Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Әдебиет

Жүйрік құла

admin
2026/05/05
Әдебиет
0
Жүйрік құла

Айтпақшы,  «Бәйге!», «Көкпар!» – демекші, Тортайдың шекараның арғы бетінде қалған Құла аты есіне түсті. Пах, шіркін желден де жүйрік еді-ау, жануар. Әттең!… Жүрек тұсы шым ете қалды. Ду ете қалған Құла атқа деген сағынышы лезде өн бойын от болып шарпып өтті. Сағым арасынан қос құлағын қайшылап, ауыздығын  қарс-қарс  шайнап осқырынған ат дыбысы естілгендей болды. Ой, тоба бала күнінен құлағына сіңіп қалған жағымды дыбыс жанын жадыратып, жүрегін елжіретті. Ех, шіркін қайда екен сол жанының бір бөлшегі болған текті жануар!  Қайын атасы ер-тұрманы мен жүгенін әсемдеп мініп алып сылаңдаған жорғасымен ел аралап жүр – ау. Көрген жұрт таңданып, тамсанып, қызыға да қызғана қарап жүрген шығар.

Одан әріге басын қайта-қайта шұлғып, алыстан дүбір күткендей елеңдеп тұрған жүйрік Құланың бұлдыраған бейнесі көз алдына  елестеді де өне бойын шымырлатып көзіне жас үйіргендей болды… Өз деміне өзі тұншыққандай  қыстығып қалды. Ауа жетпеген кең кудесін кере демалып,

– «Ух!..» деп тереңнен ауыр күрсінді.

Жүйрік Құлаға деген  ішкі өзекте  жиналып қалған сағыныштың  ауыр лебі кеудеесін жарып жіберердей болып тыныстаған ауамен бірге сыртқа қарай лықсыды. Ішкі дүниесін шарпыған ыстық жалын көк–ірегін  ашытып,  кеуде тұсын  өртегендей  күйге түсірді. Сол бір қырына бұрылған қалпы жүзі солғын тартып Құланың елесімен астасқан қалың ойдың шырмауында қалды.  Еркінен тыс өзіне баурап алған  беймәлім ой тұңғиығы бір сәтке болса да мына жарық дүниені ұмыттырып, оңайлықпен жіберместей  етіп  мықтап қармап алған сыңайлы.

–  Иә, алғаш қалай болып еді – өзіне-өзі сұрақ қойудан бастады.

… Алаңсыз ғана  аулада  шешесіне қолғабыс жасап жүрген  Тортай  алғаш Құла жабағыны әкесі Рамазан  жетекке алып  қақпадан  ішке кіргенде  түкке түсінбей  аңырып тұрып қалғаны есіне түсті. Сонау жылдың ерте көктемі кезінде  әкесі Домбал сібеден екі жүз бау жоңышқа мен бір қап астыққа айырбастап осынау  көтерем  Құла  жабағыны  алып келгенді. Қос қолдап сәл қаттырақ итерсең  болды тыраң асып құлап қалатындай. Мөп-мөлдір жәудіреген бейкүнә әдемі көздері ғана жүректегі мейріміңді еріксіз оятып, көңіліңе жылу сыйлайтын сияқты.

Ілмиген түрі мен  әлтек-тәлтек жүрісі, өзі  арық, сүйектері ырсиған жүдеу жабағыны көріп қатты  аяса да бір жағынан балалық  пәк  көңілімен мәз болып  қуанғанды. Расында Құла жабағы тұңғыш көргенде жылқы баласының ішіндегі тым сұрқысызы  және ең әлсізі болып көрінген  еді  жануар.

Осынау бейшара халдегі жабағыны көруге  келген жақындары мен көршілерінен бір ауыз жылы сөз ести алмаған отағасы да  көпке дейін  үнсіз қалды. Ішкі жандүниесін құйын соғып өткендей беймазалық  халге түсірген жағымсыз көңіл-күйі  жанын жеп, қатты қобалжытты. Балам бір қуансыншы деп  бұл жылқы баласын  сатып алуын алса да мынадай жағдайдан  кейін әкесінің  де көңілі  түсіп, салы суға кетті.  Екі ойлы  болып  дүдәмәл  халге түсті.

Іштей:

–  «Қалай ғана келісе қойдым…», «Қайтсем екен, бекер алғаным-ай?..» деп өзін-өзі жазғырған өкініштің де ұшқыны санада  сәуле  шашып жалт еткендей болды. Сол сәуле күннен-күнге санаға салмақ салып  қана қоймай, өкініштің отын маздатып жанға маза бермеуге  көшті.

Көрші-қолам мен жақындарының:

–  «Көтерем жабағыға сонша шығынданып, бала болдың ба, Реке..?»,

–  Бұл көтерем көкбақа ертең-ақ өліп қалады ғой… –  дегендер алдында жауап қайтара алмай кәдімгідей күмілжіп қалып жүрді. Расында берген жем-шөбім зая кетіп оңшала алмай «Арам өліп қалса қайтем-ау…» деген жаман ой да  көкейіне көлеңкелеп  ұялап алғандай.

–  Жоқ! – дейін десе жабағының түрі анау ілмиіп әрең тұрған.

Сөйтіп күн артынан күндер де тоқтаусыз сынаптай сырғып өтіп жатты. Енді бірде іштегі өкініші жанына маза бермей жегідей жеп жүргенде таңертең жабағыға жем салып жатып есіне бірдеңе түскенде өзімен-өзі мәз болып қуанды. Құланың  ырсиған қабырғаларын санап көріп еді екі жағы теңдей екен және де қабырға мен жотасының арасы кәдімгідей алшақ.

