Бұл қазақтың біртуар ұлы Әнуар Әлімжановтың сөзі. Әрине, өмір өзгеріп, жыл керуені алға жылжыған сайын жақсылық та, табыс та еселеніп, ел игілігіне аса беретіні анық. Өткенді құрметтей алмасақ, жетістігіміздің желге ұшқаны. Осы тұрғыдан келгенде, асыл арнадан шықпай, аға буынның ақылы мен парасатын, білімі мен біліктілігін екшеп, елге танытқан жаңалықтарды көргенде көңілің толады.
«Өлеңді де жаныңды жеп айтасың» дегендей, кітап жазу да қиын жұмыс. Ал тұлғалар жайлы жазылған тұщымды дүниелерді сараптап, салыстырып, айтпақ ойына астар болар дүниелерді тауып, жинақтаудың өзінде ізденістің жататыны жасырын емес. Байыптап қарасақ, Әрине, жастар Әнуардың атына қанық болғанымен оның сол биікке қалай жеткенін біле бермейді. Білгіңіз келсе жоғарыда аталған кітапты оқып көріңіз. Төмендегі жазбалардан көңіліңізді күпті еткен сұрақтарға дәл жауап таба алатыныңызға сенімдіміз.
Шоқайды алғаш танытқан
М. Шоқай қызметін жөнімен әділ бағалау тұрғысында, бұл тақырыпқа сонау кеңес заманының өзінде-ақ алғаш түрен салған жазушы Әнуар Әлімжанов . Алаш алыптары шоғырына жататын арыс-тарымыздың әрқайсысының тарихтағы орны айрықша. Әйтсе де, Мұстафа Шоқайдың өзге қайраткерлерден, замандастарынан ерекшелігі неде дейтін болсақ, ең әуелі, Мұстафа Шоқай – Түркістанның тұтастығына толық сенген, сол жолда басын бәйгеге байлаған қабырғалы да сан қырлы қайраткер. Саяси көзқарас кеңістігі тұрғыластарынан әлдеқайда кең болған ол қазақтың тәуелсіздігін күллі Түркістанның тәуелсіздігінен бөліп қарамаған. Ең күрделі мәселе – «Мұстафа Шоқай гитлершілермен ауыз жаласқан, азиялық тұт-қындарды Кеңес Өкіметіне қарсы соғысуға үгіттеп, олардан «Түркістан легионы» деген жасақ құруға қатысқан, Отанын сатқан опасыз, дұшпан», – деп Кеңес Өкіметі таққан айып. Бұл айып шындықты бұрмалау екендігі қазір дәлелденіп отыр. Жазушы, қоғам қайраткері Ә. Әлімжанов «Мұстафа Шоқай. Ол кім?» деген мақаласында «Мұстафа Шоқайұлы ешкімнің ақтауына мұқтаж емес. Ол өзін-өзі шығар-маларымен, ерлігімен ақтап отыр. Оны тарих пен уақыт ақтады. Түркі тілінде сөйлейтін халықтар оның өзіне лайық бағасын беруде», – деп жазған екен. Әнуардай көрнекті қайрат-кердің бұл тұжырымының дұрыстығын өмірдің өзі көрсетті.

Аялы алақандар
Әнуар Әлімжанов балалар үйінен шыққан жетім емес. Бірақ, ол өмір сүрген қоғам бүкіл қазақты жетімсіреткендіктен, ол кез әрбір қазақ баласы үшін қиын кезең еді. Әнуардің да тұрмыстық жағдайы нашар болды. Мектепте оқып жүріп, колхоз жұмыстарына араласты. Жасынан алғыр болды. Қазақша мен орысшаны жетік білгендіктен мектепті де, жоғары оқу орнын да орысша бітірген. Университет қабырғасында жүргенінде «Ленинская смена», «Огни Алатау» газеттерінде, қазақ басылымдарында мақалалары жарияланып, басқа жазушылардың шығармаларына орысша пікір жазып, ерте көзге түседі. Сөйтіп жүріп, Мұхтар Әуезовтің де назарына ілігіп, оның ерекше қамқорлығында болады. Әнуардің «Керуен күнге бет алды» деген алғашқы еңбегінің жарыққа шығуына Мұхтар Әуезовтің көп септігі тиген. Жазушылар одағына барып жүргенінде Әнуардің «Простор» журналында шықпай жатқан еңбегінің бар екенін естіп, сұратып алып оқиды. Оқып болған соң, Әнуарді өзіне шақыртып: «Сенің «Просторға» берген хикаяңды оқып шықтым. Маған қатты ұнады. Екі дана етіп бастырып аларсың. «Жазушы» баспасына апарып бер» деп қолына туындыға жазған пікірін ұстатып, ерекше мейіріммен арқасынан қағып, шығарып салады. Әнекең жарықтық: «Мұқаңның арқамнан қаққан алақанының ыстығы осы уақытқа дейін білініп тұратын сияқты», – деп айтып отыратын еді.
Семей полигоны жабылуы тиіс
Әнуар жарықтық ғажап патриот адам еді. Оның жазбаған тақырыбы қалмаған шығар. Ол қазақ мүддесіне қайшы келетін қандай мәселе бар, соның барлығын қамтыған. «Литературная газета» мен «Правданың» Орта Азия мен Қазақстандағы тілшісі болғанында қазаққа қатысты көкейкесті мәселелердің барлығын қамтып, жазып отырған. Полигонға қатысты мәселені де көтеріп Семейде өткен жиналыста: «Полигон біздің талай ұрпағымызға зардабын тигізері анық. Сондықтан, полигон жабылуға тиіс» деп сөз сөйлеген. «Көп зардабы жоқ» деп ақталмақ болған полигон бастығы генерал Ильенкоға қарап: «Маршалдың бұйрығы – бір басқа, халықтың талабы – бір басқа. Халық полигонды жабуды, бұл жақтан әкетуді талап етіп отыр», – деп еш тайсалмай, ашына сөйлейді. 1ұұ0 жылдың қарашасында Лондонда Ядролық қарусыздану ұлттық комитетінің конференциясында,ұлыбританияның қауымдар палатасында осы мәселені тілге тиек етеді. «Бұл жарылыс Қозы мен Баян махаббаты жайындағы көне дастан туған жерде жасалды. Ол өңір – біздің халқымыз, мәдениетіміз үшін ең қасиетті де киелі жер. Орыс Лев Толстойдың Ясная Полянасы, шотландық Роберт Бернстің, ағылшын Байронның кіндік қаны тамған өлкесіндей. Байронның өлеңдері өткен ғасырдың соңында бүкіл Азия көлемінде тұңғыш рет сол өңірде, 467 жарылыс болған жерде қазақ тілінде оқылды. Байрон мен Пушкин өлеңдерін қазақ тіліне қазақтың ұлттық мәдениетінің алып тұлғасы ұлы Абай ақынымыз аударды. Абай кейін 467 дүмпу болған сол өңірде туып-өсіп, сонда көз жұмды» деп сөз сөйлейді. Міне, ел қамын ойлаған азамат қазақ мүддесі үшін күресті сонауұлыбританияның Қауымдар палатасында да жалғастырады.

