Орналасқан жері: Алакөл ауданы, Үшбұлақ ауылының іргесіндегі тау бөктерінде.
Зерттелуі: география ғылымдарының кандидаты, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры Еркін Тоқпанов географиялық, өлкетанушы-журналист Қажет Андас тарихи сипаттамасына зерттеп жүр.
Сипаттамасы: Байыс Мұңайтпастан Тұртам, Төлек, Жоли. Жолидан Есенаман, Төлеміс екі ата туады. Қандығатай Есенаман тармағынан бөлінеді. Есенаманнан Дербісәлі, Маман, Жәнібек, Битеке, Шүрен, Шырғай деген ұлдары болған. Өз кезінде Қандығатай әулиемен Есжан би осы өңірдегі елдің бірлігі мен елдігін қорғаған қасиетті адамдар болыпты. Қандығатай – көріпкел, әулиелігі басым, емші, бақсы-бәлгер болыпты. Бүгінгі күнде де жаз шіліңгір ыстық болып, жаңбыр жаумаған кездері ауыл адамдары Қандығатай әулие жерленген жерге келіп, мал сойып, тасаттық берсе, жаңбыр жауып, ел жайланады. Сонымен қатар, бала көтере алмаған жас аналар, ауруына ем іздеген сырқаттар әулиенің жерленген жеріне барып тәу етіп, Қандығатай бастауынан су ішіп, ойлаған арманына жетіп қайтады.
Аңыз-әңгіме: Қандығтай әулие бала жасынан қобызға үйір болып, өсіпті. Бір жолы осы өңірде талай дүлдүл қатысқан аламан бәйге өтеді. Әркім баптаған жүйірігін бәйгеге қосып, шаттанып тұрғанда Қандығатай әулие елден сырттап тұрады. Сонда замандастары әулиені қағытқан көрінеді. Сонда әулие қолындағы қобызын ат айдайтын азаматтарға беріп, «Мен бәйгеге қобызымды қосамын», – дейді. Мұны былайғы жұрт күлкіге айналдырса керек.
Бәйге басталады. Жүйріктердің алды көз ұшында көріне бастағанда әулиенің қобызы көрінбейді. Сөйтсе, құрдастары қобызды бәйгеге қоспай. Бір топ тобылғыға байлап кеткен екен. Сонда әулие дұғасын оқып, Құдайдан медет тілеп, қобызын шақырады. Сол кезде тобылғыны түбінен жұлып ұшқан қобыз жерді қара шаңға малып келіп, бірінші болып мәреге жетіпті.
Қандығатай әулиенің жерленген жерінің жанынан кішкене өзенше ағып өтеді. Кей жылдары әулие сол өзенді дуғамен оқып, теріс ағызып қояды екен. Ал қамшыны оқып, тік тұрғызып қоятын қасиеті де болыпты.
– Қандығатай әулие емші де, бақсы да, құмалақшы да болған екен. Адам емдемесе үйге тұра алмайды екен. Бақсы ойнағанда қып-қызыл боп қызып тұрған кетпенде тілімен жалап, аяғымен таптағанын шешем көріпті. Қазандағы қайнап тұрған суды ұрттап алып, сырқатқа шашқанда денесін күйдірмейтін көрінеді. Ал өзі дуғанасын оықып, буырқанып киіз үйдің шаңырағынан секіріп шығып кетеді екен.