«Жүйрік болар жылқының екі жақ қабырғалары тең, жотасы қабырғасынан алыс   болады» деген  бұрынғылардан қалған нақыл сөздің есіне түсуі жанына сәл де болса  жылылық ұялатты. Іші жылып жақсылықтың нышаны  іспетті болған  бір үміттің ұшқыны санасында жарқ еткендей болды. Көңілі кәдімгідей көтеріліп  қалды. Болашақтағы Құланың жүйрік  ат болатынына деген сенімі күн өткен сайын күшейіп ішкі түйсікке әл-қуат берді.  Көшкен жұрттай  болып құлазып жүрген көңілге кәдімгідей медеу болып,  бар жандүниесін жағымды әсерге бөледі.

Ендігі  кезекте  Рекең Құла жабағы турасындағы  сөздерге жауап қатарда бір жағы қалжыңға сүйесе, екіншіден уақыт өте  келе  іштегі белгісіз түйсіктің мақтанышы буырқанып еріксіз сыртқа теуіп нық сеніммен:

–  «Әй, сендерді ма! Әлі көресіңдер, бұл деген хас жүйріктің өзі болады..?!» дегенде дауысы ашық жарқын шығып  мақтанышпен тамсана   айтатынды шығарды. Сырт көзге дес бермей дауыстап айтуын айтса да, іштей естілер-естілмес сыбырмен білген дұғасын қайырып құдайдан «Құланың амандығын тілеп» мінәжат етіп қояды.

Әкесінің әлгі келемеждегендерге алғашқыдай емес масаттана  айтқан   қарсы жауабын алғаш естігенде «Расында Құла жабағы туралы айтып жатыр ма?…» деп Құла  мен әкесіне кезек қарап таң қалғаны бар. Кейіндері әкенің айбар сөзі бұған да әсер етіп Құлаға деген ерекше бір ықласын оятты. Әуелі қиялы ұшқыр бала көңіліне түрткі болып арманына  қанат бітіргенін қайтерсің.  Ұшқыр қиялының қияндағы көз жетпес зеңгір көгінде Құла жабағысы алтыннан жүген таққан, күмістен қанаты бар, аузымен құс тістейтін әлемде теңесі  жоқ  хас тұлпар болып елестейтін.

Сөйтіп, сол күннен бастап жетекке алған Құласын  Тортай  қасынан екі елі тастаған емес. Қолының шеберлігі бар әкесі илеуі қанған қызыл қайыстың  әр жеріне күмістен өрнек салған әдемі жүген де жасап  берді. Жайы жақсы болып, бабы келіссе жылқы түлігі тез өсетін жануар емес пе?!… Жем-шөбі де уақтылы баппен беріліп, күтімі жақсарған  Құла күннен-күнге, айдан-айға  толысып, жүні тықырлана  жылтырап  кәдімгідей  ет ала бастады.

Қамыс құлағын қайшылап, жылан басы  доғадай иілген мойнына жарасып, алдыңғы тіп-тік екі аяғы, маймақтау артқы аяқтарымен, жұмырлана біткен тұяғы  үйлесіп сымбылдай болып тұрған ерекше  тұрысының өзі көрген жанның назарын бірден еріксіз өзіне аудартатынды.

Алғаш көрген кезде жақтырмай, жабағыны мазаққа айналдырған жақын-жұрағаттар енді уақыт өткен сайын ерекшеленіп келе жатқан сыртқы тұрқымен, сылаң қаққан жорға жүрісімен бүкіл елді өзіне еліте бастаған Құла құнанға   қызыға да, қызғана қарайтынды  шығарды.

Күндегі күйбең тірліктің аясындағы уақыт шіркін зымырап өтіп жатты. «Шын жүйрік бап тілемес…» дегендей  құнанға толған шағында құры босқа мақтағанша бір байқап көрейінші  деген ой келді  қожайынға. Сонымен не  керек жеңіл-желпі жаратып, онша-мұнша ащы терін алған Рекең ешкімге құлаққағыс  қылмай-ақ Құланы «Құнан бәйгеге» қосып кеп жіберді. Жаман емес, отыз шақты құнандардың ішінде астыңғы ерні салбырап, екі танауы ысқырып он бес шақырымдық бәйгеде екінші болып келді. Бұл тосын жаңалық көптің көкейіне ой салып біразын ойландырып та қойды. Жылқы баласын бір көргеннен танитын айтулы атбегілер «Бағасына қарамаймыз қанша десе де сатып алсақ!» деп сөз салғандары да болды. Оларға Рекең:

–  Тортайыма арнайы сатып әпергенмін. Ешкімге де сатпаймын!-деп кесіп айтты. Содан бұл әңгіме біраз уақыт  дуылдап  барып  тәмәм болды.

Әке мен баланың таудай талабы мен үкілеген үмітін алдамаған Құла құнан елдің аузына ілікті. Шабыс кезіндегі аяқ алысы,  қабырғадан алыс тұратын шынтағы мен салпық ерні,  далиған қос танауы, ойнақшыған отты көздері бәрі-бәрі  біршама уақытқа дейін аймақтағы үлкен-кішінің әңгімесінің негізгі арқауы болды. Уақыт зымырап қылышын сүйреп қыс та келіп жетті. Әдеттегідей  қайталанған  қарабайыр күйбең  тірлік  аясындағы күндер де бір-бірін қуалаған асау толқындардай  біртіндеп  өтіп жатты.

