Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Андас Омарақын ізімен

Текебай Ағысұлы

admin
2026/08/30
Андас Омарақын ізімен
0
Текебай Ағысұлы

Осы съезге Текебай би өзінің ақ малы, қалды торы атын мініп барады. Жиын үстінде Қаракерей тоқпақ руынан шыққан Әлікей би:

– Қалде торы ат менің атым, бұрын жылқымен қоса Қызайдың барымташыларын қуып әкеткен, биыл тоғызға келді, санында қалы бар, орақ бас, құлан жал, сенбесеңдер қараңдар, –  деп дау қозғайды.

Текебай би:

– Ат өзімдікі, биыл сегізде, Әлікей тек сыртқы белгісін көріп қана жала жауып отыр. Онан басқа қандай көмескі белгісін айта алар екен, -деп өзін ақтайды.

Сарапшылар Әлікейден басқадай айтарлық белгі, дәлелі бар ма? – деп сұрайды.

Әлікей басқа белгісінің жоқтығын, тек аттың өзінікі екенін ғана даулап тұрып алады.

Сарапшы би-бектер енді Текебай биге келіп:

– Ал енді сен сөйле, атыңның тағы қандай белгілері бар? – деп сұрайды.

Текебай:

– Аттың үш түрлы белгісі бар. Бірінші, ауыздық саларда ғана көрінетін оң көзінің алдында жылт етер кішкене баланың бармағындай меруерт сынды ағы бар. Екінші, оң жақ артқы аяғының табан жүрекшесінде тобықтай қызыл қалы бар. Үшінші, аттың таңдайын ашып қарасаң, бөбежіктің астында кішкене тобықтай қызыл дағы бар. Аттың енесі жылқымда жүр. Қалды тор бие биыл 12 жаста, аттағы үш белгі енесінде де бар. Айтқаным өтірік болса, атты Әлікейге тапсырдым, жетелеп кете берсін, – дейді.

Сарапшылар барып тексеріп көргенде Текебайдың айтқан белгілері расында да ат пен биеден тең табылады. Ат Текебайдың құлын аты болып шығып, Әлікей жала жапқандығы үшін айыбын тартып, дау шешіледі. Бұл жағдайды көзімен көрген Сары Керей елінің қалың халқы Текебай шынында да пайғамбардай қырағы, толғамды екен деп алқасады әрі әулие атын шығарады.

Текең бір бұл емес, өз өмірінде айтысқанын алып ұратын, жауға дау бермейтін шешен, әділқазы атанып халқына толып жатқан игі іс істеп кеткен дуалы ауыз әулиенің біреуі болған. Текебай Ағысұлы Қызай елінің Бегімбет руының Андас атасынан есептеледі. Ол кісі 1807  жылдары қазіргі Жетісу жерінде дүниеге келген.

Текебай Ағысұлы бес жасында әкесі Ағыс қайтыс болып, жетім қалғанда жамағайыны Атымтай деген кісі бағып, ержеткізеді.

Қызай елі 1821 жылдары Алтайдың Сәуір, Жеменей өңірін, Ертіс өзенінің бойын мекендеп жүргенде Текебай 13, 14 жастағы бала екен. Атымтай қайтыс болар алдында баласы Тоқтамысқа: «Мына, Текебайды жақсы тәрбиелеп, өсір. Шеркеуде жетімек исі найманның биі болады», – деп тапсырыпты.

Тоқтамыс Текебайды өз баласы Шөкемен бірдей бағып, ержеткізеді. Айтса айтқандай, Текебай дауға мал бермейтін, алымды, шалымды, өткір тілді шешен болып ержетеді.

Бір жолы Қызай Балапан би Қарағай батыр, Жаулыбай батыр қатарлы бес кісіні ертіп, Қаракерейдің төресі Бексұлтанның ауылына мал дауымен барғанда, төре басын көтермей қойыпты.

Сонда Текебай:

  • Ей, басыңызды көтер,

Амандассаң неменең кетер.

Балапандай биімді құры қайтардың,

Жауап бер соныңда жетер, – депті.

Сонда төре басын көтеріп:

  • «Төре» – деді бір қарап, сендер кімсің,

Баса-көктеп үстіме неғып жүрсің.

Бұрын ұзын құлақтан естуші едім,

Божбан шыбар Текебай белгілісің, – дегенде, Текебай:

  • Ей, төре, маған былай көрсетпе бой,

Дауға келдік бұл емес өлең мен той.

Сырласың, ақылдасың болса керек,

Ұзынқұлақ есектен есітіпсің ғой.