Көп оқылатын автор
Ақын Фариза Оңғарсынова өзінің бір мақаласында былай жазады: Қазақ әдебиетінің тарихында ерекше орыны бар, әдебиетімізді әлемдік дәрежеге көтеруге, дүние жүзі оқырмандарына қазақ ақын-жазушыларын таныстыруға жанын салып қызмет еткен Әнуар Әлімжанов деген ағамыз болды. «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», «Дороги людей», «Сувенир из Отрара», «Көгілдір таулар» деген роман-повестерінің бәрінде халқымыздың рухын көтеру, тәуелсіздік жолындағы балаларымыздың күреспен өткен өмірі баяндалады. Менімен қатар, кейін шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын орыс тіліне аудартуға көп қызмет еткен еді. Сол кісінің «Пілдің баласы» деген әңгімесін және Лондонда 1990 жылы өткен Ядролық қарусыздандыру ұлттық комитетінің конференциясы менұлыбританияның Қауымдар палатасында «Атом күліне көміліп қалмайық» деген тақырыппен сөйлеген сөзін оқыдым. Әнуар ағамыз орыс тілінде жазатын, бірақ оның үлкен-кіші әр шығармасында қазақы қан, ар мен намыс бұрқырап аспанға атып жататын.
Фарабиді қайта тірілткен
Әнекең әлемнің көптеген елдерін аралаған. 1967 жылы болар, шет елдерге кезекті бір сапарында Қараши қаласына ат басын тіреген Әнуарді Пәкістанның атақты суретшісі Салых Айын Орталық банк ғимаратындағы сурет галереясына алып барыпты. Онда қазақы реңді бір кісінің домбыра ұстап тұрған суретін көре қалған Әнекеңнің: «Бұл кім?» дегеніне Салых: «Бұл – Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Әбу Синадан бастап барлық ғұламалардың екінші ұстазы. Біздің осында орналасқан кітапханамызда Аристотельдің, Эвклидтің, Птоломейдің еңбектеріне жазған түсініктері, өзінің көптеген жазбалары бар», деп жауап қайырыпты. Әнуардің сол сәтте қандай сезімге бөленгенін ойлап байқаңызшы?!.. Ол сол суретті көкірек көзіне көшіріп алып, елге оралысымен қылқалам шеберіміз Ыбыраев Бекке айтып отырып салғызып, бабамыздың бүгінде бізге қымбат бейнесін алғаш жасатты!..

«Біздің Әнуар – Наш Ануар»
Жазушы әрі қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың туғанына 80 жыл толуына арнап шығарылған «Біздің Әнуар – Наш Ануар» жинағы қаламгер өмірінің айнасы іспетті. Кітапты Әнуар Әлімжановтың жақын досы, замандасы, көп жылдар бірге қызметтес болған белгілі қазақ жазушысы Ғаббас Қабышұлы құрастырды және жауапты редакторы болды. Әнуар «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы болған жылдарда Алматы қаласы әлем әдебиетінің ірі орталықтарының біріне айналғаны – тарихи шындық. Оның бір ғана мысалы, 1973 жылы Азия және Африка елдері жазушыларының V конференциясы өткізіліп, ғұлама бабамыз әл-Фарабидің 1100 жылдығы тойланғаны. Аса ауқымды осы екі шараның да ұйтқысы Әнекең болды. Әдебиетіміздің алыбы Мұхтар Әуезов: «Егер І Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Азияға айқара ашты» деген екен.ұлы ұстаз өзін 1953 жылдың сәуір айында КГБ-ның тұзағынан құтқарған шәкіртінің азаматтық, жазушылық барлық қыры ашылғанын, оның Азияға ғана емес, Еуропаға, Америкаға, Африкаға танымал тұлға, халықтар достығын және бейбітшілік туын көтерген қайраткер болғанын, дүние жүзінде атом-ядролық сынақтардың тоқтатылуын талап етіп, 1989 жылы Семейде болған ғылыми конференцияда, ал 1990 жылы Англияның ядролық қарусыздану жөніндегіұлттық комитетінің жыл сайынғы мәжілісінде жәнеұлыбритания парламентінің Қауымдар палатасында жалынды сөз сөйлегенін көріп үлгермеді. Алайда, аталмыш жинақта сол ұлағатты істер толық көрініс тапты.
Қажет Андас,
Q-Andas ақпарат агенттігі