Ащы тіл мен сұқ көзден сақтанған әкесі Құланы  дөненнен асып бестіге  аяқ басқанға дейін  барынша  көрер көзге  елеусіз етіп  көп малдың бірі қатарында ұстады. Іздеп келіп сұрау салғандарға:

–  Әй, қайдам… Жүр ғой мал ішінде – деп әдейі самарқау ғана  жауап қатады да әңгіме ауанын дереу басқа жаққа бұрмалай жөнеледі. Онысы сүмбілдей болып ойнақшып тұрған Құлаға көз немесе  тіл тимесін –деген оймен  сұқ көз бен  ащы тілден  сақтанған түрі.

Міне, неге десеңіз оның да өзіндік себебі бар ғой. Солай. Келісті болып толысып қалған орақ  маңдайлы Құланың  дене  тұрқы ұзарып, құлан жоны күжірейіп, аяқтарын сілки тастап еркін жүретін келісті жүрісі мен кең кеудесі көз тартарлық болып  тұратынды. Жалпы  зер салып қараған мал танитын  зерек жанға түп тегі желмен жарысқан  некен саяқ кездесетін  арғымақ  аттың тұқымы екендігін  топ жылқының ішінде анадайдан-ақ менмұндалап байқатып тұратын жағдайға жетті.

Сөйтіп, осынау уақыт ішінде қазақта байырғыдан келе жатқан  әлі күнге дейінгі қолданыстағы ырым-тыйымдарының бәрін жасап-ақ бақты. Сол үшін де «Тек жүрсең – тоқ жүресің!» деген қағиданы ұстанып  біраз уақыт ұмыттырып барып, бестіге толған шағында Рекең шындап кірісті.

Жабуын жауып, ел көзінен таса аймақта таң бозынан немесе кешкі елең-алаңда жүгіртіп ащы терін алды.  Жабық қорада ұстап, күніне бір уақыт  бұлақтың таза суымен суарып, таза сұлымен жаратты. Арадағы мерзімді уақыт өткенде сүліктей болып жараған Құла, бір қырым артық еті жоқ, жуан тізесі мен  бота  тірсегі бір-біріне  үйлесіп, түгі   жылтыраған сұлу мүсін денесі көз суырардай әсем  болып шыға келді.

Сарыла күткен сәтте жетті. Барын киіп тобылғы қамшысын сипай қамшылаған Тортай сәрсенбінің сәтінде әкесінің соңынан ерген бойда екеулеп  той болатын жақ  түстікке апаратын ескі сүрлеу жолға түсті. Кейде желе жортып енді бірде майда жорғамен тайпалаған Құланың жүрісіне жаны сүйсініп, айналаға шекеден қарап  «Мені көрдіңдер ма?..» деген сыңайда қуаныштың  буына жүрегі жарылардай болып  масаттанып  келеді.

Әкелі-балалы екеуінің бара жатқан тойы Найман Матайлары арасында отырған Суанның  ұрпағы Тұрдақынның ұлы мен қызын үй-жәйімен өздері отырған Қаратастының  іргесіндегі  «Тоқтарбай мәліге» көшіріп әкелгеніне орай ағайынды Нұрбек пен Нұрахметтің  бүкіл аймақты шақырып жасап жатқан тойы  еді. Себебі, Түкең көзі тірісінде екі баласын осы ағайындарына аманаттап кеткен болатын. «Аманатқа – қиянат» болмайтындығы әр қазаққа бесенеден белгілі жайыт.

Иә, той қонақтары арасында осы өңірге есімдері белгілі – Ұтыбала бай, Ташын кадр (елдер Қазақбай атап кеткен әкім) сібелер, жалпы сібелер көп тұратын ауыл «Жаңа Шәрі» аталады. Одан әріге төрт-бес шақырымда Матайлардың ауылы. Пулемешкин, Сашка деген орыстар, Албанның жақсылары, Қызайдың, Найман Матайдың мықтылары мен байлары бәрі-бәрі бар. Міне,  осылардың бәрі осынау жақсылықтың құрметті қонақтары болуда.

Саудагер, бір жағы мырза Суан Ақша Танабайдың Нұрақыны, Қошқар Бұтарбай ақалақшы, Албан Отарбай, атақты көкпаршы Молақ Әшім  тағы басқа да мен-мен деген ел жақсыларының бәрі-бәрі  осы қуанышты жақсылықта бас қосты. Аталған жақсылыққа ниеттес болып келген барша жанның жүздері жадыраңқы, көздерінен бір-біріне деген жылылық пен мейірімнің, бауырмалдықтың  шапағаты  толассыз шашырап тұрғандай…

Күзгі егін-тегін жиылып, ауа райының да ыстығы қайтып, суық түсе қоймаған сарабдал дер шағы. Елге де, малға да жәйлі ауа райының тамылжып  пісіп әбден  толысқан уақыты.

Сондай-ақ,  сымбылдай  болып өскен жігіттер мен қыз-келіншектердің қызылды-жасылды киініп бір-біріне қиястай қарап, сықылықтай күлгендері қандай жарасымды. Жастар  алтыбақан  тебісіп,  қыз бен жігіт айтысып дегендей дуылдасуы өзі бір төбе. Шын ғашықтар оңашада табысып,  сыңарын іздеген  жастардың бірі екіншісіне сынай қырындаған думанды шақтардың да  нақ қызықты кезі. Бозбала мен бойжеткендер арасында хабаршы болып жүрген жеңгетайлар да алған сый-сияпаттарына мәз – мейрам болуда.