 

Байлығың, төрелігің өзіңе есеп,

Боламыз ба жазалы олай десек.

Менің шыбар бетімді жеткізіпті-ау,

Жер тауысқан бұралқы өсекші есек, – дегенде төре басын төсектен жұлып алып, Текебайдың дауын бітіріп беріпті.

Бір күні Қаракерей елінде жиын той болып, ат шабыс өтеді. Аламанда бір көк ат бәйгеден келеді. Оны уақтар бәйгеге қосқан екен.

Сол кезде Қаракерей жақтан бір жігіт көк атты менікі деп талас тудырады. Ат шабыстың соңында екі ел атқа таласып, Қаракерейдің биі әлгі жігіттен: «Атты қалай танып тұрсың», – дегенде, – Осыдан 6 жылдың алдында менің бір топ жылқым жоғалып еді. Жүйрік көк биенің ішінде кеткен құлын осы. Мұны мүшесінен танып тұрмын, – депті.

Сол жердегі би-шешендер жиылып, бұл даудың шешуін таппай қиналады. Ақыры олар екі жігітке:

  • Қызайдың Текебай биіне барыңдар, әділ шешімді сол айтады, – деп жұмсайды.

Екеуі Текебай шешенді іздеп келіп, болған жайды баяндайды. Олардың арызын тыңдап алған соң жігіттерін жинап, ауылдың барлық қойын жинатады да екі саулық қойды көгендеп алып қалып, қалғанын дөңді асырып ұзаққа жібереді. Сосын Қаракерейдің жігітіне:

– Ана қалың қойдың ішінен екі қойдың қозысын тауып келесің, қозыны дәл тауып келе алсаң, ат сенікі, тауып келе алмасаң қарсыласыңа беремін, – деп жұмсайды.

Қалың ел жиылып, істің нәтижесін күтіп тұрады. Әлгі жігіт алыстағы мыңға жуық қойдың ана қозысын бір іліп, мына қойдың қозысын бір іліп, ақыры екі екіден төрт қозыны өңгеріп әкеледі. Қозыларды қоя берсе, жүгіріп барып енелеріне жағады. Сосын иесін шақырып сұрстырғанда олар да екі қозының осы екі қойдың төлі екендігін айтады. Сонымен көк бестіні қаракерей жақтың жігітіне беріпті. Әлгі жігіт кейін бүкіл қазаққа белгілі Күреңбай сыншы болып шығады. Дауды әділ шешкен Текебай көк бестімен бірге жоғалған бес-алты жылқыны да уақ жаққа төлетіп, уақтың жігітіне атты жақсы баптап, бәйгеге қосқан еңбегін ескеріп, оған бір жылқыны сыйға береді. Дау әділ шешіліп, ел арасының берекесі сақталып қалады. Текебай міне, осындай халқына толып жатқан игі іс істеп, дуалы ауыз әулиелігімен жұрт жадында сақталып қалады.

Текебай Ағысұлы 1807 жылы Жетісуда дүниеге келген. Әкесі Ағыс 5 жасында қайтыс болып, жама ағайыны Атымтайдың қолында өскенін жоғарыда айттық. 1821 жылы Қызай елі Алтайдың Жеменей ауданына көшіп келіп, орналасады. Келесі жылы Атымтай қайтыс болып, Ертіс өзенінің бойына жерленеді. Бейіті кейінгі жылдарға дейін сақталғаны белгілі. Атымтай қайтыс боларда 15 жастағы Текебайды баласы Тоқтамысқа табыстап, ақтық сапарына аттанып кетеді. Тоқтамыс та Текебайды өз ұлы Шөкеманнан кем көрмей, әлпештеп өсіреді. Текебай жастайынан-ақ алғыр, тартымды, шешен болып, атқамінер ақсақалдарды жағалап ержетеді. Өсе келе білгірлігі, шешендігімен ел көзіне түсіп, жұртқа таныла бастайды. Сонымен «Текебай дауға бермейді» деген аңыз қалады.

Ел аузынан жеткен тағы бір аңызда былай делінеді. Текебай Қызай елінен 10 жолдас ертіп, Керейлерге алды 500 қара, арты 100 қаралық жер дауы, ер дауы, жесір дауымен жүрген кезі екен. Содан ол елдің биі Текебайды қызыл мойын Қуандықтың үйіне түсіреді. Қуандық 5 әйел алған адам екен. Ол әйелдеріне бала тоқтамай, біреуінен жалғыз ұл көрген екен. Текебай барғанда сол 9 жасар ұл қатты науқастанып жатқан кезі екен. Ауырған бала Текебай барып қонған бидің үйінен 3-4 шақырым жердегі тағы бір әйелінің үйінде жатқан екен. Баланың науқасының салмақты екенін Текебай онсыз да хабар тапқан болатын. Кеш бата бидің үйіне бір хабаршы келіп:

– Балаңыздың науқасы салмақты, отырған халық сізге жіберді, – дегенде Қуандық:

– Үйіме Қызайдың әулиесі Текебай келіп отыр. Қонақ ренжімесін, бақсы, балгерлерге қаратыңыз, – деп хабаршыны қайтарады.

