АНГЛИЯЛЫҚ САУДАГЕРДІҢ ӨЛТІРІЛУІ
18 ғасырдың соңы мен 19 ғасырдың басында Англия Үндістанды жаулап алды, ал Ресей Қазақстанды өзіне қаратты. Осыдан соң бұл екі империалистік мемлекет ретін тауып, Шыңжаң өңіріне шеңгел салуды ойластырды. Олар астыртын жолдармен “ғылыми зерттеушілер”, “саяхатшылар”, “саудагерлер” деген атпен Шыңжаңға арты-артынан жіберіп, тыңшылық қимылдар жүргізді. Ол кезде Цин үкіметі сыртқа қарата томаға-тұйық саясат қолданды, яғни мемлекет қақпасын тарс бекітіп, шетелдіктердің Жоңгоға келіп емін-еркін әрекет жасауына жол бермеді. Өзі де басқа елдерге араласпады, шапқыншылық қимыл жасамады. Сондықтан Англия мен Ресейдің Шыңжаңдағы әрекеті үнемі тосқауылға ұшырап отырды.
1840 жылы апиын соғысынан кейін Цин үкіметі шетелден қорқып қалды, олардың билік басындағы “шетелден үрейлену” науқасына шалдықты. Сонымен, шетелдіктер Шыңжаңда бірте-бірте ашық әрекет жасай бастады.
Осылардың бірі Далглейш деген Англия саудагері еді. Ол 1883 жылы қыруар шетел тауарларын артып, бір сауда керуенімен Жәркендке келеді де, саудадан пайдаға белшесінен батады. Сөйтіп, осы қалада қоныстанып қалады. Ол ұзақ уақыт сол жерде сауда істегендіктен жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас орнатады. Мұның үстіне ұйғыр тілі мен ханьзу тілін үйреніп алады. Осылайша Далглейш сол жердегі мансаптылар мен халықтың жағдайын, қоғамдық ауқымды, қалағанынша біліп отырады, сондай-ақ иемденген ахуалдарын Үндістанда тұратын Англия мансаптыларына мәлімдеп тұрды. Англия үкіметінің қолдауымен Далглейштің саудасы өркендей берді. 1885 жылы ол Жәркенттегі сауда дүкенін жауып тастап, өзін-өзі аласырық сияқты өлшеу аспаптарын көтеріп, Шыңжаңның ұшы-қиырсыз кең далаларында “жаңа саудамен” шұғылдана бастайды. Бұл саудагер Англияның Бомбейде тұратын халық істері жөніндегі мансаптысы Корейдің “заказ бұйымын” қабылдап, оған Тянь-Шаньның оңтүстігі мен солтүстігінің географиялық жағдайын тексертіп шықпақ болды. Ол бірнеше көмекшісін ертіп, бұл өңірдегі қалалар мен ауыл-қышлақтарды, таулар мен өзендерді, шөл далалар мен жасыл алқаптарды екі жылдан астам уақыт бойы кезіп, қыруар материал жинады және Шыңжаңның егжей-тегжейлі картасын сызып, Англия үкіметіне тапсырды. Мұнысы үшін жоғары жақтан үлкен мадаққа ие болды.
1888 жыл Далглейштің ең бір шалқыған жылы болды. Ол қыруар пайда тапты, Жәркендтегі бас сауда дүкенінің қоры молайып, саудасы өрге домалап тұрды. Үндістан мен Кашмирдегі бөлімше сауда дүкендерін де осы жылы ашты. Ерте көктемнің үшінші айы болатын, ол Кашмирдің Лех қаласындағы бөлімше дүкенінен он атқа тең арба жүк артып, екі қарт дүкенші мен уақытша жалданған бірнеше нөкерді ертіп Жәркендке қайтты.