Бұл  тойдан  басқа да – біреулер келін түсіріп, енді біреулері қыз ұзатып дегендей той-томалақтың көбейіп, ағайын-туыс, құда-жегжаттардың бір-бірімен қайтқан құстай қауқылдасып құшақ жайып, аңқылдаған ақ көңілдерімен  қуана қауышқан шағы. Біреудің жасаған  жақсылықтары келесі бір  қуанышқа ұласып жатқан ел ішіндегі  ірілі-ұсақты ырду-дырду  тамашаның  нағыз  қызған думанды  кезеңі болатын.

Сол үшін де жолға шыққан әкелі-балалы екеуі ел көзінен тасалау көне сүрлеулермен жүріп отырып бесін уақытында діттеген жерлеріне де келіп жетті. Жабудан шоқтай жанған көзі ғана көрінетін, ойнақшыған Құла аттың үстінде екі тақымын қыса ұстап, қазықтай қаздиып нық отырған ұлын көрген әке де қуаныштан төбесі көкке бір елі жетпей тұр-ау. Жол бойы іштей «Тіфәй!», «Тіфәй!», «Тіфәй!» деп үш түкіріп, ата-бабасының әруағына қайта-қайта мінәжат етіп, Жаратқаннан барынша медет тілеп, білетін  дұғасын неше қайтара қайталаумен  келеді.

Құшақ жайып қарсы алған нағашылары жарқылдап құрақ ұшып күтіп алды. Тортайдың нағашы жұрты да оңай жандар емес. Сол Суандағы аталас Құдайберді руының Тәсібегінен  тарайтын атақты Бәйтеректен – Әлдібай, Мәнібай, Күрең, Допшын деген мықтылар. Әлдібайдан – Бәзіл би, Тұрап, Жақып туған. Бәзіл биден – Орман, Шалтабай, Тезекбай, Нұрсәлім (Кеңес үкіметі кезінде «банды» атанған), Күнболат деген азулылардың ұрпақтары. Бұндағы айтпағымыз Тортайдың шешесі Күлшайза  Шалтабайдың қызы.

Мал сойылған,  аста-төк дастархан жайылып алдын ала алыстан  келген   құда-жекжат пен  қонақ біткеннің  бәрі де  қошемет пен құрметке бөленуде.  Сонымен таң атып, тойдың да абыр-сабыр тіршілігі жалғасын тауып жатты. Бірін-бірі тіршілік ағысымен жүріп көріспей кеткен тамыр-таныстардың құшақтары  айқасып, жайраңдаса  амандасып  мәре-сәре болып жатыр.  Әсіресе, кешелі бері барша жұрт асыға, кейбірі тағатсызданып  сарыла  күткен той қызығы да басталды.

Одан әріге күрес бітіп,  көкпар тіпті қызықты, тартысты өтті. Қалың жұрт нешеге бөлініп өздерінің көкпаршылары серкені алса болды білектерін сыбана бар дауыстарымен шеке тамырлары адырайып, қызына айқайлап дем беріп жатты. Әсіресе тақымы мықты  көкпаршылар – Молақ Әшім, Албан Отарбай, Құдайберді Жабықбай, сібе Опырбай, орыс Васька елдің айғай-шулы ұрандатқан қошеметіне қарық болды.

Сондай-ақ,  сымбылдай  болып өскен жігіттер мен қыз-келіншектердің қызылды-жасылды киініп бір-біріне қиястай қарап, сықылықтай күлгендері қандай жарасымды. Жастар  алтыбақан  тебісіп,  қыз бен жігіт айтысып дегендей дуылдасуы өзі бір төбе. Шын ғашықтар оңашада табысып,  сыңарын іздеген  жастардың бірі екіншісіне сынай қырындаған думанды шақтардың да  нақ қызықты кезі. Бозбала мен бойжеткендер арасында хабаршы болып жүрген жеңгетайлар да алған сый-сияпаттарына мәз – мейрам болуда.

Бұл  тойдан  басқа да той-томалақтың көбейіп, ағайын-туыс, құда-жегжаттардың бір-бірімен қайтқан құстай қауқылдасып құшақ жайып, қуана қауышқан шағы. Біреудің жасаған  жақсылықтары келесі бір  қуанышқа ұласып жатқан ел ішіндегі  ірілі-ұсақты ырду-дырду  тамашаның  нағыз  қызған думанды  кезеңі болатын.

Түскі үзілістен кейін ортаға шыққан той белсендісі Елшібек Нұрақын бәйгенің басталғанын елге жария етті. Елу шақты аламан бәйгенің аттары Жаңа Шәрінің төменгі жағынан бастап Тоқтарбай мәлісінің батысындағы «Бәйге алаңға» дейін шабатын болып келісілді. Әшім өзінің дәу қара жүйрік атын, Нұрахмет өзінің шабдар жиренін, Тортайдың Құласы, сібе Опырбайдың Қызыл Қасқасы, жақсы ат көрсе жанын салатын Найман Матайдың Есейбегінің Тобылғы торысы тағы осы аймаққа әйгілі ең мықты, жүйрік деген аттардың  бәрі бүгін бақ сынаспақ. «Бақ шаба ма, әлде бап шаба ма?»-деген бабалар тәмсіліндегі ғибратты сөзде айтылғандай  ел аузындағы мақтаулы сәйгүліктердің  сыналар  сын сағаты жеткендей. Иә, мынау жиналған  барша жұртқа  оны бүгінгі  тойдағы міне-міне басталғалы тұрған  аламан  бәйге нәтижесі көрсетпек.