Түн ортасы болғанда тағы бір хабаршы келіп:

–        Көпшілік, балаңызды көзі тірісінде бір көріп қалсын деп жіберді, – дейді.

Оны да:

– Ол үйдегі жиылған  ақсақалдар мен ел иесіне айтып бар, маған жалғыз ұлды Алла берген, бергенде риза болып, аламын дегенде наразы боламын ба? Өзі берген Алла өзі аламын десе ризамын. Құдайға сабырлық қылдым, үйіме қонақ болып жатқан қызайдың әулиесін ренжіте алмаймын. Бала қаза болса жақсылап шайып,  жуыныдырыңдар. Қонақ аттанған соң нәзір-құзыр, жылау-сықтау ісін істерміз. Алла тағы да берер, үмітсіз шайтан ісі, – деп қайтарады.

Таңғы шайда отырғанда баласының қазасын естірткенде Қуандық би көз жасын шығармай, домбырасын қолына алып, «Жалғызым-ай» деп жоқтау күйін шертеді.

Текебай да домбыраны ала салып «Тоқтау» күйін шертіп, домбырамен көңіл айтады. Бұл екі күйді кейінге дейін күйші Әшім Дөңшеұлы орындап келген.

Содан Текебай би Қуандықтың құдайға сабырлық қылған төзімділігіне риза болып, бұл жолғы дауды қозғамай қайтпақшы болғанда бидің бір әйелі әулиеге бір ақсарбас қой алып келіп, ақ шылаушын мойнына орап, бата сұрайды.

Жаппар ием

Кедейге пана берсін,

Ақымаққа сана берсін.

Алла тағала өзі қалағанын,

Кезі келгенде ала берсін.

Айналайын келінжан,

Қайғыны ұмыттыратын саған шекесі торсықтай бала берсін, – деп бата береді. Бір жылдан соң осы тоқал бір ұл туып, Қуандықтың ұрпағы содан тараған екен.

Аттанарда Қуандық биге:

– Жалғыз ұлың қайтыс болса да, құдайы қонақты сыйлаған сабырыңа Алла тағала берекесін берсін. Балаңыздың көзі тірісінде барып та көре алмадыңыз, осы адамгершілігіңіз үшін қызайдың дауын кештім, елге жауабын өзім беремін, – деп аттанады.

Сонда да Қуандық би ел ағаларын шақырып, Текебай әулиеге ақ бас атын жетелетіп, ақ шапан жауып, 17 айғырдың үйірін санап беріп, қысырақ маьап, ризалығын алып, жолға салады. Көне көз қариялардың айтуынша, Іле қызай жылқысының тұқымы осы айғырдың үйірінен тараған деген сөз бар.

 

Тағы бір жолы керей мен қызайлардың арасындағы дау болып жатқанда керейдің атақты байы Сүңгіш деген би Текебайды көзге ілмей, мынадай мақалмен қағытады:

  • Құл жиылып, бас болмас,

Құм жиылып, тас болмас,

Қолдарыңнан не келеді? – дейді.

Сонда Текебай:

  • Ит тамақты жылдам ішем деп,

Ыстығын білмей тамағын күйдіреді.

Адамның ақымағы жөнді білмесе,

Атаға тіл тигізеді, – деп бір ауыз сөзбен доғарыпты.

 

Бөтеке деген төренің жалғыз ұлы өліп, баласы тоқтамағандықтан қайғымен жатып қалғанда Текебай әулие:

  • Құдай құзғын болды, сен тауық болдың,

Күнде тапқан жұмыртқаңды, күнде шағып жей беретін.

Тұлпардың тұяғы тасты басса кетілер,

Сазды басса жетілер,

Жаман кісі басына іс түскенде өкінер,

Жақсы кісі басына іс түскенде бекінер.

Қане сенің білімділігің, кісілік төрелігің?..– дегенде Бөтеке төре басын көтеріп, қайтадан еліне төрелігін істей берген екен.

 

Текебай пара алғыш билер туралы:

  • Қайырымсыз жазыңнан,

Қайырымды қыс артық.