Бұл бір азапты да қатерлі сапар еді. Хан пендесі жоқ бірнеше жүз шақырымдық шөлден өтіп, жыл бойы басынан қар кетпейтін асқар таулардан асуы қажет болатын. Оның үстіне қарақшылардың жол тосып талауынан, жыртқыш адамдардың тұтқиыл шабуылынан сақтануға тура келетін. Далглейш мұндай қатерден қорықпайтын. Қорыққанды қойып, неғұрлым қатерлі сапарға шыққан сайын қалтаға түсетін пайда да соғұрлым мол болады деп ойлайтын. Сауда дегеннің сапары қаншалықты қиын болса, пайдасы да соғұрлым еселеп артып отыратын іс қой.
Бір күні Далглейштің керуені ақ қар, көк мұз құрсанған Қарақұрдым тауының аузына ілікті. Жол бойы олардың қатарына Меккеге қажылыққа барып қайтқан мұсылман діндарлары мен саудагерлер қосылды. Олар дамылсыз құлшылық жасап отырды. Англиялық саудагер жол-жөнекей оларға қосылып, серік болған бұл адамдарға меймандостық пиғыл танытып отырды. Олармен әр нәрсені әңгіме қылып, Жоңго үкіметі жөнінде қандай пікірде екенін, Англия жөнінде не білетіндерін сұрастырып, әңгіме арасынан өзіне керекті материалдар алмақ болды.
Жолаушы серіктерінен сөз тартып келе жатқан ол, саудада зиян шегіп, қып-қызыл шығынға батқан екі адамның оның он көлікке артқан таудай-тау жүгін көздерінің суы құрығанша бақылап келе жатқанын қайдан білсін. Бұл екеуінің бірі — қоқандық (бүгінгі Кеңес Одағының Ферғана өлкесі, кезінде өз алдына дербес мемлекет болған) Патан дейтін адам еді, ал екіншісі — қашқарлық Датмұхаммед болатын. Олардың Далглейшпен жол серік болғанына бірнеше күн өткенімен, жол бойы екеуінің де қабақтары ашылмай түнеріп отырды. Тіпті, жолаушы серіктері шетелден көрген қызықтарын әңгімелеп, көпшілікті қыран-күлкіге бөлеген кезде де, екеуі бейне тас мүсіндей селт етпеді. Ақшаларын саудада ұтқызған екеуі бейне жанын жоғалтқандай күйзеліп келе жатты. Саудагерлер қауымында таралған: “Ақша — саудагер өмірінің жан тамыры” дегеннің нақ өзі емес пе?!
Уақытша бас қосқан осы бір топ қарақұрдым тауының шығар ауызынан өткенде күн тал түс болған-ды. Олар әлі де неше он шақырым жол баса алатын еді. Бірақ Далглейш ат-көліктің және адамдардың шаршап-шалдыққанын, оның үстіне ендігі жолдың жақсы әрі еңкіш, қауіпсіз екенін көріп, қасындағыларға:
– Бүгін ертерек демалып, ертең бір-ақ жүрейік, – деді.
Жолаушы серіктері жол бойы осы бір Англиялық саудагердің орналастыруына бағынып келе жатқан. Енді міне, оның әмірін естісе-ақ көпшілік ат үстінен түсіп, қарлы далаға шатырларын тіге бастады. Әне-міне дегенше шатырлардан аспанға бұтақтап көтерілген түтіндей, осынау меңіреу сайды тіршілік тынысына бөлеп жіберді.
Түскі асын ішкен Далглейш өзінің шатырынан шығып, төңірекке көз салып тұрды. Ол ұшы-қиыры жоқ мынау аппақ далаға тігілген он шөп пішінді шатырды көріп, көңілі жадырап сала берді. Оның шатырынан шыққанын көрген жолаушы серіктері оң қолдарын кеудесіне апарып, оған иіліп сәлем берді. Ол да аналар сияқты ұйғыр ұлтының осы бір салты бойынша жауап қайтарды. Қажылап қайтып келе жатқан екі ақсақалдың алдында тіпті де ибалылық көрсетті. Бірақ ақкөңіл жолаушы серіктерінің ешқайсысы да Англия саудагері сәлем берген кезде оның шүңірек көзіндегі қарашығынан қарасты, емеуірініндегі тәлкек күлкіні байқаған жоқ.