Жаршы  мәреге дейінгі арақашықтықтың ұзақтығы шамамен 25-30 шақырымды құрайтындығын да ескертіп өтті. Бас бәйге-түйе бастатқан бір тоғыз, бірінші орынға-бесті ат ертұрманымен, екінші орынға – кілем жабылған құнан, үшінші орынға өгіз берілетін болып, жүлделі  орындар  да көпшілікке жария етілді. Бәйгеге тігілген қомақты жүлде қорына риза болған көпшілік қиқулап, қол шапалақтап ризашылықтарын білдіріп жатты.

Ал, бәйгеге ат қосқандардың әбіржулері тіпті ерекше, уайымнан қолды-аяққа  тұрмай жүр десек артық айтқандық емес-ау. Ал, Құла жүйріктің тілеуін тілеген Рекең бастаған Қанғожа әулеті мен жақын-жұрағаты мәре сызығы мен халық арасын бөліп тұруға арнайы  тігілген ақ жалауға  таяу  қатарласа топталыпты. Бәрі де бір құдайға мінәжат етіп Құла мен Тортайдың тілеуін тілеп ниет етуде.  «А  құдай!.. Иә, Әруақ қолда!» деп  Жаратқанға жан-тәнімен ұйып, бар білетін дұғаларын  қайталап, сыйынып  тұр.

Бүгінгі бәйгенің қызығын тамашалауға жиналған халық айнала алақандағыдай көрінетін «Бәйге төбенің» басына бір кісідей жиылған. Салт аттылар мен түйе, өгіз арба мінген кемпір-шал, бала-шағаны қоспағанда жаяу-жалпылап той тамашасын  көруге  келген жұрттың сыртқы көрінісі құмырсқаның илеуіне ұқсайды. Тіпті  құжынаған халықта есеп жоқ.  Сонымен не керек күн бесінге жетпей  көз ұшында бұлдырап бұрқыраған шаң  да көрінді. Тағаты таусылған кейбір кісілер бар дауысымен ұранға шыққан батыр аталарының  есімін  атап  айғайға басты.

«Бәйге алаңдағы» барша жұрттың  көзі де, назары да қызуы қатты буырқана сақырлап  жалыны темір балқытардай қайнаған қара қазанның буындай қою қара шаңды бұрқырата соңдарынан шұбалтқан шабандоздарда. Демдерін ішіне тартып аққан жұлдыздай зулап келе жатқан қара ноқаттардан көздерін алар емес. Енді біреулері  ішке тартқан демі мен қадалған көздеріне дейін, бәрі-бәрі қыбыр етпей алдыға ұмсынған кейіпте  қалшиып қатып қалыпты. Сырт көзге бейне бір қаздиған жансыз балбал тастарды елестеткендей… Біртіндеп жақындаған сайын қара ноқаттар да зорайып адамның, аттың сұлбалары айқындала бастады. Ел ішіндегі бұрыннан ауызекіде айтылып келе жатқан «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген сөз нақ осы мезет туралы  айтылған болса керек-ті.  Жалаулаған  жалдарын жел тараған әр аттың  шабысы да, аяқ алысы да  сан түрлі. Алыстағы бұлдыраған сағыммен  астасып бейне бір  тұяқтары от   шашқан  кентаврлар тобы аспаннан құлдилай көшіп жерге түсіп келе жатқандай елес береді.  Бір-біріне  ешбір ұқсамайтын бауырын көсіле жазып қайта жинаған жүйріктердің  ұшқырлығына көз сүйсінеді. Тұяқтарынан от шашып желмен жарысқан қайталанбас  керемет сұлу әсем қозғалыстағы  сәйгүліктер  бейнелері өн бойыңдағы қаныңды тулатып, делебеңді қоздырып, жаныңа толайым күш-қуат бергендей  сезіледі.

– «Иә, әруақ қолдасын!..», «Жаратқан ием жар бола гөр!?…» деген дауыстар да  естіле бастады.

Аламанның дүбірі сәт сайын жақындап, тағаты таусылуға шақ тұрған нөпір халықтың есін тіптен алды. Кімнің, кімге Жаратқаннан медет тілеп жатқанын айырып болмас аласапыран күй басталды. Аттар мәреге  жақындаған сайын айғай-шу  көбейіп бәйгеге құштарлығы қозған қалың халық бір-бірін тыңдаудан да қалды. Ат сұлбалары айқындалар жерге жеткенде 7-8 жүйріктің ішінен  екі ат суырыла алға шықты, Нұрахметтің Шабдары мен Тортайдың Құласы. Шабдар жүйрікті таныған Құдайберділер құлақ тұндырар дауыспен:

– «Шап!», «Шап!,  Бас қамшыны!…» деген айғайға  басты.

– Екіншісі кім? Мына Құла ат кімдікі?..- деген дауыстар көпшілік арасынан  естіліп жатты. Жан-жағынан сұрасып біреулері  бастарын оңды-солды шайқаса, енді бірі мақұлдап жатқан қалың  жұрт…

Құланы жыға тани алмаған көпшілік бір сәтке аңтарылып тына қалды. Сөйткенше болмай етігінің өкшесін безей тебінген Тортай ақ жейдесінің желпіні суылдап алға оза бастады.  Қарысқан қолдарын жазып тізгінде жіберуі сол-ақ екен көмбеге  қарай атырыла  ұмтылған Құла адырнадан босаған сұр жебедей алға қарай  атылып шығып жұлдыздай ақты. Сіңірлі тік аяқтары барынша созылғанда бауыры түп-түзу  тақтайдай болып жазылды.  Иесінің емеурінін  қимыл-қозғалысынан жаңылмай  сезетін қылыштай қылшылдаған Құла сол ағызған қарқынмен Шабдардан озған қалпы бірінші болып мәре сызығын кесті. Анталаған ел-жұрттың ұрандаған айғай-шуы құлақты тұндырып,   айналаны жаңғыртты.

