Құрметті Азаматы атағын алды. Қазір немерелеріне үлгі-өнегесін көрсетіп, өзінің сүйікті кәсібі жазушылықпен шұғылданып жүр.
Ең бастысы, біздің отбасымызға тәңірдің осындай жайма-шуақ, ынтымақты өмір сыйлағанына ризамыз.
–Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қажет Андас.
Дереккөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1723884
Фотолар автордың жеке қорынан алынды.
Q-Andas ақпарат