Далглейш өзін жеңіскер санайтын, сондықтан жұрт қадір-құрметіне бөленуге хақылымын деп қарайтын. Бірақ ол әудем жерде бейне қаққан қазықтай қылшиып тұрған бір адамды көрді де, ашулы бейнемен оның алдына барды. Әлгі адам сонда да қозғалмай, сөйлемеді. Кім бұл? Сөйтсе, әлгі сауда істеп бар қаржысынан айырылып, жынын алдырған бақсыдай болған Датмұхаммед екен.
– Ой, жарқыным-ау! Ашылсаңшы біраз, тарының арна толса, сұлының да тартылатын кезі болар. Сауда-саттық та сондай, бірде пайда табасың, бірде зиян шегесің, – деді Далглейш Датмұхаммедті кеңпейілдікпен иыққа қағып, жөн көрсете сөйледі.
Датмұхаммедте үн жоқ. Далглейш сөзін тағы сабақтады:
– Ақшаға тым құмарта бермесең етті, жарқыным. Ақша деген нәрсе тіріңде үнемі жаныңда жүре бермейді. Ал өлгенде көрге бірге алып кіре алмайсың. Ең маңыздысы – денсаулықты сақтай білу! Саудаң күсет болмай, жүз десең, кейін Жәркендке барып мені тап. Біздің дүкеніміздің Англия бұйымдарын өткізуіне жәрдемдес. Осылай етсең, ақша табасың, зиян шекпейсің…
Далглейш Датмұхаммедке жөн-жосық айтып тұрған кезде, көршілес шағын шатырдың есігі ашылды да, есіктен қос жанарынан жыртқыштық ызғар шашқан бір бас көрінді. Бұл әлгі Қоқандық Патан деген еді. Ол қойнынан нәгәнін суырып алды да, Англиялық саудагерді көздеп тұрып, «тарс» еткізіп атып қалды. Оқ Далглейштің оң иығына тиді. Ол мылтықтың үнінен бұл олақ Қоқандықтың қолындағысы «бір атар» нәгән екенін білді. Бұл нәгәннен бір тал оқ атылғаннан кейін жезін шығарып тастап, тағы бір тал оқ басып екінші рет атуға болатын. Бір қолымен жараланған жерінің аузын басып, өз шатырына қарай жалт бұрылған Далглейш мылтығын алып шығып қайтарма соққы бермек болды. Ойламаған жерден бірнеше күннен бері көпшілік «момын» деп қарап келген Датмұхаммед оның жолын тоса қалды да, елінен қылпылдап тұрған еңсар сабысын лып еткізіп суырып алып, кеудеден қадап жіберді. «Момын» сапыны пәрменімен салған еді, онсыз да орта жастағы бұл адам қарулы азамат болатын. Дірілдеп тұрған өткір пышақ Англиялық саудагердің тонынан, мақталы пиджагынан өтіп, тұп-тура жүрегіне қадалыпты. Далглейш тек бір ұшқынып қалды да, қар үстіне құлап түсіп жан үзді.
Ойда-жоқ, түс ойда жоқ мына жағдайды көрген Патан мылтығын ұстаған күйі шатырдан жүгіріп шығып, Датмұхаммедті сүйрелей Англиялық саудагердің шатырына басып кірді. Олар әуелі Далглейштің шатырдағы нәгәні мен қосауыз аң мылтығын алды. Одан кейін қарудың күші арқылы екі қарт дүкенші мен оларға жалданған лаушыларды айдап шығып, сауда керуенінің барлық қазына-мүлкін бөлісіп алды да, Қашқарды бетке алып тайып берді.
Ал әлгі екі қарт дүкеншіге келейік. Қатты шошынғаннан біреуі сол күні ауырып қалады. Бір көрмей екі сұмырайдың мақсаты тек қазынаны талап алу ғана болғандықтан, олар нақ ақшаны және бағалы заттарды екі атқа бөліп артып әкетті де, басқа нәрселерді бүлдірмей қалдырды. Дүкеншілер лаушылардың басын қосып, талаудан қалған нәрселерді алып, Яркендке қарай ілбіді. Келген соң Далглейштің мұнда қалған шаруа басқарушысына жүктерін өткізді де, дереу аудан жамбылына барып мұң-зарларын шақты. Аудан әкімінен бұқарасына иелік етіп, қанды қолдарды ұстауға адам жіберуін тіледі.