– «Иә, әруақ! Ақсарбас!…» деп  сол қапталдан шауып келген кіші әкесі Әбілда тізгінге жармасты. Екі өкпесі солқылдап, сауырынан шүмектеп аққан терге шыланған Құланы жетекке алды. Оң жақтан келіп жанасқан Әбілғазы әкесі қол-аяғы қарысардай  болып қатқан Тортайды екі қолтығынан қапсыра ұстап ақырын ғана еппен көтерген қалыпта лып еткізіп аттан түсіріп алды.

Қаумалаған жұрттан шоқырақтата желдіртіп шетке қарай алып шыққан Әбекең екі иінінен демалып тұрған жүйрікті самалдатуға кірісті. Әудем жерге жеткесін қайта айналып баяулата жүріп жетегіндегі Құланы ақырындап суыта бастады. Сөйткенше болмай аққан тері қатып қалмасын деп қалбалақтап қол-аяғы жерге тимей қуанып жүрген Рекең де жабуын әкеліп жауып жатты.

Құшағын жайып алып қарысқан қол-аяқтарын жазып айналып жүрген Тортайдың көзіндегі от шашқан шаттық пен мың құбыла нұрланған жүзіндегі қуанышты жәй сөзбен айтып жеткізу әй, мүмкін емес-ау, сірә?!….

Әкесі Рамазан да қос жанардан аққан қуанышытың көз жасына қарамай емірене  келіп  баласын құшағына алды. Қаумалап, қолпаштаған ағайын-туыстың  қуанышында тіпті шек жоқ. Құла  ат пен Тортайға деген шынайы ықылас пен ізгі ниеттерінен туындаған ақжарма тілектерін жаудырып, баталарын беріп жатыр. Сол күні-ақ барша жұртты  таң-тамашаға қалдырған Құланың жүйріктігі бүкіл аймаққа мәшһүр болды. Жаңа танылған тағы бір сәйгүліктің атақ даңқы шарықтап бүкіл әулет аспандаған құрмет пен қуанышты сәтті басынан өткерді.

Бас бәйгені иеленген  Тортайдың  айдарынан жел есіп, бақыттан басы айналды. Жабу жапқан Құласын жетекке алып жорғалатқан күйі, қалың жауды жалғыз жапырып жусатқан хас батырдай болып зор да асқақ аброймен, үлкен қошеметпен  айдарынан жел есіп үйіне қайтты.

Ертесі  күні  сәске түстің  сәтінде бір семіз жабағыны сойып, аста-төк  дастархан  жайған Рекең мен Күлшайза алғашқы бәйгенің қуанышын ел-жұртымен бөлісті. Жақын-жуық маңайдағы ат үстінде жүрген, есім-сойларын  естіген жұрт елең ете қалатын сайыпқыран  жігіттер мен ел ағаларының  бәрінің  басын қосып  шәй берді. Жиылған ел-жұрт  дастархандағы дәмнен  ауыз тиіп, ақжарма тілектерін  айтты. Дастархан басында кешегі аламан бәйгеде мұқым жұрттың есін алып таң-тамаша жасаған Құланың желден асқан жүйріктігі мен Тортайдың атқа шапқандағы ептілігі мен зеректігі де  назардан тыс қалған жоқ. Осынау жақсылықта бас қосқан барша ағайын мен ел ағалары емен-жарқын ашылып, әңгіме-дүкен құрып арқа-жарқа болысты. Кеңінен бір көсіліп әңгіме мен әзіл-қалжыңның да түр-түрі айтылды-ау. Сөз соңы ақсақалдардың ыстық ықыласы бата беру рәсімімен аяқталып, барша халайық зор ризашылықпен тарқасты.

Одан кейін де талай тойдың бәйгесінің алдын бермей  қанжығаға байлады. «Ер қанаты – ат!» деген  ел аузында жиі қайталанатын нақыл сөзде айтылғандай  Құла жүйрік бүкіл аймаққа даңқы шыққан танымал жылқы болып әулеттің, ағайынның айбары мен мақтанышына  айналды. Жүйрік аттың арқасында әшейінде көптің біі саналатын Тортайдың да есімі көпке танылып мәлім болды.

Әуелі өткен жылдардағы кезекті күзгі сабан тойда осы жүйрік Құлаға қатысты тағы бір аймақтағы елді елең еткізген айтулы қызық уақиға болған еді. Кейінгі кездерге дейін ұзақ уақыт бойы ел аузынан түспей бірден-бірге айтылып жүрді. Бұл енді Құла жүйрік туралы айтылып жүрген аңызға бергісіз әңгімелердің бір парасы ғана.

Оның мәнісі сол жылғы сабан тойда болған «Қыз қуу» ойыны кезінде бұл сәйгүлікті  көрші ауылдың Айымхан атты қызы мінді емес пе?… Ол қыздың да зерегін көрмейсің ба..?! Сағағына жұдырық сиятындай кең, тар сауыры мен  кең мықынды  ат төресін жазбай танып бірден есі кеткен-ау шамасы. Сүмбідей сұлу мүсінді, екі көзі шоқтай жанған той дүбіріне елітіп басын сілки шұлғып, ойқастап еліріп тұрған Құлаға көзі түскені соншалық:

– «Мен тек мына Құла атты мінемін! Әйтпесе жарысқа шықпаймын!…» – деп бірдемде қырсықаннан әлекті  салады  ғой. Қанша айтса да көнбейді. Ел алдындағы той шартын бұзу әбестік саналғандықтан айналасындағы ағайынның амалсыз көнуіне тура келеді. Демек, сөйтіп қыздың айтқаны орындалды.

Жалпы Айымханды бәрі де  сырттай танитын. Көрші ауылдағы өзіміздің Суан Қасен ағаның еркелетіп өсірген, ашық жарқын, ақкөңіл, ермінезді қызы-тұғын. Өзінің бал-бұл жанған жүзі де сүйкімді, бет  біткеннің өңдісі болатын.  Ол болса аттың «…екпіні де, басы да қатты»-деп ескерту айтқан   үлкендерге  аузын бұртитып:

– Кішкене күнімізден атқа мініп өсіп келеміз ғой, сіздер-ақ қайдағыны айтады екенсіздер! – деп ешбір сөзді құлаққа ілмеді.

Содан айтқанынан  қайтпай  тұрып алған  қызға:

– «…тізгінді бос жіберме» дегенді қайта-қайта ескертіп, амалсыз қыздың айтқаны болып Құланы мінгізіп ортаға жібереді.

Әшейінде көптің көзінің құрты болып жүрген сұлу мүсінді жануарға мінген қыздың сүйкімді жүзінде мақтаныштың сәулесі ойнап  тіпті екеуі де бір-біріне жарасып толған айдай  толысып құлпырғаннан жайнап кетті. Әп дегеннен-ақ жүйрік аттың буына елітті ме, үлкендердің сөзін еркелікке салып  ерен санамаған шолжаң  қыз  тізгінді еркіне жіберіп гуілдей соққан самал желменен жарыса ойнап, құстай ұшты.  Әйгілі ұшқыр  Құладағы  Айымханға  Қызайдың  Сабаз есімді мен-мен деген айтулы жігіті астындағы атын қанша қамшыласа да жете алмады. Қарымта  шабыста байғұс жігіт Айымханның қамшысының астында қалып оңбай таяқ жеді-ау.

Көпшіліктің айғай-шуы мен үстіндегі қамшысын ышқына  сілтеген қыздың  екпініне елірген Құла мәреге жеткенде тоқтаудың орнына бас бермеген күйі тамашалап отырған жұртқа қарай тікесінен алып қашты. Аттың  аса қатты екпінінен сескенген  жұрт  таптап  өтіп базбіреуді   майып  қылмасын деп артқа шегінгеннен екіге қақ жарылды. Той қызығын тамашалауға жиылған қалың нөпірдің ортасынан  сытылып шыққан ат тіпті  бауыры жазылып төрт аяғын  барынша сермегенде  шабысына  ат түгілі шаң ілесе алмай қалды.

– «Ұста!», «Тоқтат!», «Тізгінді жіберме!..» деп жақындары болса керек жанұшыра айқайлаған  3- 4 жігіт соңынан  ілесе қуып кетеді.

Ауыздықты қарс-қарс шайнап, еті қызып, көзі шоқтай жанып  алған Құла жүйрік соңынан шыққан қиқуға құлағын қадап алып одан сайын еліре түседі. Сол бас бермеген бойда ойнақтап еңістеген жадағай сайға қарай  құйғыта шабады. Одан әрмен қарай кілт оң қапталға бұрылып алады да ауыл шетіндегі астық сақтауға қазылған ұралар бар жерге тіке тартады ғой. Қуғыншыларда жан қалмады бар дауыстарымен:

– «Тоқта!», «Басын тарт!..» деп қанша айғайласа  да әбден есі шығып, тізгінмен алысамын деп білегі талған қыздың  әрекетінен еш қайран болмады. Иығы талып қолынан әл кеткен қыз тек қос қолдап ердің қасынан ұстаудан басқаға шамасы да қалмады. Соңынан шыққан айғай мен қиқуға әбден  есі кете еліріп, денесі қызып  алған Құла ат бас бермеді. Зәре-құты қашып тұла бойын үрей билеген қыз бір уыс болып бүріскен қалпы ат үстінде шыңғыра «Апалап…» айқайлаған қалпы кете барды.

Соңынан шыққан және үстіндегі қыздың айқайына одан сайын құтырына шауып зулаған Құла ат орқояндай орғып сол ағызған  қалпы еш кідірместен  алдынан кезіккен үш ұрадан да  кезек-кезек қарғып өтеді.  Әрі өтіп барып кілт бұрылғанда байқалды, тізгіні салақтаған қалпы үстінде адамы жоқ ойқастап  шетке қарай  шыға берген еді. Жақын жуықта ешкім жоғын сезген жануар тіпті еркінсіп айналасына осқырына қарады. Одан құйрықты көкке шаншып  бір-екі тулап алды да  сайға қарай құйындатып, соңынан бұйра шаңды бұрқыратып шапқан бойы алыстай-алыстай көзден ғайып болады. Ат жайына кетіп, есін жиған қалың  жұрттың бір бөлігі  қызға қарай жүгірді.

Кейін білдік  үшінші ұрадан секіргенде  есі шыққан Айымхан шалқалақтап барып қайта түзелемін  дегенше өзіне-өзі ие  бола алмай қалып,  екі қолы ауа қармаған бойда  етпеттеген  қалпы  ұраның ішіне құлапты. Оның құлағанын байқап қалған біршама ел, шуылдап:

– «Өлді-ау, өлді!!!..» деп  қыз құлаған жаққа қарай тұра жүгіреді.

Жеделдетіп жеткен аттысы бар, жаяуы бар қаумалаған  барша  жұрт ұра түбінде талып жатқан Айекеңді улап-шулап жүріп сыртқа көтеріп алып шығарады. Қайта тәлейіне қарай  астық сақтайтын шұңқырдың түбіне сабан төселген  екен.

Содан сүт пісірім уақыттан кейін есін жиған қыз әке-шешесімен, «Енді қайтеміз-ай?!…» -деп қоршап тұрған көпшілікпен  жылап көріседі ғой. Ал, Тортай бастаған 4-5 жігіт ақкөбік  болған Құла жүйрікті қуалап  соңынан кетті. Әйтеуір не керек қаумалап  жүріп әрең ұстаған Құланы  түн жарымда үйге әкелген еді. Қыздың аман-сау екенін естіген соң көңілдері жайланған олар да ас-суын ішіп түн ауа демалуға ыңғайланды.

Сөйтіп,  Айым қыздың бір еркелігінің арқасында қалың жұрт мәңгі есте  қаларлықтай  болып  бір дүрлігіп барып басылды…

Кейіндері 1955-59 жылдарда Қытайда елі аумағында да коммуна басталады. Міне дәл осы кезде жекенің меншігіндегі барша  мал мен мүлікті «ортаққа» алыпты. Амал жоқ өкіметке қарсы келе алмайсың 1958 жылы сол «ортаққа» ілінген Құла жүйрікті үкімет тәркілеп алып кетеді. Содан «ортаққа» тәркіленген қайран Құла атты бес ауданның үстінен қарайтын соттың бастығы болған қазақ азаматы қызметтік көлік ретінде мінген екен.

Сөйтіп күндердің күнінде түрмеге түскен бір қазақ жаңағы бастықтың аты болған Құла жүйрік пен басқа да жылқыларды суғарып, шөбін салып күтіп баптаушы болып жүреді. Мал танитын малсақ  жан болса керек, аңдып жүріп бір қапысын тауып  басқа жылықылармен  бірге  ат суғаруға  апарған   күннің  бір  сәтінде  әйгілі Құла жүйрікке мінеді де қашып кетеді.

Соңынан қуған қуғыншылар шаңына да ілесе алмай адасып қалады. Сол кеткеннен мол кетіп, әлгі адамды да, жүйрік Құланы да одан кейін  ешкім қайтып көрмепті. Кейінгі  бізге жеткен  кейбір ауызекі естеліктерде сол мініп қашқан адам тоқтамаған күйде Қорғасқа жетіп, шекарадан  бері советке өтіп кеткен екен – деген аңызға бергісіз қызықты әңгіме айтылады. Бірақ, оның қаншалықты рас әлде өтірік екендігін де ешкім тап басып айта алған емес!?…. Иә, солай ғұмырының соңы жұмбақ жағдайға ұласқан  жүйрік  Құланың хикаясы сонымен әзірге тәмәм болды  ардақты ағайын!?…

Сол бір бақыттан басы айналған мынау жалғанның сол бір теңдессіз  күндері мен сәттері  бүгіндері көңіл төріндегі буалдыр сағымға айналды. Шіркін, солардың бәрі де өзі ең бір  базарлы, мерекелі, думанды уақыттар екен ғой.

– Әттең-деді іштей күрсінген Тортай.

– Сол  бір бақытты кезеңдер қас-қағым сәтке болса да тағы айналып келсе ғой, шіркін-ай..?! – деген  арманның әсерлі елесінен  біразға дейін арыла  алмады.

Сөйткенше  болмай:

– «Келдік! Осы жерден түсесіздер!»-деген жүргізушінің  шаңқ еткен ащы дауысы еңсесін  басқа  ауыр ойдан демде арылтты.

Өзіне-өзі келіп жан-жағына қараған Тортай әкесінің:

– «Жиналыңдар, Сарыөзек стансасы осы екен, енді келесі поезға отырымыз…» деген бұйрығымен көліктен лып етіп секіріп  жерге түсті. Інісі Қожатайды ертіп  жүктерді түсіруге  ыңғайланды.

 

Қ. Ибрайымжанов,

Жаркент қаласы,

өлкетанушы.

0 0 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 54
Тарихтың түндігі – елімнің бірлігі
Әдебиет

Тарихтың түндігі – елімнің бірлігі

March 27, 2026
Өнер өзіңдікі емес, елдікі
Әдебиет

Өнер өзіңдікі емес, елдікі

March 26, 2026
Сүрінсеңде құлама
Әдебиет

Сүрінсеңде құлама

March 19, 2026
Өрт
Әдебиет

Өрт

March 13, 2026
Ымырт
Әдебиет

Ымырт

March 11, 2026
Жандардың ала күшігі
Әдебиет

Жандардың ала күшігі

March 5, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Төккен тердің қадірі

Төккен тердің қадірі

June 11, 2026

Зобалаң жылдардың зорлығы

Зобалаң жылдардың зорлығы

June 10, 2026

1932 жылғы Қытайға ауа көшкендердің тізімі: архив құжаты нені аңғартады?

1932 жылғы Қытайға ауа көшкендердің тізімі: архив құжаты нені аңғартады?

June 10, 2026

Ауылын көріп, азаматын танисың

Ауылын көріп, азаматын танисың

June 3, 2026

Ұстаз ананың хаты

Ұстаз ананың хаты

June 3, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz