Жандар екеуміз ұқсас қасиетті адамдармыз деп айта алмаймын. Жұрт Жандарды ақылсыздығы үшін жек көреді. Мен азды-көпті ақылымның болғандығы үшін жеккөрінішті болам. Жандар жұмыстың ыңғайын білмегендігі үшін ауыздан қағылады. Мен ақиқатқа жармасамын деп ауыздан қағылып келемін… Міне, осындай кереғар, теріс аттас зарядтардың бір-біріне тартылуы сияқты физикалық қасиет бізді сырлас жандарға айналдырған.
Жандарда көп жақсы қасиеттер бар, бірақ оны ел білмейді. Ел жақсы деп сезінген нәрсені Жандар қаламайды. “Ақын болар едім, Абай барлық өлеңді жазып тастапты, – деп мұңаятыны бар. Батыр болар едім, дәуір көтермейді, ақылды болар едім, ақша жоқ. Бала сүйер едім, баянды болашақ жоқ. Жаныңды мезі қылар дәуір болды ғой”, – деп күрсінеді. Кейде қалың ойға оранып отырып: “Жұрттың бәрі ақымақ емес, бәлкім, жұрт бізді немесе біз жұртты ақымақ көріп жүрген шығармыз. Аузымыз асқа жарыса құдайды, тақымымыз атқа жарыса дос-жаранды ұмытып, көңіліміз көтерілсе, өзгені жарылқап шыға келеміз. Өзегіміз талса, өзімізді қаралап шыға келетініміз бар” – деген сияқты Жандардың ақылсыз әңгімелерінен кейде мен де жалыға бастаймын.
Жандар екеуміз басқа уақыт құрып қалғандай, күнде ымырт үйіріле төрт көшенің қиылысында кездесеміз. Ол ала күшігін жетелеп өр жақтан құлдайды, мен кішкене қызымды көтеріп, төменнен көтерілемін.
– Ақтөс, тоқта!.. – деп күшігіне жекиді Жандар.
– Ажар, қарашы күшік, ка-ка-ка! – деп мен қызымды ойнатқан боламын бұл біздің аман-сәлеміміз. Анау алыста бірнешеу бізге мысқымдап қарап тұрады. “Пәлсапашыл мен есалаң тағы кездесті” – дейтін шығар, бәлкім. Жандар үшін ала күшіктен артық нәрсе жоқ. Бақыты да сол, байлығы да сол, мақтанышы да ала күшік.
– Ит жеті қазынаның бірі екен, Қаке?
– Бала деген періште ғой, – деймін мен.
– Жаке, осы адамдар неге ақындарды шетке қағуға құштар
келеді, – деп сұраймын.
– Ақындар шыныға түссін деген ғой.
– Ал ақынсымақтар да жетіп жатыр емес пе?.
– Нағыз ақын ақын болу үшін, ақынсымақтардың көп болғаны
игі. Қабанбайдың шоқысы да айналасында аласа төбелердің көп болғандығынан асқақ көрінеді емес пе?
– Ал екеуміз әкім де емеспіз, ақын да емеспіз, жұрт неге түсінбейді бізді?
– Мен Қаңбақ шалмын, сен Аяз бисің. Бұған екеуміз мәз-мәйрам болып қаламыз. Өткендер бізге жаман көздерімен қарап бара жатады. “Ойландырған заман болса мынау, осылар несіне мәз болады екен” – дейтін шығар, бәлкім. Біздің мұндай философиямызбен өзгеріп кеткен дүние жоқ. Бәрі де өзінің ырғағымен жүріп жатты.
Бұған іш жиятын екеуміз де жоқ, күн сайын, ымырт сайын, өзгені де, өзімізді де сынап, өзгені мінеп, уақыт өткізе бердік. Бүгін не сұмдық болғанын кім білсін, Жандар көшенің қиылысына келмей қалды. Қызым екеуміз қыдырып қайттық. Сол түні ұйқы да тыныш болған жоқ, ертесі Жандардың ала күшігі ұрланып кеткенін бір-ақ естідім. Жандар ала күшігін, жоқ, жеті қазынасын іздеп кетіпті, ала күшік сол беті табылмады!
– Құдай-ау, ауылда иттер көп қой, солардың біріне тиіспей Жандардың ала күшігін ұрлағанын қарашы сұмырайлардың. Ауылымызда бәз-баяғыдан жеті қазынаның бірі деп қаралатын хайуанды тағам деп қарайтындарға ілескен өз қандастарымыз да жоқ емес. Қайсы тандыры кепкен қазанда қайнап жатыр екен Жандардың ала күшігі? Содан бері менің де жаныма күдік ене бастады. Сықыр еткен бесіктің үні шыға қалса, селт етіп кішкене періштеме қарай беретін болдым.
Тәңір алғыр-ай, Жандар екеумізде де ес жоқ. Құрғақ мылжыңмен күн өткізбей, жеті қазынамыз бен періштемізді аман сақтаудың жолын ойластырсақ болмас пе еді?!
Қажет Андас,
Q-Andas ақпараттық агенттігі