Ауданның бұл әкім ұлығы Шораяқтың өзі болатын. Англия саудагерінің өлтірілгенін естей сала-ақ істің насырға шабатынын сезіп, басы қатты. Затында Манчиң ордасының «шетелдіктердің Қытайға кіріп, сауда істеуіне рұқсат етілмейді» деген ашық белгілемесі бар болатын. Далглейш ұзақ жылдар бойы Яркендте дүкен ашып…
Сауда істеді, мұның заңсыз екендігі анық. Ал бүгін Патша ағзамының өзі шетелдіктерден қорқып отырғанда бір кішкентай аудан әкімінің Англиялықтардың әрекетіне араласуға қалай батылы барсын? Енді міне, шетелдік өлтіріліп, әкімнің өзі бұл істі қабылдап шешуі керек болып отыр. Ал жоғарыда қатынас жолды жендеттерді ұстатайын десе, мұны да мүлде жөні келмей отыр. Шетелдіктердің бұл жерде келіп сауда істеуіне өз білермендігімен рұқсат еткен қылмысы үшін жоғары жақ ең алдымен өзін жазалайды. Жамбылдағы адамдар алдында бұл іске араласпайтындығын айтса, өз салауатына дақ келтіретін жері тағы бар. Қалай істеу керек?
Аудан әкімі кеңсесіне жүгініп отырған әлгі екі қарт дүкенші ұлықтың ләм демегенін көріп, Далглейштің өлу барысын тәптіштеп қайта бір рет айтып шықты. Осы кезде әкім ұлыққа бір ой сап ете қалды, ол жақсы ақыл таба қойды. Әкім шапалағын шарт еткізді де:
– Жүрек жұтқан шапқалдар, осы ауданда билік жүргізгенімізге талай жыл болды. Англия саудагері осы жерде сауда істепті дегенді естіп көрмеппіз. Сендер мұның неменесісіңдер? Қалайша шетелдіктің жыртысын жыртасыңдар? Далглейшпен қалайша ауыз жаласасыңдар? – деп ақырды.
Бұл дүкеншілер тегіннен осы араның өз адамы болғандықтан орданың белгілемелерін білетін. Енді міне, әкімнің үсті-үстіне бастырмалатқан сұрақтарын естіп, шошығандарынан тұтығып жауап бере алмай қалды. Осы сәтте аудан әкімі сөзін қайта сабақтады:
– Далглейш менің қол астымдағы бұқара емес, оның үстіне біздің аудан шекарамыздың ішінде өліп отырған жоқ, сондықтан қастыққа ұшыраушының доысын сотымыз қабылдай алмайды! – деді. Ол осыны айтты да, кеңседен кететінін білдірді. Кетер алдында әлгі екі қарт дүкеншіге бұдан кейін мұндай жоқ іске араласпай, тек жүрулерін қадағалады.
Сонымен, жергілікті өкіметі Далглейштің өліміне иедершілік етпеді, қанды қолдарды ұстауға да адам жібермеді. Бірақ Англияның Үндістандағы билеушілері империя үшін елеулі еңбек сіңірген осы бір “ерекше саудагерді” ұмытпады. Олар бір жағынан Шыңжаң билеушілерімен тілдесті, бір жағынан дүние-мүлік үшін адам өлтіргендерді ұстауға адам шығарды.
1889 жылы шілдеде Қашқарда саяхатта жүрген Англия армиясының кіші лейтенанты Паул бұйрық бойынша осы істі істеуге кірісті. Оның бұл істі қууы елді бір мезет дүрліктірген қызық оқиға болды.
Жалғасы бар….
Редакциядан: Бұл кітап 1989 жылы 8-айда Шың Жаң халық баспасында Базархан Өгізбайұлының аудармасымен басылған нұсқа бойынша төтешеден аударылып дайындалды.
Қажет АНДАС
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