Көрінбеген алтыннан,

Жылтыраған мыс артық.

Пара жеген билерден,

Қасқыр алған ит артық, – деген екен.

 

Текебай руы керей қара биге дау туралы былай деген екен:

  • Малым бар деп мақтанба,

Боран соқса қайтесің?

Басым бар деп мақтан ба,

Ажал жетсе қайтесің?

Тілім бар деп мақтан ба,

Сорға айналса қайтесің?

Ақылдан артық хандық жоқ,

Жомарттан артық нарлық жоқ.

Байлық – мұрат емес,

Жоқтық – ұят емес, – депті.

Текебай қартайып, әл үстінде жатқанда, Андас елі жиылып барып, Текебайдан ақыл сұрапты. Сонда Текебай сөйлеуге дәрмені келмей, қол ишаратымен басын бір, одан тілін бір шұқыпты. Ол «Басқа пәле қызыл тілден келеді» дегенді меңзегені екен.

Текебайдың дауласқан екі жақты береке-бірлікке ұйытып, жауласқан екі жақты айырылмас досқа айналдыратын ұлы қасиеті кейін Солтанкелді Шәкіл руынан шыққан Мұратбек Шілдебайұлына қонған деседі.

Мұратбек Шілдебайұлы 1882 – 1968 жылдары жасаған адам. Ел қормалы, ерек дипломат, айтулы емші. Ол 20 жасынан бастап Малтабар, Шәкіл руының елубасылық міндетін атқарған. 1905 жылы Естемес ақалақшы қазіргі Күнес Кеңсу ауылындағы Жалшикеге келіп, қоныс тепкеннен кейін, ақалақшылық билікті нығайту үшін өз ордасына бірталай көреген, көшбасшы адамдарды жинап, басшылық алқа құрғанда, Мұратбекті «Күнде» деген мәнсапқа ұсыныс етеді. Бұл міндетті 1950 жылдарға дейін жалғастырып, ақалақшы, мампаңдарға бас ақылшы әрі хатшылық істеп сол кездегі қоғамдық мәселелерге шешім жасап, шешім етуге ықпал еткен.

Мұратбек тек өз руы үшін емес, ел ұрпақтарының азаматтық өміріне, адал тірлік жасап өркендеуіне, Күнес өңіріне қоныс тепкен қазақтардың тыныштығын бекемдеу мен нығайтуға ерекше еңбек көрсеткен. Күнес басындағы қазақ пен торғауыттар арасындағы жер дауы жылдар бойы шешілмей келе жатқан қайшылық еді. 1920 жылдарда Жұлдыздағы торғауыттар елге тыныштық бермей, Абылайханның тұсында белгіленген шекарадан өтіп, малшы ауылдардың берекесін ала бастайды. Көрші отырған екі ұлт халқы әр жылы жайлау үстінде шабысып, мал барымталап, адамдар сойылға жығылып, төбелес болып тұратын. Осы дауды түбегейлі шешу үшін Мақсұт ақалақшы қасына он неше адам ертіп, торғауыттардың хан ордасына барады. Олардың ел ағаларымен кездесіп, екі ұлт арасында бітпей келе жатқан шекара келісімін бітіру жайлы кеңес өткізіп, сол жылы шілденің 15 жұлдызында екі жақтың ел басшылары Күнес өзенінде кездесуге уағдаласады.  Осы кезде Қанатбек ақалақшы басшылығындағы шекараны тұрақтандыру үшін арнаулы комиссия құрады. Шәкіл руынан Мұратбек күнде мен Омарақын зәңгі осы комиссияның құрамында болып, моңғол жақтың шекара жағдайын білетін, көне досы, шешен Бадма деген адаммен бетпе-бет пікірлесіп, бұрынғы кездегі естіген нақты дерек, дәлелдер арқылы оларды мойындатып, шығыс жақ шекараны «Желді кезең» етіп белгілеп: «Аяқты мал судың ар жақ, бер жағына өтіп жайылса, оны себеп етіп жанжал шығаруға болмайды. Кейінгі ұрпақтар да бұл келісімге құрмет етеді» деп 3 метр матаға 3 нұсқа қытайша, моңғолша, қазқша тоқтам хат жазып, келіссөзге қатысқан ақалақшы, зәңгі, күнделер, моңғол жақтың үкірдай, зәңгі, залыңдары (мансап аттары) мөр басып, шекараны тұрақтандырады. Мұратбек бас хатшы міндетін ақтарады.

