Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Жетісу өңіріндегі табиғи биоалуантүрлілікті сақтауда айрықша маңызға ие аумақтардың бірі. Ұлттық парк Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының аумағын қамтиды. Мұнда жабайы жемісті ормандардың, соның ішінде Сиверс алмасының табиғи алқаптары кең таралған.
Парк аумағындағы Сиверс алмасы алқаптарының көлемі 4 мың гектарға жуық, яғни ұлттық парктің жалпы аумағының шамамен 1,05 пайызын құрайды. Жоңғар Алатауының жабайы жемісті ормандары өсімдіктердің аса құнды генетикалық қорын сақтап отырған ғаламдық табиғи қоймалардың бірі саналады. Сондықтан бұл ормандарды қорғау тек өңірлік деңгейдегі емес, ұлттық және халықаралық маңызы бар міндет.
Сиверс алмасының табиғи популяцияларын сақтау және оның генетикалық қорын қорғау мақсатында Жоңғар-Алатауы МҰТП аумағында арнайы генетикалық резерваттар белгіленген.
Селекциялық-генетикалық мақсаттағы зерттеулер негізінде «Көкжота», «Черная речка», «Пихтовая» және «Солдатская» шатқалдарындағы Сиверс алмасы өсетін алқаптарға сипаттама жасалып, жалпы көлемі 375,1 гектар орман генетикалық резерваты белгіленді. Бұл жұмыстар уәкілетті органның мамандандырылған ұйымы мен орман орналастыру кәсіпорны жүргізген зерттеулердің нәтижесінде жүзеге асырылды.
Генетикалық резерваттардың басты міндеті – табиғи жағдайда қалыптасқан Сиверс алмасы популяцияларының генетикалық әртүрлілігін сақтау, олардың табиғи жаңаруына жағдай жасау және ұзақ мерзімді ғылыми бақылау жүргізу.
Жоңғар-Алатауы МҰТП ғылым бөлімінде 2026–2030 жылдарға арналған бірнеше бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынған.
Соның бірі – «Жоңғар-Алатауы МҰТП аумағындағы Сиверс алмасының генетикалық резерваттарына төнетін қауіп факторлары және оларды жою жолдары» тақырыбындағы зерттеу. Оның аясында Сиверс алмасының табиғи популяцияларына әсер ететін экологиялық және биологиялық факторларды анықтау, олардың ықпалын бағалау және қорғаудың тиімді жолдарын ұсыну көзделеді.
Сонымен қатар «Жоңғар-Алатауы МҰТП жабайы жеміс ормандарының құстарға арналған азықтық базаны қалыптастырудағы маңызы» тақырыбында ғылыми зерттеу жүргізілуде. Бұл бағыт жабайы жемісті ормандардың тек өсімдік әлемі үшін ғана емес, тұтас экожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі рөлін зерттеуге мүмкіндік береді.
Ұлттық парктің «Табиғат жылнамасын» жүргізу бағдарламасы аясында Сиверс алмасының табиғи популяцияларының жай-күйін ұзақ мерзім бойы бақылауға арналған тұрақты мониторингтік алаңдар құрылған.
Бұл алаңдарда жыл сайын жоспарлы далалық зерттеулер жүргізіледі. Мамандар Сиверс алмасы өсетін аумақтардың жалпы экологиялық жағдайын бағалап, табиғи қайта түлеу үдерісін зерттейді. Сонымен бірге ағаштардың даму кезеңдеріне фенологиялық бақылау жасалып, олардың санитарлық жағдайы тексеріледі.
Далалық зерттеулер барысында ағаштарда аурулар мен зиянкестердің бар-жоғына визуалды бағалау жүргізіліп, популяциялардың табиғи жаңару деңгейі мен жалпы тұрақтылығы анықталады. Ұзақ мерзімді мониторинг нәтижелері табиғи өзгерістерді дер кезінде байқауға және қажет болған жағдайда қорғау шараларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Сиверс алмасы – Жоңғар Алатауы табиғатының ғана емес, әлемдік өсімдіктердің генетикалық қорының маңызды бөлігі. Сондықтан оның табиғи популяцияларын, генетикалық әртүрлілігін және өсетін ортасын сақтау – ғылыми зерттеу мен табиғатты қорғау саласындағы маңызды міндеттердің бірі.
Қ. Елеусизов, Жоңғар-Алатауы МҰТП ғылым бөлімінің биологі












[…] Басы: […]
[…] Басы: […]