Қызылорда облысы, Бірінші уезінің Қарашеңгел сайында Итаяқ Көтібаровтың отбасында дүниеге келген ол Ташкент қаласындағы гимназияны аяқтап, Петербор қаласындағы әскери медициналық академияны 1897 жылы бітірген соң, Ташкент қаласында әскери дәрігер болып еңбек жолын бастады. 1917 жылы Түркістан аймақтық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Кейіннен Жетісу өңіріне қызыл гвардияшылар отряды құрамымен жіберіледі. Черкасск қорғанысында 10 мың қорғанысшылар атаман Анненков, генералдар Ярушин, Гулидовтың басқаруындағы 25 мыңдық әскерге тойтарыс берген. Осы шайқаста Әли Көтібаров Черкасск ауылында мектеп ғимаратына госпиталь ұйымдастырды, дәрігерлер И. Криницкий, С. Щербаков, фельдшерлер П. Гобов, М. Мирошниченколармен қатар еңбек етіп, жараланған жауынгерлердің қатарға тез қосылуына аянбай үлес қосты. Медбикелер ісін кәдімгі жергілікті шаруалардың әйелдері атқарды. Полина Тарасенко, Ольга Бабешкова, Мария Остапенко, Анна Шулемова және Лепсі уезі атқару комитетінің мүшесі, облыстық Жетісу Кеңестерінің екі мәрте съезінің делегаты Праскофья Горбунова ұйымдастырды.

Мария Остапенконың естеліктерінде: «Жұмыс көп болды. Жаралылардың жарақаттарын таңу үшін жергілікті тұрғындардан таңу құралдарын жинайтынбыз, мал өтін тұндырып, жара бетін залалсыздандыру үшін қолданатынбыз. Сонымен қатар, әскери ұрыстардан жараланғандарды шығарып, көмектесетінбіз. Дәрігер Ә. Көтібаровтың айтуымен емдік шөп тұнбасын қолданып, жауынгерлердің тез сауығуына ықпал ететінбіз. Мұндайда өлшемі жоқ еңбектенген көмекшілер П. Тарасенко, О. Бабешко, М. Остапенконы ерекше атауға болады”, – деп жазады.
1919 жылдың күзінде жағдай шиеленісе түсті, жаралыларды Ә. Көтібаровтың бұйрығымен жертөлелерге тығып, аман сақтауға тырыстық. Ақ гвардияшылар Черкасск қорғанысын басып алғанда Ә. Көтібаров азғантай жауынгермен құтылып кетеді. Інісі Жанғабылдың естелігінде, ол 1921 жылы Ташкенттегі ауруханада еңбек етіп, 1922 жылы Қызылорда қаласындағы аурухананы басқарады. 1926 жылдың 15 ақпанында ұзақ аурудан соң дүниеден өтеді. Ол өз ауылы Қарашеңгелде әкесінің жанына қойылған. Жұбайы Айша, ұлдары Әлихан, Ілияс та 1935–1937 жылдары Ташкент қаласында қайтыс болды.
Көрнекті қоғам қайраткері, өз елінің асыл перзенті Дінмұхаммед Қонаев 1992 жылы Черкасск қорғаныс музейіне арнайы келіп, қазақ халқының алғашқы дәрігерлерінің бірі Ә. Көтібаровтың еңбегін ерекше бағалап, жылы лебіздер айтқан еді. Ә. Көтібаровтың медицина саласындағы еңбегі зор. Черкасск қорғанысындағы жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленді. Өмір бойы сырқат адамға арашашы болған оның еңбегі жоғары бағаланып, Өзбек Кеңестік республикасына еңбегі сіңген дәрігер атағы берілген.
Төлеухан Битимбиев,
Сарқан ауданының Құрметті азаматы.
Дерекөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1723995











