Жаз мезгілі жастар үшін тек тынығу уақыты ғана емес, еңбекке араласып, өмірлік тәжірибе жинайтын маңызды кезең. Әсіресе, алғашқы табысын тауып, қоғамға пайдалы іске үлес қосуға ұмтылған жас буын үшін бұл мезгілдің маңызы ерекше. Осы бағытта Талдықорған қаласының мансап орталығы жүйелі жұмыстар жүргізіп, жүздеген жастың болашағына жол ашып келеді.
Талдықорған қаласының мансап орталығының директоры Азамат Болатұлы Балтабековтің айтуынша, биыл жұмыс іздеу мақсатымен орталыққа 5760 азамат тіркелген. Оның ішінде 800-ден астамы жастар санатына жатады.
– Жастардың еңбекке ерте араласуы олардың болашақ кәсіби қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан біз тек жұмыс тауып беру емес, олардың өмірлік бағытын айқындауға көмектесуді де басты міндет санаймыз, – дейді Азамат Болатұлы.
Бүгінде тіркелген азаматтардың 1210-ы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, 550 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал жұмысынан айырылуына байланысты 1389 азамат әлеуметтік жәрдемақы алып отыр. Орталық мамандары тұрақты жұмысы бар азаматтардың заңсыз түрде жұмыссыз ретінде тіркелуіне жол бермеу үшін тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізуде.
Жазғы демалыс уақытында жастарды жұмыспен қамтудың ең тиімді тетіктерінің бірі қоғамдық жұмыстар. Бұл бағдарлама арқылы жастар қаланы абаттандыру, әлеуметтік мекемелерге көмек көрсету, мәдени және білім беру ұйымдарындағы түрлі жұмысқа тартылады.
– Қоғамдық жұмыс жастарды тек табыс табуға емес, еңбек тәртібіне, жауапкершілікке, қоғамдық ортаға бейімдейді. Бұл үлкен өмір мектебі, – дейді орталық директоры.

Соңғы жылдары жастар арасында кең сұранысқа ие болған бағдарламалардың бірі «Жасыл ел» еңбек жасағы. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл жоба арқылы жастар табиғатты қорғау жұмыстарына белсенді қатысады.
Азамат Болатұлының сөзінше, бағдарламаға 16 мен 35 жас аралығындағы жастар қабылданады.
– «Жасыл ел» жай ғана маусымдық жұмыс емес. Бұл туған жерге деген жанашырлықты қалыптастыратын маңызды бастама. Жастар ағаш отырғызып, саябақтарды көгалдандыру арқылы ел болашағына өз үлесін қосады, – дейді ол.
Бағдарлама аясында жастар орман алқаптарын қалпына келтіру, ағаш отырғызу, көгалдандыру және экологиялық акцияларға қатысады. Мұндағы жалақы мөлшері 85 мың теңге болса, қолға берілетін қаражат 64 565 теңгені құрайды. Жұмыс маусымы маусымнан тамыз айына дейін жалғасады.
Мансап орталығы жастарға тек маусымдық жұмыс ұсынып қана қоймай, олардың кәсіби дамуына бағытталған бірнеше мемлекеттік қолдау тетіктерін жүзеге асырып келеді.
Солардың бірі жастар практикасы. Бұл бағдарлама жоғары оқу орны мен колледж түлектеріне алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысушылардың жалақысы мемлекет тарапынан төленеді.
– Көп жағдайда жұмыс берушілер тәжірибесі жоқ жастарды жұмысқа қабылдауға асықпайды. Жастар практикасы осы мәселені шешуге арналған тиімді мүмкіндік, – дейді Азамат Балтабеков.
Сонымен қатар, жұмыссыз азаматтарға арналған қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы да сұранысқа ие. Үш айдан аспайтын оқу курстары арқылы азаматтар жаңа мамандық игеріп, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Оқу кезеңінде қатысушыларға арнайы шәкіртақы төленеді.
Мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты кәсіпкерлік гранттар. Бүгінде жұмыссыз азаматтар мен әлеуметтік осал топ өкілдері өз кәсібін бастау үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант алуға мүмкіндік ие.
Бағдарлама «Еңбек» мемлекеттік жобасы және «Бастау Бизнес» аясында жүзеге асады. Грантқа жұмыссыз азаматтар, үш жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, қандастар, ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған отбасылар мен әлеуметтік көмек алушылар қатыса алады.
– Мемлекет жастарға да, кәсіп бастаймын деген азаматтарға да нақты мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы белсенділік пен талап, – дейді орталық басшысы.
Халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар тек орталық қабырғасында ғана жүргізілмейді. Биыл Талдықорған қаласында үш ірі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 500-ден астам адам қатысқан. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнатылып, көптеген азамат өзіне лайықты қызмет тапқан.
Орталықтан шалғай орналасқан ауыл тұрғындары да назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері Еркін және Өтенай ауылдық округтерінде үш рет жылжымалы мансап орталығының жұмысы ұйымдастырылып, 50-ден астам тұрғынға мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес берілген. Халықтың құқықтық және кәсіби сауаттылығын арттыру мақсатында 600-ден астам ақпараттық буклет пен брошюра таратылған.
Бүгінде ақпараттық насихат жұмыстары да жаңа форматқа көшкен. «Мансап жолы – сенің табысың» атты арнайы аудио-джинглдер Талдықорған қаласындағы «Дәулет», «Көк базар», «ЦУМ», «Шаған» және «Евразия» сауда орталықтарында тұрақты түрде беріліп келеді.
– Әр азамат мемлекеттік қолдаудың бар екенін білуі керек. Біздің мақсат мүмкіндікті халыққа жақындату, – дейді Азамат Болатұлы.
Талдықорған қаласының мансап орталығы алдағы уақытта да жастарды еңбекке баулып, азаматтардың кәсіби әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.
Еңбек адамды шыңдайтын үлкен мектеп. Ал жастық шақта еңбекке араласқан азаматтың ертеңгі өмірге сенімді қадам басары анық. Сондықтан жазғы демалысты тиімді пайдалану жастар үшін уақытша табыс қана емес, болашаққа салынған берік негіз.
Қажет Андас,
«Q–Andas» ақпарат агенттігі.