1936 жылы Қанатбек ақалақшы басшылығындағы «Жалши» мектебін салу комиссиясы құрылғанда, Мұратбек Солтакелдінің Малтабар, Шәкіл руының өкілі болып, ағаш материялдарын тасу, жинау, қаражат жию қызметіне жауапты болады. Әрі Солтанкелдінің басқа руларын да ұйымдастырып, құрылыстың басталуы мен аяқталып, пайдалануға берілуіне дейін басы-қасында болады. Бұл құрылыс 14 бөлмелі, 74 шаршы метр келетін Естемес мектебі еді.

1949 жылы шығыстағы торғауыттар тағы да жерге таласа бастайды. Осы шекараны анықтап туған дау-шараларға шешім жасау үшін 1964 жылы 6 маусымда Іле қазақ облысының басшысы, полковник Нүсіпхан Көнбайұлы басшылығындағы жер-су, шекараны анықтау тобы Күнеске келіп, бұрынғы шекараны анықтауға қатысқан адамдарды іздестіреді. Сол кезде шығыс жақ шекараны тұрақтандыруға қатысқан тірі тұлға тек 80 жастан асқан Мұратбек ақсақал ғана қалады. Ол кезде Омарақын зәңгі бай-манаптың баласы, шетке байланған деген сенімсіздікпен шетке қағылып, бақылауда жүргендіктен комиссияның құрамына қосуға келмейді. Сонымен Нүсіпқан Көнбайұлы Мұратбек ақсақалды арнайы ұсыныс етіп, Байынғол моңғол облысының Көрла  қаласындағы кездесуге ертіп барады. Мұратбектің тірі екенін естіген қазақ пен моңғол арасындағы шекара дауын шешуге бағытталған комиссияның моңғолдар жағына жауапты мөр ұстаған адамы Бадыма; «Мұратбек пен Омарақын тірі тұрғанда, жер біздікі демеңдер», –  деп бұрынғы шекара келісімін қайта бекітіп, «Желді кезең» баяғыдай қазақ-моңғолдың шекарасы болып қала береді.

Мұратбек Шілдебайұлының тағы бір ерен еңбегі, қазақ емшілік дәстүрін жалғастырып, бүгінгі күнге жеткізгендігі. Ас қорыту, ішек, тыныс алу, қара жел, түрлі тері аруы, сүзек сынды дерттерді байырғы қазақ емшілік тәжірибесі  және өз тәжірибесі арқылы алмас, кепіреш, сынап, қол арасан, уқалау сияқты әртүрлі әдіспен емдеп, жазып отырған. Құлағы естімеген адамдар алыс-жақыннан келіп, ауру себебін анықтап, дәрісін алып, емделіп қайтса, жүріп-тұра алмайтын адамдарға өзі арнаулы барып, көмектескен. Әсіресе, емші Жансарбай Ұлтарақұлынан үйренген, қамшының өріміне алмасты жағып, өңештен өткізу әдісімен тамақтан ас өтпей қалған адамды аурудан айықтырған еңбегі  бүкіл төңіректегі қауымға аңыз болған. Бұл адам тамыр ұстауға жүйрік, емдеуге батыл, іске шөгел, кішіпейіл, қормал, қайырымды болған. Қойнындағы Құран мен аузындағы иманын  өмірінің соңына дейін тастамай, ауылындағы балаларды сауат ашуға, оқуға, білім алып қоғамға жарамды адам болуға баулыған.

Ол кісінің көптеген ақыл-нақыл, өсиет сөздері бар болса да, аласапыран заман соның көбін ұмыттырып жіберді.

 

Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .

https://kazneb.kz/kk/catalogue/result?flt=simple&q=%D1%82%D0%B0%D1%80%D0%B8%D1%85%20%D1%82%D0%B0%D0%BB%D2%93%D0%B0%D1%80%D1%8B%D0%BD%D0%B4%D0%B0

“Q-Andas” ақпараттық агенттігі

Жалғасы бар…

0 0 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 53
Қышқыш қалай жасалған?
Андас Омарақын ізімен

Қышқыш қалай жасалған?

August 31, 2026
Адамның пайда болуы
Андас Омарақын ізімен

Адамның пайда болуы

August 31, 2026
Күн және жұлдыздар
Андас Омарақын ізімен

Күн және жұлдыздар

August 31, 2026
كۇن مەن جەر
Андас Омарақын ізімен

Күн мен жер

August 31, 2026
Аспанның биіктеуі
Андас Омарақын ізімен

Аспанның биіктеуі

August 31, 2026
Жер-көктің айырылуы жөнінде (Күнес ауданының аңыз-ертегілері)
Андас Омарақын ізімен

Жер-көктің айырылуы жөнінде (Күнес ауданының аңыз-ертегілері)

August 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz