І
Асқақ арманға құлшына қанат қақтырған, ел-жұрттың сырын іздетіп, мұңына жүрек шақтырған. Жүрналист жолы – қашанда жадау жол емес, жарқыным. Көңілге медет, елге құт, сенімге шырақ жақтырған. Батырлық пенен ғашықтық болмаған жерде дарын жоқ, әрине, қазір бәрі бар, көйлегің бүтін, қарын тоқ. Десе де, мынау тірліктің құпиясына бойлайтын – адамда болуы керек-ақ, арынды шабыт, жалын шоқ. Қайыспас қайсар тұлғасы армысың халқым, өр елім. Өзіңнің өршіл рухыңа, өр сенімімді бөледім. Жерге нәр берген, елге құт, елімнің дана бағытын, оқырманыма жеткізіп, қызмет етіп келемін. Мақтанып тұрып айтатын өз дауысым мен үнім бар, ендеше, менің өзімдік ойыма құлақ бұрыңдар.
Алуан, алуан күндерден сыр аулаған, алдымда ауыр міндет тұр-ау маған. Өйткені журналиспін жаным жалын, сипаты халқым сенен бір аумаған. Сырыңды іздеп келемін, мұңыңменен, қиыр-қиыр соқпақпен, бұдырменен. Қадірі де болмайды адамдардың, қасиетіне халқының үңілмеген. Күндеріңмен сырласқан, түндеріңмен, журналиспін, жан оты күнде өрілген. Туған елім шаттығың, қуанышың, қашан болсын менімен бірге мүлдем. Қадіріне қауымның ат тіреген, үкілеген әулеттің ақ тілегі ем. Том-том кітап құшақтап толғанамын, том-том болған бабамның шаттығымен. Тіршіліктің қым-қиғаш сенегінде, дарынымен қадірлі ер еліне. Маған ешбір мадақтың керегі жоқ, жақсылықтың барлығын бер еліме. Одан өзге бақыттың керегі не? Қанат қағып талықпас биіктерге, қуанамын өскенге сүйікті елде. Уа, туған жер өзің деп жырлап өтем, сол арқылы жетемін биіктерге.
Мен журналиспін!
ІІ
Жұрт бізге, сірә, қалай деп баға береді, әрине, ол жағы таңсық та емес, себебі? журналист деген елі үшін отқа өртеніп, әділдік, теңдік, ақиқаттан ой өреді. Күн сайын күліп, жадырап, жайнап жүргенмен, басында оның сан алуан қиял түрленген. Өзі үшін емес, халықтың қамын ойлайды, шаршайды тағы шындықтан түйін іздеумен. Не деген пейіл, дарқандық, кеңдік, о, тәуба. Өмірін мүлдем арнаған елге, Отанға. Кезі келгенде әкім де болып кетеді, айнала алады ақынға, әртіс, шопанға. Бойында оның сан түрлі өнер нәрі бар, жүрегі нәзік, сезімі шалқар, жаны адал. Қасиет тұнған қараша жанның қадірі, аспандағы Аймен, көктегі Күнмен парапар. Сараңдық, настық, сылбырлық онда жоқ мүлдем, таласа туар ақ шапақ арай, пәк күнмен. Жаны да оның жаңалық іздеп тұрады, асыра мақтап, әсірелеп айтқан жоқпын мен. Әр нәрсенің де өзіне сәйкес нарқы бар, керегі болса келісті ойды қалқып ал. Батырлығын бабалардың, даналығын шешендердің, соғыс салған жараны да, елдің байлық, ырысы да, салты бар, өсер елдің өсиетті тірлігін журналистің қаламынан білесің. Біледі де, алады әркім үлесін.
Соның бірі дәл былайша өрілген:
Міне, осыдан мың жыл бұрын өмір сүрген Кайқаус, жиып барлық бұқарасын, балаларын, достарын:
– «Халық құнды тарихы мен парасатын бағалы, айтыңдаршы оны қалай таза сақтай алады?», – деп сұрапты.
Сонда орнынан көтеріліп бас уәзір:
– Дат, – депті.
– Бізге енді болашақты ойланатын шақ жетті. Біз жасаған жақсылық пен берекелі тірлікті, саясат пен билікті, салиқалы ел өмірін өзгеше, тарихқа өшпес алтын әріптермен жазған жөн. Әлі талай ғасыр аунап, жыл жылжиды, ендеше, кешегі өткен батыр, бағлан қайда кетті өлмесе. Бірақ біздің жазып кеткен тарихымыз өшпейді, ұрпақтарға ұлылықтың ұлағатын бермесе.
Содан бастап ел ішінде атқарылған жұмыстарды еңселі, тұрғындарға жариялап тұратын басылым шыққан екен деседі.
Иә, солай, біз кім едік, жаны жайсаң журналиспіз, білесің, тарихпен аты бірге, заты бірге жүретін. Кейде шындық “Ой қуған бір пенде еді”деп қызығы, бала мінез жанымызды түсінбей, жаланың да жалауына ілесің.Қаламына жарқын, нұрлы, қадірі үстем ар түйіп, отырады кей бір сәтте ой қуалап, сарылып. Тыраштанып байлық жиып, бай болайық демейді, Ақиқатты айту – парыз, ол – ұрпаққа тарих. Сол арқылы жанға – тыныс, ойға – азық береді, жігеріңді шыншылдыққа, кіл шындыққа бөлейді. Балалыққа бой алдырған кезіңде, бағытыңды даналыққа түзейді. Әрине, оған лазым емес атақ-даңқ, мәртебе, елдің ырыс-берекесі керегі.
Журналист деген осындай адам, ағайын!
ІІІ
Әз басынан талай қызық қуанышты өткерген, сан арманды алға сүйреп, сан жүрекке от берген, бүгін, міне, тағы да бір мерекеде қауыштық. Кәні, достар, тың естелік қалдырайық өткеннен. Бүгін мүлде айтылмайды, базына да, өкпе де, көкке өрлеп кете берсін көңіл деген көк кеме. Қуанышты сатып алар зат емес қой ақшаға, біреулерге сыйға тарта салмайсың-ау текке де. Томағасын тартқан қыран, тайына ма жартастан, сақта, құдай, бәрімізді берекесіз жалтақтан. Қашандағы ел мұратын есімізге сақтайық, жолдар қиын болсадағы жүйкемізді шаршатқан. Ойда қуат, болсын мәңгі сарқылмайтын санаңда ар, қелешекке кемел ақыл, үмітпенен қараңдар, «Журналист» – ол киелі есім кір жұқтырып алмасаң, парасат пен пайымыңды бағалайды адамдар.
Мерекелерің мерейлі болсын, әріптестер!
Қажет Андас,
Q-Andas ақпараттық агенттігі











